MNU Newsroom
Аяулым Амангельдина, Ильнара Менисова, Фатима Ерімбет
Қазақстандағы университеттер әлемдегі өзге жоғары оқу орындары секілді білім беріп қана қоймай, студенттердің уақытын мазмұнды өткізуді мақсат етеді. Сондай үлкен шаралардың бірі – оқуға енді келгендерді студенттер қатарына қабылдау рәсімі. Ол әдетте үлкен концерттік шара ретінде өтеді. Астанадағы Maqsut Narikbayev University (MNU) де қабылдау кешін жыл сайын өз деңгейінде өткізіп келеді. Десе де, қабылдау кешінің деңгейі арта түскен сайын шараға дайындық талабы да өсіп, одан студенттер де түрлі қиындықтар көрген. Университет әкімшілігі кемшіліктерді болдырмауға тырысса да, қатысушылардың арыз-шағымы азаймай тұр.
MNU жаңа студенттерді қабылдау кешін кейінгі үш жылдан бері Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өткізіп келеді. Іс-шара бұған дейін де әртүрлі деңгейде ұйымдастырылған. Атап айтқанда, концерттік шара Конгресс-холлда, Бейбітшілік және келісім сарайында да өткен.
2023 жылы университеттің 30 жылдық мерейтойына орай, студенттер қатарына қабылдау кешінде сахнаға Қазақстанның ең үлкен туы шығарылды. 800 шаршы метрді қамтитын, салмағы шамамен 60 келі болатын жібек ту жиналған көрермен мен кеш қонақтарына ерекше әсер сыйлады. Биылғы шара да былтырғыдан кем түспеді. Кештің хедлайнері ретінде Ирина Кайратовна тобы өнер көрсетсе, қонақ ретінде ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов, журналист Динара Сәтжан секілді азаматтар шақырылды.
Іс-шара тек концерт түрінде емес, кейінгі жылдары сайысқа айналып, кубок үшін таласқа өзгерді. Арнайы бекітілген қазылар алқасы қатысушы мектептердің (факультеттердің — ред.) өнері мен ұсынылған тақырыптарды қаншалықты аша алғанын бағалап, жеңімпазды анықтайды. Атап айтқанда, 5 мыңға жуық көрермен алдында университеттің 4 мектебі кубок үшін бақ сынады.
Жыл сайын қарашаның соңында өтетін шараға студенттер қыркүйектен бастап дайындалады. Шоуға көбірек бірінші курс студенттері қатыстырылады. Бірақ оларды дайындауға жоғары курс студенттері тартылады. Әр мектеп өзінің театрлық қойылымдары мен әлеуметтік жобаларын ұсынады. Кей студенттер жарыс түрінде ауысқан шараға дайындық көпті қажытып, шаршатқанын айтады. MNU Newsroom сөйлескен студенттер мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі баяндап берді.
ДАЙЫНДЫҚТЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
Бірінші курс студенттері қабылдау кешіне дайындықты қыркүйекте бастайды. Ал жоғары курс студенттері дайындыққа жаздың ортасынан кіріседі екен. Әр мектептің студент жетекшілері қабылдау кешіне дайындықты әртүрлі бағытта бастайды. Мәселен, Халықаралық экономика мектебінің 4-курс студент басшыларының бірі Айша Исенееваның айтуынша, жоғары курс студенттері қабылдау кешіне арнап бөлек депозит ашады. Дайындық барысында студенттер осы депозиттен ақша алып, қажетіне жұмсайды.
“Біз жоғары курс ретінде қабылдау кешіне ақша бөлу оңай емес екенін әрі бюджеттің алдын ала жоспарланатынын білеміз. Бірақ қабылдау кеші біз үшін маңызды болғандықтан, қаржылай көмек көрсетуге бар күшімізді саламыз”, – дейді Исенеева.
Студент басшыларының пікірінше, деканат бөлетін қаржы қабылдау кешіне дайындықты толықтай қамтамасыз етуге жетпейді. Сондықтан дайындық шығындарының бір бөлігін студенттер өздері жабады.
“Биыл бізге онша көп ақша бөлінген жоқ. Біз студент болғандықтан, ақша қолымызға тікелей берілмейді. Алайда бізге материалдар немесе үй-жай бойынша төлем жасау керек болған жағдайда, басшылыққа төлем шотын жібереміз”, – дейді Жоғары Гуманитарлық мектептің студент басшысы Дильназ Бохаева.
Жоғары құқық мектебінің 1-курс студенті Арман қабылдау кешіне өз қалтасынан 100 000 теңге жұмсағанын айтты. Ал Жоғары гуманитарлық мектебінің 1-курс студенті Айана (есімі өзгертілген) 20 000 теңгеге шығындалған.
Айананың айтуынша, дайындыққа жетекшілік еткен 4-курс студенттері жалдамалы жердің (помещение) шығындарын өздері төлеп отырған.
“Біз небәрі 44 студент болған соң, жалдамалы аймақтың ақысын 4-курс студенттері өздері төлеп отырды”, – деп қостады ХЖМ 1-курс студенті Арайлым (есімі өзгертілген).
Университет әкімшілігі қабылдау кешіне арналған қаржылық шығындарға қатысты мәлімет жария етпеген. Ал әр мектеп жетекшілігі өз бюджетінен қабылдау кешіне қанша қаражат бөлетінін өзі шешеді. Мысалы, мектеп атынан ұйымдастыруға қатысқан экс-жетекшілердің бірі Диляра Имансерікованың айтуынша, былтыр Жоғары гумманитарлық мектебі 1 млн 50 мың теңге көлемінде қаражат бөлген.
ДАЙЫНДЫҚТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚҚА ӘСЕРІ
Қабылдау кешіне дайындық студенттердің денсаулығына да әсер еткен. Редакцияға пікір білдірген студенттер бұл тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да ауыр болғанын айтты.
Халықаралық экономика мектебінде 3-курста оқитын Мұстафа (есімі өзгертілді) дайындық кезінде курстардың арасында болатын қиындықтар мен кикілжіңдер себебі иерархияда дейді. Нақтырақ айтқанда, жоғары курс студенттері төменгі курстағыларға жекіре сөйлеп, кейде қатаң жазалау әдістерін пайдаланады.
“Бұл жердегі процесс деңгей бойынша жүреді: 1-курс, 2-курс, 3-курс. Бірінші курс студенттері жұмыс жасайтын инстурмент секілді. Менің ойымша осы иерархияны жою қажет”, – дейді ол.
MNU Newsroom тілшісіне пікір білдірген өзге студент жоғары құқық мектебінің кешке дайындық барысында патриархат элементтерін байқағанын атап өтті. Бірақ ол оны “дұрыс” деп есептейдінін айтты. Яғни, студенттің сөзінше, “[ұйымдастырушылар] қыздарды еш ренжітпейді, сен үшін жақтасатын адамың болады”.
“Психикалық жағдайыма келсек, қабылдау кешінің өзі маған тек жақсы тұсынан әсер етті деп айта аламын. Себебі бұл іс-шара өзіңді бір отбасы ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Әрқашан сені қорғайтын адамдарың артыңда тұрады», – деді ол.
Редакция сөйлескен жоғары құқық мектебінінің студенті дайындық басшыларының бірінші курстағылармен қарым-қатынасы түсініксіздеу болып көрінгенін атап өтті. Ол төменгі курстарға қойылатын қатаң дайындық талаптары “жеңіске жақын болу мақсатында” қойылса керек дейді.
Университеттегі қабылдау кешін өткізу мен оған дайындық салдарының студенттерге әсері жайлы білу үшін MNU Newsroom оқу орны жетекшісі Сергей Пенге хат жолдады. Десе де, мақала жарияланғанға дейін Пеннен жауап келген жоқ.
Университет әкімшілігі дайындық кезіндегі күйзеліс туралы біледі. Оның салдарын азайту үшін жоғары гуманитарлық мектебі жапа көрген студенттерге көмектесуге бағытталған “Психологиялық көмек” бөлімін құрған. Орталықты мектептің жоғары курс студенттері жүргізеді. Көбіне бірінші курс студенттері көмек сұрап барады екен. Мектеп өкілінің айтуынша, бұл бөлім жұмысы тек дайындық кешіне қатысты мәселелермен шектелмейді. Студенттердің оқу үлгеріміне не отбасы жағдайына байланысты сұрақтары болса, ашық талқылап, шешімін табуға қол ұшын созады.
MNU-дегі студенттік шараларді реттеп отыратын Departament of Students Activity кеңсесі биыл студенттер қатарына қабылдау кешіне байланысты 4 мектепке ортақ арнайы жарғы шығарды. Жарғы студенттердің өзара және университет қызметкерлерімен қарым-қатынасындағы жасауға болатын және болмайтын әрекеттерге қатысты.
Жасауға болмайтын іс-әрекеттердің біріне әлімжеттік жатады. Яғни, жоғары курс студенттері өздерінен кейінгі курстағыларға дайындық не студенттік жиындар кезінде түрлі қысым жасау қудаланады.
“Олар [басшылар] кейде қысым көрсете алады. Тәртіп көрсетуге бағытталған нәрселер бір сәтте мәжбүрлілікке айналуы мүмкін”, – дейді жоғары құқық мектебінің профессоры әрі қабылдау кешін ұйымдастырушы Руфат Гахраманов.
Гахраманов студенттер арасында әлімжеттік болмауы үшін жыл сайын дайындық кезінде мектеп басшыларымен кездесіп, талқылайтынын айтты. Ол кейін мұндай жиындарды студенттермен де өткізеді екен.
Мысалы, ұйымдастырушы екінші, үшінші және төртінші курс студенттерін спорт залдан шығарып, бірінші курс студенттеріне “Олар сіздерді ренжіте ме? Сіздерге қысым жасап жатқан жоқ па?” деген секілді сұрақтар қойып, анық-қанығын алдын ала анықтауға тырысатын айтты. Оның сөзінше, әзірге бірінші курс студенттерінің жауаптары қанағаттанарлық болған.
Университет әкімшілігі осылай алаңдаушылық танытқанның өзінде, студенттердің арасында ашық шағым түсіргендер қатары көп болмаған. DSA басшысы Жарас Асылбаевтің айтуынша, биыл тек бір шағым түскен.
“Онда [шағымда] деканмен де, жоғары курс студенттерімен де жұмыс жүргізілді және бұл ескерту форматында қалды. Біз мұны енді қайталанбайды деп айта аламыз”, – дейді DSA басшысы.
Руфат Гахраманов студенттерге дайындық кезінде алғашқы медициналық көмек керек болса, оған қажет көмек жинағы барын айтады. Бірақ студент басшыларына алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйретпейді, тек жалпы ережелермен танысады екен.
DSA басшысы Жарас Асылбаевтің айтуынша, қабылдау кеші кезінде жедел жәрдем машиналарының көмегі қажеттілік тудыра бермейді. Алайда City клиникасы студенттер қатарына қабылдау кеші кезінде 4 студентке көмек көрсеткенін мәлімдеді.
«Мен міндетті түрде жеңімпаздарды жариялағаннан кейін дәлізге қарай шығамын. Былтыр жеңілген мектептердегі студенттер жерде құлап жатты. Біз су беріп, көмектестік», – деді DSA team волонтері Тимур Мурсалов.
DSA team head-i, 3-курс студенті Ақбота Бекмырза іс-шараның ауқымдылығынан еріктілерде стресс болатынын жасырмады.
«Күні кеше жеңімпаздарды жариялағанда бір қыз бала есінен талып қалды. Киім ауыстыратын бөлмелерде орын өте тығыз, сол үшін де студенттер өзін жайсыз сезініп жатты», – дейді Ақбота.
«Жекпе-жек сарайының» инфрақұрылымы қабылдау кеші үшін ыңғайлы, жай ғана киінетін бөлмелерді үлкейтуге бір амал қолдану қажет деп атап өтті ол.
Еріктілерге іс-шара алдында DSA ұжымы «алғашқы көмек көрсету» жайында тренинг жүргізеді. Бұл іс-шарада болатын төтенше жағдайларға дайын болу үшін қажет.
САХНА СЫРТЫНДАҒЫ КҮЙЗЕЛІС
MNU студенттерін қабылдау кешін биыл 26 қараша күні өткізді. Шараны ұйымдастыруға қатысқандар “Жекпе-жек” сарайында дайындыққа берілген бөлмелер тар әрі аз болғанын айтады. Атап айтқанда, 4 мектеп, MNU Orchestra, The Mobtrix және VIA үшін небәрі 8 бөлме берілген. Үш бөлмеге жоғары гуманитарлық және халықаралық журналистика мектептері және MNU Orchestra мен VIA орналасса, тағы үшеуіне жоғары құқық мектебі мен The Mobtrix жайғасқан. Ал қалған екі бөлмені халықаралық экономика мектебінің студенттері алған. MNU Newsroom сөйлескен студенттердің айтуынша, биыл орын мәселесі біршама қиындық тудырған.
Мұндай қиындық студенттердің саны өсіп жатқанымен байланысты. MNU былтыр халықаралық журналистика мектебін құрып, студенттерді көбірек оқуға қабылдай бастады. Бірақ кеш өтетін сарайдағы дайындыққа берілетін бөлмелер саны өзгермеген.
“Бөлме іші тұншықтыратындай болды. Біз есіктерді ашып, студенттерге дәліздерге жиі шығып, дем алуына мүмкіндік бердік. Бірақ бәрібір дайындық кезінде ауа жеткілікті болмады. Өкінішке қарай, біз сонымен ештеңе істей алмадық”, – дейді жоғарғы гумманитарлық мектебінің 2023 жылғы студент басшысы Диляра Имансерікова.
Кештің ең қызық бөлігі үлкен би көрінісі кезінде де бірқатар мәселелер орын алған. Студенттер дайындық бөлмелерінде ауа тарылып, күйзелсе де, сахнаға шыққанда барынша күлімсіреуге тырысқанын айтады.
Халықаралық экономика мектебінің студенттері өздерінің соңғы қойылымында құм тәріздес түрлі түсті ұнтақ шашады. Бірақ бұл көрерменге тамаша әсер қалдырғанымен, олардан кейін сахнаға шыққан жоғары гуманитарлық мектеп студенттеріне мәселе тудырған. Атап айтқанда, шашылған құмға бірнеше студент тайып, аяқтарын қайырып алған.
Жоғары гуманитарлық мектебінің жетекші студенттері құм шашылатынын алдын ала білмегенін, алдын ала ескертілуі керек екенін айтады. Халықаралық экономика мектебінің жетекшілері бұл мәселені Руфат Гахрамановқа алдын ала айтқанын мәлімдеген.
Мұны іс-шара алдында басқа мектептерге айтпаудың өзге себебі де болған. Халықаралық экономика мектебінің студент жетекшілерінің бірі Мәди Сабыров құм шашу элементін басқа мектептер қайталамауы үшін ол туралы ашық айтылмады дейді.
“Бұл ерекше элементтер кейінгі 4 жыл ішінде сахнада мүлдем болмаған. Егер біз алдын ала айтсақ, басқа мектептер оны 100 пайыз қайталар еді”, – дейді Сабыров.
ЖЕҢІС АМБИЦИЯСЫ
Халықаралық экономика мектебінің 2022 жылғы студенттер жетекшісі болған Әділ Амантаевтың айтуынша, 5 жыл бұрын университеттегі мектептер арасындағы қарым-қатынастар басқаша болған. Олар өзара жарысуға қарағанда, біріне-бірі көмектесіп, жұмыстарына жақынырақ араласқан.
“Менің ойымша, қазір өзара байланысқа қарағанда жеңіске жету маңыздырақ болып тұр”, – дейді Амантаев.
2010-2018 жылдары студенттерді қабылдау кешінің бұрынғы қатысушысы, кейінгі 3 жыл қатарынан шараны жүргізген Асхат Сағитов та 14 жыл бұрынғы қабылдау кеші мүлдем бөлек өткендігін тілге тиек етті.
Сағитов халықаралық құқық мектебі атынан студенттік шараларға белсенді қатысқан. Оның сөзінше, ол кезде жеңіс жету емес, университеттің ортақ құндылықтары үшін күрес айқынырақ көрінген.
“Қазіргі қабылдау кешінің кейбір басшылары нағыз басшының қандай болу керегін білмейді. Осы позицияға жеке амбиция үшін келетін сияқты. Бірақ бұл менің жеке субъективті пікірім”, – деді Сағитов.