Қазақстанның бұрыңғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деген айыппен былтыр қарашада тұтқынға алынған болатын. Тергеу жұмыстары ақпан айында аяқталып, сот наурызда басталды. Жоғарғы сот бұл іске алқабилерді бекітіп, қоғам сұранысына орай онлайн трансляция ұйымдастырып отыр. Әр сот отырысы өткен сайын істі жіті бақылайтындар саны артып келеді. Сот отырысы қазір әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатыр.
13 сәуірде Жоғарғы сот өкілі Бишімбаев ісінің онлайн трансляциясының көрілімі 20 миллионнан асқанын мәлімдеді. Сот процесін тек Жоғарғы сот емес, түрлі медиа ресурстар да онлайн көрсетіп жатыр.
Әлеуметтік желілерде қарапайым халықтан бастап, аудиториясы миллионнан асатын блогерлерге дейін Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты өз ойын ортаға салып, түрлі пікірлер жариялануда. Сондай блогерлердің бірі – TikTok қолданушысы Айсымал. Оның Нүкенованың өліміне қатысты орыс тіліндегі видеосының көрілімі екі аптада 4 миллионнан асып, жазылған пікірлер саны 10 мыңға жетті. Ал оны бөліскендер саны 55 мыңнан асып жығылады.
Блогер кейде эмоциямен, кейде салқынқандылықпен сот барысына шолу жасап, марқұм Нүкенованың туыстары, әсіресе, сот барысына араласып жатқан ағасына сабырлық тілейді. Сондай-ақ, Бишімбаев ісі Қазақстандағы фемицидті тоқтатуға деген бетбұрыс болуға тиіс дейді.
«Бұл кейс әлем назарына ілігуі керек. Басқалар Қазақстанда қандай ақылға қонымсыз оқиғалар және фемицид болып жатқанынан хабардар болуға тиіс. Сондықтан билік осыдан кейін әйелдерге қатысты қылмысқа жазаны күшейтуі үшін барлығыңызды осы мәселені көтеруге шақырамын. Біздің уақытымыз аз. Қазір Қазақстан әйелдерінің, тіпті ТМД әйелдерінің тағдыры біздің қолымызда, себебі бәріміз білетіндей, біздің елдер бір-бірінен үлгі алады», – дейді блогер.
Блогер аты шулы сот барысы туралы шет ел мемлекеттері де білуге тиіс деген пайыммен ағылшын тілінде видео жариялаған.
Сот отырыстарының бірінде айыпталушы Бишімбаев марқұм Нүкенованың тым көп алкогольді ішімдік ішкенін айтып, оны дикредиттеуге тырысы. Айыптаушы тараптың адвокаттары Бишімбаевтың бұл аргументі іске қатысы жоқ екенін, бұған қарсы пікір айта алатын адам өмірден өткенін айтып, арызданған.
Осы үдерістен кейін елде әйел құқығымен айналысатын «НеМолчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі алкогольді ішімдік ұстап түскен фотоны жариялап, жаңа флешмоб бастады. Кейін көптеген қазақстандықтар «бокал вина не дает права убивать» (бокалдағы вино өлтіруге себеп емес) деген жазбамен өз суреттерін жариялады.
Желілердегі белсенділіктің тағы бір көрінісі TikTok қолданушыларының басты беттегі фотоларын жаппай ауыстыруы болды. Айыпталушының әділ жазасын алуын қолдағандар өз профильдеріне темір тордың арғы жағындағы Бишімбаевтың фотосын жүктеді.
Сондай-ақ Салтанат Нүкенованың жақындарын қолдау қозғалысы да болды. Азаматтар “Біз сізбен біргеміз” деп жазып жатты. MNU Newsroom-ның анықтауынша, TikTok-та дәл сол ұранмен жүктелген видео саны 6835-ке жеткен. Ал #заСалтанат хэштегі 30 мыңнан көп қолданылған.
Желіде сот залындағы процесті жеңіл әзілге айналдырғандар да бар. Мысалы mr. anuarbekov атты аккаунт иесі Бишімбаевқа пародия жасап оның өзін қалай ұстап, қалай сөйлегенін айнытпай көсетуге тырысқан. Мұндай контент те аз уақытта бірнеше миллион көрілім жинап үлгерді.
Бишимбаев тарапына айтылған әртүрлі пікірге адвокат Ерлан Ғазымжанов жауап берді. Оның сөзінше, әлеуметтік желілердегі пікірлерді тіркелмеген жалған аккаунттар, жалдамалы боттар жазып жатыр және мұндай іс-әрекеттер алқа билерді жаңылдыру үшін әдейі істелінген.
Ал TikTok желісінде сотта көрсетілген дәлелдер мен аргументтерге қатысты түрлі пікірлер бар. Бірі салмақты эмоциясыз ойын айтуға тырысса, тағы бірі әлі сот шешімі шықпаса да, Бишімбаевты өмір бойына жазаға кесуді талап еткен.