Вс. Янв 5th, 2025
Фото: conexion.puce.edu.ec

MNU Newsroom журналисі педофилия құрбаны болған 12 адамнан сұқбат алды. Олардың қауіпсіздігі үшін жәбірленушілердің есімі өзгертілген.

Педофилия – Қазақстанда стигмаға ұшыраған мәселе. Былтыр мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қазақстанда құқық қорғаушылардың есебінде 2019 жылы 2800 зорлаушы және балаларға қатысты сексуалды қылмыс жасағандар саны 1350 болғанын, 2021 жылы колонияларда 1861 педофил жазасын өтеп жатқанын мәлімдеді. Биыл жыл басынан бері осындай 589 іс тіркелген екен. Кәмелетке толмаған жәбірленушілер көп жағдайда өздеріне жасалған қысымның қылмыс екенін кеш түсінеді және айналасына айтса да, қолдау таппай жататындықтан, олардың кейінгі өмірі жайсыз әрі тұрақсыз күйге ұласып кетеді. MNU Newsroom тілшісі жыныстық зорлық көрген 12 жәбірленушімен сұқбаттасып, балаға қатысты сексуалдық қылмыс салдары, оны басуға бағытталған отбасыдағы “ұяттың” рөлі және қылмысқа қарсы жүйенің кемшіліктерін зерттеді. 

Мәжіліс депутатының айтуынша, Қазақстанда сексуалдық зорлық көретін балалардың басым бөлігі бұл қысымды туыстарынан, нақтырақ, әкесінен, өгей әкесінен, ағасы не көршісінен көреді. MNU Newsroom сөйлескен жәбірленушілердің кейстері де осыған саяды. 

ӨГЕЙ ӘКЕ

Қарағандыда туған Айна (есімі өзгертілген) өзінің өгей әкесінен зорлық көргенін айтады. Ол дүниеге келгенде әке-шешісі ажырасып кеткен. Айнаның ертедегі балалық шағы Жамбыл облысында нағашы жұртында өткен. Анасы жұмыс істеуге Астанаға кетіп, кейін сонда екінші рет отбасын құрады. Ол әдетте жазғы демалыста аз уақытқа Астанаға барып жүрген. Бірақ сосын 5-сыныпта анасымен бірге болғысы келіп, сұранып елордаға көшіп барған. Оның сөзінше, бар қиындық сол кезде басталған. 

Айна өгей әкесінің сексуалдық зорлығы әзіл аралас күйде басталғанын айтты. Айтуынша, өгей әкесі әзілдеп, Айнаның денесін ұстауды әдетке айналдырған. Кейін оңаша қалғанда Айнаның әуретті жерлеріне қолын салатын болған. Айнаның сөзінше, бұл 5-7 сыныптар аралығында жиі қайталанған. Ол бұл туралы кейін ашық айтса да, анасы сенбеген. 

“Басқа жағдайлардың бәрі есімнен шығып кетсе де, дәл сол оқиға есімнен кетпейді… Біз жерде жататынбыз. Анам жатады, мен жатамын, оның күйеуі жатады, сосын анамның жанында жаңағы [кішкентай баласы] жатады. Сол кезде сондай сәт болды, ол (анасының күйеуі) менің іш киіміме қолын салған. Мен сол кезде өте қатты қорыққан болатынмын. Мен, тіпті, қозғала алмай қалдым. Мен не істейтінімді білген жоқпын», – дейді Айна.

Өгей әкесі Айнадан 30 жас үлкен. Олар Астанадағы ауруханалардың бірінде жұмыс істеп жүргенде танысқан. Кейін олар Астанадан 30 шақырым жердегі Софиевка дейтін ауылға көшіп кетеді. Анасы қалаға қатынап жұмыс істеп жүргенде, өгей әкесі Айнаға күш көрсете бастаған. 

Айнаның айтуынша, өгей әкесі оны қинап, жыныс мүшесін ұстатқан, күштеп жерге жатқызатын болған. 

“Мен әлі күнге дейін терезелер жабық тұрса қорқамын. Сол қайталанып жатқандай көрінеді, себебі ол әрқашан солай істейтін. Терезені жауып тастайтын. Менің есімде қып-қызыл қан секілді перде. Ол ұзын болатын. Мен қазір білмеймін неге айқайламадым немесе не үшін мен айта алмадым”, – деді Айна.

Айна сол кезде қолынан ешнәрсе келмейтін адам ретінде сезінгенін айтады. Психологтар бұл жәбірленушілерде болатын күйзелістің белгісі дейді. Сенім өкілдерінен қолдау таппаған жәбірленушілер үмітсіздікке ұшырайды. 

Айнаның анасы мен өгей әкесі ресми некелеспеген. Бірақ олардың ортақ бір қызы болған. Оның сөзінше, отбасында қаржы тапшылығы көп болған.

Бір күні Айна Софиевкада тұрып жүргенде, ұйқысынан тұрған кезде жыныс мүшесінің ауырғанын сезінген. Сыртқа шыққанда, өгей әкесі күліп, төсекте қан болғанын меңзеген. 

“Мен қазір қатты жыным келеді, тіпті, ашуым келеді. Оның маған нақты не істегенін білмеймін. Бірақ ол кездері өзінің жыныс мүшесін көрсетіп, менің жыныс мүшеме қолымен тиісетін. Үстіме отырып алатын жағдайлар да болды. Мендегі менструация тұрақсыз болып жүрді. Біз гинекологқа бардық. Ол кезде маған бәрі жақсы деп айтты. Бұл көп күйзеліске түскеннен болады деді”, – деп ашық айтты ол.

Кейде өгей әкесі “егер сен анаңа айтатын болсаң, саған сенбейді, анаң [бірінші] күйеуімен ажырасып кеткен кезде сені ата-әжеңе қалдырып кеткен”, “сен ешкімге керек емессің, сенің ойыңды ешкім тыңдамайды” деген сөздер айтқан екен.

Айна 7-сыныпта нағашыларына қайтып барған. Сол кезде ол болған оқиғаларды нағашыларына айтып берген екен. Оның сөзінше, нағашылары “енді кездеспейсің ғой, жарайды” деген реакция танытқан.

Қазір Айна бөлек тұрады. Астанадағы университеттердің бірінде оқып жүр. Кейін өз әкесімен де байланыс орнатып, бұл оқиғалардың бәрін айтып берген. Өз әкесі мұны естіп, жылаған екен. Ол тіпті полицияға арыз жазбақ болыпты. Бірақ 10 жыл бұрынғы оқиғаны олар қалай дәлелдейтінін білмеген.

Алматылық адвокат Джохар Өтебеков педофилия кейстерінде дәлел жинауда қиындық туындайтынын айтады. Оның сөзінше, жәбірленуші көбіне қылмыс туралы тым кеш айтуы мүмкін, соның есебінен, зорлық-зомбылықтың және биологиялық материалдардың іздері жойылып кетуі ықтимал. 

“Балаларға қатысты жыныстық қылмыстар көбінесе олардың туыстары немесе отбасы достары тарапынан жасалады. Сондықтар олар бұл туралы айтуға қорқады. Бұл қылмыс жоғары латенттілікпен, яғни жасырын формамен сипатталады. Баланың педофилге қарсы тұруы қиын, сондықтан мұнда күрес белгілері сирек кездеседі”, – дейді адвокат Өтебеков.

2019 жылы Қазақстанда 2800 зорлаушы, оның ішінде 1350 балаға зорлық жасаған педофил есепте тұрған. Ал 2021 жылы ел түрмелерінде 1861 педофил жазасын өтеп жатқаны, 50 педофил түрмеден босатылды деген ақпарат тараған.

Сексуалдық зорлық көрген балаларға көмек көрсететін америкалық Positive Chilhood Alliance орталығының дерегіне сәйкес, АҚШ-та жыл сайын 65 000-нан астам бала зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Шамамен 4 ересек әйелдің бірі және 13 ер адамның бірі балалық шақта сексуалдық-зорлық зомбылыққа ұшыраған.

ӘКЕСІНІҢ ЖИЕНІ

2011 жылы елордалық Сәуле (есімі өзгертілген) әкесінің жиенінен, яғни туысқан ағасынан зорлық көре бастағанда 9 жаста болғанын айтты. Оның сөзінше, сексуалдық зорлық 11 жасына дейін жалғасқан. 

“Ол бізге қонаққа жиі келетін. Түскі үзіліс кезінде үйімізде тамақтанатын. Анам тамақ дайындап жатқанда, ол менімен басқа бөлмеде “ойнайтын”. Ол мені бір жаққа апарып тастағанда немесе бір жерден алып кеткенде, кейде қолын санымның үстіне қоятын немесе белдемшемнің астына қолын тығатын. Мен ештеңе істей алмай, үнсіз отыратынмын”, – дейді Сәуле.

Кейін бұл қысым зорайып, әуретті жерлерін ұстауға, сүйісуге итермелеуге дейін барған. Ағасы Сәулеге өзінің жыныс мүшесін де ұстауға мәжбүрлеген екен. 

Сәуле бала кезінде мұның қылмыс екенін түсінбей, қорыққанынан үнсіз жүргенін айтады. Оның сөзінше, бірде аузына ағасы өзінің жыныстық мүшесін салуға тырысып жатқанынан оянып кеткен. Ол кішкентай болғандықтан, иегін қатты қысып, ұйықтап жатқан кейіп танытқан. Туысқан ағасы Сәуленің көзінше порно көріп, өзін-өзі қанағаттандыратын да болған.

Сәуле туысқан ағасының бұл әрекеттерін ешкімге айта алмай, ішіне ыза толғанын айтады. Ол 16 жасында FLEX бағдарламасымен бір жылға АҚШ-қа кетеді. Ол өткенді ұмытуға тырысса да, көзіне сол кез елестей беретінін, содан АҚШ-тағы хост отбасына ашып айтқанын білдірді. Хост отбасы оған Қазақстандағы туыстарына ашық айтуды, психологқа жүгінуге кеңес берген. Содан кейін ол өзінің ағасына да бұл туралы жеткізгенін, бірақ одан аса қолдау таппағанын айтты. 

FLEX ( Future Leaders Exchange) – көптеген елдердің, соның ішінде Қазақстанның оқушыларына АҚШ-қа бір жылға барып оқуына мүмкіндік беретін бағдарлама. Бағдарламаға сәйкес, оқушыларды қабылдайтын америкалық отбасы болады. Қабылдаушы отбасы ауысыммен барған мектеп оқушысына керегін қамтамасыз етуге міндеттеледі. 

Сәуле 4 жасында өзінен бірнеше жас үлкен балалардан да қысым көргенін жасырмады. 2006 жылы ол отбасымен Астанаға көшкенде өз үйлері болмай, уақытша әпкесінің үйінде тұрған. Әпкесінің ұлының достары үйіне жиі келетінін, зорлық жасайтынын тілге тиек етті. 

«Оның туған інісі де қатысты… Қазақы тәрбиемізде барлық нәрсе “ұят” болып саналады. Жігіттермен сөйлесу, қол ұстасуға болмайды деген сияқты. Бірақ ол да [әпкесінің баласы] “егер басқаларға айтсаң, онда…” дегендей педофилге тән қорқыту тактикасын қолданды. Оның әкесі, яғни, менің жездем мені және сіңілімнің жамбасынан ұра салатын. Оның да мінезі оғаш. Әкемнің туған інісінің қызы да 4-5 жаста сексуалды қысым көрсететін. Ұятты жерлерімнен ұстап, өзін де қанағаттандыратын. Сондай-ақ жалаңаш күйінде суретке түсіруді сұрайтын”, – деді Сәуле.

Child Safety Practice Manual дерегіне сәйкес, балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылықтың кемінде үштен бірі басқа балалар мен жастар тарапынан жасалады. Зәбір көрсеткен бала жәбірленушіні үндемеуге мәжбүрлеп, әлеуметтік оқшауланумен қорқытуы, ересектер бұл жайлы білсе, қиындықтарға тап болатынын айтуы мүмкін, дейді мамандар.

Балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын түсінбеуі мүмкін, себебі олар порнография, сексуалданған тіл және ересектердің сексуалдық әрекеттерінің көптеп кездесетін ашық ортада өмір сүреді, деп жазады аустралиялық ғалымдар.

«Менің 4 сіңлім бар. Бұл нәрсенің бәрі болып жатқанда, ең кішкентай сіңлім жаңа туған нәресте еді. Ол біздің үйге келген кезде мен есіктің артында тұрып сол сіңлімнің еш жерін ауыртпас үшін қарап тұрдым. Сосын сіңілім жылай бастағанда қорқып басқа бөлмеге қашып кеттім. Анам тамақ дайындап жатқан. Мен оған қорыққаннан және ұят деп ештеңе айта алмадым. Қазір сол туралы көп ойлаймын, сол эмоцияларды қайта сезінемін. 22 жаста болсам да жылай беремін”, – дейді Сәуле.

Сәуленің айтуынша, сексуалды қысым көрсеткен туысқан ағасы қазір “ештеңе болмағандай” өмір сүреді.

“Өткен жазда мені басқа туысқан ағам қонаққа шақырды. Маған ауыр болғанын біле тұра, неге шақырғанын білмеймін. Ол сол жағдай туралы білген бірінші адам. Ата-анама айтар алдында, бірінші соған айттым. Біз сол педофил ағаммен бірге бір үстелдің басында отырдық. Өз эмоциямды ұстай алмай, басқа бөлмеге кетіп қалдым. Осы жағдай туралы білген туысқан ағамның әйеліне бәрін айтып бердім. Ол күйеуін шақырып «біздің қызымыз бар ғой, ол бұл үйге аяғын аттап баспасын”, деген”, – деді Сәуле. 

Сондай-ақ Сәуле полицияға хабарламағанын айтады. Көп уақыттың өтуі және “ешкімнің ештеңе істемейтініне” сенімі кедергі болған.

Астаналық Сезім (есімі өзгертілген) 2016 жылы 1 ауысымда 3 сыныпта оқиды. Мектептен қайтар жолда трассаға түскен кезде оның қасына қошқыл қызыл түсті көлік тоқтайды. Жүргізуші Сезімнен “жақын маңда емхана бар ма?” деп сұрайды. Сезім “айналада емхана бар ма екен” деп жан-жағына қарағанда, жүргізуші белбеуін шешіп, жыныстық мүшесін шығарады. Сосын көлікте жатқан құрғақ шүберекпен жыныстық мүшесін жауып мастурбация жасай бастайды.

“Мен ол кезде не істерімді білмедім. Сол сәтте мен қашу керек екенін ұғып, үйге қашып кеттім”, – деді ол.

Бұл оқиғадан кейін Сезім оны сол жерде тағы 1 рет кездестірген. Оны көргеннен кейін Сезім құрбысымен қашып кеткен екен. Оқиға 58 мектептің айналасында болған. 8 жасар Сезім ата-анасымен Астанаға енді көшіп келгендіктен, көше атауын, нақты қай жерде болғанын білмейтінін айтады. 

Сезім педофилдерге түсіп қалмау үшін балаларға мектеп жасынан жыныстық тәрбие мен құқықтық сауатын арттыру қажет дейді. Оның сөзінше, қоғамдық орындарда мұқият болуға да үйрету артық етпейді. 

ПЕДОФИЛИЯ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

Психологтардың сөзінше, балаларға қатысты жыныстық қылмыс жасайтын адамдардың психологиялық ерекшеліктері күрделі және көпжақты. Соның бірі – парафилия. Парафилия – балаларға деген жыныстық қызығушылық туғызатын психологиялық бұзылыстар. Бұл оларға жыныстық қанағат алу үшін балаларды мақсат ретінде таңдауға итермелейлі. Психолог Айгүл Наурызбаева осындай бұзылыстардың тағы басқа түрлері психопатология, эмоционалдық жетіспеушілік, импульсивтік, парафилия, әлеуметтік оқшаулану, дейді.

Психопатология – шизофрения, диссоциативті бұзылулар және антисоциалды тұлға бұзылыстары. Эмоционалды жетіспеушілік – өз эмоцияларын қате түсінуі немесе басқалардың эмоцияларын елемеу. Импульсивтік – қауіпті шешім әкелуге әсер ететін бұзылыс. Әлеуметтік оқшаулану қоғамнан шеттетілген, достық немесе жақын қарым-қатынастарын қалыптастыруда қиындыққа әкеледі.

“Мұндай тұлғалардың кейбіреулері қоғамның нормалары мен моральдік стандарттарына қарама-қайшы көзқарастарды қалыптастыруы мүмкін. Бұл адамдар, көбінесе, өздерінің ішкі эмоционалдық дағдарыстарын жеңу үшін балаларды мақсат етеді”, – дейді психолог Наурызбаева.

Медицина ғылымдарының кандидаты және психолог Ғали Жолдықұлов, балаларға сексуалды қысым көрсететіндер тек психикалық ауытқуы бар адамдар емес, моральдік қасиеті төмен және тәрбиесі нашар адамдар да болуы мүмкін, олардың барлығы педофил емес дейді. Сөзінше, 50-ден асқан адамдарда ми қан тамырларының ауруларының әсерінен кәмелетке толмағандармен арнайы әрекеттер жасауға бейімділік пайда болуы мүмкін. 

Былтыр мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев 77% жағдайда балаларға зорлық-зомбылық жасайтындар әкелері, өгей әкелері, көршілері немесе туыстары деген

Педофилия термині грек тілінен аударғанда “балаларға тартылыс” дегенді білдіреді. Оның танымал емес синонимдері: инфатосексуализм, падерозия. Бұл қоғамда теріс пікір мен стигмаға көп ұшырайды, сондықтан түсіну мен зерттеуде қиындықтар туындайды.

Педофилия – балаларға, яғни жыныстық жетілу жасына жетпеген (13 жасқа дейін) балаларға тұрақты сексуалдық қызығушылық. Бұл парафилия категориясына жатады. Парафилия – адамның жыныстық қозу жағдайлары, объектілері немесе әрекеттері қалыпты болып саналмайтын заттармен байланыс

Педофилдер, көбінесе, ерлер және олар қыздарға да ұлдарға да сексуалды қызығушылық танытады. Педофилиялық бұзылыс диагнозы адамның өз жыныстық қызығушылығын ашуға дайын болуы немесе оның жоқ екенін айтса да, бірақ ол адамда объективті дәлелдер болғанда қойылуы мүмкін. 

Мамандардың сөзінше, диагноз қою үшін адамның өз жыныстық қызығушылықтарына сәйкес әрекет етуі немесе осы фантазиялар салдарынан әлеуметтік байланыстарда эмоционалдық қысым сезінуге тиіс. Егер бұл критерийлар орындалмаса, адамда педофилдік жыныстық қызығушылықтар болуы мүмкін, бірақ педофилиялық бұзылыс болмайды, дейді

“Педофилия деген нәрсені бірінші түсіну керек. Педофилия деген балаға деген айрықша сезім, жалпы. Бірақ біздің қоғам педофил дегенді былай түсінеді ғой: шын мәнінде зорлық-зомбылық көрсетіп жүрген адамдар. Өзіне сенімсіз, әлсіз еркектер ғана педофилияға барады, яғни олар бейсаналы түрде өздеріне тең немесе бойжеткен қыздарға олардың “деңгейім жетпейді, ол маған қарамай қояды” деген қорқыныштары болады”, – дейді психиатр Санжар Тұрсынметов.

DSM-IV (Diagnostic and Statistical Manual of Mental Disorders) бойынша педофилияны педофилдік мінез-құлық байқалмаса да диагностикалауға болады. Дегенмен, педофилия туралы өз еркімен хабарлауда туындайтын заңды қауіптерге байланысты педофилияға қатысты зерттеулердің басым бөлігі қатысушылардың мінез-құлқы арқылы анықталған екен. Зерттеулер, әдетте, құқық жүйесімен байланыста болған адамдардан жүргізіледі

DSM (Диагностикалық және статистикалық психикалық бұзылыстардың нұсқаулығы) – Американ психиатриялық ассоциациясы (APA) шығаратын кең көлемдегі классификациялық жүйе.

ПЕДОФИЛ БОЛУҒА НЕ ИТЕРМЕЛЕЙДІ?

Жүйелі-векторлы психологияға сәйкес педофил бола алатын тек анальдық векторы бар ер адамдар ғана делінген. Анальдық вектордың қасиеттері балалық шақтағы дұрыс тәрбие мен қолдаудың болмауынан қалыптаспай қалуы мүмкін екен.

Мысалы, егер бала ата-аналары, әсіресе анасы тарапынан үнемі сілкілеу, ұрысу, қорлау немесе жазалау көрсе, оның табиғи қасиеттері дамымай, неврозға әкелуі ықтимал. Дегенмен, анальдық векторы дамымаған адамдар міндетті түрде педофил болмайды. Егер анальдық вектордың қасиеттері қоғамда жүзеге аспаса немесе адам ұзақ уақыт бойы жыныстық фрустрацияларға ұшыраса, оның ішкі тыйымдары бейсаналық қалаулардың әсеріне төтеп бере алмауы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Айман (есімі өзгертілген) 2 рет инцестке тап болғанын айтады. Бірінші оқиға 2011-2012 жылдары Айманның 5-6 жасында болған. Айман сабақтан келген кезде үйде тек оның ағасы ғана болатын. Ағасы небәрі 10-12 жаста болса да, кішкентай қарындасының киім ауыстырып жатқанын, іш киіммен тұрғанын қарап тұрған. Оның айтуынша, ағасы бөлмеге кіріп, Айманның денесін ұстап сүйкеленетін болған.

Бұл жағдай жайлы ешкім білмейді, дейді Айман. Ағасы порно көріп, порно-комикстар оқыған екен. Айманның сөзінше, ол мұны, тіпті, жасырмаған. Кейде қолына пышақ ұстап Аймандардың артынан қуалаған жағдайлар да болған.

“Ал мен 12-13 жаста болғанда басқа 17 жасар ағам бөлмеме кіріп, мені шешіндіріп, өзі де шешінген. Жалаңаш кейпінде жыныстық мүшесімен маған сүйкелескен. Сосын ол мүшесің менің аузыма тықпақшы болды. Мұндай жағдай аптасына 1-2 рет болып тұрды. Осындай күндердің бірінде анам мені оятып, өзінің бөлмесіне апарды. Мен ата-анамның бөлмесінде ұйықтап жүрдім. Анам бұл жайында әкеңе айтып беремін деп ағамды қорқытқаннан кейін сексуалдық қысым көрсету доғарылды”, – деді Айман.

Қазір ағасы да спортпен айналысады, көріскен кезде өздерін ештеңе болмағандай ұстайды екен.

Америкалық Psychiatric Times онлайн медициналық журналының дерегіне сәйкес, педофилдерді екі категорияға бөліп қарастыруға болады. Атап айтқанда, жыныстық жетілмеген балаларға үнемі қызығушылықпен қарайтын және бірнеше рет зорлық жасап, кейін оны доғаратын адамдар бар. Яғни, екіншісі балаларға тұрақты түрде сексуалдық қызығушылық танытпауы мүмкін. Ғалымдар, бұл, әрине, мұндай адамды жауапкершіліктен ақтамайды, дейді. 

Шынайы педофилдер – бұл жыныстық жетілмеген балаларға тұрақты және мақсатты сексуалды тартылысы бар адамдар. Олардың балалармен сексуалды әрекеттесуі детормоз, психоактивті заттарды қайтадан қолдану немесе ересек сексуалды серіктеспен қарым-қатынаста қиыншылықтар сияқты жағдайларға тәуелді болуы мүмкін.

“Олардың сыртқы болмысына қарасаңыз саналы түрде олар балаларға қызығушылық танытатындарға ұқсамайды, себебі сана бейсаналы ойларды жасырады. Өзге адамдар оның педофил екенін біліп қоймас үшін қорғайды. Ал бейсаналы түрде жеке қалған кезде ғана барып балаларға деген мейірім мен махаббатын көрсетіп, қолынан келгенше сондай әрекеттерге барады олар. Мысалы, әйел мен еркек төсекке барған кезде фаза транста болады, олар да балалармен жеке қалғанда бейсаналы амалдарды жасай бастайды. Бірақ сана бұл ақыл ғой, сондықтай ол “ойнай” бастайды, “қалай көндірсем” деп амалдар жасай бастайды”, – дейді психиатр Санжар Тұрсынметов.

Мамандардың сөзінше, педофилия көбінесе ер адамдарда кездесетін құбылыс. Зерттеулерге сүйенсек, балалық шақта сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың 6-24%  әйелдерден зардап шеккенін хабарлаған. Бұл көрсеткіш жоғары болғанымен, балаларға қарсы жасалатын сексуалдық зорлық-зомбылық көп жағдайда педофилиялық бұзылысы бар адамдардан емес, белгілі бір жағдайларда зорлық жасаған адамдар тарапынан болады екен. Жалпы, осындай қылмыстардың 50-60% осы сипатты, дейді мамандар.

Заң өкілдері педофилия заңды терминдерге жатпайтынын айтады. Қылмыстық кодексте жыныстық зорлық-зомбылыққа бейімділік пен жыныстық талғам бұзылыстарына қатысты мәжбүрлі емдеу жайлы айтылған. Балаларды қосымша қорғау үшін ҚК педофилия терминінің орнына кәмелетке толмағандардың жыныстық тұтастығына қарсы қылмыстар деген ұғымды қолданылады. Оларға кәмелетке толмағандармен қатар ересектерге қатысты жасалатын жыныстық қылмыстар кіреді. Мысалы, кодексте зорлау (120-бап), жыныстық сипаттағы күш көрсету әрекеттері (121-бап) және жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу (123-бап) деп көрсетілген. Одан бөлек, кәмелетке толмағандарға қатысты мынадай заңдар легі бар: 

• 14-15 жас аралығындағы балалармен (өз еркімен) жыныстық қатынасқа түсу (122-бап)

• әдейі кәмелетке толмағаннан (14-17 жас) жекөкшелік қызметін алу (122-бап)

• 16 жасқа дейінгі балаларға жыныстық сипаттағы азғын әрекеттер жасау (124-бап).

Педофилдер, әсіресе антисоциалды тұлға бұзылыстары барлар, балаларға физикалық зиян келтіру немесе үй жанураларына қауіп төндіру арқылы жәбірленушіні қорқытуы мүмкін.

Алматылық Жанна 6 жасында жездесінен сексуалды қысым көргенін айтады. Оның сөзінше, мұндай әрекеттер 2012 және 2016 жылдар аралағында қайталанған. Жездесі “ойнауға” шақырып, Жаннаның барлық интимді жерлерін ұстай бастаған. Жездесі 2012 жылы 24 жаста болған екен. Жанна оны толықтау, қысқа бойлы деп сипаттайды. Жездесі Жаннаға “біреуге айтсаң, әпкең ашуланады” деп жиі манипуляция, қорқыту жасағанын екен. Жанна алдымен полицияға хабарлағысы келген. Бірақ кейін туыстарын ойлап, ойынан бас тартқан екен. 

“Мұның бәрі әпкем бірінші баласын көтергенде басталды. Екеуі ажырасып кеткенше жалғасты. Қателеспесем, ажырасу себебі жездем әпкемнің көзіне шөп салған. Әпкем менің оқиғам жайлы білмеді… Ажырасқаннан кейін ол балаларын көруге мүлдем келмеді. 3 ұлы бар. Қазір балалары 12,11 және 9 жаста”, – дейді Жанна.

Педофилдерде психоактивті заттарға тәуелділік, депрессия, сондай-ақ, басқа да психикалық проблемалар жиі кездеседі. Олардың өмірінде отбасындағы қиындықтар, сексуалды зорлық-зомбылық немесе жанжалдар жиі болады. Психиатрлар педофилдердің ересек болғанымен, бейсаналы түрде 13-14 жастағы бала болуы мүмкін, дейді.

ПЕДОФИЛДІ ЕМДЕУ МҮМКІН БЕ?

Кей мамандар педофилиялық бұзылысты емдеу тәсілдері арасында өзін ұстау терапиясы мен дәрілік препараттар қолдануы мүмкін дейді. Бұл әдістердің мақсаты – жыныстық қатынасқа итермелеулерді азайту. Дегенмен, Psychology Today зерттеуінде ғалымдар педофилия әр адамның өзіндік ерекшелігіне байланысты болатынын, ол көбіне өмір бойы жалғасып, толық емдеуі мүмкін емес деп жазады.

“Педофилді емдеуге тек психотерапия жасалынады, яғни бұл жерде дәрі деген нәрсе көмектеспейді. Ол [психикалық] жарақаттардан шығатын мәселе. Егер ол саналы түрде өзі [емделуге] шешім қабылдамаса, мәжбүрлеп емдей алмайсың”, – дейді Тұрсынметов.

Биыл сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйел құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойды. Заңда кәмелетке толмаған балалардың өміріне қауіп төндіру не сексуалдық зорлық көрсетуге өмірінің соңына дейін түрмеге қамату жазасы қарастырылған. 

Мамандар заң қатайтылғанымен, балаларға қарсы зорлық көбейіп келеді дейді. Себебі елде педофилияның алдын алу төмен және халықаралық стандарттарға сай емес, дейді адвокат Джохар Өтебеков. 

Өтебеков педофилдерге өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру, мерзімінен бұрын босатуға тыйым салумен қатар, сотталғандарға балалармен жұмыс істеуге тыйым салу, сотталан педофилдердің дереккөздері ашық ету, оларға химиялық кастрация мен мәжбүрлі емдеуді енгізу керек дейді.  

Педофилдерге химиялық кастрация жасау мәселесіне қатысты мамандар әртүрлі пікірде. Бірі бұл жеткіліксіз десе, тағы бірі кастрациямен қатар кешенді емдеу үдерісін де енгізу керек деп санайды. Мамандардың сөзінше, химиялық кастрацияның хирургиялық әдістен айырмашалығы болашақта адамның жыныстық қалауларын толығымен жоя алмайды.

Қазақстанда 2018 жылдың қаңтар айында химиялық кастрация туралы заң қабылданды. Қылмыскерге бірінші химиялық кастрация 8 ай өткен соң жасалды. Мұндай инъекциялардың тиімділігін сақтау үшін жылына екі рет жасау қажет екен. 6 жыл бұрын бюджеттік шығын 1 препарат үшін шамамен 126 мың тегені құраған. 2020 жылы 232 сотталған азамат үшін мемлекет 29 миллион теңгеден астам қаржы жұмсады. 

ҚҰРБАНДАРДЫҢ КЕЙІНГІ ӨМІРІ

MNU Newsroom тілшісі сөйлескен жәбірленушілер өмірінің бір кезеңінде өзіне қол жұмсау туралы ойлағанын айтады. Бұл ой көбіне зорлық көргенінен кейін туыстарынан қолдау таппағаннан кейін туындаған. 

Мәселен, Айна өзіне бірнеше рет қол жұмсауға тырысқан. Бірақ дер кезінде өзін тоқтата алғанын айтады. Оның сөзінше, бір ретте ол қолын кесіп, қаны көп аққанша отырған. 

Мамандар елдегі педофилиямен күреспен қатар, жәбірленушілерге қолдау көрсететін орталықтар құру керек дейді. Үкімет отбасыдағы зорлықты жасыруға итермелейтін “ұят” стигмасын бұзатын шешімдерге баруға тиіс деп санайды. 

“Милосердие” ерікті қоғамының басшысы Аружан Саин бірінші рет педофилияға қатысты іспен 2016 жылы айналысқанын айтады. Оқиға балалар үйінің қызметкерлерінің бірі жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны туралы ақпараттың таралуымен басталды. Ол үйдегі зардап шеккен балалардың жасы 6-10 жас аралығында болды.

Аружан Саинның сөзінше, объективті тергеуге қарсылық пен қылмыскерді жауапкершіліктен босату әрекеттері болған.

“Бұл өкінішке қарай, бір реттік жағдай емес, шұғыл араласуды талап ететін жүйелік мәселенің бір бөлігі…ешқандай сот пен үкім баланың басынан өткен жағдайды жоққа шығара алмайды. Ең бастысы – бұл қылмыстарды алдын алу, балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырамауы үшін барлық мүмкіндікті жасау қажеттілігі”, – дейді ол.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *