Сб. Июл 27th, 2024
Фото: static.gujaratsamachar.com

Кейінгі жылдары Қазақстанда балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық көбеймесе, азаймаған. Сарапшылар бұл қоғам мен билік өкілдері назар аударуға тиіс күрделі мәселе дейді. 

Алматы қаласының 18 жастағы тұрғыны Бекжан (есімі өзгертілген) 14 жыл бұрын көршісінен сексуалды қысым көргенін айтады. Оның сөзінше, көршісі оған жыныстық мүшесін ұстатқысы келген.

“Біз барлығымыз оның үйінде ойнайтынбыз. Ол бізден 5-6 жасқа үлкен болды. Ол маған өзінің жыныстық мүшесін сүюді бұйырды. Мен үйіме қашып кеттім”, дейді Бекжан. 

Бекжан содан бері тұйық болып қалғанын, өсе келе жыныстық көзқарасы да өзгергенін айтады. 

Оның айтуынша, сол кезде өзіне қысым көрсеткен бала қазір үйленген, тұрақты жұмысы және 1-2 баласы бар. 

Осыған ұқсас оқиғаға астаналық Айдана (есімі өзгертілді) да тап болған. Ол 5-6 жасында бөле ағасынан жыныстық қысым көргенін айтады. Сөзінше, олар “отбасы” деген ойын ойнап жүргенде бөлесі әр жерін ұстай бастаған. Кішкентай болғандықтан, ол бұл жағдайды онша түсінбегенін айтады. Арада шамамен 3 жыл өткен соң бөле ағасы тағы да қысым көрсеткен.

“Оның іс-қимылы ашықтау және “батылдырақ” болды. Ол өзінің жыныстық мүшесін көрсетіп, мастурбация жасауды бұйырды. Бұл мен үшін өте ауыр болды”, дейді жәбірленуші. 

Жыныстық қысым көрсеткен жігіт бұл жайында өзгелерге де айтып берген екен. Жәбірленушінің сөзінше, туыстары хабардар болған. Бірақ қылмыстық іс қозғалмаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде әрбір алтыншы бала сексуалды зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын айтады. Көп жағдайда, зорлық әрекет жасаған адам жәбірленушінің танысы не туысы болған.

“Қазіргі таңда бізде [педофилияға қатысты] 12 қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Көбінде туған әкелері өз балаларын зорлаған. Зорлық көрген балалардың басым бөлігі – қыздар. Өгей емес, өздерінің биологиялық әкелері болып отыр”, – дейді алматылық адвокат Айман Омарова.

Адвокат тергеу органдарының бұл мәселеге қатысты дұрыс жұмыс атқармайтынын айтады. Сөзінше, жақында Алматыдағы бала-балабақшалардың бірінде “балаларға зорлық көрсетті” деген айып тағылған азамат әлі күнге дейін бостандықта жүр.

“Қазір Алматы қалалық полициясында бір балабақшадағы 4-6 жас аралағындағы балалар куәгер ретінде түсініктеме беріп жатыр. Сол жердегі [балабақшадағы] жұмыс істейтін кісі жалаңаш жүрген, ана жерін көрсеткен, әртүрлі сондай сексуалды зорлық-зомбылық жасаған. Балалар түсініктеме берсе де, оны әлі қамауға алмаған”, – дейді адвокат.

Омарованың сөзінше, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты дәлелдеу қиын. Адвокат “ол кішкентай бала, ол түсінбейді” деген жалған түсініктемелер жасалатынын айтады.

Биыл ақпанда ішкі істер министрлігі балаларға қатысты жасалатын әрбір қылмыстың үшіншісі жыныстық қысым екенін мәлімдеді. 

ІІМ өкілі Әсет Оспанов балаларға жыныстық қысым, әсіресе әлеуметтік желіге кіретін баланы үлкендердің дұрыс бақыламауы себеп болатынын айтады. Үкімет өкілі балаларға Instagram және TikTok желілерін пайдалануға рұқсат берерде мұқият болуға шақырады. 

MNU Newsroom педофилияға қатысты соңғы бес жылда қанша қылмыстық іс қозғалғаны және қанша іс сотқа дейін жеткізілгені жайлы Астана қаласы полиция департаментінен ресми хат арқылы сұрады. Құзырлы орган хатқа жауап берді, бірақ оның ішінде статистика көрсетілмеді. 

Қазақстанда балаларға қарсы жыныстық зорлық көбейгені жайлы өзге медиа ресурстар да жазды. Мысалы, zakon.kz басылымының жазуынша, 2019 жылы Қазақстанда 2800 адам зорлық жасағаны үшін құзырлы органдар тізімінде тұрған. Олардың 1350-і балаларға зорлық көрсеткен педофилдер болған.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *