Сб. Июл 27th, 2024
Фото: kazguu.kzФото: kazguu.kz

2023 жылдың көктемінде Астанадағы Maqsut Narikbayev University (бұрынғы KAZGUU — ред.) әскери кафедрасы студенттерді қабылдауды тоқтатты. Студенттердің сөзінше, кафедра әдеттегідей қабылдау үдерісін бастағанымен, кейін қабылдау мүлде болмайтыны жайлы айтқан. Өтініш бергендер мұны әлеуметтік желілерде ашық талқылап, бұл шешімге наразы екенін білдірген. 

Студенттер ерікті түрде әскери кафедраға түсуге ниет білдіреді. Әскери кафедраның басты артықшылығы – офицерлік запасқа қабылдануға мүмкіндік алу. Офицерлік запасқа қабылдану үшін шартты түрде әскерден өту керектігі белгілі. Ал университет қабырғасында әскери кафедрадан білім алған азаматқа әскерге бару да міндеттелмейді. Нақтырақ айтқанда, кафедра түлектері әскерге мәжбүрлі түрде шақырылмайды.

Әскери кафедра студенттерге болашақта әскери саладағы әртүрлі мамандықтарды таңдауға мүмкіндік береді. Мысалы, толық әскери оқуды тәмамдамаса да, ұлттық қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура, тіпті қорғаныс министрлігінде мансап жолын жалғастыра алады. 

MNU әскери кафедрасы 1997 жылдан бастап студенттерді даярлап келген. Мұнда тек осы университет студенттері емес, жақын маңдағы Тұран, Назарбаев және тағы екі университеттің студенттері де әскери дайындықтан өтетін. 2022 жылы өткен соңғы іріктеуде 123 студент кафедраға қабылданған. 

«Іріктеу былтыр болған жоқ. 2023 жылы, биыл да болмайды. Бұл бірақ менің шешімім емес», – деді MNU әскери кафедрасының жетекшісі Амангелді Ибраев.

Ибраев MNU Newsroom тілшісіне кафедра өз жұмысын қазір оқып жатқан студенттер оқуын тәмамдағанша жалғастыратынын мәлімдеді. Ол жабылу себебін нақты айтпады. Университет әкімшілігі де әскери дайындық оқуын жабу туралы шешімін ашық мәлімдеген жоқ. 

Қазақстанда әскери қызметке шақыру 17 және 27 жас аралығында жүзеге асырылады. Қатардағы абитуриент әскери кафедрасыз офицер атағын алу үшін әскери институтта кемі 4 жыл білім алуы керек. Қарулы күштердің мансабында офицерлер дәрежесі жоғары бағаланады. 

MNU-дің 2 курс студенті Дарын Мұханбетжан дәл осы оқу орнына құжат тапсыру кезінде әскери кафедрада оқу мүмкіндігі негіз болғанын айтады. Ол өзінің болашағы үшін әскери билеттің маңызды екендігін айтады. Дарын былтыр әскери кафедраға өтініш берген көп студенттің бірі болған.

Ал әскери оқуды мақсат еткен тағы бір студент Сабыржан Қабдығали қазір MNU құқық мектебінде оқиды. Оның сөзінше, әскери кафедраның жабылғаны күтпеген жағдай болған. 

«Құжаттарды тапсырып болған соң, бірнеше аптадан кейін бізге әскери кафедра жабылады деді. Жабылуының себебін қазір әскери кафедраға қатысты Қорғаныс министрлігінің талаптары өзергенімен, біздің университеттің басшылығы жаңа талаптармен келіспегенімен байланысты деп түсіндірді», – деді MNU құқық қорғау қызметі мамандығының студенті Сабыржан Қабдығали.

MNU Newsroom әскери кафедраның жабылу себебін анықтау үшін университет провосты Сергей Пенге хат жазды. MNU жетекшісінен әзірше жауап келмеді. 

Әскери кафедраға іріктеу болмайтыны белгілі болғаннан кейін кей студент басқа университетке ауысуды ойластырған. 

«Иә, сол уақытта әскери кафедраның жабылуына байланысты басқа университетке ауысқым келген. Бірақ ауысуға қатысты туындаған мәселелер салдарынан бұл ойымнан бас тарттым», – деді 2 курс студенті Әмір Әлішеров.

Әскери кафедраны аяқтаған студентке, ЖОО-дағы оқуын бітіргеннен кейін дипломымен қоса «запастағы лейтенант» немесе «запастағы сержант» атағы беріліп, ол әскери төлқұжатта көрсетіледі. Ал әскери кафедрадағы оқуға грант бөлінеді. Олар тек офицер дәрежесіне оқитын студенттерге беріледі.

MNU Newsroom тілшісіне пікір берген университет студенттерінің айтуынша, әскери билет алу олардың болашақ мамандығы үшін өте маңызды болған.

«Әскери кафедраның болуы мен үшін маңызды болды. Бірінші критерий – офицер болғым келді», – дейді менеджмент мамандығының студенті Баубек Мырзабеков.

2023 жылы құжат тапсырған студенттер биыл әскери кафедраға түсуге ниет білдірер болса, тек запастағы сержант атағын алуға мүмкіндігі болады. 

«Басқа университетке кафедра үшін ауысу туралы ой болды. Менің ата-анамда да туындады. MNU-дегі оқуды әскери кафедрадан жоғары қойғаннан кейін басқа университетке ауысқан жоқпын», – деді 2-курс студенті Толғанай Күлбаева.

Қазір университеттің әскери кафедрасында 2022 жылы іріктеуден өткен 123 студент білім алып жатыр. Оның ішінде MNU, ҚазУТБ, Назарбаев және Тұран университеттерінің студенттері бар. Студенттер офицер дәрежесін алуға екі жыл, ал сержант болуға бір жыл оқиды.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *