Дипломсыз, бірақ сұранысқа ие жаңа мамандықтар

Дипломсыз, бірақ сұранысқа ие жаңа мамандықтар

Қызық мамандықтар: күнделікті өмірдегі жаңа рөлдер

Қазақстандағы еңбек нарығы соңғы жылдары күрт өзгерді. Бұрын жоғары білім тұрақты жұмыстың кепілі деп саналып келсе, қазір икемділік пен шығармашылық қабілет алдыңғы орынға шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда елімізде 75 жаңа мамандық пайда болған. Алдағы уақытта Қазақстанда еңбекке қабілетті халықтың үштен бірін Z буыны құрайды. Олар бұрынғыдай тұрақтылықты емес, еркіндік пен өзін-өзі дамытуды таңдайды.

Мамандардың айтуынша, соңғы үш жылдағы деректер жастардың еңбек нарығындағы талап-тілегі түбегейлі өзгергенін көрсеткен. Мысалы біреулер тұрақты қызметтен кетіп фрилансқа көшсе, енді біреулері бойындағы шығармашылық қабілетін шыңдап, оны табыс көзіне айналдыруды жөн көрген. Соңғы үш жылда жастар арасындағы жұмыссыздық 0,6 %-ке азайған. Бұл еңбек нарығына жас буынның белсенді енуімен және жаңа форматтағы жұмыстың — жобалық, фриланс және қашықтан еңбек ету үлесінің артуымен байланысты.

Сонымен қатар, NEET көрсеткішінің төмендеуі жастардың экономикалық белсенділігінің артқанын дәлелдейді.

• HeadHunter Kazakhstan зерттеуіне сәйкес, Z буынының 68%-ы жұмысты таңдағанда басты критерий ретінде «жеке даму мен кәсіби еркіндікті» көрсеткен.

• Тек 22% ғана жоғары жалақыны бірінші орынға қойған.

• 2024 жылы жастардың 15% фриланс форматта жұмыс істеген.

Алайда ресми тізімге енбеген, бірақ қоғам өмірінде үлкен сұранысқа ие ерекше әрі заманауи кәсіптер де бар. Олар — икемді жұмыс кестесін, еркін форматты және шығармашылық көзқарасты ұнататын адамдарға арналған.

Динара Төлеуова, HR-маманы: «Жаңа мамандықтардың көбеюі — нарықтың бейімделу қабілетін көрсетеді. Қазір жұмыс берушілер үшін дипломнан гөрі дағды, тәжірибе және жеке жауапкершілік маңызды. Құпия сатып алушы, контент тестер немесе ит серуендетуші сияқты кәсіптер адамдарды еркін әрі бастамашыл болуға үйретеді».

Жаңа толқын: нарықтағы өзгерістер

2020 жылдан бері қазақстандықтардың өмір салты айтарлықтай урбанизацияланды. Қала тұрғындарының саны артты, ал цифрлық платформалар жұмыс ұсынудың жаңа түрін қалыптастырды. Фриланс пен платформалық еңбек саласы қарқынды дамыды.

2024 жылғы зерттеу бойынша, елде фриланс форматында жұмыс істейтіндер саны 1,5 млн адамға жетті, яғни жұмыс істейтіндердің шамамен төрттен бірі. Мұндай икемділік жаңа кәсіптердің дамуына жол ашты. Қазақстандық жастар тек кеңсе жұмысымен шектелмей, өз уақытын тиімді жұмсауға мүмкіндік беретін қызметтерге бет бұрды.

Динара Төлеуова, HR-маманы: «Қазір жастар үшін еркіндік пен өзін-өзі жүзеге асыру маңызды. Біреу әлеуметтік желіде контент талдайды, біреу қолданбаларды сынайды, енді бірі ит серуендетіп табыс табады. Бұлардың барлығы нарықтың икемденуінің белгісі».

Құпия сатып алушы

Бұл мамандықта адам клиент бейнесінде дүкенге, мейрамханаға немесе банкке кіріп, қызмет көрсету сапасын тексереді. Тексеру жасырын жүреді, кейін маман арнайы есеп толтырады. Мақсаты — стандарттардың сақталуын бағалау, компания имиджін шынайы тексеру.

Қазақстанда 4Service Group және ISEI Research сияқты агенттіктер осы қызметті ұсынады. Бір тексеріс үшін орташа ақы 5 000–30 000 теңге, ал шетелде — $20-50 шамасында.

Ермек Сәрсен, жас кәсіпкер: «2023 жылы біз 200-ден астам “құпия сатып алу” тексерісін өткіздік. Қызығы — адамдар мұны қосымша табыс көзі емес, эмоциялық тәжірибе деп қабылдайды. Бірақ мұнда адалдық, байқампаздық және аналитикалық ойлау өте маңызды».

Құпия сатып алушылар көбіне жас мамандар мен студенттер арасында танымал. Бұл — коммуникациялық дағдыларды дамытып, маркетинг пен PR саласына алғашқы қадам жасауға мүмкіндік береді.

Ит серуендетуші

Қалалық өмір ырғағында жұмыс пен тұрмыс арасындағы тепе-теңдік табу қиын. Осы себепті ит серуендетушілердің қызметіне сұраныс өсуде.

Қазақстанда мұндай қызметтер негізінен OLX, Instagram және Telegram топтары арқылы ұсынылады. Бір серуен (30-60 минут) бағасы 2 000-5 000 теңге, тұрақты клиенттері бар фрилансерлер айына 200-300 мың теңгеге дейін табыс таба алады.

Айгүл Рысбек, ит серуендетуші: «Бастапқыда бұл жай хобби еді. Кейін адамдар сеніп тапсыратын болды. Қазір менің тұрақты 7 клиентім бар. Күн сайын 4-5 итті серуендетемін, кейде иелері іссапарда болса, үйінде қалам. Бұл жұмыс тек серуен емес — әр иттің мінезін түсінуді, жауапкершілікті талап етеді».

Шетелде бұл қызмет толыққанды бизнеске айналған. Мысалы, АҚШ-та Rover және Wag! платформалары бар, онда dog walker-лер сағатына $36-50 табыс табады және сақтандыру жүйесімен қорғалған.

Қосымшалар мен сервистер тестілеушісі

Бұл мамандық та соңғы жылдары кең таралған. Қосымша немесе сайтты пайдаланушылардан бұрын тестілеушілер жаңа функцияларды сынап, ыңғайлылық деңгейін бағалайды. Мұндай жұмыстарды көбіне фрилансерлер жасайды, ал төлемі жобаның күрделілігіне байланысты.

Динара Төлеуова, HR-маманы: «Тестерлер мен контент бағалаушылар — жаңа буын сарапшылары. Олар нарықтағы технологиялық қызметтердің сапасын арттырады, ал бұл өз кезегінде елдің цифрлық мәдениетін көтереді».

Жаңа мамандықтар — қоғамның икемділікке, жеке бастамашылдыққа және цифрлық мәдениетке қадам басқанының айғағы. Қазақстанда ресми түрде бекітілген кәсіптермен қатар, бейресми, бірақ сұранысқа ие бағыттар — еңбек нарығының шынайы бейнесі болып отыр. Алдағы жылдары Қазақстанда мұндай «еркін мамандықтар» көбейе береді деп күтілуде.

«Шетелде мұндай мамандықтар стандартталған, ал бізде әлі бейресми деңгейде. Бірақ дәл осы еркіндік шығармашылыққа жол ашады. Қазақстандықтар қызмет көрсету мәдениетіне ерекше ыждаһатпен қарай бастады», — дейді кәсіпкер Ермек Сәрсен.

«Ендігі міндет жаңадан пайда болған бұл қызмет түрлерін заңдастыру, кадрларды оқыту және платформа деңгейінде біріктіру», — дейді мамандар.

Анель Өтегенова

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ