Пт. Дек 27th, 2024
Фото: Shutterstock / Olena Yakobchuk

Қазақстан Репродуктивті медицина ассоциациясының мәліметі бойынша, елдегі отбасылардың 15% бала сүйе алмай жүр. Жылдан жылға бедеулікпен күресетін жұптар саны артқан сайын, суррогат аналарға сұраныс өсуде. Әсіресе Қазақстанда бұл қызметтің бағасы шет елдерге қарағанда арзан әрі заңнамалық кепілдіктері нақтыланған. Дегенмен бұл тәжірибе тек медициналық және заңды аспектілермен шектелмей, қоғамда этикалық және психологиялық мәселелерге байланысты түрлі пікірталас тудырып отыр.

БАЛА СҮЮДІҢ БАЛАМА ЖОЛЫ

«Суррогат ана» деп келісім бойынша белгілі бір сомаға баланы құрсақта өсіріп, туып беретін адамды айтады. Ол Қазақстанда “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” заңмен реттеледі. Заңнамаға сәйкес, суррогат ана қызметін тек некесі ресми тіркелген, бедеулік диагнозы қойылған, әйелдің физиологиялық тұрғыдан бала көтеріп, босану мүмкіндігі нақтыланған отбасылар пайдалана алады. 

Қазіргі қоғамда бұл әдіс бедеуліктен бала сүйе алмай жүрген отбасыларға мүмкіндік беретін балама жол ретінде қарастырылады. Капиталистік қоғамда сұраныс болған жерде ұсыныс та болатынын іскерсек, Қазақстан да баланы көтеріп беретін аналардың қатары аз емес. Оған сұраныс қайткенмен де бар. Себебі қоғамда бала сүйгісі келетін, бірақ бедеу азаматтар жоқ емес.

Қазақстанда 28 567 әйел мен 111 ер адамға бедеулік диагнозы қойылған. Ресми деректерге сенсек, орта есеппен елдегі әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. 

НАРЫҚТАҒЫ СҰРАНЫС ҚАНДАЙ?

Қазақстанда бедеулікке қатысты ресми статистика өсіп келеді. 2021 жылы мұндай диагнозбен тіркелгендер саны 21,8% көбейіп, 21,4 мың адамға жеткен. Сәйкесінше суррогат ана қызметіне да сұраныс артқан. 

Нарықты бақылау барысында Ranking.kz ресурсы Алматы мен Астана қалаларында 10-нан астам суррогат ана агенттігі барын анықтады. ЭКО орталықтарына мониторинг жүргізу нәтижесінде олардың бірнешеуінде арнайы тексерілген суррогат аналардың жеке базасы бар екені белгілі болды. 

Агенттіктердің сайттарындағы мәліметтерге сенсек, суррогат ананың сыйақы мөлшері орта есеппен алғанда 4,5–8 млн теңге аралығында бағаланады. Бұл бағаға медициналық қызметтер, заңгерлік шығындар және суррогат ананың гонорары кіреді. Мәселен, Астана қаласындағы Welcome Baby агенттігі өз аналарына 6-7,5 млн теңге сыйақыдан бөлек, ай сайын 200 мың теңге жалақы мен жүктілік кезінде уақытша тұратын үй ұсынады.

Тұрмыс құрған әрі өзінің үш баласы бар алматылық Марина суррогат ана болғанда еш қиындық көрмегенін айтты. 30 жастағы ол жалпы “Legal Surrogacy” халықаралық агенттігі арқылы құрсақ ана қызметін төртінші рет ұсынған. 

Марина келісілген сыйақыдан бөлек, бала күткен отбасы оның перзентханадағы барлық жағдайын жасаған айтты. Онымен қоса, тууға 10 күн қалғанда перзентханаға жақын жерден арнайы жалдамалы пәтерін де төлеген. 

“Баланы туғаннан кейін перзентханада жатқан 3 күн ішінде шотыма толық сыйақы түсті”, – деді Марина. 

Маринаға құрсақ ана болуға тапсырыс бергендер Үндістан азаматтары болған екен. Ол шетелдіктермен тек аудармашы арқылы сөйлескенін айтты. 

«Әлемнің бірқатар елінде суррогат ана қызметіне мүлде немесе ішінара тыйым салынған, не болмаса өмір сүру деңгейінің жоғары болуына байланысты қолжетімсіз. Ал ең маңыздысы – бізде (Қазақстанда – ред.) заң бойынша бала биологиялық материал иесі болған жұптың баласы болып қалады. Бұл заңнамада нақты жазылған”, – деді “Legal Surrogacy” агенттігінің мамандары. 

Агенттіктің мәлімдеуінше, Қазақстандықтар көбіне суррогат ана тауып беруді сұрайды. Ал шетелдіктер процесті толықтай бақылауды сеніп тапсырады. Қазақстандағы құрсақ аналарға Еуропа, Америка, Қытай, Үндістан және Германиядан да жұптар жүгінеді екен. 

Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы бұл қызмет бағасы салыстырмалы төмен. Мысалы, АҚШ-та суррогат ана болу қызметі 50-100 мың доллар тұрса, Қазақстанда жасанды ұрықтандыру мен суррогат аналардың қызметі небәрі 22-34 мың доллар тұрады. 

Қазақстанда құрсақ аналарға сұраныс бар болғанның өзінде бұл әдісті құптамайтын дәстүрлі қоғам өкілдері табылады. Әсіресе, діни көзқараспен қарайтындар бала сүюдің балама жолын құптамайды. Себебі Ислам дінінде шариғат заңы бойынша суррогат ана арқылы баланы дүниеге әкелуге болмайды. Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы да 2017 жылы пікірін білдірген

Десе де, Қазақстан зайырлы ел болғандықтан, бұл үдеріс шариғатпен емес, конституциямен реттеледі. 

КІМ СУРРОГАТ АНА БОЛА АЛАДЫ?

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 9-тарауында суррогат ана болу туралы жазылған. Кодекстің 56-бабында суррогат анаға қойылатын талаптар нақты көрсетілген. Қазақстанда суррогат ана болу үшін азамат репродуктивті жасқа жетуі, физикалық, психикалық және репродуктивтік денсаулықтың жақсы болуы және кем дегенде бір дені сау баласының болуы керек. Сонымен қатар, құрсақ ана болғысы келген азамат 25-30 жас аралығында болуға тиіс. 

Бұл талаптар суррогат ана болу процесінің қауіпсіздігі мен екі тараптың құқықтарын қорғау мақсатында қойылған. Яғни, суррогат ана болу немесе оны жалдау – тек суррогат ананың өз қалауы бойынша жүзеге асатын процесс емес, заңнамалық талаптарға сәйкес келетін күрделі қадам.

Есімдерін атамауды өтінген астаналық жұп ЭКО әдісімен бала көтеруге тырысып жүргеніне 5 жыл толса да, оң нәтиже бола қоймаған. Содан кейін олар құрсақ ана іздестіре бастағанын айтты.

“15 жасымда маған «поликистозды аналық бездер синдромы (ПАБС)» диагнозы қойылды. Саналы түрде бала сүю қиын болатынын немесе, тіпті, мүлде мүмкін болмайтынын түсініп жүрдім. Күйеуім екеуміз талай тырысып көрдік, бірақ табиғи жолмен бала көтеру мүмкін болмады», – деді Маржан (ред. – есімі өзгертілді).

Маржан суррогат ана қызметіне жүгінуге шешім қабылдағаннан кейін де уайымдайтын мәселелер барын айтады. Ол “құрсақ ана ағзасы қалай реакция танытады?”, “Аналық жасуша жеткілікті бола ма?”, “Эмбрион қонғаннан кейін сәтті қалыптаса ма?”, “Бала дені сау болып дүниеге келе ме?” дегендей сұрақтармен басы қатып жүргенін айтты. 

Қазақстанда суррогат ана болу заңды болғанымен, бұл мәселеге қатысты этикалық пікірталастар көп.

Жақында суррогат ана арқылы 2 мәрте қызды болған Баян Алагөзова өзінің берген сұхбатында бұл тақырып туралы ойын бөлісті.

“Менің ойымша, әр адамның балалы болуға құқығы бар. Егер бұл үшін суррогат ананың көмегі қажет болса, онда бұл дұрыс шешім деп санаймын. Алайда, бұл процесс толықтай заңды және этикалық нормаларға сай болуы керек”, – дейді ол.

Суррогат ана қызметі төңірегінде қоғамда түрлі қалыптасқан таптаурындар да бар. Мысалы, суррогат ана мен баланың арасында генетикалық байланыс болады деген пікір жиі кездеседі. Бірақ мұны құрсақ аналар жиі жоққа шығарады. 

MNU Newsroom тілшісіне пікір білдірген астаналық құрсақ ана баланы дүниеге әкелгеннен кейін “ешқандай қимастық жоқ” дейді. 

“Тек баланы құрсағыңда көтеру және босану кезінде жауапкершілік бар. Ал баламен байланыстығыма келетін болсақ, оны жоқ деп айтар едім, себебі ол менімен ДНҚ немесе хромосомаларыма мүлдем байланысы жоқ. Яғни, сырттай да, мінезі бойынша да ол суррогат анаға ұқсамайды”, – деді өз атын айтқысы келмеген құрсақ ана. 

Баланы құрсақта 9 ай көтеріп, дүниеге алып келу машақаты көп екені белгілі. Сондықтан оның сыйақысы да қомақты болады. Кейде тапсырыс беруші отбасы келісілген сомадан да жоғары сыйақы беретін кездер де болады екен. Сондықтан құрсақ ана болуға азаматтар өзінің қаржылық жағдайын жақсарту мақсатымен барады. 

“Күйеуім де келісімін берді, себебі мен бұл қадамды балаларымыздың болашағы үшін жасадым”, – деп түсіндірді өзге бір астаналық құрсақ ана.

Фото: mind.family

Сандуғаш есімді тағы бір ана қазір Кипрдегі Фамагуста қаласында тұрады. Ол құрсақ ана болу арқылы өз жағдайын біршама реттегенін жасырмады. 

“Үнемі тиыннан тиынға жете алмай, өмір сүріп шаршадым. Не өз үйім немесе көлігіме ақша жинай алмайтын өмірден шаршадым. Ең болмаса бір бөлмелі пәтер сатып алу үшін осы бағдарламаға қатысуды жөн көрдім”, – деді Сандуғаш.

Психологтар құрсақ аналар босанғаннан кейін баланы оларға жақындатпау керек дейді. Егер суррогат ана баланы кеудесіне қойып, біраз уақыт ұстап тұрса, ол баланың санасында ата-аналар арасындағы иістердің өзін шатастырып, шекараларды бұзуы мүмкін. Сондықтан, бала туғаннан кейін бірден өз ата-анасына беріледі екен. 

“Поколение НЕКСТ” клиникасының психологы, РАРЧ мүшесі Елена Валерьевнаның пікірінше, баланы «қабылдайтын» отбасында басқа бір мәселе туындауы мүмкін. Мәселен, биологиялық ананың жүктілік және босану кезеңдерінің болмауы және соның себебінен баламен өзара аналық қатынасы қалыптаспай қалуы ықтимал. Алайда бұл жағдай өте сирек кездеседі, дейді маман. 

Психолог суррогат ана баланы туғаннан кейін тез арада өзінің жеке балаларына көңіл бөлгені жөн дейді. Себебі олар да суррогат ана бағдарламасына қатысуы нәтижесінде психологиялық тұрғыдан қиындықтар көріп жатады. Суррогат анасының күйеуі мен балалары үшін әйелдің басқа отбасы үшін бөтен баланы құрсағында көтеріп жүргенін түсіну де психологиялық жарақат болып қалуы мүмкін дейді ол.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *