Сб. Дек 28th, 2024
Коллаж: depositphotos.com

Кейінгі жылдары Оңтүстік Корея Қазақстан азаматтары үшін еңбек миграциясының басты бағытына айналды. Мәселен, онда 2023 жылы 6 мың қазақстандық жұмыс істеуге кеткен. Алайда мигранттар тіл білмесе де, заңсыз еңбек етуге барып, әлеуметтік кепілдігі болмай, құқық бұзу фактілеріне тап болып жатыр. 2024 жылы Оңтүстік Кореядағы заңсыз мигранттардың жалпы саны 10 827 адамға жетіп, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша үшінші орынға көтерілген.

2022 жылы Оңтүстік Корея туристер ағынын бақылау мақсатында К-ЕТА электронды рұқсат жүйесін енгізді. Бұл елге еңбек етуге келетін шетелдіктерді бақылау мақсатында құрылды. Бірақ ол Қазақстан азаматтарының елге келуін азайтпады. Себебі адамдар ресми түрде туристік мақсатты көрсеткенімен, шын мәнінде заңсыз жұмыс істеп жүргендер қатары артқан.

ТАРТЫМДЫ ОҢТҮСТІК КОРЕЯ

Түркістандық 20 жасар Асылдың (есімі өзгертілген) Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүргеніне шамамен бір жарым жыл болды. Ол 2022 жылы тамыз айында барған. Оның сөзінше, Қазақстанда ақша табудан қиналып, қаржылай тәуелсіз болу үшін өзге елге кетуге мәжбүр болған.

Түркістандық азамат TikTok желісінде Кореядағы жұмыс туралы видеоны көргеннен кейін бір аптаның ішінде сонда баруға шешім қабылдаған. Ол Түркістанда Оңтүстік Кореяға дайындайтын адамға 1 миллион теңге төлеп, К-ЕТА-ға өтініш жіберген.

Скриншот: Асыл

“Ұшаққа отыруға рұқсат берген соң, әлгі кісі бізге Өзбекстан арқылы билет алып берді. Түркістаннан Өзбекстанға аттандық. Тоғыз адам болып Кореяның Инчхон қаласына келдік. Өзімізді туристер сияқты ұстадық. Кедендік бақылаудан өтерде бірге келген бес қазақты тергеуге әкетті. Менің кезегім келгенде қатты қорықтым, бірақ тексерістен өттім”, – дейді ол.

АҚШ пен Ұлыбритания да мигранттарды жоғары табысымен қызықтырады, алайда Оңтүстік Корея қазақстандықтар үшін қолжетімдірек. Себебі бұл елге бару визаны қажет етпейді. Визасыз режим 2014 жылдың қараша айында енгізілген. Бұл жеңілдіктен кейін Қазақстаннан Кореяға заңсыз кеткендердің саны артқан. 2014 жылы олардың саны 359 адам болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 12 мыңға жетті.

2018 жылы Оңтүстік Корея билігі заңсыз миграцияны реттеу үшін еңбек мигранттарына 20 мың АҚШ долларына жететін ірі айыппұл салуды қолға алды. Кейін үкімет “Жасыл дәліз” деп аталатын уақытша бағдарламаны іске қосып, елден өз еркімен кетуге келісім берген заңсыз мигранттарға рақымшылық жариялады. Ауыр салдарсыз елден кету мүмкіндігі Оңтүстік Кореяға деген сұранысты арттырды.

Экономист Ләззат Нұрғалиқызының айтуынша, азаматтар табыс деңгейін көтеру үшін шетелге кетуге мәжбүр.

“Біздің елдің азаматтары еріккеннен емес, тұрақты жұмысы жоқ, табысы ішкен-жегенінен артылмаған соң, бала-шағаны асырау, ата-анаға көмектесу, несие төлеу және үй мәселесін шешу үшін өзге елге кетеді”, – деп есептейді Нұрғалиқызы.

2024 жылдың 1 тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық номиналды жалақы 376 519 теңге болды. Бұл көрсеткіш Оңтүстік Кореяға қарағанда төмен. Құрылыс, ауыл шарушылығы мен өндіріс сияқты салаларда жалақы аз. Бұл салаларда жұмысшылар шетелде жұмыс істегісі келеді. Себебі Оңтүстік Корея жоғары жалақы мен әлеуметтік жеңілдіктер ұсынады. 2023 жылы онда орташа жалақы 4 576 213 кореялық вонға ($3100) жетті.

Асылдың сөзінше, елде табыс көзі жыл мезгіліне байланысты өзгеріп отырады. Көктем және жаз айларында 800-900 мың теңге болса, қыста 300-400 мың болуы мүмкін. Себебі қыста жұмыс аз болады. Дегенмен, жалақы төлеуде гендерлік мәселе бар дейді. Істейтін жұмыстың бір екеніне қарамастан, ер адамға 1,5 миллион теңге төлесе, әйелдерге 1 миллион теңге төлейді екен.

© Sputnik / Алексей Филиппов

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР

16 қараша сағат 23:00-де Оңтүстік Кореяда бас қосып, жиын ұйымдастырған 27 қазақты көші-қон қызметкерлері ұстап, елге қайтарды. Заңсыз еңбек етіп жүрген қазақстандықтар жұмыстан кейін демалып, бір-бірімен таныспақ болған екен.

Асыл Кореяға келгелі қызмет орнын 9 рет ауыстырған. Басында зауыт кондиционерінде және мұздатқышында жұмыс істеген. Кейін ыдыс жуып, машина зауытында, сарымсақ өсіретін алқапта  қызмет еткен, сондай-ақ, құрма теруші, даяшы, мотель тазалаушы болған. Қазір Кванджу қаласында орамжапырақ сұрыптайтын зауытта еңбек етіп жүр.

“Бірінші рет зауытқа жұмысқа барғанда қателік жібердім. Сол кезде бастық әйел ашуымды шығарған. Мен ашуланып затты лайнға лақтырып жібердім. Бәрінің көзінше ол мені балағаттап, 10 рет жаман сөз айтты. Мені лайннан қуып жібергенімен, зауыт басшысы офисіне шақырып, жұмысқа шақырды”, – деді ол.

Қазақстандықтың айтуынша, заңсыз мигранттар Оңтүстік Кореяда түрлі қауіпке тап болады. Біріншіден, олардың құқықтары шектелген және кез келген оқиғада кінәлі деп танылуы мүмкін. Екіншіден, жұмыс берушілер медициналық сақтандыруды рәсімдемейді. Ал сақтандырусыз емдеу Қазақстандағы бағадан бірнеше есе қымбат. Үшіншіден, өлім жағдайында денені кремациялау ықтималдығы бар. Оны отанына қайтару үшін көп қаражат керек. Төртіншіден, тіл, жергілікті заң мен дәстүрді білмегендіктен, қазақстандықтар алаяқтардың құрбаны болуы ықтимал.

Кореяда заңсыз мигранттарды жұмысқа алатын кәсіпорындар еңбек, санитарлық және қауіпсіздік талаптарын сақтамайтыны айтылады. Бұл қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін. 2019-2022 жылдар аралығында осындай өндірістерде 61 Қазақстан азаматы қаза тапқан.

Мәселен, Асыл қатты ауырған кезде жұмыстан сұрану немесе жалақы жайлы білу үшін басшылармен сөйлесуде тілдік шектеу болғандықтан қиналғанын айтады.

Фото: Асыл

“Бірде бірге істейтін қыздың аяғын жүк машинасы басып кетті. Оның жан дауысы шықты. Аяғын мыжып кетіпті. Бір кезде бастық әйел жеке бөлмеге қызды шақырып, белгісіз құжатқа қол қойдырып алады. Қызға оның қандай құжат екенін ашық айтпаған екен. Ол жерде “менің жарақат алғаныма зауыт кінәлі емес” деп жазылғаны белгілі болды. Егер қол қоймағанда, аурухана шығынын зауыт бастығы төлейтін еді”, – деп ол жұмыс орнында болған оқиғаны баяндап берді.

Оның айтуынша, заңсыз жұмыс істеп жүргендердің айлығын мүлдем бермейді. Полицияға арыз жазып, адвокат жалдау арқылы ғана жалақыны қайтарып алуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, төлем ақысын ала алмай жүрген адамдарға көмектесетін Нодоңбу деген орталық бар екен. Асыл айлығын сол орталық арқылы 2 аптада қайтарған. Егер жалақыны бермесе, зауыт бастығына 3 миллион вон айыппұл салынады.

Ләззат Нұрғалиқызының сөзінше, мигранттар Корея азаматтарына қарағанда көп жұмыс атқарса да, аз табыс табады.

“Теңгемен мысал ретінде айтсақ, шетелдік мигрант 100 мың тапса, оның 20 мыңын басып қалады. Ол 20 мың сол елдің азаматының табысы ретінде саналады”, – деді экономист.

Сыртқы істер министрлігінің MNU Newsroom-ға берген жауабында Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша сол елдің билігімен тығыз жұмыс жүргізіліп жатыр.

2024 жылы 12 маусымда Оңтүстік Корея президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Кореяның Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

СІМ мәліметінше, 2046 қазақстандық Оңтүстік Кореядағы Қазақстан Елшілігіне консулдық есепке тұрған. Оның ішінде уақытша тіркелгендер – 2013 адам (студенттер, маусымдық жұмысшылар және елде 6 айдан аз болғандар), ал тұрақты тіркелгендер – 33 адам.

Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Оңтүстік Кореядағы Қазақстанның шетелдегі өкілдіктеріне жүгінген азаматтарға Қазақстан заңнамасы аясында уақытылы консулдық-құқықтық көмек көрсетіледі. Жалпы, 2019-2024 жылдар аралығында Қазақстанның Сеулдегі Елшілігінің консулдық бөліміне 212 өтініш тіркелген (2019 жылы – 12 өтініш, 2020 жылы – 41, 2021 жылы – 43, 2022 жылы – 57, 2023 жылы – 59, 2024 жылдың желтоқсанына дейін – 65 өтініш).

Фото: AP Photo/Ahn Young-joon

МИГРАНТТАР МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛМЕК?

Eurasian Center for People Management жобасының басшысы, саясаттанушы Айман Жүсіпова мәселенің бір ғана шешімі бар дейді. Оның сөзінше, ел ішінде жақсы жалақы төлейтін жұмыс орындарын ашу керек. Тәуелсіздік алғалы бері бұл басты міндеттердің бірі ретінде қарастырылғанымен, өзгеріс жоқ, жастар өз елінде тұрақты әрі лайықты төленетін жұмыс таппағаннан кейін шетелге кетуге мәжбүр дейді саясаттанушы.

Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяның Әділет министрлігі Қазақстан азаматтарына осы елде заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін келісімді қарастырып жатыр. Алайда корей тарабы Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне еңбек визасының мерзімі аяқталғаннан кейін өз азаматтарын елге қайтаруды қамтамасыз ететін механизмдерді әзірлеуді сұраған. Сонымен қатар, виза тәртібін бұзғаны үшін айыппұл салу қажеттігін айтқан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев бұл мәселелер Қазақстан Үкіметінде талқыланатынын айтты. Бірақ әзірге нақты ұсыныстар ашық айтылмады.

Оңтүстік Кореяда еңбек миграциясын жеңілдетуге бағытталған «Еңбекке рұқсат беру жүйесі» (Employment Permit System, EPS) деп аталатын бағдарлама жұмыс істейді. Бұл жүйе үкіметаралық ынтымақтастық негізінде жүзеге асырылады. EPS аясында E-9 санатындағы визалар енгізілген, олар біліктілігі төмен жұмысшыларға елде ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оңтүстік Корея жыл сайын 16 елден, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Вьетнам, Непал, Индонезия, Филиппин және басқа елдерден келетін жұмысшылар санына квота белгілейді.

Бұл жүйе Оңтүстік Корея тарабынан иммиграциялық саясаттың емес, экономиканың өсуі жағдайында жұмыс күшінің жетіспеушілігін толықтыруға арналған стратегияның бір бөлігі ретінде қарастырылады. EPS бағдарламасының арқасында соңғы 15 жылда 27 мыңнан астам өзбекстандық және 5 мыңнан астам қырғызстандық ресми түрде жұмысқа орналасу мүмкіндігін алды.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қазақстандық мигранттарға қатысты елшіліктің Оңтүстік Кореядан кетуге ұсыныс жасамағанын айтады.

“Әрбір азамат қай елде болсын, сол елді тастап шығу немесе шықпау туралы шешімді өз бетінше қабылдайды. Алайда, егер бұл азамат елшілікке жүгінсе, елшілік жағдайға байланысты ешқандай кедергісіз көмек көрсетеді”, – деді министр орынбасары.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *