2021 жылдан бастап Қазақстанға қытайлық автомобиль брендтері жаппай кіре бастады. Жыл сайын жаңа көлік маркалары пайда болып, қытайлық автобильдердің нарықтағы үлесінің өсуіне ықпал етті. Биыл қыркүйек айында қытайлық көліктердің үлесі 39,4 пайызға жеткен. Бұл ескі көліктердің нарықтағы сатылымын айтарлықтай бәсендетіп жіберді.
2020 жылы Қазақстанда 83 578 жеңіл автокөлік сатылған. Оның екі пайызы ғана қытай бренді ұсынған Jac көлігі болды. Ал биыл қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында сатылған 129 266 көліктің 51 мыңы – қытайлық көліктер. Қазақстан нарығындағы қытайлық көліктер үлесі 39,4 пайыз болды.
Қытай көліктерінің Қазақстан нарығында көбеюіне Еуразиялық экономикалық комиссияның 2022-23 жылдары нарыққа электромобильдерді баж салығынсыз кіргізу туралы шешімі белгілі бір деңгейде әсер еткен. Қаржы министрлігінің MNU Newsroom редакциясына жолдаған жауабында 2023 жылы Қазақстан нарығына 224 мыңнан аса электромобиль кіргені айтылған. Ал 2024 жылдың алғашқы он айында кірген электромобильдер саны 66 мың болған.
Сонымен қатар, жыл сайын жаңа маркалардың қосылуының да әсері бар. Мәселен, 2021 жылы HAVAL, JAC және Chery маркалары болса, былтыр Jetour, Omoda, Hongqi, GAC, ZEEKR, Haval, Tank және GWM сияқты жаңа брендтер пайда болды. Ал биыл брендтер тізіміне Kaiyi және MG маркасы қосылды.
Қытай көліктері неге сұранысқа ие?
“Қытай көліктерінің Қазақстан нарығындағы үлесінің өсуі екі негізгі факторға байланысты. Біріншіден, бұрын ресейлік зауыттар арқылы жеткізілетін жапон және еуропалық брендтердің нарықтан кетуі немесе үлесінің қысқаруы. Екіншіден, Қытайда жергілікті автокөлік өндірісіне мемлекеттік қолдаудың артуы”, – дейді Артур Мискарян есімді көлік эксперті.
Оның сөзінше, бұл тұтынушылық сапа немесе техникалық артықшылыққа ғана байланысты емес. Яғни, нарықтық және экономикалық жағдайдың тікелей нәтижесі деп есептейді.
Қаржыгер Расул Рысмамбетов нарықта қытай көліктерінің көбеюінің тағы екі себебі барын айтады.
“Біріншіден, бұл – қолжетімді баға. Екіншіден, шекарадан өту және құжаттарды рәсімдеу жеңіл әрі тез болды. Сонымен қатар көптеген компаниялар ашылды”, – дейді ол.
Оның айтуынша, Қазақстан арқылы Қытайдан Ресейге автомобиль транзиті басталғаннан кейін қазақстандықтар да бұл нарықты игере бастады. Ал ресейліктерге премиум-кластағы көліктерге қолжетімділік азайып, олардың бағасы қымбаттап кеткен. Осылайша, қытайлық импорт ресейлік импортты алмастырып отыр.
Қазақстан нарығында ұсынылған модельдердің көпшілігі – кроссоверлер. Қытайлық модельдердің орташа минималды бағасы – 13-13,5 млн теңге.
Сонымен қатар, жаңа автокөліктердің сатылымы мен автокөліктерді сатып алуға берілетін несиелер қарқынды өсіп келе жатыр. Бұл нарыққа қытай көліктері келгенге дейін, 2016 жылы бастау алған.
“Оған халық санының ұлғаюы мен көлікті сатып алуды қаржыландыру мүмкіндіктерінің кеңеюі де (тек несие емес, ресми дилерлік компаниялар ұсынатын инструменттер – пайызсыз бөліп төлеу, лизинг, trade-in, маусымдық акциялар мен жеңілдіктер) септігін тигізуде”, – деді Ұлттық Банк өкілі.
Яғни, автокөлікке берілетін несиенің өсуіне тек қана қытайлық автобрендтер ықпал етпеген.
“Адамдар көлікті сатып алатындай қаражаты жоқ. Сондықтан кредитке алады. Ал қытай көлігінің тиімділігі жоғары. Мен де қытай көлігін несиеге сатып алдым”, — дейді экономист Ерлан Каримов.
“Көліктің бағасы 20 млн. Мен оны 2 жылға 0.1 пайызға алдым. Сәйкесінше, бұл маған ыңғайлы болды”, — деді ол.
Алайда, Ұлттық Банк өкілдерінің сөзінше, қытайлық жаңа маркаларды несиеге бөліп төлеу арқылы алу қиындық туғызады. Оның себебі – несиелер туралы статистикада автокөліктің маркасы, оны шығарған ел, көліктің жаңа немесе қолданылғаны туралы ақпарат қамтылмаған дейді.
Қазақстан ішкі нарығына әсері
Қазіргі уақытта Қазақстанда Қытайдың үш автомобиль брендінің – Jac, Jetour және Hongqi өндірісі локализацияланған.
Алдағы екі жылда толық өндірістік циклі бар Chery, Changan, Haval, Exeed, Geely және Kaiyi сияқты қытайлық танымал маркалы автомобильдер шығаратын тағы екі зауыт ашу жоспарланған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің айтуынша, бұл үрдіс бәсекелестікті күшейтіп, автокөлік нарығының дамуына оң әсерін тигізбек. Министрлік Қытай автокөліктерінің Қазақстан нарығына енуі отандық автопарктің жаңаруына және тұтынушылардың таңдау мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етті деп жазды.
Қытайлық жаңа көліктердің қолжетімді бағалары ескі көліктер нарығына белгілі бір деңгейде әсер еткен. Бұл нарықтағы ескі көліктердің сатылымының көлемін азайтқан. Сұраныстың төмендеуіне байланысты қолданыстағы көліктердің бағасы да өзгерген.
“Мысалы, 3-4 жыл бұрын Hyundai маркасын 11 миллион теңгеге сатып алған адам болса, бүгін ұқсас жаңа модель 9 миллион, ал ескі моделі шамамен 4-5 миллион теңге тұрады”, – дейді қаржыгер Расул Рысмамбет.
Қытайдың 3D технологияларды қолдануы және өндіріс жылдамдығының жоғары болуы модельдерді үнемі жаңартып отыруға мүмкіндік береді.
Оның айтуынша, Қазақстан – қытайлық өндірушілер үшін тестілеу нарығы. Олар мұнда жаңа модельдерін сынақтан өткізе алады.
Қытай тек электромобильдер ғана емес, Volkswagen және Hyundai сынды брендтермен бәсекеге түсетін көліктерді де жеткізіп отыр. Олардың өндірісі тез дамып келеді. Сондықтан көршілес нарықтарға оңай әрі арзан түрде кіру мүмкіндіктері бар.
Жыл соңында нарықтағы жаңа автокөліктердің 30-35 пайызын қытай автокөлілігі құраған. Бірақ бұл көрсеткіш 15 бренд арасынан ғана бөлінген.
“Ал Chevrolet, Hyundai және Kia сияқты Қазақстанда құрастырылатын үш брендтің үлесіне жаңа автокөліктердің 40 пайыздан астамы тиесілі”, – дейді Артур Мискарян.
Теңге бағамына әсері
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, қыркүйек айының қорытындысы бойынша қытай көліктерінің Қазақстанға импортының бағасы 630 миллион долларды құраған. Бұл – жалпықазақстандық импорттың 1,5 пайызы.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сөзінше, Қытай көлігінің импортының теңге бағамына әсері байқалмайды. Себебі импорт көлемі жалпы экономикалық көрсеткіштерге салыстырмалы түрде аз үлес қосады дейді.
Алайда мамандар бұнымен келіспейді. Шетелдік валютаның көбеюі теңге бағамының әлсіреуіне әкеледі деп санайды.
“Импорт теңге үшін жақсы нәрсе емес. Себебі импорт көбейген сайын Қазақстанда доллар немесе шетелдік валюта көптеп шығарылады. Сәйкесінше теңге әлсіздігіне әкеліп соғады”, – дейді Ерлан Каримов.
Оның айтуынша, импорты көп елдерде инфляция, девальвация тәуекел деңгейі жоғары болады.
Дегенмен, жергілікті өндірістің болмауынан тұтынушылар шетелдік маркаларды қолжетімді бағада сатып алуға мәжбүр.
Қытай көліктері кімге тиімді?
Қытайлық маркалар көптеген тұтынушылар үшін тиімді.
“Бұл әсіресе такси қызметтері үшін тиімді болмақ. Себебі төмен бастапқы инвестиция бизнеске жүктемені азайтады”, – дейді қаржыгер Расул Рысмамбет.
“Мысалы Сhevrolet Сobalt 7-8 млн тұрады. Адамдар 50 пайыз жарнасын төлеп, қалғанын 0,1 пайыздық төмен несимен алады. Кейін такси болып күндерін көреді”, – дейді экономист Ерлан Каримов.
Расул Рысмамбеттің сөзінше, қытай көліктерінің көбі гибрид болғандықтан, жанармай өндірушілерге де тиімді болмақ.