Елімізде таза қанды тазылар жоғалып барады

Елімізде таза қанды тазылар жоғалып барады

Неліктен тазының тұқымын бұзып алдық?

Қазақ даласында қашқанын қапқанша тықсыратын таза қанды иттер саны азайып барады. Соңғы жылдары тазы тұқымы дүрегейленіп, дүрек болып, жойылып кету қаупі туындап тұр. Ол аздай тазы әлемдік ұйымдарда толыққанды мойындалған жоқ. Тіпті Қазақстанда ресми тіркелген үш мыңға жуық тазының тек 10%-ы ғана шын мәнінде тазы деген пікірлер айтылып жүр. Бұл қаншалықты рас? Тазы тұқымын әрі қарай сақтап қала аламыз ба? MNU Newsroom  тілшісі Батырхан Марат тақырыпты тереңінен зерттеп көрді.

Жүйрік ат, көңіл ашар, қыран тазы дегендей, әуелден көшпелі қазақ халқының салпы құлақ тазысы – салт-дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ол – ұлттық брендіміз. Қазіргі таңда қазақ тазысын жаһандық сахнада ресми мойындату үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2022 жылдан бастап Қазақстан халықаралық кинология федерациясының (FCI) толыққанды мүшесі атанып, қазақы тазыны ресми тіркеу жұмыстары басталды.

Дегенмен бұл салада қордаланған мәселе көп. Біріншіден ол жойылып барады. Таза қанды тазы иттер тұқымының азайып бара жатуының бірден бір себебі — басқа сақ құлақтармен будандастырылуында. Бұл әрине қазақ үшін қастерлі саналатын тазы тұқымының тұздай құрып кетуіне әкеп соқтырады. Осы ретте біз тазыны 30 жыл бойы зерттеген зоолог, териолог, кинолог Константин Плаховпен тілдесуді жөн көрдік.

“Біз «таза қанды» дегенде, ең алдымен мынаны меңзейміз: техникалық тұрғыдан шартты түрде таза қанды деп, 4 ата-тегіне дейін ешбір үзіліссіз белгілі болған иттер саналады. Ал толық таза қанды дегеніміз – кемінде 7 ата-тегіне дейінгі әрбір буыны толығымен белгілі болып, барлығы тазыдан тұруы қажет. Өкінішке қарай, қазіргі кезде бізде тазы деп аталатын, бірақ шын мәнінде ондайға жатпайтын иттер өте көп. Қазір басқа тұқымдардың көптеп әкелінуіне байланысты кей адамдар сыртқы бейнесі ұқсас салюкиді тазыға қосып жібереді, ал кейбіреулер қысқа жүнді тазыларды грейхаунд пен хортиға будандастырады. Мұндай әрекеттер, әрине, тұқымға пайда әкелмейді. Бұл – қазіргі жағдайдағы ең басты мәселелердің бірі«.

Әлемдік бекітілген қағидаларға сай біздің дегдар тазымызды халықаралық ұйымдар мойындауы үшін, оның тұқымының сыртқы тұрпаты, дене бітімі және басқа да көрсеткіштері бойынша бірізділік болуы шарт. Бүгінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі осы мәселеге байланысты Парижде келіссөздер жүргізуде. Бұл жайында ҚР  Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты өкілі былай деп түсіндірді.

“Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Париждегі тұрақты өкілдігі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра жөніндегі хатшылығының басшылығымен жүздесіп, Конвенция аясында үй жануарлары тұқымдарын тікелей тізімге енгізу қарастырылмағанын нақтылады. Алайда оларға байланысты әдет-ғұрыптар, наным-сенімдер мен дағдылар жүйесін белгілі бір қауымдастықтардың ұжымдық мәдени мұрасы ретінде қарастыру мүмкін екендігі айтылды«.

Фото:Абзал Манарбекұлының жеке қорынан

Десек те, кейбір мамандардың айтуы бойынша, Қазақстанға тұқымды мойындатуға өтініш беруге әлі де ерте. «Асыққан етектен жығылады дегендей, бұл іске байыппен қадам басып, ой елегінен өткізген жөн», — дейді Константин Плахов.

“Мен бастапқыда Қазақстанның тез арада тұқымды мойындатуға өтініш беруіне қарсы болдым. Бүгінгі күні бізде тазы да, төбет те біртекті емес. Түрлілік тек әр өңірде ғана емес, әр жер ішінде де кездеседі. Егер біз тұқым туралы айтсақ, оның басты талаптарының бірі – бірізділік, яғни сыртқы бейнесінде де, мінез-құлқында да, сондай-ақ жұмыс сапаларында да үйлесімділік болуы керек. Өкінішке қарай, бізде ондай тұрақтылық жоқ«.

Таза қанды тазы итті бір жыл бағуға 500-700 мың тг қажет

Расында, қазақ даласында саф қанды тазылар өте сирек кездеседі. Өз кезегінде қалың жұртшылық арасында да олардың бағасы арзан емес. Тазы баптау – қазақтың тұрмысымен қатар жасап келе жатқан ата кәсіп. Бүгінде бұл салада ерен еңбек етіп жүрген азаматтар айтарлықтай көп емес. Солардың бірі — Абзал Манарбекұлы, ол таза қанды тазы асыраумен айналысады. Оның айтуынша, бір итті бір жыл қамтамасыз етіп, жағдайын жасау үшін 500–700 мың теңгешамасында қаражат қажет.

 “Мемлекет тарапынан ешқандай көмек жоқ. Мысалы, ауыл шаруашылығымен айналысатын болсаң, мемлекет тарапынан субсидия бар. Шетелден арнайы сүт бағытындағы ірі қараларды алып келсеңіз де, белгілі бір субсидиялар қарастырылған. Қысқасы, ауыл шаруашылығы төңірегінде қолдау өте көп. Десек те, мен тазы бағытында қаншама еңбек етіп жүрсем де, тазыға байланысты ешқандай субсидия жайлы естігенім жоқ. Біреулер тазыны асырауға байланысты субсидия береді деп қуанып жатады. Нақтырақ сұрағанда, бос әңгіме болып шығады. Өйткені тазыға байланысты субсидия болар болса, мен білетін едім. Субсидия бізге қажет. Берер болса, алар адамдардың шебінің алдында тұрар едім. Десе де, үкіметтің тазы мәселесіне араласқаны, мемлекет басшысының қазақ тазысына назар аударуы — қуантарлық жайт. Тоқ етерін айтсам, тазы бұған дейін ешкімге керек болмаған«, — дейді Абзал Манарбекұлы.

Абзал Манарбекұлының жиырма шақты тазысы бар. Итбегінің пайымдауынша, тазыны күшік кезінен бастап күту, қажетті құжаттарды дайындау, арнайы екпелерді салдыру және басқа да машақаттары жеткілікті. Екі таза қанды тазыны шағылыстыру кезінде ұрғашысы мен еркегінің арнайы кинологтар одағы табыстаған құжаты болуы шарт. Күшік туған соң белгілі сараптамалардан өткеннен кейін туу туралы куәлік беріледі. Бір жыл бойы бақылаудан өтіп, сынақтан және шынығудан өткеннен кейін ғана оған паспорт рәсімделеді екен. Оның айтуынша, ең қымбат тазысын 2,5 миллион теңгеге сатса да, бұл сала қомақты кіріс әкелмесе де, ол бұл іспен атадан қалған сара жол деп, ең алдымен жүректің қалауымен айналысады.

Қазақтың маңдайына біткен бұл ит тұқымы қожайын түгіл, тамам ауылды аштықтан сақтап қалған деседі. Алаш жұртшылығы тазыны көзінің қарашығындай қастерлеген. Бұл жайында қазақ мәдениеті мен тарихын тереңнен зерттеп жүрген блогер Нұрқожа Ерсайын (instagram:@nurqogadua) былай дейді:

“Бір тазының бағасы кейде 50 жылқыға дейін жеткен дейді және тазылар басқа иттер секілді сыртта жүрмей, үйде тұратын болған. Ол қазақтың тазыны ардақтауының бірден бір мысалы«.

Қазақы иттің санатына кіретін тазы тұқымының қашаннан бастап бірізділігінің жойылуы хақында Нұрқожа Ерсайынқысқаша былай деп жауап берді:

“Бертінгі заманға дейін тазылар азайғанымен генефонды дұрыс болған. Оны жоғалту жақында басталды. Басқа тұқымдармен шағылыстыра бастағаннан кейін. Бұрын тазы көбінесе ақсүйектердің қолында болатын. Олар тазыны басқа тұқымдармен араластырмайтын«.

Кез келген тұқымды бастапқы қалпында сақтап қалу —  ежелден келе жатқан сабақтастықты ада қылып алмау, тазымыздың тұқымын тұздай жойылып кетуден сақтайды. Ал бүгінгі күні тазыларды таза қандылыққа тексеретін арнайы зертханалар бар. Бұл процесс кемі 1 апта не одан көп уақытты алуы мүмкін. Тазы мен төбет асырап жүрген азаматтар мен орталықтар тестілеуден өтуге жүгінеді. ҚР ҒЖБМ ҒҚ Генетика және физиология институты өкілдерінің айтуынша, итті тестілеуден өткізу үшін қымбат реагенттер сатып алу қажет. 2022 жылдың деректерінің негізінде 48 иттің генотипін анықтау үшін Illumina компаниясынан арнайы жинақтың құны кем дегенде 4,5 миллион теңге тұрған, ал бүгінгі күні оның бағасы одан да жоғары болуы мүмкін. Ал әзірге зерттеу жұмыстарының басынан бері 39 тазы асыраушы итбегілердің тазыларына зерттеу жұмыстары жүргізіліпті.

Осылайша тазыларды арнайы іріктеу арқылы таза қанды тазы  деп тізімге тіркейді. Жобалап алғанда Қазақстанда 3000-ға жуық тазы тіркелген. Алайда Константин Плахов бұнымен келіспейді.

“Кинологтар одағы тазыны мойындату үшін, менің түсінуімше, қожайындары «тазы» деп атаған барлық итті тазы деп жазыпты. Сөйтіп, шамамен 3000 ит шыққан, қателеспесем. Ал шын мәнінде, соның 10 пайызы ғана, әрі кетсе 15 пайызы ғана нағыз тазы.”

Тазыны сақтау үшін жасалып жатқан жұмыстардың қарқыны қазіргідей қаз қалпында тұрар болса болашағы не болмақ? Тазыны бүкіл әлемге мойындату үшін не істеуіміз керек? Көкейіміздегі осы сұрақты кинолог маманға қойғанда ол жағдайды күрделендіріп тұрған екі мәселенің барын айтты.

“Мұнда екі түрлі үдеріс бар. Бір жағынан, біз тазы мен төбеттің ұлттық орталығын құруды ұсынғанда, бұл мемлекеттік бақылауда болады деп үміттендік. Егер мемлекеттік бақылауды орнатуға қол жеткізілсе, онда мен бұған дейін айтқан генетикалық тестілеуді енгізсек, таза қанды тазыға жатпайтын иттердің көбеюіне жол бермесек, мамандарды дұрыс даярлауға және иелеріне ұлттық тұқымға ұқыпты қараудың мәнін түсіндірер болсақ, осындай жағдайда ғана тұқым сақталады. Алайда қазіргі жағдайда мәселе басқаша. Алғашқы проблема – басқа тұқымдармен будандастыру болса, екіншісі – «стихиялық көбею» деп аталатын құбылыс, яғни әркім өз қалауынша әрекет етеді. Ал көбеюді бүкіл республика көлемінде бірыңғай жоспар мен бірыңғай схема бойынша жүргізудің орнына осылай жалғаса берсе, онда біз тұқымды жоғалтып аламыз.

Өткен заманның өзінде қазақ толарсақтан саз кешіп, “байтал түгіл бас қайғы” кездерде тазыдан біршама алшақтап қалды. Құлазыған көңілді көтерген, ошақ түгілі бүкіл ауылды азықпен қамтамасыз еткен тазымыздан біржола айрылып қалсақ, сүйегімізге зор таңба. Елімізде жаңа бастамалардың пайда болуы және оның қарқынының күшеюі жеті қазынаның арасынан орын алған құмай тазымыздың сақталып қалуына бірден-бір сеп. Аталарымыздың әу баста «Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес» деуі бекер емес. Мүмкін бұл бабаларымыздың бізге айтып еткен ескертуі шығар.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ