Блогерлер неге шектен шығып барады?

Блогерлер неге шектен шығып барады?

Блогерлердің қоғамдағы рөлі

Бір жазбамен миллиондаған адамның ойы мен шешіміне ықпал ету мүмкін болған қазіргі заманда блогерлерге артылар жүк бұрынғыдан да арта түсті. Бірақ олар жауапкершілікті сезінбек түгілі,  керісінше аудиторияны қысым немесе табыс құралына айналдырып барады. Мәселен, биыл 34 танымал блогердің тыйым салынған онлайн-казиноларды жарнамалағаны қоғамда үлкен резонанс тудырды. Блогерлердің енді бірі ақша бопсалаумен айналысып, соңында түрмеге қамалды. Сонымен қазақстандық блогерлер не себепті бұлай шектен шығып барады? MNU студенті Қарақат Бақтылова мәселені зерттеп көрді.

 «Бүгінде блогерлік жанр тек ақпарат тарату құралы ғана емес, сонымен қатар теріс пиғыл мен пропаганданың алаңына айналып барады. Қоғам арасында зерттелмеген, бұрмаланған деректерге сенетін буын пайда болып отыр», — дейді тарихшы Бүркіт Аяған.

Оның айтуынша, блогерлік деген дүние кеше ғана пайда болған жоқ. Ол адамзат пайда болғалы бар. Бірақ бұрынғы дәуірде қоғамдық пікір айтудың өзіндік ережесі мен жауапкершілігі болған. Ал бүгінгі әлеуметтік желінің күшеюі бұл мәселені одан әрі күрделендіріп отыр.

«Қазір блогерлер не айтса да, жүздеген, мыңдаған адамға бірден жететін мүмкіндікке ие. Ең қауіптісі — жұрт оны шындық деп қабылдайды», — дейді Б. Аяған мырза.

Иә, біздің қоғам сенгіш. Ақпаратқа анализ жасау жағынан ақсап тұрмыз. Оның үстіне еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін әлеуметтік желінің құлағына жармасып алған. Ұлттық статистика бюросы халықтың интернет желісін пайдалану үлесі 95,3 пайызды құрағанын айтты.

графика: Ұлттық статистика бюросы сайтынан алынды

Блогерлер неге бопсалаушы болып кетті?

Халықтың жаппай әлеуметтік желіге көшкені блогерлерге жақсы болды. Қолдарында енді қару бар. Шымкенттік блогер аудиториясын қысым құралы ретінде қабылдаса керек, сол арқылы әкімшілік қызметкерін бопсалаған. Ол мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіретін материалдарды әлеуметтік желіде жарияламауға уәде берген. Сол үшін 10 млн теңге бопсалап, көп ұзамай  ұсталды.

фото: https://t.me/POLICE_of_KZ сайтынан алынды

Бұл жағдай блогерлік — тек ақпарат тарату немесе қоғамдық пікір қалыптастыру құралы емес, бопсалау секілді қылмыс түріне жол ашатынын қауіп екенін көрсетті. Блогерлердің кейбір әрекеттері жалған ақпарат тарату, кибербуллинг жасау, жеке тұлғаларды кемсіту және әлеуметтік шиеленісті ушықтыру сияқты теріс салдарға әкеліп жатыр.

Сөзімізге дәлел оболсын, жуырда тағы бір блогер мүгедек такси жүргізушісін мазақ қылды. Дәлірек айтқанда Нұрила Аманбаева есту қабілеті нашар такси жүргізушісін мазақ етіп түсірген видеосын жариялады. Оның бұл әрекетінен қоғамда үлкен резонанс туындап, блогер елден кешірім сұрап, құтылды.

Осылайша, блогерлердің бірі бопсалаумен айналысып елді шулатса, енді бірі мүгедек кісіні келемеждеп, көкесіні көрсетті. Ал тағы бір блогерлер онлайн казиноларды жарнамалап, істі болды.

2025 жылы Қазақстанда онлайн казино жарнамалаған 34 блогер анықталды. Бір блогер ойындарға миллиондаған теңге жұмсаған. Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал қалған 23 блогерге қатысты материалдар Мәдениет және ақпарат министрлігінде қаралуда.

фото: Telegram: View @afm_rk сайтынан алынды

Бұл оқиғалар блогерліктің қоғамға тигізер ықпалы мен жауапкершіліктің маңыздылығын тағы бір еске салды. 2020 жылдан бері блогерлерге қатысты құқықтық шаралар үнемі қабылданып келеді: 2024 жылдың қаңтар-шілде аралығында 5 блогер жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 2022 жылы қаржы пирамидаларын жарнамалаған блогерлерге қатысты қылмыстық іс қаралды. 2023 жылы парламент жалған ақпарат үшін блогерлерге әкімшілік жауапкершілік белгілейтін бапты мақұлдады. Бірақ соған қарамастан блогерлер әлі ойына келгенін айтып, тайраңдап жүр. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, «өз парақшам, өзім білемінге» салынып жүр.

Блогерлерге талап күшеюі тиіс

Біз бұл мақаланы дайындау барысында блогерлерді де сөзге тарттық. 553 мыңнан астам оқырманы бар блогер Самат Бекебаевпен (samat.bloger) сұқбаттастық. Қоғамдық пікір қалыптастыруда ықпалы жоғары блогер бүгінгі контент нарығындағы жауапкершілікті басты проблема деп санайды. Оның айтуынша, әріптестерінің қоғам алдындағы міндетін толық сезінбеуінің негізгі себебі — салада нақты заңдық талаптардың болмауы.

«Бар мәселе — нақты ереже мен міндеттердің болмауынан туындап жатыр. Бұл салаға орталық деңгейде талаптар енгізіліп, қандай әрекетке жол берілмейтіні анық жазылуы керек. Қаралым жинау мақсатында шектен шығу — қалыпты құбылысқа айналып кетті. Блогерлерге этика бойынша базалық оқыту, арнайы курс немесе сертификат жүйесі қажет. Сонда бүкіл саланың мәдениеті өзгерер еді», — дейді ол.

Ол блогерлердің тек жеке күнделік жүргізетін автор емес, қоғамдағы оқиғаларға әсер ететін тұлға екенін атап өтті. Соңғы уақытта белең алған мемлекет қызметкерлерін бопсалау әрекеттеріне қатысты да пікірін білдірді:

«Соңғы уақытта билік өкілдерін бопсалау арқылы пайда табу әрекеттері жиі байқалып отыр, әсіресе Түркістан мен Шымкент аймақтарында. Меніңше, мұндай істерге араласатын блогерлердің бір бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте істеген немесе белгілі бір ақпаратқа қол жеткізе алған адамдар. Осындай заңсыз әрекеттердің көбеюіне жол бермеу үшін дәл осы бағыт бойынша қылмыстық жауапкершілікті күшейту, заңды қатайту қажет деп ойлаймын», — деді Самат мырза.

Блогер медиаэтиканың маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі ақпараттық ортада кез келген сөз, пікір немесе жай ғана ұсыныс қоғамның бір бөлігіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан блогерлер тек көрермен жинауды емес, сол аудиторияға қандай құндылық жеткізіп отырғанын ойлауы тиіс:

«Медиаэтиканы сақтау мен үшін маңызды. Дегенмен, кейде мойындаймын, барлық талаптарды мінсіз орындамайтын жағдайлар болып жатады. Бізден кейін өсіп келе жатқан жас буын бар екенін ескерсек, блогерлерге салық мәселесінде де, этика мәселесінде де нақты заңнама әзірленсе, бұл саланың дамуына да, жалпы ортаға да оң ықпал етер еді деп санаймын», — дейді.

Самат Бекебаевтың айтуынша, этика тек жеке таңдау емес, үлкен аудиториясы бар әрбір контент жасаушының кәсіби міндеті. Сол себепті блогерлердің құқықтары мен жауапкершілігін айқындайтын бірыңғай талаптар бекітілсе, ақпараттық кеңістіктегі ретсіздік азайып, қоғамның сенімі арта түсер еді», — дейді.

Заңнамалық жауапкершілік

Жалпы блогерлердің жүгенсіз кетуі тек Қазақстанға тән құбылыс емес. Басқа елдерде  бұнымен күресіп жатыр. Мәселен Қытайда 2025 жылы қабылданған жаңа ережелер блогердің кәсіби біліктілігін қатаң талап етеді. Әсіресе медицина мен қаржы сияқты адам өміріне тікелей әсер ететін салаларда лицензиясы жоқ тұлға ешқандай кеңес бере алмайды. Қазақстандық судья, құқық магистрі Айбек Амангельдин «бізге де осындай қатаң тәртіп керек», — дейді.

«Қазақстандағы онлайн платформаларда ақпарат тарату — тек еркіндік емес, нақты заңдық міндет. Блогер жалған ақпарат таратса, жарнаманы жасырса немесе аудиторияны адастырса, ол әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл механизмдер блогердің аудитория алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталған», — дейді заңгер.

Айбек мырзаның айтуынша, Шымкент пен Таразда болған оқиғалар мен онлайн-казино жарнамалаған 34 блогердің ісі блогерлердің әрекеті құқықтық тұрғыда қатаң бақылауды қажет ететінін айқын көрсетті. Сол себепті блогерлерге контенттің сапасын арттыру, аудиторияны медиасауаттылыққа үйрету және коммерциялық жарнаманы ашық көрсету ұсынылады. Бұл ақпараттық кеңістіктің сенімділігін арттырып, блогерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді.

Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігінің блогерлерге арналған медиа тренингтері мен семинарлары цифрлық контентті тиімді және жауапкершілікпен жасауға, тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Осындай жобалар көбейсе, блогерлердің медиасауаттылығы мен аудитория алдындағы жауапкершілігі одан әрі нығаяды.

Блогер — тек сөздің емес, ықпалдың иесі

Әрбір сөздің салмағы бар. Ал ақпарат қару құралы емес. Сол себепті контент жасаушылар заң алдындағы жауапкершілікті жадынан шығармағаны жөн. Ол үшін медиасауаттылықты дамыту, аудиторияға тек тексерілген, сенімді ақпарат жеткізу қажет.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ