Вс. Дек 22nd, 2024
Фото: abai.kz

Қарашада АҚШ-та өткен президент сайлауының нәтижесі жанама түрде Қазақстан экономикасына әсер етті. Атап айтқанда, Дональд Трамптың билікке келгені белгілі болғаннан кейін АҚШ долларының құны артты. Қазақстан теңгесінің долларға шаққандағы бағамы кейінгі бір айда кемі 45 теңгеге дейін өсті. Кезекті девальвация толқыны қоғамда алаңдаушылық тудырып, Қазақстан ұлттық банкі теңгені қуаттандыру үшін интервенция жүргізді. 

Теңгенің девальвацияға ұшырауы тек АҚШ-тағы саяси өзгеріспен байланысты емес. Оның негізгі сауда серіктесі Ресейге қарсы бекітілген кезекті санкциялар пакеті де ұлттық валютаның есе жіберуіне түрткі болып отыр. 

ДЕВАЛЬВАЦИЯ ДЕГЕН НЕ?

Девальвация деп бір валютаның екінші бір валютаға қатысты құнсыздануын айтады. Валютаның құнсыздануы қоғамдағы бірқатар өзгерістерге апаратындықтан, бұл термин қазіргі қоғамда тек қаржы саласында емес, одан кеңірек сипатта қолданылып жүр. Мәселен, 2015 жылы тамызда Қазақстанда теңге еркін айналымға жіберілген кезде 1 АҚШ долларының құны бірден 185-тен 300 теңгеге дейін көтерілді. 

Бұған дейін оны сол бағада Ұлттық банк ұстап тұрған. Оның тұрақтылығын жасанды түрде ұстап тұру үшін қаржы жүйесін реттеуге көп қаражат та жұмсалып келген. Еркін айналымға жіберілгеннен кейін теңге құны төмендеп, шетелден импортталатын тауарлар бағасы күрт өсті. Бұл халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етті. 

Девальвацияға алып келетін бірқатар факторлар бар. Ұлттық валюта қуаты елдегі өндіріс көлемі мен экономикалық белсенділікке тікелей байланысты. Сондай-ақ мемлекет шет елдерден келетін тауарларға қанша тәуелді болса, валюта соншалықты әлсіз бола береді. 

Қазақстан экономикасы шикізат өндірісі мен оның экспортына тәуелді болғандықтан, мұнай бағасының күрт төмендеуі де теңгенің құнсыздануына әкеліп соғады. Мәселен, 2020 жылы пандемия күшейгенде өндірістер уақытша тоқтап, сауда қатынасы баяулағанда мұнай өнімдеріне сұраныс төмендеп кетті. Соның әсерінен мұнайдың баррелі 30 долларға дейін арзандады. Бұл Қазақстан валютасын әлсіретіп жіберді. 

Мамандар девальвацияның ұлттық экономикаға белгілі бір деңгейде оң әсері де бар дейді. Ұлттық валюта құнсызданғанда Қазақстан өнімін экспорттаушылар ұтады. Мұндай стратегияны әлемдегі экономикасы қарқынды дамыған елдердің бірі Қытай жиі қолданады. 

Экономист, BSR зерттеу тобының жетекшісі Мадияр Кенжебұлаттың айтуынша, Қытай үкіметі кейде ұлттық валютасы юаньды жасанды түрде төмендетіп, экспорттық тауарлардың шетелдік нарықта арзандауын қамтамасыз етеді. Бұл тәсілдің арқасында Қытай өндірісті күшейтіп, кейін бюджетке қосымша табыс көздерін тарта алады.

Ұлттық валютаның құнсыздануы экспорттық тауарлардың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Мұндай жағдай Қазақстанда 1999 жылғы девальвация кезінде байқалған. Сол жылы теңгенің құнсыздануынан елде өндірілген мұнай мен металл экспорты күрт артқан. 

Фото: shutterstock.com

РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САЛЫНҒАН САНКЦИЯЛАРДЫҢ ТЕҢГЕГЕ ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

Украинаға басып кіргелі Ресей экономикасы оқшауланып, Батыс елдері ондағы бірқатар компаниялар мен шенеуніктерді, кәсіпкерлерді қара тізімге енгізіп үлгерді. Бұл белгілі бір деңгейде Ресей экономикасының өсімін баяулатты. Ресей Қазақстанның экономикалық әрі қауіпсіздік салаларындағы негізгі серіктестерінің бірі болғандықтан, Кремльге бағытталған санкциялардың Қазақстанға да жанама әсері бары белгілі.

“Экономикалық зерттеулер институты” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Мұқан “Ресейдегі жағдай Қазақстанға әлі күнге дейін тікелей әсер етеді” дейді. 

“Себебі Ресейде доллар күрт қымбаттаған сәтте біздің бағам да 500 теңгеге дейін жетіп жығылған болатын. Бұған себеп еліміздегі импорттың 30 пайызына жуығы Ресейден келеді. Сонын ішінде біздегі азық-түлік пен құрылыс материалдарының шамамен 60 пайызын Ресей өнімдері құрайды. Осы себептен де рубльдің бағамы тікелей теңгеге әсер етеді”, – деді ол. 

Ресейге салынған халықаралық санкциялар оның серіктестерімен экономикалық белсенділігін баяулатады. Қазақстан Украинадағы қақтығысқа қатысты көпвекторлы саясат жүргізіп жатқанына қарамастан, Батыс елдері Қазақстанның Ресеймен тығыз байланысы барын біледі. Сондықтан инвестициялық ағындар мен қаржы операциялары да баяулайды. 

Қазіргі жағдайда теңгенің құнсыздануы тек сыртқы факторларға емес, ішкі нарықтағы экономикалық мәселелерге де байланысты болып отыр. Ұлттық экономиканы әртараптандырудың жеткіліксіздігі, сыртқы саудада тепе-теңдіктің сақталмауы және рубльге тәуелділік теңгені белгілі бір деңгейде тұрақсыз етеді. Қазақстан үкіметі Ресейге тәуелділігін біршама азайтпақ ниетпен кейінгі екі жылда экономикалық интергация жобаларын Орталық Азия және түркі елдерімен көбірек жүргізуге кірісе бастады. 

Фото: aikyn.kz

ДЕВАЛЬВАЦИЯ ИНФЛЯЦИЯҒА, АЛ ИНФЛЯЦИЯ ДЕВАЛЬВАЦИЯҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Ұлттық валюта құнсызданса, елге кіретін тауарлар қымбаттайды. Ал ішкі нарыққа енген тауарлар бағасы өссе, инфляция көрсеткіші артады. Өз кезегінде инфляция көрсеткіші артқан сайын, ішкі бәсекелестік төмендеп, ел сыртқы нарыққа көбірек тәуелді бола береді. Бұл валютаның тағы да құлдырауына алып келеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы қаңтар-қараша айлары аралығында айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, 2,5 пайыз майлы 1 литр айран 410 теңгеден 435-ке өскен. Қарақұмық бағасы да 225 теңгеден 240-қа дейін көтерілген. Ел бойынша ет бағасы орта есеппен 10 пайыз артса, күнбағыс байы 12 пайыз қымбаттаған. 

Бизнесті реттеу және тұрақты даму саласындағы сарапшысы Ерлан Каримов Қазақстан ішкі нарығынан халықаралық саудада жиі пайдаланылатын валюталар мен алтынның кетуі де теңгені әлсіретеді дейді. 

“Бұл проблеманы шешудің бірден-бір жолы – импортты шектеу. Яғни, шет елдерден алынатын тауарларды азайтып, керісінше экспортты ұлғайту керек. Алайда Қазақстан көп тауар өндіріп жатқан жоқ. Мұнайдың бағасы да тұрақсыз. Сондықтан, ұлттық валютаның құнсыздануы инвестицияның тартымдылығына да әсер етеді”, – деді Каримов.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЙТСЕ, ТЕҢГЕ ҚУАТТЫ БОЛАДЫ?

Экономикасы диверсификациялаған, импортқа тәуелді емес елдердің валютасы әдетте жиі девальвацияға ұшырамайды. Сарапшылар теңгенің қуатты болуы үшін Қазақстан экономикасын әртараптандыру керек дейді. Бұл үдерістегі ең өзекті мәселе Қазақстан бюджетінің мұнай экспортына тәуелді екендігі болып отыр. 

Мадияр Кенжебұлаттың айтуынша, Қазақстанның басты экономикалық проблемасы – “голланд ауруы”. Бұл термин ертеректен мұнай сатылымынан түскен табысқа күнелтетін елдерге қатысты айтылады. Қазақстанның табысының орта есеппен 80 пайызы мұнай экспортынан түсетінін ескерсек, Қазақстан тәуелсіздік алғалы “голланд ауруынан” айыға алмай келеді. 

“Мұнайдың әлемдік бағасы Қазақстанда қалыптаспайды. Біз оған ықпал ете алмаймыз. Баға төмендей бастағанда, ел бюджетінде қиындықтар туындап, сұраныс азаяды. Бұл тапшылықты жабу үшін Ұлттық қордың қаржысын пайдаланып, ішкі нарықты қолдауға мәжбүр боламыз. Ал бюджетке аз қаражат түссе, теңгенің құнсыздануы да жылдамдайды», – деп түсіндірді Мәдияр Кенжебұлат.

Қазақстан үкіметі экономикалық өсімді арттыру үшін мұнай өндірісін арттырмақ. Келесі жылы оның көлемін шамамен 90 миллион баррельден 100 миллионға дейін артыру жоспарланған. Ал 2029 жылға дейін елдің жалпы ішкі өнімін 450 миллиард АҚШ долларына жеткізуді де үкімет биыл өз міндетіне кіргізді. Бірақ бұл межеге жету үшін Қазақстанның жыл сайынғы өсімі 6 пайыздан кем болмауы керек.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *