Жастардың қос әлемі және психологиялық қауіп

Жастардың қос әлемі және психологиялық қауіп

Әлеуметтік желілерге тәуелділік

Қазіргі жастардың өмірінде әлеуметтік желінің орны ерекше. Әсіресе Instagram мен Tik-Tok-тағы «сторис мәдениеті» олардың күнделікті өмірін айқындайтын жаңа ортаға айналды. Алайда виртуалды әлем мен шынайы өмір арасындағы айырмашылық кейде психологиялық дағдарысқа, тіпті суицидтік ойларға әкеліп соғады. Сарапшылар бұл құбылысты «қос әлем синдромы» деп атап жүр.

Сторис әлеуметтік желі қолданушыларының өзін көрсету құралы. Бір жағынан, бұл шығармашылық, эмоцияны бөлісу, әлеуметтік байланыс орнату. Екінші жағынан, жасанды фильтрлер мен сахналық көріністер шынайы өмірді екінші орынға ысырады.

Осы тақырыпқа байланысты MNU Newsroom редакциясы сауалнама жүргізді. Оның нәтижесі көрсеткендей, жастардың басым бөлігі әлеуметтік желілерді күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналдырған. Респонденттердің жауабына сүйенсек:

  • 68% күн сайын сторис салады;
  • 54% өз өмірін өзгелермен салыстыратынын жасырмады;
  • 32% стористі көргеннен кейін өзіне деген сенімсіздігі арта түсетінін мойындады.

Бұл көрсеткіштер әлеуметтік желідегі белсенділіктің жастардың көңіл күйіне, өзін-өзі бағалауына және психологиялық тұрақтылығына айтарлықтай ықпал етіп отырғанын айқындайды.

Қазақстанда әлеуметтік желілердің психикалық денсаулыққа әсеріне қатысты ресми талдау жасалмаған

Қазақстандық жастар арасында әлеуметтік желілерге тәуелділік мәселесі барған сайын өзекті болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де мұнан хабардар. Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Г. Сәрсенбаева алайда ресми деректердің әлі жан-жақты сарапталмағанын атап өтті:

— Соңғы жылдары жастар арасындағы суицидке қатысты көрсеткіштер Ұлттық статистика бюросы мен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің мәліметтері негізінде жүргізіліп келеді. Алайда әлеуметтік желілердің психикалық денсаулыққа ықпалына байланысты ресми талдаулар әлі жасалған жоқ. Бұл бағытта салааралық ынтымақтастық пен ғылыми зерттеулердің қажеттілігі айқын сезілуде, — деді ол.

Психологтардың айтуынша, стористерді шамадан тыс көру үш негізгі қатерге әкеледі:

  1. Өзін-өзі төмен бағалу;
  2. Әлеуметтік тәуелділік;
  3. Эмоциялық күйзеліс пен депрессия, тіпті суицид.

коллаж: Бірғаным Әлиқызы

Әлеуметтік желілердегі «салыстыру» мәдениеті бүгінгі қоғамда аса өткір тақырып. Медиапсихология маманы, М. Нәрікбаев университетінің аға оқытушысы Гулнур Кудерова атап өткендей, әлеуметтік желідегі ақпарат көбіне өңделген, «әдеміленген» түрде ұсынылады. Адам санасы соған сеніп қалып, шынайы өмірін бағаламай, өзіне қанағаттанбаушылық сезімімен жүреді.

— Біздің басты қателігіміз — өзімізді өзімізбен емес, өзгелермен салыстыруымыз. Ал шын мәнінде ең дұрыс өлшем кеше мен бүгінгі, бүгін мен ертеңгі өзіңді салыстыру. Мен алдыңғы жылы қанша кітап оқыдым және биыл қанша кітап оқыдым деп салыстырып бастасақ, бәлкім көптеген қатердің алдын алар едік, — дейді.

Сонымен бірге ол жастарға мынадай кеңес берді.

Біз жетістікке тез жеткіміз келеді, бірақ кез келген табыс уақытты, еңбекті талап етеді. Басқаның жетістігін көріп өзіңді кем санама. Өзіңнің мүмкіндігіңді дұрыс бағалап, кішігірім қадамдармен дамуға тырысқан жөн.

Әлеуметтік желідегі «екінші өмір»: жастардың тәуелділігі күшейіп барады

Ең өкініштісі, сауалнамаға қатысқан жастардың 73 пайызы әлеуметтік желісіз өмір сүруге дайын емес екенін айтты. Олардың сөзінше, басты себеп — жұмыстарының тікелей онлайн форматпен байланысты болуы. Көпшілік әлеуметтік желіні табыс көзіне айналдырғандықтан, онсыз өмірді елестету мүмкін еместігін айтады.

Мамандар мұны тәуелділіктің жаңа түрі деп бағалайды. Егер бұл үрдіс бақылаусыз жалғаса берсе, виртуалды өмір шынайы өмірді ығыстырып, жастардың эмоционалды әл-ауқатына теріс әсер ету қаупі жоғары.

АҚШ Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, жасөспірімдер күніне 3 сағаттан артық әлеуметтік желі қолданғанда, олардың депрессия мен мазасыздыққа бейімділігі артады екен. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Teens, screens and mental health» баяндамасында әлеуметтік желінің екі қыры барын көрсеткен: бір жағынан, достармен байланыс пен өзін-өзі көрсету алаңы болса, екінші жағынан, кибербуллинг пен жалған бейнелер психологиялық қысым тудырады.

Қазақстандық тағы бір зерттеуде жастардың Instagram-ға тәуелділігі жоғарылаған сайын жалғыздық сезімі күшейетіні анықталған.

коллаж: Бірғаным Әлиқызы

«Өзгелердің Instagram-дағы успешный успехына қарап, шынайы армандарымды сатып кеттім бе деп қорқамын» деп TikTok желісінде өз ойымен бөліскен М. Нәрікбаев университетінің үшінші курс студенті Әсем Дүйсенбектің айтуынша, түрлі мазасыз ойлар көбіне түнде келеді екен. Себебі дәл осы уақытта адам шынайы өз-өзімен қалады. Әлеуметтік желідегі жетістіктерді көргенде жастардың өз арманын ұмытып кетуі де жиі кездесетінін айтады.

— Ұйықтар алдында адам өз-өзімен қалып, өмірін ой елегінен өткізеді. Instagram-ға сирек кірсем де, бәрібір қатарластарымның жетістіктерін көремін: бірі көлік алып жатыр, бірі мансап құрып жатыр. Барлығының арманы ұқсас сияқты — үй, машина, карьера. Кейде өзімді бір инкубаторда жүргендей сезінемін, — дейді.

Әсемнің пікірінше, әлеуметтік желілердің басты әсері адамды өзгелермен салыстыруға итермелеуі. Ақпараттық шудың арасында жастар өз даусын ести алмай, шынайы армандары мен сыртқы қысымнан туған «жалпыға ортақ» мақсаттарды ажырата алмай жатады.

— Жақында туған күнімде 20 жасқа 20 мақсат жазып көрдім. Бірақ соның ішінде кейбір армандарымның шын мәнінде менікі емес екенін түсіндім. Мысалы, «машина алу» дегенде ішімде ешқандай эмоция болған жоқ. Егер арман сені оята алмаса, ол шынайы арман емес, — деді Әсем өз сөзінде.

Әсемнің оқиғасы жалғыз ғана мысал емес. Адамдардың көбісі  дәл осындай сезімдерді бастан өткереді: өз орнын таба алмау, ұнамайтын жұмысқа бару, қорқыныш пен сенімсіздік.

Жастардың «қос әлем синдромына» ұрынуы мен виртуалды кеңістікте артық уақыт өткізуіне байланысты сұрақтарымызға жауап берген денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Г. Сәрсенбаева алдын алу шаралары тек медицинамен шектелмейтінін айтты:

-Бұл мәселені шешуде ата-аналардың, білім беру мекемелерінің, әлеуметтік қызметтердің және жастардың өздерінің белсенді қатысуы аса маңызды. Психологиялық тұрақтылықты арттыру, оқу орындарында жүйелі қолдау көрсету және онлайн-кеңістікте ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – негізгі бағыттардың бірі, – дейді.

Жастардың екі әлем арасында өмір сүруі бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Виртуалды орта мен шынайы өмірдің арасынан теңгерім таба алмаған жасөспірімдер күйзеліске түсіп, жалғыздық сезімін бастан кешіреді. Сарапшылар мұндай жағдайда ата-ана қолдауы, мектептегі психологиялық қызметтің күшеюі және әлеуметтік желілерде медиасауаттылықты арттырудың маңызы зор екенін айтады.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ