Заманың түлкі болса, тазы болып шал
Соңғы уақытта қазақстандық блогерлер өз кітаптарын әлеуметтік желілерде қарқынды жарнамалап, ұтыс ойындарының құралы ретінде жиі қолдана бастады. Әлбетте, әр азаматтың кітап жазуға құқығы бар. Десекте, жарнамасы жер жарған кітаптардың барлығы бірдей сапалы ма? Мұндай үрдіс рухымыздың азығы болып келген кітап құндылығын төмендетіп жібермей ме?
Бұл құбылыс соңғы бес жылдықта қарқынды дамыды. Мысалы айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева психологиялық бағыттағы еңбегін жаппай сатып, жеңімпазға пентхаусын сыйлады. Кейін мұның тиімді екенін түсінген түрлі саладағы эксперттер, блогерлер қайталай бастады.
Біріншіден оларда үлкен аудитория бар. Екіншіден олар кітап жазу арқылы жеке брендін жасады. Үшіншіден кітап сату – лоторея ойыны секілді. Автор ешқашан ұтылмайды. Мәселен ұтысқа көлік тіксе, кітап сату арқылы оның ақшасын бірнеше есе шығарып алатынын біледі. Ең бастысы, бұл жерде жарнама мықты болуы керек. Ал қарапайым адамдар көбіне эмоцияға ерік беріп, «мүмкін ұтып қалармын» деген үмітпен жаппай сатып алады.
PR маманы Олеся Колесниченко да «аузы күйгендердің» бірі. Оның айтуынша, қызу жарнамалардың, ұтыс ойындарының кітап нарығына кереғар әсері, тіпті қаупі бар.
“Өкінішке қарай, маркетингтің өз кері әсері бар. Кейде кітаптың мұқабасы немесе аннотациясы сондай тартымды жазылады, тіпті біреу ұсынып та жатады, сонда сен: «О, бұл бір ерекше кітап екен, міндетті түрде оқу керек», – деп ойлайсың. Бірақ кейін оның далаға кеткен ақша екенін түсінесің. Мұндай жағдай өз басымнан да өткен”, — дейді.
Кітапқұмар Санжар Сейсенбаев жылына 100 кітап оқиды екен. Ол қазіргі кезде кітаптардың жарнамалануына қарсы емес. Себебі жастар арасында және жалпы Қазақстанда кітап оқу мәдениеті әлі де көңіл көншітерлік жағдайда емес. Десе де, Санжар блогерлер мен коучтардың кітапты ұтыс ойындарда қолдануына қарсы.
“Біз ондай блогерлер, SMM мамандары, коучтардың шығарған бір-екі беттіктерін кітап деп атамасақ екен. Оқырман ретінде ондайды кітап деп атауға дәтім бармайды. Өзінің қалай байығанын, жеткен жетістігін кітап емес, блокнот деп қабылдаймын. Кітапты енді ғана бастап оқитындар осындай кітаптарға ұрынса, кітаптан безіп кете ме деп қорқамын.”
«Үміт. Өмір үшін күрес», «Әйеліммен әңгіме» кітаптарының авторы, жас жазушы әрі медиа-маман Марғұлан Ақан ұтысқа арналған кітаптар әжетханада жатуы мүмкін дейді.
“Бір нәрсені ескеру керек. Сен ол кезде кітап сатып жатырмын деп ойлама. Мысалы, сен машина ойнатып, кітабыңды сатып, жүз мың дана өткізіп жібергеніңмен – шын мәнінде бір ғана машинаны саттың. Сен 100 000 оқырманға кітап сатқан жоқсың. Сен «100 000 оқырманның есінде қаларлық кітап жаздым» деп айта алмайсың. Себебі адамдар сенің кітабыңды оқу үшін емес, жай ғана көлік ұтып алу үшін сатып алды. Ал ол кітап әжетханада тұруы мүмкін, үстелдің астында қалуы мүмкін немесе сөреге қойылып, мүлде ашылмай қалуы мүмкін. Иә, әрине, оқитындар да бар шығар. Бірақ ондай кітаптарға оқырмандардың кері байланыс беріп, ерекше талқылап жатқанын көрген жоқпын”.
Заман талабы — жазушыдан кітап жазу былай тұрсын, маркетингті де игеруді талап етеді. Қаржы — кітап жазудағы күре тамырдай маңызды.
“Блогер мен жазушы емес азаматтардың кітап жазу себебі – біріншіден, олар сатуды игерген, әлеуметтік желідегі стратегияны меңгерген, рилсмейкермен, командамен жұмыс істейді. Ал қарапайым публицист-жазушы, отбасын әзер асырап, күн-түн демей роман, повесть, шығарма жазып жатқан жазушының осындай команданы қамтамасыз етуге ақшасы бар ма? Бұл — мүлдем бөлек әңгіме”.
«Қаржы қағидалары» кітабының авторы, жазушы Данияр Жігітбек те қоғамда белең алған мұндай құбылыс жақсылықтың нышаны емес дейді.
“Кітаптың ұтыс ойындарының құралы болғанын қаламаймын. Сатылатын кітап болады, оқылатын кітап болады. “Амалдар ниетке байланысты” деп жатады. Хош, бренд қалыптастыру, жарнама жасау үшін кітап жазды, кітап сатты дейік. Ол адам ниетіне жетеді. Бірақ адамдарға пайдасы тие ме? Олардың ойын, өмірін өзгерте ала ма? Саналарда, жүректерде із қалдыра ма? Меніңше, жоқ. Себебі ниеті басқа еді және бұл әділетті де деп ойлаймын”.
Блогерлерде оқырман, бизнесмендерде қаржы бар. Әлеуметтік желілерді шолып қарасақ, көп блогерлер психологиялық бағытта жазған, ал кәсіпкерлердің дені мотивациялық бағытты таңдапты.
“Қазіргі кітап баспаларында мотивациялық, бизнес, шетелдік кітаптар және қазақ жазушыларының құрғақ кітаптары қаптап кетті. Мысалы, «Меломанға» барсақ, кіре берісте мотивациялық кітаптар тұрады. Өзіміздің қатарластарымыздың көбі де сол шеңберден шыға алмай жатыр. Арзан ақыл, құр уақытша қанат бітіріп қоятын кітаптарға ғана бейімдірек. Көркем әдебиетті оқуда шабандау боп қалдық», — дейді Санжар Сейсенбаев.
«Оқырманы жоқ жазушы — өлі жазушы» дегендей, жақсы туынды жазу — жұмыстың бір бөлігі ғана. Ал оны толық елге таныстыру — бөлек әңгіме, дейді Олеся Колесниченко:
“Өзіңді жарнамалау өте қиын. Осы жерде жазушы әдеби продюсерге жүгінуі керек. Немесе тәжірибелі кеңесшіге, кем дегенде осы жолдан өткен адамнан көмек сұрап, тәжірибе алу маңызды, өйткені жазушы PR маман емес”.
Марғұлан Ақан Қазақстанда әдеби агенттіктердің толық қалыптаспағанына пұшайман. Иә, шынымен де бұл әдеби орта үшін келелі мәселе. Жазушы тек жазушылықпен айналысуы керек. Ал шетелде бұл жағдай түбегейлі өзгеше. Мысалы, Ұлыбританияда “Curtis Brown” агенттігі жазушылар үшін қолайлы жағдай жасап, кітаптың маркетинг, пиар, құқықтық, редакциялық міндеттерін өз мойнына алады, ал жазушы тек шығармашылық жұмыспен айналысады.

Әлбетте, әр адам кітап жазуға құқылы. Бірақ оқырман алдында жауапкершілік болуы — өз алдына міндет. Нарықтық экономикада кітапты сұрыптайтын, бағалайтын халықтың өзі. Соның нәтижесінде сапа өсіп, оқырман талабы күшейеді. Мысалы, шетелде кең ауқымда қолданылатын Goodreads атты қосымша бар. Бұл — біздің қолданатын Facebook тәрізді үлкен әлеуметтік орта. Осы платформада оқырмандар кітаптарды талқылап, өз пікірлерін жазып, бағалайды. Сәйкесінше рейтинг құрылып, оқырман ықыласына бөленгендері ұсыныста болып, ал төмен бағаланғандары ығысып кетеді. Данияр Жігітбек бізге де осындай шынайы бағалайтын қосымшалар артық етпейді деп есептейді.
“Ең мықты сұрыптаушы – халық деп ойлаймын. Халық айтса, қалып айтпайды. Кітаптың ғұмырын ұзартушы да, қысқартушы – халық.”
Кітап жазғанның бәрі жазушы емес. Санжар Сейсенбаев Қазақстандағы әдеби сынның жоқтығы шабақ жазушылардың көбейіп кетуінің себептерінің бірі деп бағалайды. Ал қаламгер, сыншы Бекен Ыбырайым сын жазудың өзі соңғы уақытта жоғалып бара жатқанын айтады.
“Қазіргі қаламгерлер сын жазуға уақытын кетірмейді. Себебі сын жазу оңай емес. Бір кітапты оқу үшін кем дегенде бір апта кетеді. Оған тағы мақала жазу үшін кем дегенде тағы бір апта қажет. Сонда біреудің еңбегін жарты ай бойы оқып, оны жазып отыра ма? Егер жазғаны үшін сөгіс алатын болса, кедергі келтіретін болса, аяғынан шалатын болса, дені сау адам жазбайды ғой.”
Ал сын қабылдау мәдениеті, Марғұлан Ақанның айтуынша, бізде әлі толық қалыптаспаған:
“Сын көтере алмау деген шынымен бар. Қит етсе әлеуметтік желіге бас салып шығады да, алдымен өзің солай жазып ал, тағысын тағы деп жазады. Сын көтеру мәдениеті бізде толықтай қалыптаспаған деп айта аламын. Бәлкім, ішінара бар шығар, бірақ жалпы тұрғыда солай.”
АҚШ, Ұлыбритания сынды мемлекеттерде әдеби сынның дамуының себебі — олардың The New York Review of Books, London Review of Books секілді кәсіби мамандар тоғысқан, тәуелсіз және беделді басылымдарының болуы. Мұндай платформалар әдебиет, кітап және жалпы шығармашылық сапасын арттыруға елеулі көмектеседі.
Ал еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл мәселеде тысқары қалуды жөн санайтын секілді.
“Елімізде кітап басып шығаратын баспа ұйымдары жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылады. Осы ретте, кітап нарығындағы сапасыз шығармаларды немесе әдебиеттің көркемдік, идеялық және тілдік деңгейін бағалай алатын ұйымдардың — мысалы, Қазақстан Жазушылар одағы, әдеби институттар сияқты қоғамдық бастамалар арқылы реттелуі дұрыс деп пайымдаймыз,” деп бізге жауап қатты.
Министрлік таяқтың ұшын Жазушылар одағына бұрды. Ал кітап басып шығаруға қатысты баспаханаларға қойылатын нақты ереже, талап жоқ. Талап жоқ жерде талғам туралы айтудың өзі артық. Блогерлер болса осы осы ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып қалуда.