Пн. Дек 30th, 2024
Динара Сатпаеваның иллюстрациясы

Виктимблейминг зардап шегушіні кінәлау деген мағына білдіреді. Әсіресе виктимблеймингке  тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер жиі ұшырайды. Соңғы кезде мұндай жағдайлар қоғамда ғана емес, ішкі істер органдарында, мемлекеттік телеарналарда да кездесті.

Бүгінде жәбірленушіге кінә тағып, айыптау әдетке айналып кетті. Әсіресе зорлық көрген, не болмаса тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер виктимблеймингке жиі ұшырайды. Айыпты адам емес, жәбір көрген әйелдер қоғам талқысына түсіп, сынға түсіп жатады. Тіпті бұны қолдайтын әйелдер де бар.

“Виктимблеймингке шалдықпаған қазақ әйелі жоқ шығар. Әр үшінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шалдыққан болса, әрбір бірінші не екінші әйел виктимблеймингті норма деп қабылдайды”, – дейді ҚазҰҚПУ Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер орталығының зерттеушісі, фембелсенді Айгерім Құсайынқызы.

Оның сөзінше, жәбірлеушіні емес, жәбірленушіні кінәлі етіп көрсету, патриархал көзқарастағы еркектердің аузынан қазақ әйелдері күнде естіп, құлақ үйреніп қалған жағдай болғандықтан, қалыпты нәрсеге айналған. 

Виктимблеймингтің көрінісі қарапайым отбасында ғана емес, ішкі істер министірлігінде, мемлекеттік телеарналарда, тікелей эфирде, әлеуметтік желіде танымал адамдардың қатысуымен орын алған жағдайлар да болды.

Соның бірі – әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен «ORTA» подкасты. Танымал адамдардың қатысуымен болған бұл подкастта әйелдің қалай дұрыс киінуі керек екендігі айтылады. Әсіресе, елге белгілі әнші  Jah Khalib-тің (Бахтияр Мамедов) пікірі желі қолданушыларының ашуын туғызды. 

Әншінің айтуынша, «әйелдерді зорлаудың 85 пайызы «дұрыс емес жерде, дұрыс емес киіммен, дұрыс емес уақытта» (85% изнасилований является «не в том месте, не в той одежде, не в то время») жүргендіктен болады. Подкасттың дәл осы бөлігі желіде тарап, әншіге Қазақстанда өнер көрсетуге тыйым салынуы керек деген пікірлер пайда болды. Осындай резонанстан кейін подкасттың ютуб арнасындағы видеосының бұл тұсы қиылып тасталды.

“Orta подкасы қызу талқыға түсуі бұл қоғамдағы резонансты жағдай Салтанат кейсінен соң “төзімділікке төзбейтін” қоғамның оянуына дөп келген кезде осындай кәнсіл мәдениетіне ұшырады. Бұндай подкастарды түгендесек, әр 4-5 подкаста сексисттік не мизоген пікірлер бар”, — дейді Айгерім Құсайынқызы.

Бұдан бұрын тікелей эфирде көрсетілетін Qoslike ток-шоуы виктимблейминг үшін сынға түскен еді. Қыз әзілдеп, жігітін бояндырмақ болған кезде жігіті оны ұрып жіберген. Жігіттің әрекетін өзге ер қатысушылар қолдап, қыздың өзін айыптап, кінәлайды. 

Айгерім Құсайынқызының айтуынша, отбасыда басшы еркек, саясаттағы басшылық еркектерде болса, қоғамда виктимблейминг “орынды” саналады. Оған өзге еркектер де қолдау білдіреді.

Алайда бұл мәселе тек ток-шоулармен шектелмейді. Виктимблейминг тіпті ішкі істер органдарында, прокуратурада да орын алды. 

Былтыр 8 қарашада Ұлжан есімді жәбірленуші зорлық көргенін, сонымен қатар, прокуратура тарапынан қысым жасалғанын айтып, президенттен ашық түрде көмек сұрады.

Сөзінше, Алматы облысының ішкі істер бөлімінен моральді түрде қысым көрген. Зорлаушының өзінен пышақ табылып, экспертиза нәтижесі зорлық болғанын айғақтап тұрса да, прокуратура 2 рет өтініш қабылдаудан бас тартқан. 

“Зорлық көру ең жиіркенішті әрі қорқынышты жайт. Оны ешкім ашық айтып, көмек сұрай алмайды. Бірақ Ұлжан өзінің оқиғасын ғана бөлісіп қоймай, ашық түрде есімін жариялады. Себебі оған полиция да, прокуратура да сенбеді. Олар жәбірлеушіге сенді”, – дейді адвокат Жанна Оразбахова желідегі парақшасында. 

Сөзінше, тергеу ісі басталғаннан өрескел қателіктер болған. Ұлжан зорлық көргеннен кейін таңғы 6 шамасында полицияға бірден шағымданған. Бірақ полиция қызметкерлері шағымды базаға тіркеуге асықпаған. 

Сонымен қатар, кейін олар сол күні кешке Ұлжанның үйіне келіп, ешнәрсе дәлелдей алмайтынын айтып, шағымын қайтарып алуды сұраған. Кейін бұл оқиға үлкен резонанс тудырып, олар қызметтен қуылды.

Қазіргі уақытта зорлаушыны қылмыскер ретінде танып, 8 жыл бас бостандығынан айырды. 

Заңгер Ләззат Рақышеваның айтуынша, көп әйел өздерінің құқығын білмейді, жұрттың сөзінен сескеніп, кінәлі болып қалудан қорқады. Әсіресе, бала кезінде зорлыққа ұшыраған қыздар, кейін тұрмысқа шыққан кезде қорлық көп көреді. 

“21 жастағы жігіт қызын зорлап, видеоға түсіріп алған. Полицияға арыз жазғанда, өзің кінәлісің деп айтқан”, – дейді  One-Stop-Service “Бір қадам”  орталығының координаторы Ләззат Рақышева.

Оның пікірінше, бұл жемқорлық пен таныс-тамырдың болғандығының көрінісі. Соның салдарынан қылмыскерлер жазасыз қалады. 

Сондай-ақ Қызылорда қаласының тұрғыны экс-майор күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Қызметінде майор атанғанын тойлап, мас күйінде үйіне келіп, әйелін соққыға жыққан. Салдарынан әйелі 3 этаждан құлап, мүгедек болып қалған. 

“Әділетті нәтижеге жете алмай жүргенімізге 2 жыл болды. Істі қайта-қайта жауып тастай береді. Бұлда жемқорлықтың салдарынан”, – дейді заңгер. 

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *