Бүгінгі медицинаның дамуы адам келбетін өзгертудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашып отыр. Осыған дейін адамдар хирургтерге көбіне туа не жүре пайда болған кемістіктерін жою үшін жүгінетін. Ал қазіргі қоғамда эстетикалық отаға деген сұраныс арта түскен.
Өткен ғасырдың екінші жартысында пластикалық хирургияның жаңа саласы – эстетикалық хирургия пайда болды. Бүгінде бұл саланың сан түрлі бағыттары бар және оған сұраныс көбейіп келеді.
Астанадағы H&B Clinic орталығының хирургі Әділ Дүржанов 18 жылдан бері пластикалық хирургия саласында қызмет атқарып келеді. Оның айтуынша, ең жиі жасайтын ота түрі – блефаропластика (қабақ). Сондай-ақ, азаматтар маммопластика (омырау) мен абдоминопластика (іш) жасатуға да жиі келеді. Артық салмағынан арылғысы келгендер де липосакцияға (артық майды алу) жүгінеді екен.
Дүржанов адамдардың сұлулыққа талабы бұрыннан болғанын, бірақ қазір эстетикалық ота түрлері әлдеқайда қолжетімді бола бастағанын айтады. Оның айтуынша, адамдар өзін өзгертуге, отаға жасатуға қорықпай келіседі.
«Бұрын зейнеткерлер пластикалық ота жасатудан қорқатын. Ал қазір 60 жастағы бетіндегі әжімін алуға келетін әйелдер бар. Әрине, ешкім қартайғанды қаламайды, жасарғысы келеді. Пластикалық отаны шамамен 35-40 жастағы адамдар көп жасайды. Адамдар өз армандарын орындау үшін, өздерінің дене пішінін қалпына келтіру үшін немесе өзіне сенімді болу үшін операция істетеді», – дейді ол.
Қазақстанда ота жасатқысы келетіндер саны арта түскен. Осы қызмет түрін ұсынатын клиникалардың көбейгені мұның дәлелі болары анық.
30 жастағы елордалық Сәния Ғабитова кейінгі алты жылда өзіне үш рет ота жасатқанын айтады.
«Мен бетіме 3 пластикалық операция жасаттым. Алдымен, 2018 жылы маммопластика жасаттым. Кейін блефаропластика, яғни дене құрылымыма байланысты көзімнің астындағы ісікті алдырттым. Сонымен қатар, тыныс алуға байланысты мәселеге байланысты ринопластиканы жасаттым. Әрине, бұл жерде денсаулыққа ғана емес, сұлулық эстетикасына да байланысты», — дейді отыз жастағы Сания Ғабитова.
Сәнияның байқауынша, қазір көп қыздар мен ұлдар блогерлерге еліктейді. Оның сөзінше, желідегі танымал тұлғаларға еліктеу арқылы өзінің түр-әлпетіне көңілі толмай, кейін пластикалық отаға бет бұрады.
«Қазір мен маммопластикадан кейін ешқандай айырмашылықты көрмеймін. Қанша жыл өтті, операция жасамаған секілді сезінемін. Егер мен пластикалық операцияға жасатпағанда, бәлкім өзімді қалай бармын солай қабылдаушы едім деп те ойлаймын», – дейді ол.
Психолог Гүлзат Қанаттың ойынша азаматтар пластикалық отаға келіспей тұрып, психологтармен оның себебін іздеуге тырысып көргені жөн.
«Адамның ең алғашқы айнасы – анасы, одан кейін айналасы. Ата-анасы мен қасындағы туыстары арқылы адамдардың өзін-өзі бағалау процесі жүреді. Айналасы оның тәнін қалай қабылдайды, адам да солай қабылдайды. 25 жасқа дейінгі жасөспірімдерде дисморфобия синдромы деген болады. Өзінің келбетіне қатты назар аударып кетеді. Ол әр адамда кезіккен нәрсе», – дейді ол.
Маман қоғамдағы әдемілік тренді өзгерген сайын отаға түскісі келетіндер де көбейе беретінін айтады.
«Еурроцентризм, яғни еуропалық әдемілікті трендке айналдырып, жастар соған ұқсас болғысы келіп жатады. Сұлулық стандарты өзгерген сайын адам пышаққа түсе береді. Сөйтіп, идеологияның артынан қуу арқылы өз бет-әлпетін ұсқыздандыру, нарцистік патологияға тап болады», – дейді психолог.