Сб. Дек 21st, 2024
Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалды

Гипербелсенділік және зейін тұрақсыздығы синдромы (ГЗТС) – әлем бойынша балалардың 5-8 пайызында, ал ересектердің шамамен 2,5 пайызында кездесетін нейробиологиялық бұзылыс. Бұл диагноз адамдардың зейіннің шоғырлануы, импульсивті әрекеттерді басқару және жоспарлау қабілеттерінде байқалады. Кейінгі жылдары ғалымдар арасында әлеуметтік желілердің әсерінен осы синдромды зерттеу едәуір артты.  Алайда, онымен қоса, адамдардың өз-өздеріне диагноз қою фактілері мен бұл ауруды дұрыс түсінбеу мәселелері де жиілеп кетті. 

ҚАЗАҚСТАНДА МАМАН ТАПШЫ

Астаналық Даяна Жұмабаева гипербелсенділік синдромымен ауыратынын 17 жасында білгенін айтады. Ол диганозды анықтау үшін елордадағы екі мемлекеттік аурухана мен бір психиатриялық емханаға жүгінгенін, бірақ нәтижеге көңілі толмағанын тілге тиек етті. 

«Психиатрлар ГЗТС не екенін білмеді. ГЗТС тек жеті жасар балаларда ғана болады деп қасарысты. Мұндай пікірдің жалған екені көп жылдар бұрын анықталып қойған», – дейді ол. 

Астанадағы мектептердің бірінде жоғары сыныпта оқитын Гаухар Абуалиеваны да зейін тұрақсыздығы мәселесі мазалаған. Ол да дәрігерлерге жүгініп, өзінде ГЗТС диагнозы барын анықтаған. 

Фото: UNICEF/2024/Zhanaidar Mapan

Жыл басында Даяна мен Гаухар өздері секілді жасөспірімдерге көмектесу үшін «Hi, ADHD» жобасын бастады. Олар жоба аясында гипербелсенділік синдромы мен психикалық денсаулық туралы түрлі ресурстарды ағылшыннан қазақ және орыс тілдеріне аударып, қазақстандықтарға қолжетімді болуына атсалысқан. Одан бөлек, олар Астана мен Бурабайда 255 адамға лекция өткізіп, мектеп оқушыларынан бастап ересектерге дейін қызығушылық танытқан азаматтарға гипербелсенділік синдромы туралы өз білгенін жеткізген. Лекция аясында ұйымдастырушылар ГЗТС туралы түрлі мифтер мен қоғамда қалыптасып үлгерген таптаурындар туралы айтып, осы диагнозы бар адамдарға көмектесетін лайфхактар туралы айтқан. 

Қазақстанда нақты осы диагнозға ұшыраған бала не ересек саны белгісіз. Себебі денсаулық сақтау саласында бұл синдромды анықтау жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Психиаторлардың айтуынша, Қазақстанда тынымсыз жүретін балаға диагноз қоймай, белсенділігін күшпен басуға тырысады. 

Жыл басында осы мәселеге қатысты Астанада үлкен форум өткен. Оған қатысқан балалар дәрігерлері Оқу-ағарту министрлігі бұл синдромды анықтауды білетін мамандар дайындауға назар аударуы керек деген. 

ГИПЕРБЕЛСЕНДІЛІК ПЕН ЗЕЙІН ТҰРАҚСЫЗДЫҒЫ СИНДРОМЫ ДЕГЕН НЕ?

Ғаламтор мен әлеуметтік желілер пайда болғалы бері, ата-аналар балаларының бойындағы гипербелсенділікке алаңдап, психологтарға жиі жүгіне бастаған. Мамандардың айтуынша, баланың тым белсенді болуы немесе айналасындағы дүниеге көп қызығушылық танытуы міндетті түрде ГЗТС белгісі бола бермейді.  

Гипербелсенділік және зейін тұрақсыздығы синдромының белгілері әртүрлі болуы мүмкін, бірақ ең жиі кездесетіндері мынадай:

  1. Зейін қою мәселесі: Адамның ұзақ уақыт бойы белгілі бір нәрсеге назар аудара алмауы және өмірінде тұрақсыздықтың байқалуы.
  2. Гиперактивтілік: Әсіресе балалар жиі тынымсыз болады, ұзақ уақыт бойы бір жерде отыра алмай, орындарынан тұрып кетіп, үздіксіз қозғала береді. Бұл кейде бала қызығушылығы көп болғанына, ал кейде оның ішкі мазасыздығынан туындайды.
  3. Импульсивтілік: Гипербелсенділік синдромымен ауыратын адамдар алдын ала ойланбастан, жүйесіз әрекеттер жасайды. Мысалы, олар басқалардың сөзін жиі бөліп, шешімдерді ойланбастан «автопилотта» қабылдайды. 

Жалпы ГЗТС белгілері депрессия немесе мазасыздық сияқты басқа да психикалық ауытқулармен ұқсас болуы мүмкін. ГЗТС туралы ақпарат санының артуымен бірге ересектердегі диагноздардың саны да әлем бойынша геометриялық прогрессиямен өсіп келеді. 2023 жылдың соңында АҚШ-та 9 миллион жағдай тіркелген, бұл 2007-2016 жылдар аралығындағы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп.

Мамандар ГЗТС синдромын анықтау қиын дейді. Ал оны ересек адамдардан анықтау тіпті қиынға соғады. Себебі синдром элементтері балаларға қарағанда ересектерде өте әлсіз болады. Себебі адам өскен сайын бойындағы кей өзгешеліктерді бейсаналы түрде өзгертуге тырысып, жасырып жүруге бейімделе береді.

Фото: medznat.ru

ЕРЕСЕК ЖАСТА ГЗТС-НЫ ӨЗ-ӨЗІНЕН АНЫҚТАУҒА БОЛА МА?

Қазір интернетте бұл туралы зерттеулер де, дәрігерлер аргументтері де инфлюенсерлердің ойлары да жиі кездеседі. Сондықтан адамдар дәрігерге бармай-ақ, ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйеніп, өзіне диагноз қойып та жүр. Ғалымдар ГЗТС белгілері басқа психологиялық немесе неврологиялық өзгерістердің белгілеріне ұқсас болуы мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар, кейде бұл жай ғана адамның жеке мінез ерекшеліктеріне байланысты болуы да ғажап емес. Сондықтан ғалымдар диазнозды білікті мамандар қойғаны жөн деп есептейді. 

Қоғамдағы түрлі трендтер мен өзгерістер туралы жазатын америкалық Dazed журналында жақында өзіне диагноз қоятындар туралы мақала жарық көрді. Анализ авторы кейінгі жылдары өзі диагноз қоятындар көбейгенін, олар бөлек субмәдениетке айналып үлгергенін жазады. 

Автордың пікірінше, бұл тенденция 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде пайда болды. Коронавирус себебінен қоғам оқшауланған кезде медициналық көмекке қол жеткізу қиындап, соның есебінен адамдар синдром симптомдарын өздігінен іздей бастады дейді. 

Бұл тенденция SickTok деп аталады. Мысалы, TikTok-та #СДВГ және #аутизм хэштегтері бар контенттер қаралымы 60,3 миллиардқа жеткен. Кейбір контент авторлары өз тәжірибесін бөлісіп, диагнозы туралы айтады. Алайда олардың арасында ресми және ресми емес диагноздар бар. 

Балалар дәрігері және ADHD UK ұйымының құрылтайшысы Макс Дэви тележүргізуші Надя Савала секілді диагнозы туралы ашық айтатын адамдар басқалардың ауруды анықтау үшін мамандарға жүгінуіне түрткі болғанын айтты

Фото: adhduk.co.uk

Надя Савала 50-ден асқан жасында ГЗТС диагнозы расталғанын ашып айтқан. 

“Мен өмір бойы бастан өткерген осы хаостың қандай да бір себебі бар екеніне келісе алмадым”, – деген еді ол сұқбаттарының бірінде.

ADHD UK қорының бас директоры Тони Ллойд ұйым деректеріне сілтеп, 2020 жылдан бері ересектердің диагнозын анықтау үшін жүгіну көрсеткіші 400 пайыз артқанын мәлімдеген.

Comprehensive Psychiatry журналында жарияланған ғылыми мақалада әлеуметтік желілердегі трендтердің жасөспірімдерге белгілі бір деңгейде оң әсері бар екені жазылған. Себебі жасөспірімдер трендтер мен ақпараттардан өздерін тануға тырысып, өз бойынан көрген симптомдарға ерекше мән бере бастайды. Десе де, бұл өзін-өзі тануға талпыныстың бір көрінісі болғанымен, кейде өз денсаулығын дұрыс бағаламауға немесе артық алаңдауға әкелуі мүмкін. 

“МИ ҚАНТЫ ДИАБЕТІ”

Балалар неврологы Виктория Шараевскаяның айтуынша, ГЗТС басқа да аурулар секілді әрқашан бар болғанымен, кеңес заманында бұл диагноз ресми түрде қойылмаған екен. 

“Егер мектепте оқыған кезіңізді есіңізге түсірсеңіз, сыныпта тынымсыз, шалт қимылдайтын бала туралы ойлауыңыз мүмкін. 17 жылдық тәжірибемде байқағаным, бұл бұзылыс бұрын да болған, бірақ оның белгілері басқа психиатриялық мәселелердің артында жиі «жасырынып» қала берген. Ол кезде ата-аналар баланың ерекшеліктеріне байланысты маманның көмегіне жүгінуді ойлай бермейтін”, – дейді дәрігер.

Психикалық және мінез-құлық бұзылыстарын емдеумен көп жылдан бері айналысатын психотерапевт Тұрған Сабыров диагноз туралы ақпарат көбейгеннен кейін адамдар балалық шағында көрген зардабын енді түсініп жатыр дейді. 

“Жылдар бойы оларға “мінезің нашар” немесе “тәртіпсізсің” деп айтып келді, сөйтіп қазір олар интуитивті түрде өздерін диагноз қойып, маман іздеуге кірісіп жүр”, – деді дәрігер. 

Сабировтың айтуынша, ГЗТС-ны емдеу мүмкін емес. Батыста бұл ауруды «ми қант диабеті» деп те атайды. 

“Мәселен, адамда өмір бойы қант диабеті болса, ол үнемі инсулин қабылдауға мәжбүр болады. Қант диабетін де емдеу мүмкін емес. Пациент өмір бойы инсулин қабылдап, қалыпты өмір сүреді. Қоғам оның инсулин алуына тыйым салуы керек пе? Әрине, жоқ. ГЗТС-де сол секілді”, –  деді ол. 

Халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарының мәлімдеуінше, гипербелсенділік синдромы туралы ақпарат алу деңгейі бүгінде артып келе жатқанына қарамастан, көптеген балаларда диагноз әлі де кеш қойылады. Дұрыс емделмеген жағдайда, синдромы бар адам өзін тым қатты сынап, нәтижесінде өзіне деген сеніміне селкеу түсуі мүмкін. Ол кейін баланың оқу үлгеріміне, замандастарымен қарым-қатынасына, ал ересектерде жұмысының прогресіне әсер етуі ықтимал. Ғалымдар ГЗЖС синдромын тез анықтап, оған қатысты шара қабылданбаса, ол депрессияға дейін жеткізуі мүмкін екенін айтады.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *