Дариға Асаниязова, Мөлдір Қабыкен, Луиза Алиасқарова
MNU Newsroom
IQAir компаниясы жариялаған статистикаға сәйкес, 2023 жылы Қазақстан ауа сапасы рейтингінде 134 елдің ішінде 40-орында болды. Ал биыл бесінші желтоқсан күні компанияның “Әлемдегі ең ластанған ірі қалалар” онлайн рейтингісіне Алматы қаласы ресми түрде еніп, бірден ауасы ластанған алғашқы сегіздікке кірді.
АУАНЫҢ ПАРАМЕТРІ
IQAir – ауа сапасының индексін анықтайтын швейцариялық компания. Компания айқындайтын рейтингке әлемнің 120-ға жуық ірі қаласы кіреді. Рейтингті қалыптастыру үшін мемлекеттік мекемелерден, ғылыми институттардан, коммерциялық емес ұйымдардан, зерттеушілер басқаратын бақылау станцияларынан және арнайы атмосфераны зерттейтін тетіктерден ақпарат жинайды.
Ауа сапасының индексі (AQI) – ауаның ластану деңгейін және оның денсаулыққа әсерін анықтайтын шкала. Ол қалалардағы барлық станцияның белгілі бір уақыттағы медиандық мәнін көрсетеді. Рейтинг әр сағат сайын кемінде бір рет жаңарып тұрады.
Индекс PM2.5, PM10, озон, күкірт диоксиді, азот оксиді және көміртек оксиді секілді заттарды есепке алады. Осы элементтердің ішіндегі адам денсаулығына ең қауіптісі – PM2.5 бөлшектері.
Almaty Air Initiative ұйымының ақпараты бойынша, PM2.5 – адамның бір тал шашынан 30 есе жіңішке болатын микроскопиялық ауа ластаушылары. Олар әсіресе өкпеге және жүрек-қан тамырлар жүйесіне кері әсер етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен нормаға сәйкес, орташа жылдық деңгей 5 мкг/м3-ден аспауы керек. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 160 мкг/м3-ді құрайды.
“Қалада адам саны мен көліктің көбеюіне байланысты жыл сайын ауаның ластануы артып жатыр. Тұмшаның иісі жағымсыз болғандықтан, кей күндері тіпті үйден шыққым да келмейді”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Ерсайын Мейрамұлы.
Тұмша – ауа ластануының бір түрі. Ол түтін мен тұманның қосындысынан туындайды. Термин алғаш рет 1950 жылдың басында Лондонда қолданылды. Ол әдетте көліктен шығатын түтіннен, көмір отынан, өнеркәсіп және құрылыс жұмыстарынан пайда болады.
Ерсайынның сөзінше, қыста тұмша қатты байқалады. Әсіресе қаланың төменгі жағында ауа өте лас. Мұны Алматының жоғары жағына шыққанда анық көруге болады.
“Тұмшаның деңгейі түскі сағат екіден бастап кешкі уақытқа дейін жоғарылайды. Себебі бұл кезде температура төмендеп, жылы ауа салқын ауаның үстінде қалып қояды. Бұл инверсия құбылысы деп аталады”, – дейді Almaty Air Initiative ұйымының жоба менеджері Равкат Мұхтаров.
Оның сөзінше, Алатау, Жетісу және Түрксіб аудандарында тұмша көрсеткіші жоғары болады. Геолокациясына байланысты қаланың осы бөлігінде жел қарқыны баяу жүреді.
Бұл мәселе Алматы мен Өскеменде өндірісті дамыту салдарынан пайда болды. Кейінгі 20-30 жылда мәселе ушығып кеткен.
ӨСКЕМЕНДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?
20 жастағы Еркежан Тұрсынбекова – Өскемен қаласының тумасы. Ол қазір Astana IT университетінде білім алып жүр. Қарашада бірінші триместрі біткен соң үйіне барғанда күзден бастап қалада ауа сапасы нашарлағанын байқаған.
“Тұмша Өскемен үшін қалыпты құбылыс болғанымен, оның кейінгі айда күшейгені мені қатты алаңдатты. Мен қаланың өзінде емес, сырт жағында тұрамын. Арасы – 13 шақырым. Дегенмен біздің жақта да мәселе ушығып тұр. Тұмшаның өткір иісі демалуды қиындатады”, – дейді ол.
Оның сөзінше, қала тұрғындары үшін бас ауруы үйреншікті жағдайға айналған. Дем алған кезде ауаның құрамындағы химиялық элементтердің кесірінен тамақ ашып, қатты жөтел пайда болады.
“Осында болған уақытта тамағым тіпті күйіп қалды. Ал жергілікті тұрғындардың қандай жағдайда өмір сүріп жүргенін елестете алмаймын”, – деді ол.
Білім беру басқармасы Өскемен оқушыларын тұмшаға байланысты қашықтан оқу форматына көшірді. Сондай-ақ, қажеттілік туындамаса тұрғындарға сыртқа шықпауға кеңес берді.
Биыл қараша айында Риддер қаласының белсенділері Өскемендегі экологиялық мәселеге қатысты митинг ұйымдастырды. Ереуілге шамамен 20 адам шыққан. Митингке қатысқандардың ойынша, билік қана емес, тұрғындардың өзі де мәселені шешуге талпынбайды.
Фото: Orda.kz
Белсенділер биліктен өнеркәсіп объектілерін бақылауды нығайтуды, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін инвесторларды жауапқа тартуды, Шығыс Қазақстан өңіріндегі жағдайды жақсарту үшін нақты шаралар қолдануды және экологиялық қылмыстар үшін жазаны күшейтуді талап етті.
Еркежанның айтуынша, тұмша қаланың зауыт-фабрикалар орналасқан жерінде көп шоғырланған.
“Мәселен Қазмырыш, Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия зауыты аймақтарында ауа өте лас. Дегенмен қаланың өзге де аудандарына тұмша тарайды”, – деп айтты.
Равкат Мұхтаровтың зерттеуінше, Алматы мен Өскемендегі проблеманың кейінгі жылдарда ушығуына алып келген бірнеше фактор бар.
“Біріншіден, Алматыда көлік саны артты, ал олардың көбі ескі әрі экологиялық талаптарға сай емес. Екіншіден, қыста қала маңындағы жер үйлерде көмір пайдаланылады. Сондықтан одан да ауаға зиянды заттар бөлінеді. Үшіншіден, Өскеменде ірі кәсіпорындардан түтін шығады. Төртіншіден, Алматы мен Өскемен ойпатта орналасқан. Бұл табиғи желдетуді қиындатып, тұмшаның жиналуына әкеледі. Мұнымен қоса, ескірген жылыту жүйесі мен сүзгілер энергетикалық инфрақұрылымға қосымша қысым түсіреді. Салдарынан электр станцияларының шығарындылары көбейеді”, – дейді эколог.
Өскеменде кейбір тұрғындардың түтіннен қорғану үшін медициналық бетперде, тіпті газтұмша (орыс. противогаз) тағып жүрген видеосы әлеуметтік желіде таралды.
Фото: TikTok желісі
ТҰМШАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?
Пәкістандағы Минхадж университеті профессорларының зерттеуінше, тұмшаның құрамындағы элементтер адам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Мысалы, озонның әсерінен жөтел пайда болып, көз ашиды, тыныс алу жүйесі зақымдалады. Құрмындағы органикалық қосындылар қатерлі ісік ауруларына әкелуі мүмкін. Ал азот оксиді жүрек және өкпеге кері әсер етіп, иммунитетті әлсіретеді.
“Осы химиялық элементтер әдетте қан тамырлары арқылы өтіп, жүрек-қан тамыр жүйесі мен миды зақымдауы мүмкін. Салдарынан қан тамырлары тарылып, артериялық қан қысымы көтеріледі. Бұл өз кезегінде бас ауруын тудырып, түрлі асқынуға әкеледі. Мысалы, адамда бронхиал астма, өкпенің созылмалы ауруы бар болса, тұмша кезінде олар асқынып кетеді”, – дейді астаналық Dariya Med емханасының пульмонологы Ұлбике Тайманқызы.
Тұмшаның денсаулыққа әсерінен қорқатын кей студенттер тіпті оқуға бармауға мәжбүр. Мәселен 20 жастағы Әсем Талғаттың сырттан үйге кірген кезде үнемі басы ауырып, тамағы ашиды. Ол Өскемендегі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде оқып жүр.
“Тұмшаның көбеюінен оқуға бара алмадық. Себебі ол қалыпты көрсеткішінен асып кетті. Біз денсаулығымызға алаңдап, үйден шықпауды шештік”, – дейді студент.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, 2024 жылдың үшінші тоқсанында жіті респираторлы вирусты инфекциялардың 1 030 693 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 есе жоғары.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда өндіріс көлемін арттыру үдерісі басталды. Салдарынан ол PM2.5 концентрациясы жоғары ластанған елдердің қатарына енді. Қазақстанның ірі қалаларының ауа сапасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартына сәйкес келмейді. Соның кесірінен Павлодар, Жезқазған, Екібастұз, Өскемен және Қарағанды сияқты өнеркәсіп орталықтарының тұрғындары зардап шегеді.
Өскемендік эколог Динара Ордабаеваның айтуынша, проблеманы шешуде билік әрекетінің нақты нәтижесі жоқ. Сондықтан қаладан көшіп кету – ең дұрыс шешім.
Мұндай шешімді қабылдаған адамның бірі – студент Дильназ Оңласбекова. Ол 2012 жылы отбасымен бірге Өскеменнен Астанаға көшкен. Артынан қалған туыстары да қоныс аударды. Бірақ оның әпкесі Өскеменде қалды. Себебі күйеуінің жұмыс бабына байланысты қалада қалуына тура келген.
“Өскеменде тұрғанда жиі ауыратынбыз. Ал Астанаға көшкелі бері денсаулығымыз қалпына келді. Туыстарымыз үйге қонаққа келгенде еркін тыныс алып, ұйқылары жақсарғанын айтады”, – деді ол. Сөзінше, терезеден сыртқа қарағанда қала қара түтіннен көрінбей кететін.
Пульмонолог Абзал Дүйсенбекұлы проблема ушығып тұрған қалаға келген адамдарда тұмша әсерінен аллергия пайда болуы мүмкін, дейді. Оның айтуынша, ауыз қуысының шырышты қабығы ісіп, өкпеге ауаның жетуі қиындайды. Сондай-ақ дәрігер жыл сайын ауруханаға қаралып, өкпені тексеру қажеттігін ерекше атап өтті.
“Өйткені өкпеде жүйке ұштары болмайды. Яғни адам тыныс жолдарында қандай өзгеріс болып жатқанын сезбейді”, – деді ол.
Алматы қаласының тұрғыны Әмина Кемелбай тұмшадан қорғану үшін бетперде тағып жүруге тырысады. Алайда оны күнде тағу ыңғайсыз болғандықтан, кейде шешіп тастайтынын айтады. Оның сөзінше, бас ауруы мазалағанымен, кейін үйреніп кеткен.
“Тұмшадан қорғану үшін бетперде тағу көп жағдайда тиімсіз. Оның жұқа қабаты тұмшадағы улы заттардан тек 30-40 пайыз қорғайды”, – дейді Ұлбеке Тайманқызы.
ПРОБЛЕМАНЫҢ ШЕШІМІ БАР МА?
Қазақстанда тұмшаның алдын алу мақсатында бірқатар шара ұйымдастырылып жатыр. Біріншіден, газдандыру бағдарламасы. Алматы маңындағы кейбір аудандар табиғи газ қолдануға көшті. Бұл көмірді пайдалануды азайтып, қалдықтардың қысқаруына алып келеді. Екіншіден, ауа сапасын бақылау. Экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіру үшін халықаралық серіктестік орнатылған.
Үшіншіден, қоғамдық көлік паркі жаңарып, электробустарды қолдану. Бұл жеке көліктерден бөлінетін зиянды заттарды азайтып, ауа сапасын жақсартуға көмектеседі. Төртіншіден, құқықтық реформалар енгізіліп, Алматы қаласына өзінің ауасын қорғауға бағытталған ережелер жазуға мүмкіндік берілді. Осыған байланысты болашақта қалада төмен шығарындылар аймағы (Low Emission Zone) пайда болуы ықтимал.
Алайда сарапшылардың ойынша, бұл жеткіліксіз.
Фото: Дильназ Оңласбекова
“Шаралардың нақты нәтижесі жоқ. Нәтижеге жету үшін өндіріс пен энергетика секторларының эмиссиясын азайту қажет. Көмірді таза энергиямен алмастыру керек. Сондай-ақ, шығыс еуропалық тәжірибені қолдану арқылы адамдарға субсидия беріп, өндірістік жаңғырту бағдарламасын іске қосқан жөн”, – дейді эколог Дәулет Асанов.
Равкат Мұхтаровтың сөзінше, Еуропаның көптеген қаласының орталық бөлігінде көлік қозғалысы шектелген.
“Лондонда «жасыл аймақтар» жүйесін енгізу арқылы ластаушы көліктерден салық жиналып, сол қаржы экологиялық жобаларға жұмсалады. Ал Амстердамда велосипед жолдары кеңейтіліп, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалған. Осы тәжірибені Қазақстанға бейімдеуге болады”, – деп ойын бөлісті Мұхтаров.