Наурыз айының нәтижесіне сәйкес, жылдық инфляция 9,1 пайызды құраған. Өткен жылғы 18,1 пайызбен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Алайда қазақстандықтар тұтынатын не күнделікті қажет ететін тауарлар бағасы былтырғымен салыстырғанда инфляция көрсеткішінен де жоғары пайызбен өскен. Мысалы, бір жылда жеңіл автомобильдер 16,8 пайыз артқан. Фармацевтика өнімдері 11,3 пайыз қымбаттаған. Ал жиһаз және үйге қажетті заттар 11,2 пайыз, киім және аяқ киім 10,9 пайыз, жеке қолданылатын тауарлар 9,9 пайыз және құрылыс материалдары 6,6 пайыз өскен.
Қазақстан үкіметінің мәлімдеуінше, республикада жылдық инфляция көрсеткіші баяулаған. Ақпан айында инфляция – 1,1 пайыз болса, наурыз айында бұл көрсеткіш 0,7 пайызға дейін төмендеген. Бүгінде жылдық инфляция 9,1 пайызды көрсеткендіктен, бұл инфляцияның орташа түрі саналады.
Инфляция деп ақшаның құнсыздануы нәтижесінде тауарлар мен қызметтерге, азық-түлікке қатысты баға деңгейінің көтерілуін айтады.
“Экономикалық зерттеулер институты” АҚ Макроэкономика және болжау сарапшысы Бақберген Тоқтасын Қазақстандағы инфляция көбіне сыртқы фактордың әсерінен ұлғаятынын айтады.
“Тарихи тұрғыдан алғанда Қазақстандағы инфляция көбінесе сыртқы өзгерістерге байланысты. Экономикадағы баға өсімінің негізі үдеуі 2007 жылы Ресейге қарсы санкциялар кезеңінде, сонымен бірге 2014 жылы “Brent” маркалы мұнай бағасының төмендеуі, 2016 жылы коронавирус дағдарысы кезінде және Украина аумағындағы соғыс кезінде айтарлықтай байқалды. 2022 жылы инфляция динамикасына монетарлық емес факторлар, атап айтқанда, бүкіл әлемде азық-түлік бағасының және мемлекеттік шығындардың өсуі әсер етті”, – деді сарапшы.
Маманның айтуынша, инфляцияның өсуі импортқа кері әсер етеді. Себебі импорт тікелей халықтың әл-ауқатына байланысты. Халықтың тұрмыс жағдайы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым көбірек тауарлар мен қызметтерді тұтына алады. Сәйкесінше, инфляция сұранысты төмендететін фактор.
Қазақстанның негізгі экспорттық өнімі – мұнай. Мұнай АҚШ долларымен сатылатындықтан, экспорт инфляцияға аса тәуелді емес.
2024 жылдың қаңтарындағы ұлттық статистика бюросындағы дерекке сәйкес, тауарлардың импорттық түсімдері бағасының индексі 99,5 пайызды, ал мұндай экспорттық индекс 101,3 пайызды құраған. Бұл көрсеткішті өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда экспорт 2,9 %, ал импорт 0,9 % қымбаттаған.
Ал жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне тұтынушылардың зейнетақы активтерін алу мүмкіндігі және Ресей азаматтарының елге көп келуі тікелей әсер еткен.
2022 жылы Ресей президенті Украинадағы соғысқа қатысты мобилизация жариялағанда, көрші елдің 837 мың азаматы Қазақстанға келген еді.
Инфляция әсерінен бағасы біршама өскен өнім – құрылыс материалдары. Бүгінде құрылыс материалдарының бағасы былтырғымен салыстырғанда 6,6 пайыз өскен. Әк пен гипс – 9,5 пайыз, бетоннан жасалған бұйымдардың бағасы – 6,9 пайыз, құрылыс ерітінділері – 2,4 пайыз, кірпіштер – 2,1 пайыз қымбаттаған. Алайда кейбір құрылыс материалдарының бағасы төмендеген. Лактар мен бояулар 4,1 пайыз, ал сымның бағасы 4,7 пайыз арзандаған.
«Бағалардың өсуі жеке бізге әсер етіп жатқан жоқ. Құрылыс материалдарының бағасы көтерілгенде, біз де өз жұмысымыздың құнын көтереміз. Өткен жылы терезенің бір шаршы метрін 3000-3500 теңгеге жасасақ, қазір 4500-ден жоғарыға жасаймыз. Ал алюминий бір шаршы метрге былтырғымен салыстырғанда 9000-нан 20 000 теңгеге дейін қымбаттады», — деді елордалық құрылысшы Темірболат Аязбеков.
Экономикалық зерттеулер институты сарапшысы Бақберген Тоқтасын инфляцияны барынша төмендетудің маңызы орасан зор дейді. Айтуынша, оны бақылауда ұстай алмаған Өзбекстан мен Беларус елінде миллиондап жалақы алып, бірнеше мыңға нан сатып алу қалыпты жағдайға айналған.
«Ұлттық Банктің болжауы бойынша, 2024 жылдың желтоқсан айы нәтижесіне сәйкес, инфляция деңгейінің 7-8 пайызға дейін төмендеуін күтеміз», — деп атап өтті Тоқтасын.