Бұл да Астана
Астана дамып жатыр, бірақ қаланың даму қарқынына ілесе алмай қалған мекендер де бар. Елорданың төңірегінде орналасқан мына ескі саяжай аумағының тұрғындары жылдар бойы тұрмыс тауқыметін тартып келеді. Бұл аумақты жеке компания сатып алғанымен, сегіз жылдан бері ешқандай құрылыс жұмысы басталмаған. Ал сол аралықта ондаған отбасы инфрақұрылымсыз, қауіп пен белгісіздіктің ортасында өмір сүріп жатыр.

Жан-жағы тұрғын үйлермен қоршалған аумақ тұрғындары, ел назарынан тыс, көлеңкеде қалғандай.

Қараусыз қираған үйлер тұрғындар үшін күнделікті көрініске айналған. Маңайдағы үйсіздер мен ішімдікке салынғандардың жиі жиналатын мекені болып кетті.

Қалалық цивилизация қарқынынан қалып қойған халықтың өз мұңы бар. Саяжайдағы 40 шақты отбасы: “ел қатарлы өмір сүру — арманымыз”, — дейді.
Сусыз және газсыз өмір

Тұрғындардың айтуынша, аумаққа су жүйесі де, газ жүйесі де тартылмаған. Адамдар тіршілік көзін көшенің басындағы жалғыз колонкадан тасып ішеді.
«Әр үй кезек күтіп, бөтелкелермен тасиды. Қыста қатып қалады, сонда не істерімізді білмейміз», — дейді жергілікті тұрғын Сайлаубек аға.

Газ болмағандықтан, тұрғындар әлі күнге дейін көмір жағып отыр. «Оның бағасы қымбат, ал жеткізу қиынның қиыны», — дейді.
«Қазір бәрі газға өтіп жатқан заманда, біз әлі пеш жағамыз. Көмір таситын көлік әрең келеді, кейде апталап күтеміз», — дейді ол.
Картада жоқ мекен: жедел жәрдем таба алмайды

Тұрғындар үшін тағы бір күрделі мәселе — жедел жәрдемнің келмеуі. Себебі саяжай мекенжайы онлайн-карталарда көрсетілмеген.
«Жедел жәрдем шақырсақ, олар «мұндай көше жоқ» дейді. Сосын өзіміз жарты жолға шығып күтеміз. Біреудің өмірі үшін әр минут қымбат қой», — деп тағы күрсінді.
Қоқыс пен қауіп: көрші кешендердің тұрғындары тыныштық бермейді

Соңғы жылдары бұл маңда жаңа тұрғын үй кешендері бой көтерген. Бірақ жаңа көршілердің бәрі мәдениетті емес.
«Кешкісін жаңа үйлерден шыққан мас адамдар біздің аулаға кіріп, бөтелке, қоқыс лақтырады. Бірнеше рет полицияға шағымдандық, бірақ еш нәтиже жоқ. Келіп, бір-екі минут қарап кетеді», — дейді тұрғын.
Сайлаубек пен көршілері ең көп қорқатыны — өрт шығу қаупі. Саяжай аумағында бос тұрған, қураған шөп басқан ескі үйлер көп.

«Мас адам бір темекісін лақтырса болды, бәрі жанады. Өрт болса, бізді ешкім құтқара алмайды», — дейді ол.
Әсіресе жаңа заңның шығуымен, бұл қурайды өртей алмайтындығын да айтты.
“Жыл сайын тұрғындар болып өзіміз маңайды реттестіріп, қурай шөп пен қоқысты жинап, өртейтін едік” — деді.
Балалар үшін қауіп көп

Балалар мектепке жаяу қатынайды. Жолда жарық шамдары жоқ, ал қыс мезгілінде қараңғылықта жүру қауіпті.
«Балаларымызды таңертең өзіміз шығарып саламыз, кейіннен күтіп аламыз», — дейді Сайлаубек.

Сегіз жыл және белгісіздікпен өмір сүру
Аталған жер телімін сегіз жыл бұрын жеке құрылыс компаниясы сатып алған. Бірақ содан бері бірде-бір жұмыс басталмаған, тұрғындармен де ешкім байланысқа шықпаған.
«Біздің жерді сатып алды дейді, бірақ ешкім келіп, ресми сөйлескен жоқ. Бізді жай ғана ұмытып кеткен сияқты», — дейді тұрғын.

«Бізді көргісі келмейді»
Тұрғындардың айтуынша, кейде олардың аумағын уақытша қоршап тастайды. Мәселен, ел президенті Қ. Тоқаев жақын маңдағы спорт кешенінің ашылуына келгенде, саяжайлық аймақ темір шарбақпен жабылған.
«Сол кезде түсіндік: бізді ешкім көргісі келмейді. Біз үшін бұл елде орын жоқ сияқты. Сегіз жыл өтті, әлі сол қалпы тұрып жатырмыз», — дейді Сайлаубек.

Тұрғындар бірнеше рет Сарыарқа ауданының әкімдігіне ұжым болып барғанын айтты. Бірақ нақты жауап ала алмаған.

«Бардық, бәрін айттық. Уәде берді – «өзіміз хабарласамыз» деді. Бірақ содан бері не хат, не қоңырау жоқ», — дейді ол.
Астана — заманауи ғимараттар мен жарқыраған көшелердің қаласы. Алайда оның көлеңкесінде ұмыт қалған осындай кішкентай тұрғын алаптары бар. Мұнда адамдар әлі де тіршілігін жалғастырып келеді. Олар көп нәрсе сұрап отырған жоқ. «Тек су, жарық жүйелері жүргізіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілсе», — дейді.
Мақала авторы: Анеля Өтегенова