Ішкі мотивацияны жоғалтпау үшін не істеу керек?

Ішкі мотивацияны жоғалтпау үшін не істеу керек?

Мотивация уақытша, ал тәртіп тұрақты

«Дүйсенбіден бастаймын», «келер айдан бастаймын», «жаңа жылдан бастап өзгеремін».  Көпшілігіңіз осылай өзіңізге уәде берген боларсыз. Ең қиыны, сол берілген уәденің орындалмай қалуы. Себебі мұнан кейін адамда өзін іштей жазғыру, жазалау басталады.

Иә мотивация, уәде дегеннің бәрі жақсы. Алайда ол алғашқы күндері ғана күшті болып, кейін баяу сөнуі мүмкін. Сонда адамды бастаған ісінен айырмайтын күш қайдан келеді? Оны қайдан алуға болады?

Көпшілігіміз өмірімізді өзгертуді үлкен шабытпен бастаймыз. Біреу спортзалға жазылады, біреу кітап оқуды қолға алады, енді бірі сабағын жақсартуға немесе жаңа дағды үйренуге уәде береді. Алғашқы күндері бәрі жақсы жүреді. Жоспар жазылады, жаңа дәптер ашылады, мотивациялық видеолар қаралады. Бірақ біраз уақыт өткен соң сол қарқын бәсеңдеп, адам қайтадан бұрынғы әдетіне оралады.

Мәселе адамның әлсіздігінде емес. Мәселе мотивацияның табиғатында. Мотивация — көңіл күйге, сыртқы әсерге және алғашқы қызығушылыққа тәуелді құбылыс. Ол кейде бар, кейде жоқ. Сондықтан тек мотивацияға сүйенген адам өз әрекетін тұрақты жалғастыра алмайды.

Ішкі мотивация дегеніміз — адамның бір істі сыртқы қысымнан емес, өзінің саналы таңдауы мен жеке мақсаты үшін орындауы. Мысалы, студент тек баға алу үшін емес, болашақ мамандығына қажет білімді меңгеру үшін оқыса, оның оқуға деген көзқарасы өзгереді. Сол сияқты спортпен тек сыртқы келбет үшін емес, денсаулықты жақсарту, энергияны арттыру және өзін жақсы сезіну үшін айналысқан адам ұзаққа шыдайды.

Алайда ішкі мотивация күнде бір деңгейде тұрмайды. Кейде адам шаршайды, кейде көңіл күйі болмайды, кейде нәтиже көрінбегендей сезіледі. Осындай кезде адамды алға жылжытатын — тәртіп. Тәртіп дегеніміз өзіңе қатал болу ғана емес, өзіңе берген уәдеңді құрметтеу.

Спорт залдағы таныс көрініс

Бұл жағдай спортта өте анық байқалады. Жаңа жыл басталғанда немесе жаз жақындағанда фитнес залдарға жазылатын адамдар көбейеді. Бірі қымбат абонемент алады, бірі жаңа спорттық киім сатып алады, енді бірі «осы жолы міндетті түрде өзгеремін» деп өзіне уәде береді. Бірақ бірнеше аптадан кейін залға тұрақты келетіндердің саны азая бастайды.

Фитнес тренерлердің айтуынша, мұның басты себебі — нақты мақсаттың болмауы және тез нәтиже күту. Адам бір-екі апта ішінде үлкен өзгеріс көрмесе, өз еңбегін мағынасыз деп қабылдайды. Ал шын мәнінде денедегі де, өмірдегі де өзгеріс бір күнде емес, қайталанған әрекет арқылы қалыптасады.

Тұрақты нәтиже көрсететін адамдардың айырмашылығы — олар шабытты күтпейді. Олар жаттығуды жоспарға енгізеді. Бүгін барғысы келмесе де, жеңіл жаттығу жасап қайтады. Себебі олардың мақсаты «бір аптада өзгеру» емес, ұзақ мерзімді әдет қалыптастыру.

Фотода тренер Людмила Власова

Пилатес тренері Людмила Власованың айтуынша, клиенттерге мотивацияны тек сөзбен емес, дұрыс бағыт-бағдармен беру керек.

«Көп адам залға бірден үлкен нәтиже үшін келеді. Бірақ мен оларға алдымен денені сезінуді, кішкентай қадамдардан бастауды үйретемін. Мотивация уақытша, ал ең бастысы — тұрақтылық. Тіпті көңіл-күй болмаса да, адам жаттығуға келуді әдетке айналдыруы керек. Сонда ғана нәтиже болады».

Оның сөзінше, жаттығуға деген көзқарасты өзгерту — мотивацияны сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі.

Оқуда да дәл солай

Ішкі мотивация тек спортқа қатысты емес. Ол оқу мен жұмысқа да тікелей байланысты. Егер оқушы немесе студент тек баға үшін оқыса, мотивациясы тез төмендеуі мүмкін. Себебі баға — сыртқы нәтиже. Ал егер адам білімнің өз болашағына, мамандығына және жеке дамуына әсер ететінін түсінсе, оқу міндет емес, мүмкіндік ретінде қабылданады.

Мысалы, бір пән қиын болып көрінуі мүмкін. Бірақ сол пән болашақта қажет дағдыны дамытатынын түсінген адам оған басқаша қарайды. Ішкі мотивация осындай түсініктен басталады. «Мен мұны не үшін жасап жүрмін?» деген сұраққа шынайы жауап табу маңызды.

Мақсат үлкен болса, қадам кіші болуы керек

Көп адамның мотивациясын жоғалтатын тағы бір себеп — өзіне бірден тым үлкен талап қоюы. Мысалы, «күн сайын екі сағат спортпен айналысамын», «бір айда он кітап оқимын», «бір аптада барлық тақырыпты меңгеремін» деген жоспарлар бастапқыда әдемі көрінеді. Бірақ адам оны орындай алмаса, өзін кінәлап, мүлде тоқтап қалуы мүмкін.

Сондықтан үлкен мақсатты кіші қадамдарға бөлу керек. Спортта алдымен аптасына екі-үш рет бару жеткілікті болуы мүмкін. Оқуда күніне бір тақырыпты қайталау немесе бір тапсырманы орындау да үлкен нәтижеге бастайды. Ең бастысы – үздіксіз жасау.

Фотода тренер Виктор Неплюев

Жекпе-жек өнерінің түрлі бағыттары бойынша жоғары жетістіктерге жеткен кәсіби спортшы Виктор Неплюевтің пікірінше, ең алдымен адам өз мақсатын нақты түсінуі керек. Оның айтуынша, «не істеймін?» деген сұрақтан бұрын «не үшін істеймін?» деген сұраққа жауап беру маңызды.

«Адам өзін басқалармен салыстырмауы тиіс. Әр адамның қарқыны әртүрлі, ең маңыздысы — өз жолыңнан таймау және тұрақтылықты сақтау», — дейді.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ