Стоматологиялық қызмет қашан қолжетімді әрі қауіпсіз болады?

Стоматологиялық қызмет қашан қолжетімді әрі қауіпсіз болады?

Стоматологиялық қызметтегі «сұр аймақ»

Денсаулық сақтау министрлігі биыл стоматологиялық клиникаларды жаппай тексеруді қолға алды. Мамандар 392 нысанның жұмысымен танысып, нәтижесінде 174 стоматологияның қызметі тоқтатылды. Яғни, олардың 45%-ы талапқа сай болмай шыққан. Бұдан бөлек, 56 клиника медициналық қызмет көрсету лицензиясынан өз еркімен бас тартқан. Тексеру қорытындысы елдегі әрбір төртінші клиниканың пациент қауіпсіздігіне қатер төндіріп келгенін көрсетті. Министрлік мәліметінше, медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдар саны 2025 жылы 23 мыңнан асқан. Оның ішінде стоматология ең проблемалы үш саланың қатарында.

Әрине, стоматология бүгінде табысты бизнеске айналды. Жыл сайын бұл сала 10–18%-ға өсіп келеді. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде «стоматологиялық қызмет» бойынша 5 868 нысан тіркелген. Оның 2 947-сі — заңды тұлғалар мен филиалдар, ал 2 921-і — жеке кәсіпкерлер.

Алайда стоматология саны артқан сайын, бұл саладағы заңбұзушылықтар да көбейіп отыр. Тіс емдету кезінде қайтыс болған балалар мен ересектердің оқиғалары елдің есінде. Ол аздай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаржыны стоматологиялар арқылы заңсыз шығару істері де жиілеп, мұндай алаяқтық схемаға қатысқан 40-тан астам клиниканың былығы әшкере болды. Осыдан кейін отандық медицинаға сенім азайды ма, кім білсін қазір қазақстандықтар арасында көрші Өзбекстанға барып, тісін емдетіп келетіндер көбейді. Себебі біздің елде стоматологтар қызметінің құны жыл сайын шарықтап барады. Халықтың қалтасына ауыр болған соң олар 0-0-24 аймен бөліп төлетуді бастады.

Стоматологиялық қызметтегі «сұр аймақ»

Фотода Тұрсын Баткенқызы

«Әділет» тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары Тұрсын Баткенқызы бұл саланы «сұр аймаққа» жатқызады.

«Жеке стоматологиялық клиникалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейді. Бірақ олардың көп болуы сапаны білдірмейді. Керісінше, бұл сала бүгінде нақты “сұр аймақта” тұр. Тексерілген мекемелердің 70%-ында заңбұзушылық анықталды», — дейді ол.

Оның айтуынша, пациенттер көбіне қандай анестезия қолданылып жатқанын да білмейді.

«Біз тіпті бізге қандай анестезия салып жатқанын білмейміз: ол сапалы германдық өнім бе, әлде арзан қытайлық аналог па? Тұтынушылық құқығымызды білмейтіндіктен, денсаулығымызға зиян келтіріп жатырмыз. Есіңізде болсын: әрбір пациент қолданылатын препараттардың сертификатын, тіпті құрал-жабдықтардың соңғы рет қашан өңдеуден өткенін сұрауға толық құқылы. Барлық лицензиялар мен құжаттар пациентке көрінетін, қолжетімді жерде тұруы керек», -дейді.

Алайда, «e-Otinish» арқылы тұтынушылар қызмет сапасына қатысты ресми арыз жазбаса, мұндай мекемелерге тексеріс жүргізу қиын.

Қазақстандықтар неге тісін Өзбекстанда емдеткісі келеді?

Сурет: ЖИ көмегімен жасалған

Отандық клиникалардың баға саясаты мен сервисіне көңілі толмағандар бүгінде шекара асып, көрші елдерден шипа іздеуге мәжбүр. Солардың бірі — баласының тісін емдету үшін Өзбекстанды таңдаған отандасымыз Әйгерім.

«Қазақстанда баламның тісін емдеу үшін клиникалар 1,5 миллион теңге шамасында сұрады. Бұл қарапайым отбасы үшін өте қомақты сома. Ал Өзбекстанға барғанымызда, дәл осы емді екі есе арзан бағаға жасап берді. Тек бағасы ғана емес, сервис деңгейі де бізді таңғалдырды — күту мәдениетінен бастап, дәрігерлердің қарым-қатынасына дейін бәрі көңілімізден шықты», — дейді кейіпкеріміз.

Отандық стоматологиядағы бағаның негізсіз жоғары болуы және сервистің ақсауы «медициналық туризмнің» кері бағытта дамуына, яғни капиталдың елден сыртқа кетуіне әкеп соқтыруда. 1,5 миллион теңге мен оның жарты бағасының арасындағы айырмашылық — Тұрсын Баткенқызы айтқан бақылаусыз нарықтың нақты көрінісін айқындап тұр.

Стоматолог уәжі

Стоматолог Ғалия Әлиеваның айтуынша, бұл салада баға мен сапа арасындағы теңсіздіктің өзіндік объективті және субъективті себептері бар. «Соның бастысы — Қазақстан стоматологиясы 90-95% импортқа тәуелді», — дейді.

«Материалдар, импланттар мен жабдықтар түгелдей дерлік Еуропа, Корея және АҚШ-тан келеді. Геосаяси жағдайлар мен логистиканың қиындауы, доллар бағамының құбылмалылығы бағаға тікелей әсер етті. Сапасыз салынған арзан имплант немесе стерилизациядан үнемделген қаражат ертең пациент үшін екі есе шығын болып оралады. Біз көбіне басқа жерде сапасыз жасалған емнің зардабын түзетумен айналысамыз. Сондықтан пациенттерге ең бірінші кеңесім: клиниканың лицензиясын және дәрігердің тәжірибесін («дейін/кейін» кейстерін) міндетті түрде тексеріңіз»», — дейді стоматолог.

Фотода Ғалия Әлиева

Маманның айтуынша, отандық өндірістің жоқтығы мен технологияға (3D диагностика, AI) салынған инвестиция ем құнын төмендетуге мүмкіндік бермей отыр. «Оның үстіне қазақстандықтардың стоматологқа тек «ауырғанда ғана келетін» әдеті жағдайды асқындырып тұр», — дейді маман.

 «Егер пациент жылына екі рет кәсіби гигиенадан өтіп тұрса, 1,5 миллиондық имплантацияның қажеті де болмас еді. Жастар арасында тренд өзгеріп келеді, бірақ жалпы профилактика мәдениетін әлі де дамыту керек», — деп түйіндеді ол.

«Мемлекеттік бақылауды күшейту қажет»

Пациенттер үшін Ташкентке барып емделу немесе арзан кабинет іздеу — уақытша амал. Сол үшін сала мамандары мен сарапшылар  «стоматологиялық қызметтің қолжетімді әрі қауіпсіз болуы үшін мемлекеттік бақылау күшейіп, МӘМС жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс» деп санайды.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ