Жайна Тұрарбек, Ақлима Болатқызы
MNU Newsroom
Желтоқсан айының басында Сирияда 50 жылға жалғасқан Асад режимі аяқталды. Бастапқыда Дамаскідегі саяси күшке қарсы топтар бірігіп, елдің батыс бөлігіндегі үлкен қалалардағы билікті иемденді. Кейін қарсы күштер елордаға жақындағанда Башар Асад отбасымен Ресейге ұшып кеткені белгілі болды. Билікке Ахмед әл-Шараа есімді оппозиция жетекшісі келіп, көп жылдар бойы жоғалып кеткен саяси тұтқындар босап шықты. Саяси биліктің өзгергені нені білдіреді, елді алда не күтіп тұр? Шолып көрелік.
ТӨҢКЕРІС ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
Кейінгі 13 жылдан бері Сирияда азаматтық соғыс жалғасты. Елдің батыс бөлігіндегі түрлі саяси топтар Башар Асад өктемдігіне қарсылық танытқанымен, Дамаскі оппозицияны белгіленген аймақта ұстап тұра алды. Бірақ қақтығыстар кесірінен миллиондаған сириялық босып кетіп, Еуропаға өтіп кетуге талпынды. Башар Асад өзін Сирия президенті, легитимді билеушісі деп санағанымен, елдің солтүстік-батыс бөлігінде Түркия және Батыс елдері қолдайтын саяси күштер өктемдік етті. Ал елдің шығысындағы үлкен территорияда жергілікті күрд халқы биледі. Олардың да ресми Дамаскімен келіспейтін тұстары көп болды.
27 қарашада оппозициялық күшке ерген көтерілісшілер Идлиб қаласынан бастау алып, бірден Сириядағы екінші ірі қала Алеппоны, одан кейін бірнеше күннің ішінде Хомс пен Хаманы өз бақылауларына алды. Көтерілісшілер басып алған қалалардағы Асад режиміне қатысты монументтерді құлатып, саяси тұтқындарды түрмелерден босатып отырды. Олардың легі аз уақытта Дамаскіге де жетіп, 8 желтоқсанда Асад режимі құлады.
Әлеуметтік желілерде сириялықтардың Дамаскідегі президент сарайы мен өзге де ғимараттарға басып кіріп, тонаған видеолар көп тарады.
Асад отбасы Сирияда 50 жыл өктемдік құрды. Башардың әкесі Хафиз әл-Асад 1971 жылы Баас араб социалистік партиясының өкілі ретінде билікті қолына алып, 2000 жылға дейін өмірден өткенше биледі. Одан кейін ұлы Башар әл-Асад билікті иемденіп, желтоқсандағы төңкеріске дейін де факто ел басқарушысы болды.
Асад режимі Иран мен Ресейге жақын болды. Башар Асад та президент болғанда жиі Мәскеуге ұшып барып, Путинмен түрлі келіссөздер жүргізетін. Ал Батыс пен араб елдері және Түркия Сирияның автократына қарсы санкциялар енгізіп, кейін әртүрлі оппозициялық топтарға, соның ішінде әскери құрылымдарға қолдау көрсете бастады.
Санкциялар ықпалынан экономикасы бәсеңдеп, ел табысы азайғанннан кейін қарсылық та көбейді. 2011 жылы “араб көктемі” кезінде көптеген азамат билікке қарсы протеске шығып, биліктің ауысқанын талап етті. Дегенмен оның бәрі сол кезде сәтсіз аяқталған.
Басында тек үкіметке қарсы ашық акция ретінде өткен митинг артынша азаматтық соғысқа алып келді. Алғашқы бас көтерулер 2011 жылы 26 қарашада басталған. Бұл 15 наурызда жаппай наразылық шерулеріне ұласты.
Ел ішіндегі азаматтық соғыстың өршуіне ішкі саяси факторларынан бөлек, өзге елдердің де әсері болды. Ол елдер қатарына Сауд Арабиясы, АҚШ, Катарда, Франция, Түркия елдері жатады. Олар Сирияның оппозициялық өкілдеріне қарқынды қолдау көрсетумен болған.
АҚШ бастаған халықаралық коалиция Сирияда тек «Ислам мемлекетімен» соғысып жатқанын ресми түрде мәлімдеді, бірақ Асадты құлатқысы келетінін жасырған жоқ. Түркия Сирияның солтүстігіне өз әскерлерін енгізіп, исламистік топтарды қолдады. Ресей (ВКС, әскери кеңесшілер және Вагнер ПМК) Асадты қолдады. Сондай-ақ, Иран мен оның проксиі Асадқа көрші Ливаннан «Хезболла» көмекке келді.
2015 жылы Ресей Асад режиміне билікті сақтап қалуға көмектесу мақсатында Сирияға мыңдаған әскери қызметкерін жіберді. Олар кейіннен Сириядағы орыс әскери базаларында орнықты.
2020 жылдан бастап Сирияға қатысты жаңалықтар сирек көріне бастады. Алайда Сирия дағдарысы елде шешілмеген гуманитарлық мәселелер мен экономикалық құлдыраумен жалғаса берді.
Соңғы төрт жыл ішінде Сириядағы азаматтық соғыс іс жүзінде аяқталғандай болды. Себебі Асад үкіметі Ресей, Иран және ливандық «Хезболла» топ жасақтарының қолдауымен елдің көп бөлігін бақылауды қайта қалпына келтірді.
Алайда маңызды аймақтар әлі де үкіметтің бақылауынан тыс қалды. Соның ішінде, Сирияның солтүстік-батысында, әсіресе Түркиямен шекарада, Идлиб және Алеппо провинциялары көтерілісшілердің қолында болды.
Бұл аудандарда «Хайят Тахрир аш-Шам» сияқты саяси әскери ұйым және Түркия қолдайтын Сирия Ұлттық Армиясы ықпалы зор болды.
ҚАЗІР СИРИЯДАҒЫ БИЛІКТЕ КІМДЕР БАР?
ВВС дерегінше, Сирияда көтерілісшілердің негізгі 3 күші бар. Біріншісі – «Хайят Тахрир аш-Шам», екіншісі – түрікшіл Сирияның жаңа ұлттық армиясы, үшіншісі – сириялық демократиялық күштер (күрдтер).
Сириядағы шабуылға «Хайат Тахрир аш-Шам» әскери тобы жетекшілік жасап отыр. «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) 2011 жылы «Әл-Каида» тікелей бөлімшесі ретінде «Джабхат ан-Нусра» деген атаумен құрылған. Оның қалыптасуына «Ислам мемлекеті» тобының сол кездегі жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади де қатысқан.
Оның қазірге жетекшісі – Әбу Мұхаммед әл-Джулани «Әл-Каида» бұрынғы командирі болған. 2016 жылы ол топтан бөлініп, кейіннен аш-Шам қозғалысын құрады. BBC арнасының жазуынша, ол бұған дейін жаңа ДАИШ (террорлық ұйым) құруға ұмтылмайтынын, тек Сирияны азат еткісі келетінін айтқан.
Төңкеріске дейін аш-Шам Идлиб провинциясының солтүстік-батыс бөлігін ғана басқарған.
Ал елдің солтүстігіндегі территорияда екі саяси күш бар. Бірі түріктер қолдайтын ұлттық армия болса, екіншісі күрдтер өктемдік ететін аумақ. Түрікшіл топ күрдтердің саяси күшін басу үшін Асад режимі құлағаннан кейін әскери күшін солтүстік-шығысқа бағыттап отыр. Екі тарап та өңірдегі үлкен қалаларды басып алуға күш салып жатыр, әзірге Манбиджді кім басқаратыны белгісіз, дейді соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшылары.
Көтерілісшілер ресейлік Тартус әскери-теңіз базасы мен Хмеймимдегі әуе базасын орналасқан Латакия провинциясын басып алды. Алайда мүмкіндігі болса, ресейлік әскери базаларға баса-көктеп кірмеді. Тек бірқатар топ Ресей базасының қақпасына таяп келіп, сес көрсетіп, әуеге оқ жаудырып, кері қайтып отырды.
9 желтоқсан күні Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков базалардың жұмысы тоқтатылуы мүмкін деп хабарлады. Ресей қазір Сириядағы өзінің әскери қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, билік етіп жүргендермен “байланыс орнатуға” тырысып жатыр.
Төңкерістен кейін Асад үкіметінің жетекшісі Мұхаммад Қазы әл-Жәлел «Сирия халқы таңдаған кез келген басшылықпен әріптестік орнатуға және билікті бейбіт тапсыруға дайын екенін» мәлімдеді.
Төңкерістен кейін елдегі биліктің әлсіздігін пайдаланып, Израиль үкіметі Сирияның оңтүстігіндегі Голан жотасына басып кіріп, территорияны иемденіп алды. Тель-Авив бұл өңірді бұрыннан өз жері деп санап келеді. Десе де, Халықаралық қауымдастық және АҚШ үкіметі де Голан жотасын Сирия меншігі санайды.
Америкалық The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Мысыр билігі Башар Асад үкіметіне оппозицияның қатысуымен уақытша үкімет жасақтауды ұсынған. Жақында бұл жүзеге аса бастады, оның құрамына Идлиб провинциясын басқарған «Сирияны құтқару үкіметінің» бірнеше министрі де енді. Бұл шенеуніктер өз міндеттерін 1 наурызға дейін атқармақ. Уақытша үкіметтің басты міндеті мемлекеттік мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халыққа қажетті қызметтерді ұсынуды жалғастыру деп бекітілген.
Қазіргі уақытта бұл орынға премьер-министр ретінде Мұхаммед әл-Башир тағайындалды. Әл-Башир бұған дейін, 2022 жылы Сирияның даму және гуманитарлық мәселелер министрі қызметін атқарған.
СИРИЯНЫ НЕ КҮТІП ТҰР?
Мұхаммед Әл-Башир сириялықтардың бұрынғы президент Башар Асад режимі құлағаннан кейін «тұрақтылық пен тыныштықтан ләззат алатын» кезі келді деп мәлімдеген. Ал «Хайят Тахрир аш-Шам» бастаған Асадты жеңген топтар коалициясының жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Джулани, елді біріктіруге уәде берген. Бірақ бұл оңайға соқпайтынын да айтқан.
8 желтоқсан күні ғимараттан дипломатиялық миссия қызметкерлері Сирия Араб Республикасының туы мен тақтайшасын алып тастаған болатын. 9 желтоқсанда ел өкілдігі штаттық режимде жұмысын жалғастырған еді.
Әзірге мемлекетте биліктің ауысқанын дәлелдейтін факт – тудағы өзгерістер. Башар Асадтың билігі кезіндегі Сирия туында үш түс болатын. Олар қызыл, ақ, қара болса, үстінгі жағында екі жасыл жұлдыз бар еді. Ал жаңа жалауда – жасыл, ақ, қара түстер бар және тудың ортасында жағында 3 тал қызыл жұлдыз бейнеленген.
Қазір көптеген сириялықтар Башар Асадтың билігі құлағанына қуанып жүр. Дегенмен оларды және олардың мемлекетін алдағы уақытта не күтіп тұрғаны белгісіз.
«Бұл күнді халықпен бірге тойлауға шықтық. Барлығы режимнің ақырын күтіп жүрді. Сирия бұрынғыдан да күшті болады», – деп пікір білдірген Асад режимі құлаған күні Сирия тұрғыны Делбрет Рашо Reuters агенттігіне.
Билік ауысқанымен бірден экономикалық өсімді арттырып жіберетін елдің активтері жоқ. Батыс елдерімен келіссөздер жүріп, санкцияларды алу мүмкіндігі болғанның өзінде ол бірден бола қоймайды. Ал елде әлі де гуманитарлық көмекке мұқтаж жандар жетерлік. Бұл туралы БҰҰ-ның 2024 жылғы елге көмек туралы үндеуінде 23,5 миллион сириялықтың 71 пайыздан астамы көмекке мұқтаж деп бағаланған.
Сириядағы өзгерістерге байланысты және оның болашағына қатысты сарапшылардың пікірі әр алуан. Украинадағы Таяу шығыс зерттеулер орталығы директорының орынбасары Сергей Даниловтың «Настоящее Время» телеарнасында айтқан пікірінде осыған дейін Башар Асад Иранның келуін қолдап келгенін айтады.
“Ендігі кезекте Асадтың биліктен құлауы Иранды аралас сезімге жетелеп отыр. Асадсыз ол жерде Иран да араласа алмайды. Ал Жуланидің Иранға қарсы, шиіттерге теріс пікірдегі адам. Дегенмен екінші жағынан, Жуланидің өзі тұтас Израильде барлық аумақты бақылауда ұстап тұра алмайды және жекелеген террорлық қауымдастықтар шекарада бетімен кетеді деп қорқатындар да бар”, – деді ол.
Сарапшының сөзінше, Башар Асадтың құлауы негізінен Иранға әсер етуі мүмкін. Яғни, Сирия жеңілісі элитаның ішіндегі күрес процесіне, сол іспеттес халық көтерілісіне де түрткі болуы ықтимал.
Ал Асад режимін қолдап келген Ресей үшін бұл «таяу Шығыстағы беделінен айырылу болды», дейді Данилов.
Сөзінше, Жулани өте прагматик, асқан айлакер адам. Әрине, ол да авторитар жүйе орнатары даусыз, бірақ белгілі бір деңгейде азшылықтың құқымен санасуға тиіс болады.
Израильдің саясаттанушы Зеэв Ханинның сөзінше, “бір кездері “Әл-Қаида” мен “Ислам мемлекеті” құрамынан шығып, кейін ол ұйымдардан бөлініп кеткен исламшыл сүннит топтар өздерін тәуелсізбіз дейді. Алайда шын мәнінде бұлар да сол қару ұстаған радикал исламшыл сүнниттердің қозғалысы.
Ал Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан алдағы процесте әртүрлі этникалық және діни топтар тату өмір сүретін Сирия қалыптасады деп үміттенетінін айтты. Көршілерімен тату-тәтті тұратын, бейбіт және тұрақты елді көргіміз келеді, деді ол.
Шығыстанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, Сирияда жаңа саяси кезеңнің басталуы үшін этникалық және діни топтардың мүдделерін ескеретін келісім қажет.
Сарапшының айтуынша, елде билеуші элиталар авторитарлық басқару тәсілдерінен бас тартып, нағыз саяси диалог орнатқан жағдайда ғана инклюзивті саяси жүйеге көшуге мүмкіндік бар.
Ол Асад режимінің құлауы елдегі саяси құрылымды түбегейлі өзгертуге жол ашатынын атап өтті. Дегенмен бұл өзгерістердің табысты болуы халықаралық қауымдастықтың қолдауы, аймақтағы мүдделі тараптардың келісімі және Сирияның ішкі топтарының ынтымақтаса алуына байланысты болмақ. Сарапшы Таяу Шығыстағы бұл өзгерістердің жаһандық деңгейде үлкен ықпалы болатынын айтады.