Қазақстандық чемпиондар неге өздерін жоғалтып жатыр?

Қазақстандық чемпиондар неге өздерін жоғалтып жатыр?

Жеңістен кейінгі жеңіліс

Қазақстандық спортшылар әлемдік олимпиадаларда талай рет көк туымызды желбіретті. Ел қоржынына алтыннан, күмістен, қоладан медаль салған чемпиондарымыз көп. Дегенмен әр жеңістің артында ұзақ жылдарға созылған еңбек, ауыр дайындық, үлкен қысым және қатаң талаптар тұр. Көпшілік спортшылардың жеңісін ғана көреді, ал сол жеңістің қандай психологиялық құнмен келгенін біле бермейді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жарыс подиумынан кейін өздерін жоғалтып жатқан спортшылар көп. Бірі ішімдікке салынса, енді бірі суицид жасап, тағы бірі күзетші болып күн көріп жүр. Неге? Бұл спортшылардың олимпиададан кейінгі өмірге дайын болмауы ма, әлде психологиялық тұрғыда өзін жоғалтуы ма?

Спортшылар үшін ең қиын жағдайлар даңқтың даңғазасы басылғаннан кейін, басталады. Күнделікті тәртіп тоқтап, бұрынғы қарбалас бірден баяулағанда, спортшылар өз сезімдерімен бетпе-бет қалады. Сол кезде ұзақ уақыт бойы жиналған эмоциялар сыртқа шығып, адамды жалғыздық пен күйзеліске алып келетін сәттер жиілейді. Кәсіби спорттан кейін жаңа өмір бастау, жаңа рөл табу әр спортшы үшін күрделі кезең.

Мұны қазақстандық ауыр атлет, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Карина Горичева да жақсы біледі. Ол Олимпиададан кейінгі кезеңді сырт көзге байқалмайтын, бірақ спортшы үшін ең күрделі сәттердің бірі деп сипаттайды.

«Олимпиада ерекше эмоциялық өрлеу. Бірақ дәл сол себепті жарыс аяқталған соң өте ауыр кезең басталады. Барлығы біткенде, ішің босап қалғандай болады, себебі адреналин жоқ, одан үлкен мақсат жоқ. Бірнеше жыл өмір сүрген тәртіп пен режим кенеттен үзіліп қалады», – дейді ол.

Жоғары нәтиженің артында тұрған үлкен психологиялық салмақ жарыс аяқталса да жоқ болып кетпейді, ол спортшыны кейін де ұзақ уақыт бойы қуалап жүреді. Карина бұл күйді әлсіздік деп емес, үлкен спорттың заңдылығы деп қабылдайды.

«Ірі жарыстардан кейінгі бос сезім қалыпты реакция. Себебі ұзақ уақыт бойы бір мақсатпен өмір сүресің, бар күшіңді соған жұмсайсың, ал бәрі аяқталғанда ағза да, психика да үзіліс талап етеді. Бұны әлсіздік деп емес, спорттың ажырамас бөлігі деп қабылдауды үйрендім».

Карина сөз еткен ішкі күйзеліс пен жүйелі қысым бүгін ғана пайда болған құбылыс емес. Бұл жағдай әр буынның спортшыларында әртүрлі формада болған ұзақ жылғы мәселе. Кейбіреулер бұл кезеңді абыроймен еңсерсе, енді біреулер үшін ол өмірді мүлде басқа арнаға бұрып жібереді. Сондықтан мұндай қиындықтар олимпиадалық деңгейдегі талай атлеттің тағдырында қайталанып отыратыны таңқаларлық емес. Осы құбылыстың қаншалықты терең екенін түсіну үшін Сергей Филимонов сияқты спортшылардың өмір жолына көз жүгірту жеткілікті.

Жеңістен кейінгі ең ауыр сынақ

Қазақстан спорт тарихында аты ерекше аталатын 2004 жылғы Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері Сергей Филимонов үшін де нағыз күрес тұғырдан түскеннен кейін басталған. Жеңістен кейін жиналған шаршау мен ішкі күйзеліс, мансаптың ең биік сәтінен соң туған белгісіздік оның өмірін бақылауда ұстауды қиындатып, ақырында алкогольге тәуелділікке әкелген. Күнде жаттығу жасап, тәртіппен өмір сүріп үйренген адам үшін кенеттен пайда болған еркіндік тұзаққа айналды.

Сергей Олимпиададан кейінгі алғашқы айларды еске алғанда, жылдар бойы үздіксіз жаттығу, тұрақты қысым, жауапкершілік пен жарыстан жарысқа өту аяқталған сәтте денесі емес, алдымен жаны тыныстағанын айтады. Сол тыныс оған керек те еді, алайда спорттағы үлкен мақсаттарға жеткеннен кейін туған бос кеңістік адамды түрлі жолға салуы мүмкін, ал Филимонов сол кезде өзін тоқтата алмады.

«Шынын айтсам, өзімнің екінші орын алғанымды білгенде қатты жеңілдеп қалдым. “Бәрі бітті ме?” деп ойладым. Жиындар, дайындықтар әбден шаршатқан еді. Өзімді бірдeн еркін сезіндім, себебі таңертең тұрып жаттығуға барудың керегі жоқ болды».

Спортшыны аяққа тұрғызған тәртіп жоғалғанда, оның орнын уақытша жеңілдік алуға деген ұмтылыс басты. Сол кезеңде ішімдік оның өмірінің бір бөлігіне айналып, уақыт, энергия, мүмкіндіктер, тіпті қатынастары біртіндеп қолынан сусып кетті. Сергей сол кезеңді, табыс пен құлдыраудың арасындағы шекараның қаншалықты жіңішке болатынын түсінгенін айтты. Оның сөзінше, бәрі жақсы көрінген шақтың өзінде де өмір бір сәтте өзгеріп кетуі мүмкін екен. 

Сол кезде оның қолында даңқ, құрмет, тұрақты табыс, жанында жүрген достары болды. Бірақ ішімдікке беріле бастаған сәттен-ақ бұл дүниенің бәрі көз алдына шашырап жоғалған. Сергей тіпті Афина Олимпиадасындағы медалі үшін мемлекет берген үш бөлмелі пәтерін де жоғалтып алғанын жасырмайды. Сол жылдары қандай күйге түскенін өзі де түсінбей қалған, тіпті медальдарының қайда кеткенін де есіне түсіре алмады.

«Олимпиададан кейін біраз демалғым келді. Сол кезде ішімдік күнделікті әдетіме айналды. Жылдар бойы жүйкеме түсіп келген салмақ бір сәтте босап, ешкім кедергі жасамайтын ортада өзімді тоқтата алмай қалдым. Қолда ақша бар, атыңды ел таниды. Дәл осындай кезде айналаңда “дос” көбейеді».

Бұл кезең оның жеке тарихындағы ең әлсіз, ең қорғансыз сәт болды. Олимпиаданың күміс жүлдегері әлем алдында мықты болып көрінгенімен, ішкі әлемінде ол үлкен бос кеңістікпен, шаршаумен және жалғыздықпен күресіп жүрген адам еді. Жеңістен кейін адамның психологиялық күйі қандай сынға түсетіні, спортшының ішкі даусы қалай дабыл қағатыны осы оқиға арқылы айқын көрінеді.

«Ол кезде жанымда ешкім болған жоқ. Тек мен және ішімдік. Шын достарым да жоқ еді. Ақша шыққанда ғана достар табылады. Бір күні ешкімге керек еместігімді түсіндім. Бұл күйге мен өзім түстім. Бұл үшін ешкімді кінәламаймын, өз кінәм», — дейді Филимонов.

Филимоновтың тарихы бізге бір қарапайым, бірақ маңызды шындықты көрсетті: спорттағы ең ауыр жол әрдайым старт пен фиништің арасында емес. Көп жағдайда ол финиш сызығынан кейін басталады. Оның өміріндегі бірінен соң бірі жалғасқан қиындықтар Филимоновты біраз уақытқа Қазақстаннан алыстатты. 2005 жылы Талдықорған-Үштөбе тас жолында ол 23 жастағы жігітті қағып кетіп, жолаушы сол жерде көз жұмған. Қайтыс болған жігіттің туыстары Филимоновты кешіргенімен, бұл оқиға спортшыға ауыр психологиялық соққы болып тиіп, оны терең күйзеліске түсірді.

«Қиын кезде Ресейге көшіп кеттім. Бүгінде Қазақстан азаматтығы жоқ, әлі Ресей азаматы ретінде жүрмін. Бірақ жүрегім ешқашан туған жерден алыстаған емес. Енді өз елімнің азаматтығын қайтарып алғым келеді».

Сосын ол Ресейде күнкөріс қамымен әртүрлі жұмыс істеп, кейін көлікке қызмет көрсету орталығына (СТО) келіп орныққан. Қазір Мәскеуде еңбек етеді. 

«Сол кезде аяқ астынан бәрі өзгеріп, өмірімнің қай арнаға бұрылып кеткенін өзім де түсіне алмай қалдым. Қолымнан ештеңе келмей қалғандай күйде жүрдім. Оның үстіне қатты ішетін кезеңім еді, өзімді жоғалтып алдым. Штанга көтеруге шамам жетпеді, ал Қазақстанда жұмыс іздеуге намысым жібермеді. Кемеровоға барып, тағы да ішіп жүрдім», дейді спортшы.

Соған қарамастан, оның ойы туған жерінен ешқашан алыстаған емес. Филимонов Қазақстанға оралуды жоспарлап жүр. Келген соң жас спортшыларға көмектесіп, бапкерлікке кіріскісі келеді. Өз айтуынша, жылдар бойы жинаған білімі мен өмірлік тәжірибесі өзгелерге қажет болуы мүмкін.

Менің жасым қазір елуге таяп қалды, зейнет жасына да дайындалу керек. Ол үшін Қазақстан азаматтығы қажет. Азаматтықсыз ресми түрде жаттықтырушы болып қалу мүмкін емес. Бар арманым елге оралу, жастарға көмектесу. Бірақ бұл мәселе әлі де шешілмей тұр».

Бүгінгі таңда Сергей Филимонов өмірін толық өзгерткен. Ішімдіктен бас тартып, қиын кезеңнен өз күшімен шыққанын айтады. Сол уақыттан бері дінге келіп, өміріне жаңа тәртіп пен тұрақтылық енгізген. Бүгінде ол өткеннің ауыр кезеңін артта қалдырған.

Бәлкім, егер сол кезде спортшыларды тек жарысқа ғана емес, даңқтан кейінгі өмірге де дайындау мәдениеті болғанда, мұндай жағдайлар мүлде басқаша сипатта өрбуі мүмкін еді. Спортшының мансабы қысқа, ал оның артындағы өмір әлдеқайда ұзақ. 

Допинг дауының соққысы

Спортшының жолындағы қиындықтар тек ішкі сезімдерімен шектелмейді. Жүйенің өзінен туындайтын, аяқ астынан келетін сыртқы соққылар да бар. Солардың бірі — допинг дауы, ол талай спортшының өмірін түбегейлі өзгертіп жіберді.

Бұл ретте допинг мәселесі сырт көзге тек ереженің бұзылуы сияқты көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде ол спортшының психологиясына қатты әсер етеді. Адам жылдар бойы жетістікке ұмтылып, өз еңбегіне сеніп, белгілі бір мақсатқа бар күшін салғанда, кенеттен шеттетілу немесе айыпталу оның ішкі әлемін күйретіп жібереді. Көп жағдайда спортшылар бұл жағдайды өте ауыр қабылдайды, себебі бұл олардың абыройына, мансабына және өмірінің бүкіл бағытына әсер етеді.

Сонымен бірге допинг дауының әрқашан тек спортшының өзінен басталмайтынын да спорттық орта біледі. Кей жағдайларда қате, салғырттық немесе әдейі жасалған әрекеттер чемпиондардың атына нұқсан келтіріп, оның тағдырын мүлде басқа арнаға бұрып жібереді. 

2016 жылы Қазақстан ауыр атлетикасы үлкен допинг дауының ортасында қалды. Сол жылы қазақстандық штангистер Алмас Өтешов, Ермек Өміртай және Жасұлан Қадырбаев Хьюстонда өткен 2015 жылғы әлем чемпионатынан кейін тапсырған сынамаларынан тыйым салынған заттар табылып, халықаралық ауыр атлетика федерациясы оларды ұзақ мерзімге жарыстардан шеттетті. Өтешов пен Өміртай төрт жылға дисквалификация алса, Қадырбаев бұған дейін станозолол қолданғаны үшін ұсталғандықтан, ең жоғарғы жаза сегіз жылға шеттетілді.

Жасұлан Қадырбаев: сегіз жылға созылған күрес

Жасұлан 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған танымал ауыр атлет. Ол допинг айыптауларының өз өміріндегі ең ауыр кезең болғанын жасырмайды. Оның айтуынша, Олимпиадаға небәрі сегіз ай қалған сәтте халықаралық допинг орталығынан келген хат бар жоспарды бұзып, өмірін басқа арнаға бұрып жіберген. Қадырбаев дисквалификациядан кейін спортшының жағдайы күрт өзгеретінін атап өтеді. Бұрын мемлекет қамқорлығында жүрген атлет бір мезетте қолдаусыз қалады.

«Дисквалификациядан кейін спортшының маңайындағы қолдау бірден тоқтайды. Бұған дейін интернаттағы оқуын, тамағын, шетелдік жиындарын қамтамасыз етіп келген мемлекет қаржыландыруды қояды. Келесі күні спортшыға енді өзің жұмыс істеуің керек деген талап қойылады. Жоғары спорттық деңгейден түсіп, 100 мың теңгеге жуық жалақы алатын жаттықтырушы болып күн көру, отбасы асырау оңай емес», — дейді ол.

Жасұлан бұл кезеңде өзі де біраз уақыт бағытынан адасып, әртүрлі жұмыстар жасап көргенін айтады. Оның сөзінше, дисквалификациядан кейін тұрақты жұмыс табу үлкен сынақ болған.

«Көп жерге бардым, талай есікті қақтым. Таныстарым “орын болса, хабарласамыз” деп шығарып салатын, бірақ нақты ұсыныс болмады. Сол себепті ол кезең мен үшін өте ауыр өтті», — дейді.

Уақыт өте ол өзіне жаңа талап қойып, ешкімге жалынбай өз жолын табуға тырысқан.

«Өзіме өзім қолдау боламын деп шештім. Сегіз жылда жасамаған жұмысым қалмады. Тренер болдым, методист болдым, директордың орынбасары болдым, көкөніс те саттым», деп бөліседі.

Жасұлан сол кезеңде федерация тарапынан айтарлықтай қолдау болмағанын жасырмайды. Оның сөзінше, қиын шақта демеу болған тек жеке адамдар мен бапкерлер болған.

«Федерация үлкен тірек бола қойған жоқ. Бар көмекті бапкерлерден көрдім, олар тіпті көліктерін сатып, шетелге барып-келуіме жәрдемдесті. Сол кезде өзімді ешкімге қажет емес адамдай сезіндім. Қазір ойласам, шынымен де солай болған сияқты. Адам ең алдымен өзіне және отбасысына ғана керек екенін кейін түсіндім», — дейді ол.

Бүгінде Жасұлан қайтадан спортқа оралып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алған. Оның тәжірибесі допинг дауына іліккен спортшы үшін қалыпқа келу жолының қаншалықты күрделі әрі ұзақ болатынын анық көрсетеді.

Тұғырдан кейінгі құлдырау

Дәл осындай ауыр кезеңді басынан өткерген тағы бір спортшы — әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешев. Дисквалификация оның мансабын ғана емес, денсаулығы мен өмірін түбегейлі өзгерткен. Көпшілікке белгілі мәліметтерге сүйенсек, сол кезеңде Алмас ұзаққа созылған ауыр эмоционалдық кезеңге түсіп, ішімдікке тәуелді бола бастаған. Кейін оның досы Илья Ильин қолдау көрсетіп, реабилитациялық орталыққа орналастыруға көмектесті.

Ауыр атлет Алмас Өтешев те бұл тақырыпты берген сұхбаттарында бірнеше рет көтерген. Сол кезеңді еске алғанда, спорттағы даңқ пен құлдыраудың қалай тез алмасатынын айтып қынжылды. Оның сөзінше, тұғырға көтерілген сәтте бәрі қол соғып, қошемет көрсетеді, ал бір рет сүрінсең, сол адамдар әп-сәтте теріс айналады.

«Бір көтерілсек бәрі қол бағыштайды. Бір сүрінсек, сол сәтте жек көріп кететіндер табылады. Мұны әлі күнге дейін түсіне алмаймын. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. 230 келіні көтеру оңай емес. “Допинг” дейді, бірақ ондай салмақты жай ғана көтере салу мүмкін емес қой. Сол жылдардағы ауыр жаттығулар мен үлкен салмақтардың салдары денсаулығыма да оңай тиген жоқ», — дейді ол.

Жылдар бойы ел намысын қорғап, талай жетістікке жеткен адам бір күнде жарамсыз ресурсқа айналғандай күй кешеді. Кейбірі бұл кезеңнен өте алса, кейбірінің тағдыры мүлде басқа арнаға бұрылып кетеді. Осы ауыр шындықты талай спортшы басынан өткерген. Солардың бірі бұл жағдайдың түпкі әсерін былай жеткізеді:

«Мен халқымды шын жүрегіммен жақсы көремін, қазақ екенімді әрдайым мақтан тұтамын. Бірақ бір жерде сүрінсең, сол сәтте ешкімге қажет болмай қалатының жаныңа батады. Владимир Седовтың да, Альберт Линдердің де тағдыры соның дәлелі. Бір кезде біз елдің туын көтердік, абыройын қорғадық, бірақ уақыт өте келе мемлекетке де, жүйеге де керек болмай қалатын кез болады екен».

Үлкен спортты тастағандардың 20%-ы тәуелділікке бейім болады

Спортшының мансабы аяқталғаннан кейін психологиялық дағдарысқа тап болуы тек Қазақстанға ғана тән емес. Бұл бүкіл әлемде байқалатын, жүйелі түрде зерттелген құбылыс. Халықаралық ұйымдардың деректері көрсеткендей, спорттағы жоғары нәтиженің құны көбіне тек физикалық емес, эмоционалдық тұрғыдан да өте ауыр.

Халықаралық Олимпиада комитетінің (IOC) зерттеулері бойынша, элиталық деңгейдегі спортшылардың 34–45% мансап барысында немесе одан кейін депрессия белгілерін бастан кешіреді. Бұл көрсеткіш қарапайым халыққа қарағанда екі есеге жоғары. Яғни, үлкен жарыстарда тұғырға шыққан адамның да ​​ішкі күйі тұрақты бола бермейді.

Sports Medicine Journal жариялаған жүйелі шолуларға зер салсақ, спортшылардың 28–35% мазасыздықтың күшеюін сезінеді, ал кейбіреулерінде бұл жағдай мансап аяқталғаннан кейін тереңдей түседі. Эмоционалдық тұрақсыздық, ұйқының бұзылуы, мақсаттың жоғалуы,  мұның бәрі спорттан кейінгі өмірге бейімделуді қиындатады.

Australian Institute of Sport мәліметтері тағы бір маңызды тенденцияны көрсетеді: спортты тастағаннан кейін спортшылардың шамамен 20% тәуелділікке бейім болады. Бұл көбіне бос кеңістікті толтыра алмаудан, күнделікті тәртіптің жоғалуынан, жаңа өмірге бейімделудің қиындықтарынан туындайды.

Ал мансап аяқталған сәттің өзі спортшылар үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болып саналатынын зерттеулер растайды. Австралиялық ғылыми есепте спортшылардың 46% өз мансабын аяқтағанда өзін «жоғалтқандай» сезінгенін айтқан. Ол тұлғалық дағдарыс, «identity loss» деп аталатын құбылыс, себебі адам өзін кім екенін қайта анықтауға мәжбүр болады.

Халықаралық Олимпиада комитетінің 2021 жылғы зерттеуі тағы бір маңызды фактіні алға тартады: спортшылардың 70% мансап аяқталғанға дейін болашақ өміріне дайындық жүргізбейді. Яғни, адамдар жылдар бойы тек спортқа бағытталғандықтан, кейінгі кәсіби жолы туралы ойлауға уақыт таппайды. Сол себепті өтпелі кезең өте ауыр өтеді. Sports Medicine Review деректеріне сүйенсек, кәсіби спортшылардың суицидтік ойларға тап болу қаупі жалпы халыққа қарағанда 2–3 есе жоғары. Бұл көрсеткіш спорттағы психологиялық қиындықтардың қаншалық терең екенін ашады.

Спортқа салаланған психологтардың тапшылығы

Бұл деректердің барлығы бір үлкен шындықты көрсетеді. Эмоционалдық дағдарыс спорттың тек жергілікті емес, халықаралық деңгейде де өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Жүлде мен даңқтың дақпырты аяқталған соң спортшының жаңа өмірге бейімделуі үшін кәсіби қолдау, психологиялық ресурстар және білім беру мүмкіндіктері қажет. Әлемдік тәжірибеде спорт психологиясы команданың толыққанды бөлігі. Ал Қазақстанда бұл бағыт әлі қалыптаса алмай келеді.

Көп спортшылардың мансаптан кейінгі күйзелісін, жарақаттан кейінгі кезеңді немесе жарыс алдындағы қысымды жеңілдететін мамандар саны Қазақстанда әлі де аз. Сол себепті біз спорттағы психологиялық, медициналық қолдау жүйесінің қазіргі жағдайын анықтау үшін сала мамандарын сөзге тарттық.

Алдымен біз Жетісу облыстық Олимпиадалық даярлау орталығының директоры Мәулен Мамыровпен тілдестік. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, еркін күрестен танылған спортшы ретінде ол бізге пікірін былай жеткізді:

«Менің білуімше, кәсіби деңгейдегі спорттық психологтар Қазақстанда өте аз, сонымен бірге спорттық дәрігерлер де. Әсіресе өңірлерде мүлдем тапшы деуге болады. Оларды даярлау бағыттарын көбейту керек. Жалақысы төмен болғандықтан, бұл салаға мамандар келмей жатыр. Егер еңбекақысы көтерілсе, мұндай кадрлар да көбейер еді деп ойлаймын».

Оның айтуынша, спорттың қазіргі динамикасы психологиялық қолдауды аса қажет етеді, бірақ бұл салаға маман дайындайтын оқу бағдарламалары да жеткіліксіз. Сондықтан кадр тапшылығы жыл сайын күрделеніп барады.

Спорттағы психологтардың жұмысы туралы толық түсінік қалыптастыру үшін біз өңірлік спорт мектептерінің бірінде қызмет ететін маманмен де сөйлестік. Психологтың айтуынша, спортшылармен жұмыс тек жеке кеңеспен шектелмейді. Эмоциялық қолдау, түсіндіру сабақтары, ата-анамен және жаттықтырушылармен жұмыс, топтық тренингтер, жаңа спортшыларды бейімдеу, күйзеліске қарсы профилактикалар жасалады екен.

«Менің мойнымда бүкіл мектептің психологиялық қолдауы тұр. Топтық тренингтер мен күйзелістің алдын алу бойынша шағын бағдарламаларды да өзім ұйымдастырамын. Бір штаттық психологқа бұл өте ауыр. Кей күндері физикалық емес, эмоциялық тұрғыдан қатты шаршаймын. Менің білімім жалпы психология, ал спорт психологиясына келуім арнайы курстар арқылы болды».

Бұл мәселеге қатысты біз Спорт және туризм министрлігіне ресми сауал жолдадық. Министрліктің жауабы да бұл бағыттың әлі толық қалыптаспағанын растады. Жауапты орган былай деп мәлімдеді:

«Қазақстан Республикасының ұлттық құрамалары спорт саласына арналған спорттық психологтармен қамтамасыз етілген. Алайда қазіргі таңда елімізде спорт саласына салаланған маман-психологтардың жетіспеуі байқалады. Бұл жағдайдың негізгі себептерінің бірі — спорт психологиясы бағытындағы кадрларды кәсіби деңгейде даярлайтын оқу бағдарламаларының аздығы және саланың әлі де даму үстінде болуы».

Қолда бар бастамалар бар болғанымен, олардың бірыңғай, толыққанды жүйеге айналмағаны анық. Спортшының эмоциялық саулығы, мансаптан кейінгі өмірге бейімделуі немесе жарыс кезіндегі тұрақтылығы бүгінде маңызды талаптардың бірі, бірақ қазіргі инфрақұрылым оған әлі толық жауап бере алмай отыр.

Мұнда көзге бірден түсетін нәрсе спортшының тағдыры тек оның жеке жігеріне ғана емес, оны қоршап тұрған жүйенің сапасына да тәуелді. Егер жанында кәсіби психолог болмаса, оның барлық ауыр эмоционалдық жүгі көбіне жаттықтырушының мойнына түседі. Медициналық мамандар жеткіліксіз болған жағдайда спортшы жарақатпен жаттығып, өз денсаулығын қатерге тігуге мәжбүр болады. Ал мансаптан кейінгі өмірге бағыт-бағдар беретін мамандар болмаған кезде, тіпті ең мықты чемпиондардың өзі ең қиын кезеңдерін жалғыз өткереді.

Қазіргі спортта эмоционалдық қолдау қосымша қызмет емес. Бұл кәсіби ортадағы қажетті элемент. Әлемнің дамыған елдерінде әр командада психолог, ментор, реабилитациялық маман, әлеуметтік қызметкер бірге жұмыс істейді. Қазақстанда мұндай қолдау жүйесі енді ғана қалыптасып келеді.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ