Чт. Авг 14th, 2025

Биыл елімізде қуаңшылық салдарынан астық өнімділігі айтарлықтай төмен болуы мүмкін. Түркістан облысының фермерлері қуаңшылыққа байланысты мал азығының тапшылығы байқалатынын айтады. Бұл жағдай азық-түлік нарығына қалай әсер етпек? Мал азығын реттеу үшін үкімет қандай шаралар қолға алып жатыр? Мамандар құрғақшылық мәселесін шешудің қандай жолдарын ұсынады? Бұл мәселені MNU Newsroom тілшісі зерттеп көрді.

“Шаңырақ” ұлттық республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы филиалының басшысы Әліпбек Әшірұлының айтуынша, олар елімізде үлкен қуаңшылық болатынын былтырғы жылдың аяғында бірнеше рет ескерткен. Бірақ фермерлердің дабылына ешкім құлақ аспаған секілді.

Фотосурет Әліпбек Әшірұлының жеке архивінен алынды

“Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Жыланды, Боралдай елді мекендеріндегі арпа мен бидайдың, мақсары мен жоңышқаның жағдайын өз көзіммен көріп қайттым. Арпа мен бидай ораққа ілінбейді. Бас байлаған секілді, бірақ масағында дән жоқ. Бұл – қуаңшылықтың әсері. Көктемде егілген арпа мен бидай күннің ыстығына және ылғалдың жоқтығына байланысты күйзеліске түсіп, ерте бас байлаған. Осының кесірінен өнімділік төмендеп жатыр”, – дейді Ә. Әшірұлы.

Қоғамдық бірлестіктің филиал басшысы үкімет бұл мәселені білсе де, тиісті шара қабылдап отырған жоқ деп мәлімдеді.

“Қуаңшылық салдарынан өнімділік төмендеп, бұл мал азығының қымбаттауына алып келеді. Ал мал азығының қымбаттауы басқа да заттардың бағасына әсер етеді, яғни елімізде азық-түлік бағасы шарықтап кетуі мүмкін”, – дейді Әліпбек Әшірұлы.

Қуаңшылық салдарынан фермерлер де шығынға ұшырап жатыр. Солардың бірі – Алайдар Қорабаев. Ол жаңбыр мен қар суына тәуелді тәлімді егіншілік түрімен айналысады. Биыл құрғақшылыққа байланысты шығындарын жабу үшін өзге фермерлер секілді несие рәсімдеген. Мемлекеттен 42 млн теңге қолдау алған ол енді қаржыны қалай қайтарарын білмей дал.

“Сондықтан да біз облыстық басқармаға айтып, мәселені көтеріп жүрміз. Біз дотация сұрамаймыз, ең болмағанда көктемгі дала жұмыстарына алған несиелеріміздің өтеу мерзімін келесі жылдың өніміне дейін шегере тұруды сұраймыз. Өйткені қазір шаруалардың қаражатты қайтаруға жағдайы жоқ”, – дейді Алайдар Қорабаев.

Алайдар Қорабаевтың биыл көктемде еккен мақсарысы өнбеген.

“Күздік егіске бидай еккен кезде қардың суы аз болды. Ал қар суы неғұрлым аз болса, соғұрлым жерде ылғал да аз болады. Одан кейін көктемгі егістікте арпа, мақсары, жоңышқа дақылдарын өсіреміз. Мысалы, екі жыл бұрын жаңбырдың суы көбірек болатын, содан аз болса да егістік шықты. Қазір тіпті егістік шықпай тұр. Бұрындары да қуаңшылық болды, бірақ биылғыдан төмен болды. Ол кезде өнім жақсы болды. Қуаңшылық қазір қаттырақ сезіліп тұр. Сондықтан да несие алуға мәжбүрмін”, – дейді ол.

Әліпбек Әшірұлының айтуынша, мәселе тек Түркістан облысымен шектелмейді. Оған Жамбыл облысының Мойынқұм мен Талас аудандарынан да шаруалар хабарласып, өнімсіз қалғанын айтқан.

Шаруалар неге сақтандыру компанияларына сенбейді?

Негізі фермерлер мұндай табиғи құбылыстардың салдарынан зардап шеккен жағдайда шығынды сақтандыру компаниялары өтеуі керек. Алайда шаруалар бұған сенбейді, сақтандырудан үркіп қалған. Себебі 90-жылдары сақтандыру мәжбүрлі түрде жүргізілген. Сол кезде жекеменшік сақтандыру компаниялары төтенше жағдайларда көмек бермей, алдап кеткен. Сондықтан шаруалардың сақтандыруға деген сенімсіздігі әлі де сақталған.

Ал мемлекеттен 42 млн теңге қолдау алып, оны қалай қайтарарын білмей жүрген Алайдар Қорабаев қазір тәлімді егістіктен суармалы егістік түріне көшіп жатыр. Үкіметке жақында өтініш берген, енді соның нәтижесін күтіп отыр. Әйтпесе, тәлімді егістік түрімен айналысу қазір тиімсіз дейді.

Үкіметтің реакциясы қандай?

Түркістан облысындағы шаруалардың несие өтеу мерзімін кейінге шегеруге қатысты талабының қаншалықты орындалатыны әлі белгісіз. MNU Newsroom тілшісі қуаңшылыққа байланысты жергілікті әкімдікке бірнеше сауал жолдады.

Нәтижесінде «Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі мәселені ҚР АШМ-мен қарастыру бойынша жұмыстар жүргізуде деген жауап алдық. Жалпы, дәнді және майлы дақылдар еккен агроқұрылымдардың қаржы институттары алдында 1,4 млрд теңге берешегі бар екен.

Әкімдіктің сөзінше, егер алдағы уақытта жауын-шашын мөлшері аз жауса, қыс мезгілі басталған сәттен бастап мал азығы тапшылығының болу қаупі бар. Бүгінгі күні алдын ала болжам бойынша егілген 359,8 гектар дақылдың 14%-ы жарамсыз күйге түскен. Соған байланысты мал азығы тапшылығын төмендету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы қыс маусымына қажетті 540 мың тонна арзандатылған кебек бөлу және оны теміржол желісі арқылы облысқа жеткізу мәселесін қарастыруды ұсыныпты. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, бұл алдағы қыс маусымын қалыпты деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі А. Сұлтановтың айтуынша, қазіргі уақытта астық түсімінің күрт төмендеуіне байланысты айтарлықтай қауіп жоқ. Себебі еліміздегі астықтың негізгі бөлігі солтүстік облыстарда өсіріледі. Бұл өңірлер бойынша «Қазгидрометтің» болжамы көпжылдық орташа көрсеткішке сай өнім алуға мүмкіндік бар екенін көрсетіп отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қуаңшылықтан зардап шеккендерге қалай көмек береді?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мұндай жағдайда шығын жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен өтелмекші. Себебі жергілікті бюджетте табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға бөлек қаржы қарастырылады. Одан бөлек, қалған көмек ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің және заңға қайшы емес басқа да көздерден жүзеге асырылады деп түсіндірді.

«Қазгидромет» не дейді?

«Қазгидромет» өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда орташа алғанда жылдық ауа температурасы әрбір 10 жыл сайын 0,36ºС-қа жоғарылаған. Ал еліміз Еуразия құрлығының ортасында және мұхиттан алшақ жатқандықтан, Қазақстан Жер шарының орташа жылыну қарқынына қарағанда тезірек жылынуда.

Ал А. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зертхана меңгерушісі Бақтияр Жетпісбайұлы бұл өзгерісті елімізде жыл сайын жаз мезгілінде ең жоғары, ал қыс мезгілінде ең төменгі температуралардың болуымен түсіндіреді. Соның салдарынан жаздағы жоғары температурадан өсімдіктер күйіп, бұл өнімділіктің азаюына әсер етуде екен.

Оның айтуынша, мұндай құбылыстар әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде айқынырақ көрініс табады. Себебі бұл өңірде су қоры табиғи түрде жеткіліксіз, ал қыста ауа температурасының күрт төмендеуі күздік дақылдардың зақымдануына немесе толықтай жойылуына әкелуі мүмкін.

Мәселені қалай шешеміз?

Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы Шыңғыс Зипатолланың сөзінше, елімізде судың көп бөлігі егістікке жетпей жатып-ақ жоғалып кетеді. Ол ирригациялық арналарды барлық жерде жаңарту, жем-шөптің стратегиялық қорын алдын ала дайындау, халықтың суға қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы құрғақшылық мәселесін шешуге болады дейді.

“Бұл үдеріске фермерлердің де белсенді қатысуы маңызды, өйткені көбісі суды тек топырақ қазып ағызады. Ал бұл судың босқа кетуіне әкеледі. Мұның бәріне үлкен қаражат керек. Біз тіршілік нәрін аз қажет ететін, климатқа төзімді дақылдарға көшуіміз керек. Мысалы, Қызылордада күріш пен арпаны кезектестіріп егуге болады. Картоп пен тары да климаттың өзгеруіне төзімді дақылдар. Мал шаруашылығымен айналысатындарға да төрт түлігі қырылып қалмауы үшін жем-шөптің стратегиялық қорын алдын ала дайындау маңызды. Бұл Маңғыстауда болған жағдайдан сабақ алу үшін керек. Мұндай қуаңшылықты аймақтарда түйе мен қой өсіруге басымдық берген жөн. Олар ыстыққа төзімді, әрі суды аз қажет етеді. Сондай-ақ құрғақшылық маусымдарына алдын ала дайындалу керек. Мемлекет құдықтарды тексеріп, ұңғымалар қазып, халықтың суға қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс”, – дейді ол.

Ал А. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зертхана меңгерушісі Бақтияр Жетісбайұлының сөзінше, суды көп қажет ететін дақылдардан толықтай бас тарту дұрыс емес. «Керісінше, бұл дақылдарды өсіру тәсілдерін өзгерту қажет. Ол үшін табысты, әрі тиімді агротехнологияларды, энергия мен ресурсты үнемдейтін әдістерді қолдану керек», дейді.

“Бұл өз кезегінде су мен энергия тұтынуды азайтады, нәтижесінде өнімнің өзіндік құны төмендеп, оны экологиялық жағынан тиімдірек етуге мүмкіндік береді. Біріншіден, осылайша өнім арзандай түседі және қоршаған ортаға аз зиян келтіретін болады. Екіншіден, бұл жағдайда мемлекет тарапынан фермерлерге қолдау көрсету аса маңызды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар мемлекет ұсынған нұсқаулықтарға құлақ асып, климаттың өзгеруі жағдайында бейімделу жолдарын іздеуі керек”, – дейді Бақтияр Жетісбайұлы.

Осылайша отандық ғалымдар тығырықтан шығар тың жолды ұсынып отыр. Бірақ ғалымдар мен фермерлер арасында өзара мықты коммуникацияның болмауынан айтылған ұсыныстар әзірге тек сөз жүзінде қалып отыр.

Мақала авторы: Руслан Базарбаев

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *