ҰБТ-дан 140 балл алудың құпиясы неде?

ҰБТ-дан 140 балл алудың құпиясы неде?

Материал не туралы: ҰБТ-да 140 балл алудың ортақ формуласы бар ма? Биылғы 12 рекордсменнің үштен екісі не себепті MNU-ды таңдады?

Шиеленістің шешімі бар ма: 140 балл алу үшін үздіксіз дайындық маңызды ма, әлде психологиялық жұмыстар да керек пе?

Цитата: «Менің армандар картамда пәтер, 140/140, шетелге жолдама болған. Енді қарап отырсам, оның бәрі орындалыпты».

«11-сыныпты ерекше жетістікпен аяқтағым келді»

Биыл елімізде 12 түлек ҰБТ-дан 140 балл жинады. Бір қызығы, сол 12 рекордсменнің 8-і MNU-ды, яғни М.Нәрікбаев университетін таңдаған. Қазір бәрі халықаралық қатынастар мамандығында оқып жүр. Біз сол 8 студенттен 140 балл алудың құпиясы неде екенін сұрап білдік.

Тараздық Нұрғанат Қанат үшін ҰБТ алғашқы білім додасы емес. «Білім-Инновация» лицей-интернатында оқыған ол 7-сыныптан бастап түрлі пәндік және шығармашылық олимпиадаларға қатысып, жеңіс мен жеңілісті қатар көрген. Білім бәсекелерінде біршама тәжірибесі бар Нұрғанат 11-сыныпты ерекше жетістіктпен аяқтағысы келіпті. Тіпті сол үшін стратегиялық жоспар құрған. Дәлірек айтқанда, нағыз ҰБТ-ға дейінгі алғашқы 4 сынақта 135-тен жоғары алуды жоспарлаған. Осылай бірте-бірте 140 балдың биігін бағындыруды ойлапты.

Фотода Нұрғанат Қанат

«Дәл осылай мақсат қоюыма өз потенциалыма деген сенім, таңдау пәндерім бойынша бұрыннан қалыптасқан білім және жақындарымның қолдауы әсер етті деп ойлаймын», — деп еске алды ол.

Нұрғанаттың ерекшелігі жоғары нәтижеге ұмтылуында ғана емес. Ол ҰБТ-мен қатар «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайысына, облыстық және республикалық олимпиадаларға дайындалған. Айта кетейік, биыл Нұрғанат Қанат «ХХІ ғасыр көшбасшысы» додасында бірінші орын иеленіп, топ жарды. Бір қарағанда бәрін қатар алып жүру жүктемені көбейтетіндей көрінеді. Ал Нұрғанат үшін бір бағыттан екіншісіне ауысу тынығудың өзіндік тәсіліне айналған. Осылайша әр сайысқа деген қызығушылығы бірін-бірі толықтырып, дайындық қарқынын сақтауға себеп болды.

«ҰБТ тапсырмаларынан шаршағанда екінші салаға фокус қойып, зерігудің алдын алдым деп ойлаймын. Бір дүниені қайталай беру де адамды жалықтыруы мүмкін», — деп түсіндірді Нұрғанат.

Жоғары нәтиженің артында тек қызығушылық тұрған жоқ. Нұрғанат алдымен бір айға, кейін аптаға, соңында әр күнге бөліп жоспар құрған. Ол уақытты тиімді пайдалану үшін әлеуметтік желілерге де шектеу қойғанын айтты.

«Әлеуметтік желілер уақытым мен энергиямды алып, кітап оқуға күш қалдырмайтын. Сондықтан мен TikTok, Instagram сынды қосымшалардағы белсенділігімді шектеп, күнделікті қолдану уақытына аса қатал қарайтынмын», — деді ол.

Нұрғанат сабақ кезінде телефонды басқа бөлмеге қалдырып, 25 минут оқып, 5 минут үзіліс жасайтын. Бұл Помодоро деген әдіс. Болашақ түлектерге де Нұрғанат осы тәсілді қолдануды ұсынады. Дегенмен көпшілік тиімді санайтын әдістердің барлығы бірдей оған сәйкес келмеген. Мысалы, ол конспект жазуға көп уақыт кететінін байқап, дайын материалды оқып, бірден тест тапсырғанды жөн көріпті. Нұрғанат дайындық кезеңіне қайта оралса, оқу мен тынығудың тепе-теңдігін сақтауға көбірек көңіл бөлетінін айтты.

«Оқушыға шамадан тыс күш түскен кезде ол эмоционалды түрде шаршайды, бұл оның үлгеріміне де кері әсерін тигізуі мүмкін. Соған жол бермеу үшін оқу мен жеке өмірді қатар алып жүруді басты орынға қояр едім. ҰБТ-ға дайындықты бастамас бұрын мен спортпен шұғылданатымын, кейін хоббиымнан уақытша бас тартуға тура келді», — дейді.

Фотода Нұрғанат Қанатты марапаттау сәті

Нұрғанат дайындалған білім беру орталығы оған жоғары нәтиже көрсеткені үшін пәтер, көлік немесе 50 млн теңге көлемінде сыйақының бірін таңдауды ұсынды. Сонымен қатар Нұрғанат Қанаттың ата-анасына сый ретінде 3 миллион теңге табыстаған.

Фотода Нұрғанат Қанаттың пәтер кілтін алған сәті

«140 балға жеткізген темірдей тәртіп»

Жандос Нұрбаев ҰБТ-ға 10-сыныптың желтоқсанында кіріссе де, 3 айдан кейін шыдамсыздық танытып, дайындықты тоқтатқан. Тек тамыз айында өзін қайта қолға алыпты.

Фотода Жандос Нұрбаев

Ол қаңтардағы ҰБТ-ға үздіксіз дайындалып, 135 балл жинаған. Бұл көрсеткіштің өзі жоғары саналса да, Жандостың көңілін көншітпепті. Оның арманы – 140 балл еді.

«Қатемен жұмыс істей отырып, келесі ҰБТ-дан 138 балл алдым. Өкінішке қарай, ол кезде оқу сауаттылығы пәнінен өзімнің мұқиятсыздығымнан қате кетті», — дейді Жандос.

Осыдан кейін ол күн сайын дайындыққа кемінде 8-10 сағат бөлген. Жандос негізгі ҰБТ алдында жаңа материал меңгеріп қана қоймай, бұрынғы қателерін қайталамауға тырысқанын айтады.

«Нағыз ҰБТ-ға келгенде дайындығымды күшейттім, себебі бұл менің екі жылдық еңбегімнің ақталатын кезі еді. Айта кетейін, мамыр айында оқушылардың біраз бөлігі психологиялық қысым сезуі мүмкін, өйткені бұл мектептегі 11 жылдың соңғы айы. Мен көптеген отырыс пен жиындардан бас тартып, уақытымды тиімді жұмсадым. Осы қарқынның арқасында мамыр айының соңында 140-тан 140 алдым», — дейді.

Бір қызығы, Жандос 140 балл алған сәтте бірден қуанбған. Оның айтуынша, бастапқыда екі жылға созылған дайындықтың аяқталғанына сенудің өзі қиын болған.

«Екі жыл бойы үзбей дайындалғаннан кейін, өмірімнің бұл бөлігі аяқталғанына сене алмадым. Өз мақсатыма жеткенімді бір-екі аптадан кейін ғана түсініп, қабылдай бастадым», — деді Жандос.

Оның еңбегі бағалы сыйлықпен марапатталды. 140 балл жинағаннан кейін дайындық курсы оған Астанадан екі бөлмелі пәтер сыйлаған. Дегенмен Жандос өз жетістігінің басты себебін материалдық ынталандырудан іздемейді.

«Ешқандай құпия әдіс жоқ. Ең бастысы – тұрақты еңбек, темір тәртіп пен айқын мақсат»,— деді ол.

Жандос талапкерлерге әр пәнге жеткілікті көңіл бөлуді ұсынады. Оның айтуынша, бір пәнді жақсы меңгеремін деп басқаларын назардан тыс қалдыру – емтихан нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін.

«Жоғары балл жинағысы келетін түлектерге айтарым: біріншіден, жоспармен жұмыс жасау арқылы уақытты үнемдеу керек. Екіншіден, болмайтын істерге екі-үш сағат кетіруді қою қажет. Үшіншіден, әр пәнге уақыт арнап, балансты сақтау керек», — дейді Жандос.

«Ақпаратты жаттаудан бұрын түсініп, есте сақтау керек»

Павлодар қаласындағы жалпы орта білім беретін мектептің түлегі Әлтайыр Әсет ҰБТ-ға дайындықты 11-сыныптың қыркүйегінде бастаған. География және математика бағыты бойынша тест тапсырып, 140 балл жинаған оқушының ақпаратты есте сақтауда өз тәсілі бар.

Фотода Әлтайыр Әсет

Әлтайыр көлемді конспект жазудың орнына оқулықтағы маңызды ақпаратты белгілеп, стикерге жазады. Оның айтуынша, тақырыпты қайталаған кезде бұл стикерлердің пайдасы көп. Кейде 1-2 сағат өткен соң есінде қалған мәліметті қағазға түсіреді. Кейін жазғанын кітаптағы ақпаратпен салыстырып, қандай тұстарды ұмытқанын анықтайды.

Сонымен қатар Әлтайыр күндіз оқыған материалын кешке өз сөзімен мазмұндауды әдетке айналдырған.

«Атап өткен тәсілдердің бәрі оқушыға нақты қай тақырыпқа зейін салу керек екенін анық көрсетеді. Дайындық кезінде материалды оқып қана қою аздық етеді, сол үшін өткен тақырыптарды қайталап, өзіңді тізгіндеп отыру қажет», — дейді.

Әлтайыр Әсет қатарластары секілді дайындық курсына қатысқанымен, орталықтың тапсырмаларымен шектеліп қоймаған. Оның нәтижесі біртіндеп өсіп, қаңтарда 120, наурызда 131, ал алғашқы негізгі ҰБТ-да 140 балға жетті.

Оның айтуынша, дайындық барысында ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа да мән беру керек.

«ҰБТ кезінде ата-атам менің ертеңім жайлы сәл уайымдағаны болмаса, қатты қысым жасаған жоқ. Шешімді өзім қабылдап, мамандығым мен дайындық орталығын өзім таңдадым. Осы кезекте айтатыным, бала өз бетімен дайындалып, жауапкершілік алатын болса, оған тиіспеген дұрыс. ҰБТ-ға зейін салған балалар өз мақсатын айқын біледі және осы жолда тынбай еңбек етуге дайын», — дейді.

Әлтайыр Әсет те 140 балл жинағаннан кейін пәтер иесі атанды. Оның айтуынша, өз пәтеріне оралған сайын еңбегі ақталғанын түсініп, көңілін қуаныш кернейді екен.

«Досыммен жарысып, 140 балл жинадым»

Келесі рекордсмен түркістандық Жасұр Нышанбаев сыныптасымен сабақты жарысып оқыған. Ең қызығы, Жасұр да, оның сыныптасы Айсұлтан да 140 балл иегері атанды. Екі дос жатақханада бірге тұрып, дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндеріне қатар дайындалған.

Фотода Жасұр Нышанбаев

«Жатақханада оқудан басқа ештеңе алаңдатпады. Біз бір жыл бойы жарысып оқыдық. Айсұлтан өз-өзіне сенімді болды, ал мен соңына дейін уайымдадым», – дейді Жасұр.

Фотода Жасұр Нышанбаев досымен

Жасұрдың уайымы 140 балл жинаған кезде ғана сейілген. Оның тәжірибесі дайындықтағы бәсекенің тағы бір қырын ашады. Жарыс әрдайым біреуді басып озу үшін ғана қажет емес. Кейде қасыңдағы адамның еңбегі өзіңе де қосымша ынта береді.

Дайындыққа өзі ақша тауып, екі қайтара 140 балл жинаған Ерасыл

Фотода Ерасыл Сайлауов

Абай облысындағы Бородулиха ауылы мектебінің түлегі Ерасыл Сайлауов басында ҰБТ-дан жоғары балл жинайтынына мүлдем сенбеген. Кейін ол тестілеуден екі рет 140 ұпай жинап, бойындағы күмәнді сейілтті.

«Бастапқыда ауыл мектебінің оқушысы 140 балл жинай алмайды деген ойдың арбауында жүрдім. Дегенмен әр сынақ тестінен кейін еңбегімнің жемісін көріп, өзіме деген сенімім арта түсті», — дейді.

Ерасыл ҰБТ-ға дайындалуға курс сатып алу үшін қаражатты өзі тапқан.  Жазғы каникулда «Жасыл ел» бағдарламасына қатысып, ақша жинапты.

«Ата-анам дайындығыма шамамен 150 мың теңге берді. Ал қалған шығынды өзім өтегім келді. Сол үшін жазда жұмыс іздеуге кірістім», — деп еске алды студент.

Алайда, ол жоғары балл жинау үшін міндетті түрде ақылы курсқа қатысу қажет деген пікірмен келіспейді. Оның ойынша, өз бетінше дайындалған оқушылар да жақсы нәтиже көрсете алады.

Фотода Ерасыл Сайлауов

Ерасыл үшін дайындық кезінде ең күрделі пән Қазақстан тарихы болыпты. Сондықтан ол тақырыптарды өз бетінше зерттеп, материалды бірнеше рет қайталап отырған. Ерасыл ақпаратты есте сақтауда интервалды қайталау әдісін қолданғанын айтады. Мәселен, бүгін өткен тақырыбын келесі күні, үш күннен кейін және белгілі бір уақыт өткен соң қайта қарап отырған. Ал дайындық кезінде конспект жазу Ерасылдың да уақытын алыпты.

«ҰБТ-ға дайындалып жүрген оқушыларға конспект жазуға 3-4 сағат уақыт жұмасамай, бұл арада басқа маңызды тақырыптарға зейін салу керек екенін жеткізгім келеді», — дейді Ерасыл.

139 балл жинаған кезде ол сыйлыққа MacBook алса, екі рет 140 балл иегері атанғаны үшін 2 миллион теңге қанжығалаған. Сонымен қатар дайындық курсы Ерасылға шетелге жолдама тарту етті. Бір қызығы, ол ақшалай сыйлықтың 80 пайызын ата-анасына беріп, қалған бөлігіне өзіне жаңа смартфон сатып алған. Қазір Ерасыл MNU жатақханасында тұрады.

«Біліммен қатар психологиялық күйге мән беру маңызды»

Фотода Назерке Сәрсенбай

Жамбыл облысындағы Құлан ауылының тумасы Назерке Сәрсенбай ҰБТ-ға дайындық кезінде таңғы 5-те тұрып, чек-лист толтырып, психологпен жұмыс істеуді әдетке айналдырған. Назерке нақты 140 балл жинауды мақсат етпесе де, ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсете алатынын сезгенін айтады.

«Өмірімде болып жатқан кейбір оқиғалар маған 140 балл жинайтынымды алдын ала сездіргендей болды. Мысалы, SAT емтиханынан 1450 балл алған кезде әпкем мені құттықтап, «140 балл алғаныңмен!» деген еді. Сол сөзі әлі күнге дейін есімде», — дейді.

Бастапқыда Назерке тапсырмаларды орындауға қанша уақыт бөлетінін параққа жазып, күнін жоспарлап отырған. IELTS-қа күніне бір жарым сағат арнаса, SAT, NUET және ҰБТ-ға әзірлік кезінде күніне 17 сағат бойы дайындалғанын айтады. Кейін аталмыш жүктеменің денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екенін түсінген Назерке психологтың көмегіне жүгінуді жөн көрген.

«Бұл жолда психологпен жұмыс істеудің маңызы зор болды. Ол маған қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, бойымдағы сенімділікті арттыруға көмектесті. Дайындық барысында тек білімді толықтыру ғана емес, психологиялық тұрғыдан да дайын болу маңызды екенін түсіндім», — дейді студент.

Психологпен жұмыстанған оқушы күн сайын «Маған сабақ оқыған ұнайды» деп айтып, өзін ынталандырып отырған.

«Уақыт өте келе оқуға деген көзқарасым да өзгеріп, дайындалу жеңілдей түсті», — дейді Назерке.

Назерке үшін оқудағы ең тиімді әдіс – қайталап оқу. Ол дүниежүзі тарихының барлық кезеңдерін қамтитын кітапты 5-6 рет оқып шыққан.

«Қиын тақырыптарды да қайта-қайта оқып, толық меңгеруге тырыстым. Конспект жазу мен үшін аса тиімді болмады, сондықтан өзіме қолайлы әдісті таңдадым. Ал болашақ талапкерлерге күн тәртібін сақтауға және чек-лист толтыруға қатысты кеңес берер едім. Өзімде өзгелер білмейтін ерекше құпия әдіс бар деп айта алмаймын. Бұл тәсілдердің көбін мен де басқа адамдардан естіп, тәжірибемде қолданып көрдім, — деді 140 балл иегері.

Назерке еңбегінің жемісі ретінде бір миллион теңге иеленіп, шетелге жолдама алған.

«Армандағанда бәрін егжей-тегжейлі елестету керек»

Фотода Кәусар Алтынсары

Қызылордалық Кәусар Алтынсары ҰБТ-ға дайындық кезінде алдына ерекше мақсат қойған. Ол жоғары нәтижесінің арқасында пәтер иеленуді армандап, болашақ үйіндегі әрлену үстеліне дейін көз алдына елестеткенін айтады. Яғни егжей-тегжейлі визуализация жасаған.

Фотода Кәусар Алтынсарының үйі

Кәусар Алтынсарының егізі Гауһар да ҰБТ-дан 139 балл жинап, білім бәйгесінде топ жарды. Бүгінде екеуі де Мақсұт Нәрікбаев университетінде оқиды.

Кәусар күніне 7-8 сағат оқып, Помодоро әдісін пайдаланған. Ол өзінің болашақ пәтерін, әрлену үстеліне дейін нақты армандаса да, тек бұл әдіске сеніп, дайындықты екінші орынға ысырып қоюға болмайтынын айтады.

«ҰБТ кезінде сәттіліктің де рөлі болуы мүмкін. Дегенмен жұлдызым оңынан туса екен деп қол қусырып отыруға да болмайды. Ең бастысы – тәртіп пен тұрақты дайындық. Бір істі күн сайын қайталасаң, ол біртіндеп әдетке айналады. Менің ойымша, жоғары балл жинау үшін тек көп оқып қана қоймай, дайындықты жүйелі түрде жалғастыру керек», – дейді ол.

Кәусардың жоғары нәтижеге жетуіне отбасының қолдауы да әсер еткен.

«Ата-анамның қолдауын ерекше атап өткім келеді. Олар мақсатқа жетемін деп өзімді шамадан тыс қинамау керектігін айтатын. Сабақ оқып отырып, түскі не кешкі ас ішуге үлгермей қалатын кездерім болды. Сондайда әкем жаныма жеміс-жидек турап әкеліп, басқа да қажет нәрселерімді дайындап беретін. Жақындарыңның қолдауы өте маңызды екеніне көзім жетті», – дейді студент.

Армандар картасындағы 140 балл

Фотода Іңкәр Қыдырбек

Ал Іңкәр Қыдырбек үшін 140 балл тек емтихан нәтижесі емес, алдын ала көз алдына елестеткен мақсаттарының бірі болған. Ол 10-сыныпта ағылшын тілін тереңдетіп оқып, IELTS емтиханынан 8.0 балл алған. Ал ҰБТ-ға толыққанды дайындықты 11-сыныпта бастапты. Таңдау пәндері – ағылшын тілі мен дүниежүзі тарихы.

Іңкәр қаңтар және наурыз айларындағы сынақ ҰБТ-лардан жоғары балл жинаған.

«135, 139 балл жинай алсам да, «енді дайындалмай-ақ қойсам болады» деген еріншектік болмады. Мақсатыма жету үшін 1-ақ балл қалды. Мен мұны соңына дейін апаруым керек, еңбегімнің ақталғанын қалаймын деген ойлар ғана бойымды биледі», – дейді ол. 

Іңкәр дайындық кезінде әлеуметтік желілерді өшіріп тастаған.

«Өйткені ол менің бар назарымды алып қойып жүрді. Ал оларды өшіріп тастағанда, тек сабаққа фокус қойдым. Бір жол бойы TikTok, Instagram, тіпті Shorts көріп қоям ба деп алаңдап, YouTube-ты да өшіріп тастадым. Сондай-ақ қыдырулардан да бас тарттым. Бұл шектеулер маған қатты көмектесті», – деді Іңкәр.

Іңкәрдің дайындықтағы тағы бір ерекшелігі – тарих пәндеріне деген қызығушылығы. Көптеген оқушы Қазақстан және дүниежүзі тарихындағы даталарды жаттаудан қиналса, Іңкәр бұл пәндерді сүйіп оқыған. Кейде дүниежүзі тарихына күніне 10 сағатқа дейін уақыт бөліп, бір күнде тұтас кітапты оқып аяқтаған кездері болған екен.

Фотода Іңкәр Қыдырбек

Ол арнайы армандар картасын жасап, бүкіл қалауын сонда жазып қойыпты.

«Менің армандар картамда пәтер, 140/140, шетелге жолдама болған. Енді қарап отырсам, оның бәрі орындалыпты», – дейді Іңкәр.

Сондай-ақ осындай нәтиже үшін дайындық курсы тарапынан рекордсменнің ата-анасына 3 млн теңге сыйлық және өзіне пәтерден бөлек, 4 жыл бойы айына 140 мың теңге шәкіртақы беріліп отырады.

Іңкәрдің болашақ талапкерлерге айтар кеңесі қысқа: өзіңе сену. Оның пікірінше, кейде оқушы дұрыс жауапты білсе де, сенімсіздіктің салдарынан қателесуі мүмкін. Сондықтан білімді толықтырумен қатар өз шешіміңе сенуді де үйрену қажет.

MNU-ды таңдауға не себеп болды?

Биылғы рекордсмендердің үштен екісінің М. Нәрікбаев университетін таңдауына не себеп болды? Мұны біз MNU провосты Анар Бауыржанқызынан сұрап білдік. Оның пікірінше, талапкерлер үшін оқу орнының халықаралық аккредиттелуі мен түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері маңызды.

Фотода MNU провосты Анар Бауыржанқызы

«Бұл кездейсоқ таңдау емес. Талапкерлер мен олардың ата-аналары университеттерді жан-жақты зерттейді. Мәселен, өткен жылы «Атамекен» рейтингінде біздің құқық, халықаралық құқық және шетел филологиясы бағдарламаларымыз бірінші орын алды», – дейді провост.

140 балл алған 8 студенттің барлығы дерлік Халықаралық қатынастар мамандығында оқиды. Анар Бауыржанқызы бұл бағдарламаның тартымдылығын университеттің халықаралық мүмкіндіктерімен байланыстарды.

«Студенттер халықаралық компанияларда, Сыртқы істер министрлігінде тәжірибеден өтіп, елшіліктерде жұмыс істей алады. Сонымен қатар екінші шет тілін меңгеру міндетті, ал сабақтарды тәжірибелі мамандар жүргізеді. Менің ойымша, талапкерлерді осындай мүмкіндіктер қызықтырады, – дейді ол.

140 балл алудың ортақ формуласы бар ма?

Бір нәтиже, сегіз түрлі жол. ҰБТ-дан 140 балл жинаған түлектердің әрқайсысы биік межеге өзіндік тәсілмен жетті. Бірі қатаң жоспарға сүйенсе, енді бірі үздіксіз қайталау мен темірдей тәртіпке сүйенген. Ал енді бірі психологиялық күйімен жұмыс жасаған. Олардың дайындық әдістері әртүрлі болғанымен, барлығына тән ортақ қасиет – табандылық пен тұрақты еңбек.

8 түлектің тәжірибесі жоғары балл жинаудың әмбебап формуласы жоқ екенін көрсетеді. Нәтижеге жетуде жеке ізденіспен қатар отбасының қолдауы мен дамушы оқу ортасы да маңызды рөл атқарған.

Дария Ғұмарова, Жанерке Доскелді, Камила Қадырова, Зере Қанат, Аида Шакибекова, Айша Төлеу, Жұмагүл Омарова, Абылай Өмірәлиев

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ