Кеш қалмау үшін
4 баланың анасы Эльвира отандық медицинаға мүлде сенбейтін. Төртінші нәрестесін дүниеге алып келгенде оның жатыр мойнында ісіктің бары анықталады. Кейін Эльвираға емханадағы дәрігер бірнеше мәрте хабарласып, тегін скринингтен өтуге шақырады. Алайда ол селқос қарап, емханаға мүлде бармады. Осы уақыт аралығында қатерлі ісік клеткалары Эльвираның ағзасын біртіндеп жаулап, өсе берді. Жақындарының сөзінше, ол салғырттыққа салынып жүре берді. Тек халі асқынып, төсек тартып қалғанда ғана туыстары оны мәжбүрлеп, ауруханаға апарған. Дерт дегеніне жетті. Рак клеткалары басқа органдарды зақымдап үлгерген. Көп ұзамай 4 баланың анасы дүниеден озды.

Ал бізге сұқбат берген Айгүлдің (есімін өзгертуді сұрады) оқиғасы Эльвираның жағдайына мүлде ұқсамайды. Себебі ол денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Астана қаласында тұратын Айгүл осы жылы достарымен жалпы 7 адам болып, Оңтүстік Кореяға cheсk-up өтуге барған. Ондағы дәрігерлер 4 сағаттың ішінде толық тексеріп шығыпты.
“Сондай-ақ сапар алдында тар буынды мамандарға өзіміз жазылып қойғандықтан олардың қабылдауында болып, арнайы кеңес алдық. Барлық нәтиже 2 аптадан кейін Қазақстанға жіберілді,” — дейді ол.

Фотосурет Айгүлдің жеке архивінен алынған.
Екі жыл бұрын Айгүлдің жұбайы ауырып қалған кезде, дәрігерлер ұзақ уақыт диагноз қоя алмапты. Астанада, Алматыда және туған қаласында бірнеше рет дәрігерге қаралған. Оның ойынша, негізгі мәселе медициналық тексеріске кезектің тым ұзақ болуында.
“Кейбір процестерді жақсарту үшін таныстарды да іздеуге тура келді. Медициналық сақтандыруымыз бола тұра, кейбір қызметтерді ақылы түрде алдық және маманға қаралу үшін алдымен терапевтке жазылу қажет. Ал жазылу үшін бір ай күту керек, оған кіргенше тағы біраз уақыт өтеді, сосын барып тар буынды маманға жібереді. Ал ол мамандарға да бірнеше ай бұрын жазылу қажет. Осылайша, бұл шеңбермен жылдап жүре бересің,” — дейді ол.
Айгүлдің айтуынша, Оңтүстік Кореядағы дәл сол құрал-жабдықтар мен мамандар Қазақстанда да бар. «Алайда толық чекаптан өту үшін бір айдан көп уақыт керек», — дейді.
“Сонда емделу үшін жұмыс кестеңді, отбасыңа бөлетін уақытты бейімдеу керек. Егер Қазақстанда Оңтүстік Корея секілді жарты күнде өтуге толықтай өтуге мүмкіндік болса, керемет болушы еді. Әйтпесе МӘМС жүйесіне ақша төлесек те, одан ешқандай пайда алмаймыз,” — дейді ол.
Қазақстандықтар check-up өтуге неге құлықсыз?
MNU Newsroom тілшісі еліміздегі check-up өту мәдениетін анықтау мақсатында арнайы сауалнама жүргізді. “Тексерістен өтпеуге сізге не кедергі келтіреді?” деген сұраққа қатысушылардың 29,4%-ы “жекеменшікке барғым келеді, бірақ бағасы қымбат” деп жауап берген. Ал 27,9%-ы медициналық тексерістен өтпеуінің себебі ретінде уақыт тапшылығын көрсеткен.

Check-up пен скринингтің айымашылығы қандай?
Сheck-up — дені сау адамның өз денсаулығын алдын ала тексеруі, яғни бойында ауру белгілері болмаса да, болуы мүмкін қауіптерді ерте анықтауға бағытталған профилактикалық медициналық тексеру. Көп жағдайда толыққанды check-up бағдарламасы ақылы түрде жүргізіледі.
Ал скрининг — ауруды ерте кезеңінде анықтау үшін денсаулығына шағымы жоқ адамдардың медициналық тексерілуі. Оның чекаптан айырмашылығы — белгілі бір жас тобына кіретін адамдар, тіркелген емханасындағы медбикенің шақыруымен тексеруден өтеді. Мысалы, жатыр мойны обыры ауруына скрининг 30-70 жас аралығындағы әйелдер арасында 4 жылда 1 рет өткізіледі.
Өз еркіңізбен медициналық тексерістен қаншалықты жиі өтесіз?
Мәселені тереңірек түсіну үшін “Өз еркіңізбен медициналық тексеруден қаншалықты жиі өтесіз?” деген сауалнама жүргіздік. Өкінішке қарай, жауап берушілердің жартысынан астамы тек ауырған кезде ғана дәрігерге баратын болып шықты.

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың меңгерушiсi Индира Құсайынованың сөзінше, елімізде қатерлі ісікпен ауыратын және ауруын асқындырып келетін пациенттердің саны артпаса, кемімей тұр. Кейбір пациенттер III немесе IV сатысында ғана медициналық көмекке жүгініп жатады.
“Бұл – қазіргі онкологиялық қызметтің өзекті проблемаларының бірі. Сондықтан да профилактикалық тексерулер мен дәрігерге уақытында қаралу – онкологиямен күрестегі ең маңызды қадам,”— дейді ол.
Сонымен қатар дәрігер check-up өтудің өмір сүру ұзақтығына әсері жайлы бірнеше халықаралық зерттеулермен бөлісті.
Жапония, Германия, Швеция мемлекеттерінде профилактикалық тексерістен өтетін азаматтардың үлесі жоғары, сол себепті оларда орташа өмір сүру ұзақтығы жоғары. Harvard Medical School зерттеуіне сәйкес, тұрақты check-up жүрек-қан тамыр аурулары мен инсульттің және кейбір онкологиялық аурулардың жиілігін 20-30%-ға төмендетеді. Оңтүстік Корея мен Израильде ұлттық check-up бағдарламасын енгізгеннен кейін 10 жыл ішінде өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай артқаны байқалған,” — дейді Индира Құсайынова.
Мәселенің шешімі бар ма?
MNU Newsroom журналисті сауалнама өтушілерден “Сіздің ойыңызша, адамдарды медициналық тексерістен өтуге ынталандыру үшін үкімет тарапынан қандай шаралар жасалуы қажет?” деп сұрап көрді. Бір кейіпкеріміз бұл сұраққа былай деп жауап берді:
“Адамдар медициналық тексерістен өтуге ниетті болу үшін, үкімет ең алдымен бұл процесті жеңілдетуі керек. Біріншіден, тексерістер тегін немесе арзан болуы тиіс. Екіншіден, халыққа оның маңызын нақты мысалдармен, өмірден алынған оқиғалармен түсіндіру қажет. Үшіншіден, ауыл-аймақтарда арнайы жылжымалы медпункттер болса, шалғайдағы адамдар да тексеріле алады. Ал жұмыс істейтіндер үшін — жұмыстан арнайы рұқсат күні берілуі керек. Сонда адамдар тексеріске баруға уақыт та, себеп те таба алады», -дейді
Үкімет тарапынан қандай жұмыстар жасалып жатыр?
MNU Newsroom журналисті Денсаулық сақтау министрлігіне еліміздегі профилактика жұмыстарына байланысты арнайы сауал жіберді. Министрлік атқарылып жатқан істердің тізбегін осылай түсіндірді.
“Еліміздегі азаматтардың скринингтерден өтуі үшін онкологиялық орталықтардың ресми сайттарында, әлеуметтік желідегі аккаунттарында ақпараттық хабарландырулар, ашық есік күндері, түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, барлық амбулаториялық-емханалық ұйымдардың ғимараттарында ақпараттық стендтер ілінген. Амбулаториялық-емханалық ұйымдар, бекітілген адамдардың ішінен скринингтік зерттеп-қараудан өтуі тиіс адамдарың тобын жасақтайды, қоңырау шалу, SMS-хабарлама, үй аралау арқылы скринингтен өтуге шақырады”.
Check-up мәдениетін дамыту үшін не істеу керек?

Фотосурет Индира Құсайынованың жеке архивінен алынған.
Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың меңгерушiсi Индира Құсайынованың сөзінше, жылына бірнеше рет міндетті check-up күндерін белгілеу еліміздегі профилактикалық медицина мәдениетін дамытуға үлкен септігін берер еді. Оның ойынша, аурудың алдын алу — емдеуден әлдеқайда арзан, әрі тиімді жол.
“Бұл мемлекетке эпидемиологиялық жағдайды бағалауға, денсаулық сақтау саясатын тиімді жоспарлауға көмектеседі. Денсаулыққа жауапкершілік артады. Міндетті күндер арқылы азаматтар тек ауырғанда емес, алдын ала тексерілуге дағдыланады. Бұл идеяны орындауға әрине, мемлекеттік қолдау, жұмыс берушілермен серіктестік және ақпараттық кампаниялардың белсенді жұмысы арқылы ғана жүзеге асыруға болатын шығар,” — дейді ол.
Әрине әр адам өз денсаулығы үшін ең алдымен өзі жауапты. Мемлекет check-up өтуді ешкімге міндеттей алмайды. Бірақ толық тексерістен өтудің бағасы мен уақыты тиімді ұйымдастырылып, жұмыс толық жүйеленсе, халықтың медициналық тексерістен өту мәдениеті қалыптасары сөзсіз. Ал әзірге бұл салада созбалаңға салыну, айлап кезек күту секілді жәйттар аяққа тұсау болып тұр.