Былтыр 9 қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы “аса қатыгездікпен өлтірді” деген күдікке ілінді. Бишімбаев ісіне қатысты сот процесі наурыз айында басталып, көп өтпей онлайн трансляция арқылы көрсетіле бастады. MNU Newsroom Бишімбаевтың сотта айтқан негізгі аргументтерін шолып көрді.
Бишімбаев 1 сәуірде әйелін “қасақана өлтірді” деген айыпты мойындаудан бас тартты. Оның сөзінше, бұл – абайсызда болған өлім.
“Сіз мені жек көре аласыз, қарғыс айта аласыз. Бірақ мен тағы да айтамын. Алла Тағаланың алдында, мен сіздің де, бәріңіздің де алдарыңда жауап беруге дайынмын. Мен қасақана [өлтірді дегенді] мойындамаймын. Менің мұндай әрекет жасауыма мағына да, идея да, ниет те болған жоқ. Мен Салтанатты жақсы көрдім”, – деді Бишімбаев.
Алайда, сот барысында айыпталушының бірнеше мәрте күлуі, тіпті келемеждегендей кейіп танытуы қоғамда наразылық тудырды.
“Кешірім сұрауы, мұның бәрі – цинизм. Әрине, ол – артист. Ол шетелде белгілі бір дайындықтан өткен. Алқабилерге және адамдарға әсер ету дағдыларын жетік меңгерген. Оны [Бишімбаевты] білмейтіндер сенуі мүмкін. Бірақ біз оны жақсы білеміз және оның айтқандарының бәрі таза су, алдау. Ол күліп тұрды. Оның жұбайы 5 ай бұрын қайтыс болды. Ол өз әйелін жақсы көрсе, күлмес еді”, – деді жәбірленушінің туысқан ағасы Қайрат Нүкенов.
1 сәуір өткен сот барысында экс-министр үйлену тойы өткеннен кейін Салтанат агрессивті, түсініксіз іс-әрекетке бейім болды дейді. Бишімбаевтың сөзінше, арада болған жанжалдар Нүкенованың агрессивті әрекетінен өршіген.
“…Бұл ары қарай қорлаумен, ыдыс-аяқ лақтырумен, төбелеспен жалғасты. Ол [Салтанат] мені интимді, қаржы және материалды жақтан өзге еркектерімен салыстыра бастады. Ол [Салтанат] басқаруға келмеді, ол төбелесе бастады”, – дейді экс-министр бірінші жанжал жайында.
Айыпталушының Салтанат бейнесін бұлай сипаттауы қоғам назарынан тыс қалмады. “Экс-министр өз мінезі жайлы айтты” деген күмәнді пікір әлеуметтік желіде тез тарала бастады.
“Бәйтерек” ұлттық холдингінің бұрынғы қызметкері Марат Шыналиев Бишімбаевты “психопат” деп және оның іс-әрекетіне көз жұмып қарағанына өкінетінін мойындады.
“Әдетте бұрыңғы басшылар жайында жақсы немесе мүлдем еш нәрсе айтпайды. 2015 жыл, кеңес сағат 15.00-де болу керек. Холдингтің барлық жетекші кадрлары сәл ертерек жиналды, шамамен 20 адам. Барлығы күтіп отыр. Ол [Бишімбаев] өзінің жұмыс компьютерінде Age of Empires III ойнап біткенше 1-2 сағат күтуге үйреніп қалғанбыз (бұл әзіл емес)”, – деп жазды Шыналиев өзінің Facebook парақшасында.
1 сәуір күні Бишімбаев Нүкенованың үйден кетіп қала беретіні туралы да айтты. Сөзінше, бұл оның белгісіз психологиялық жағдайымен байланысты. Ол Нүкенованы агрессивті, көбіне мазасыз және “мені үнемі бақылауда ұстағысы келеді” деп қайталап айтты.
Құқық қорғау органдарының кейбір мамандары Бишімбаевтың бұл түсініктемесін қоғам және алқабилер алдында Салтанаттың атына кір келтіру деп санайды.
“Мұның бәрі зардап шеккен әйелге қатысты зорлық-зомбылықтың тағы бір әрекеті. Жәбірленушіге қатысты теріс көзқарас қалыптастыру үшін сотталушы іс-әрекетінің жауапкершілігін жәбірленуші мойнына ілу”, – дейді адвокат Алия Омарова өзінің Instagram парақшасында.
Сот отырысында Нүкенованың әкесі қызының психикалық ауытқуы бар адамдар есебіне алынбағаны туралы медициналық анықтама көрсетіп, Бишімбаевтың аргументін жоққа шығарды.
Сондай-ақ, 11 сәуірде өткен сот отырысында қылмысты жасыруға көмектескені үшін қамауға алынған Бақытжан Байжанов сөз сөйледі. Ол Бишімбаевтың келтірген аргументтерін жоққа шығарды. Оның сөзінше, Салтанат ешқашан дөрекі мінез танытпаған.
“Мен азап пен қайғыны шын жүректен сезінемін. Себебі мен Салтанатты жақсы білдім. Оны [Салтанатты] жақсы жағынан білдім… Таңертен гастроцентрге келгенімде, мен Бишімбаевтың түні бойы жанжал көтергенін, ішімдік ішкенін және тағы да Салтанатты соққыға жыққанын білдім…”, – дейді Байжанов.
Ол Нүкенованың өте мейірімді болғанын айтады. Байжановтың сөзінше, Салтанат ресторан жұмысшыларына ешқашан дөрекілік танытпаған, тәкаппарлық көрсетпеген.
Айта кетсек, Бишімбаевқа қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.