Дүй. Мам 20th, 2024
Фото: olympic.kz

Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы айлар қалды. Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 50 олимпиада жолдамасы бар. Алдағы лицензиялық турнирлерде жолдама саны тағы да толығуы мүмкін. Спорт сарапшылары олимпиада жолдамасының бұрынғы көрсеткіштерге қарағанда азайғанын елдегі спорт деңгейінің төмендеп бара жатқанымен байланыстарады. 

Жазғы Олимпиада ойындары XIX ғасырдың соңынан бастау алады. Төрт жылда бір келетін дүбірлі дода әлемдегі ең үлкен спорт бәсекесінің бірі саналады. Бұл байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасы жеке команда ретінде 1996 жылдан бастап қатысады. Пандемияға байланысты бір жылға кешігіп, 2021 жылы Токиода өткен олимпиада ойындарында Қазақстан 8 қола медаль иемденіп, жалпы есепте  83-орын алды. 

Ал бұған дейінгі Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар бірнеше алтынға ие болып, жоғары дәрежеде өнер көрсеткен. Мәселен, тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Олимиада ойындарында (1996) қазақстандық спортшылар 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медальмен жалпы есептен 24-орын алған еді. Одан кейін Сиднейде 22 орыннан (3 алтын, 4 күміс) көрінсе, 2004 жылы Афиныда 1 алтын, 4 күміс 3 қола жүлдемен 40-орынға бір-ақ сырғыды.

Допинг дауына байланысты 2012 жылы Лондон олимпиадасында алған 7 алтынның төртеуі (Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова) кейін қайтарылды. Рио-де-Жанейродағы бәсекеде де зілтемірші Нижат Рахимов допинг дауына ілігіп, Олимпиада алтынынан айырылды. Ал биыл қазақстандық ауыр атлеттер өз тарихында алғаш рет Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігінен тыс қалды.

Бүгінде Қазақстанда Олимпиада ойындарының лицензиясы 50-ге жетті. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш өте аз, бірақ алда тағы бірнеше лицензиялық турнир өтетін болатындықтан, жолдама саны өзгеруі мүмкін.

Спорт журналисі Аслан Қаженов Қазақстандағы спорттың деңгейі жыл өткен сайын төмендеп бара жатқанын айтады. Оның сөзінше, көптеген спортта динамика төмен түскен, қарқынды даму байқалмайды.

“Жолдаманың саны 40-тан асты. Бұл әрине төмен көрсеткіш. Жалпы министрлік алдына Олимпиадаға дейін лицензиялар санын 70-тен асырамыз деген жоспар бар. Әрине бұл аз, бұған дейін жолдама саны кемі 100 болатын еді. Бірақ құзырлы министрлік, спортқа жауапты мамандар, бәрі де сан емес сапа деген ұғымды алға тартып отыр”, дейді ол.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 16 наурызда іріктеу сайыстары аяқталғанша 20-25 спорт түрінен 80 жолдама алуды мақсат етіп отырғанын айтқан. Министр Олимпиадада әсіресе боксшылардан көп үміт күтетінін жасырмады.

Бұған дейін бұрынғы ҚР Туризм және спорт министрі Асхат Оралов Токио Олимпиадасы тәжірибесі зерделенгенін және өткен жылы спортты қолдауға 50 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгендігін айтқан.

“Қазірдің өзінде дәл осы деп нақты кесіп айту қиын. Бірақ білуімше, Бокс федерациясы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола деген міндеттеме алды. Және боксшыларымыз 1 алтын алып келеді деген ойдамын. Менің ойымша, оны не Нұрбек Оралбай не Сәкен Бибосынов алуы мүмкін. Одан кейін, теннисте Рыбакинаға, Кениядан келген қыз Нора Джерутоға алтын алады деп үміт артылып отыр”, деп қосты Қаженов.

Қазақстан Бокс федерациясы осы жылдың 1 сәуірінде жоғарғы нәтиже көрсеткен боксшыларға сыйақы бөлінетінін хабарлады. Ресми ақпаратқа сенсек, 1-орын үшін федерация тарапынан  220 000$, 2-орынға 120 000$, 3-орын үшін 70 000$, 4-орынға 30 000$ және 5-орын үшін 10 000$ бөлінеді.

Бүгінде Парижге Қазақстан атынан 7 боксшы жолдама алғаны белгілі болып отыр.

Спорт журналисі Всеволод Хван биыл Парижге шамамен 80-90 қазақстандық спортшы баруы мүмкін дейді.

“Егер спортшылар 9-10 медаль алса, бұл өте жақсы нәтиже болмақ. Ішінде 1-2 алтын алсақ, бұл тіпті керемет. Боксшы Аслан Шымбергенов, дзюдошы Әбиба Әбужарқын, палуан Әлішер Ерғали Олимпиада чемпионы болуы мүмкін. Оқ ату, нысанаға көздеуде де жақсы мүмкіндіктер бар, себебі мергендеріміз мықты”, деді Хван.

ҚР Туризм және спорт министрлігі былтыр 12 сәуірде, ресми Instagram парақшасында халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, оған қоса, жаттықтырушылар мен команда мүшелеріне бөлінетін қаражат көлемін  жариялады.

Ресми ақпаратта Жазғы Олимпиада чемпиондарына 250 000$ көлемінде ақшалай сыйақы бөлінетіндігі айтылған. Ал Олимпиаданың күміс жүлдегерлеріне 150 000$, қола иегерлеріне 75 000$ түрінде сыйақы берілмек.

Related Post

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған