Былтыр жоғарғы оқу орнының жалған дипломын жасатуға қатысты 457 жағдай тіркелген. Бұл туралы парламент мәжілісі депутаты Ислам Сұңқар мемлекеттік арналардың бірінде мәлімдеді. Ол көбіне медицина мен педагогика салаларына қатысты жалған дипломдар әшкереленгенін айтты.
Мәжіліс депутатының сөзінше, осы жағдайға қатысты 2023 жылы Павлодар облысында 80 жағдай тіркелген. Бұған қоса, Маңғыстау облысы, Петропавл қаласында осыған ұқсас жағдайлар болған.
AlmatyTV телеарнасының мәлімдеуінше, 18 наурызда Маңғыстау облысында 40 оқытушы “біліктілігін арттыратын құжатты қолдан жасатты” деген күдікке ілінген. Облыстық полиция департаменті соған қатысты іс қозғап, тергеу амалдары басталған.
Бүгінде кез келген азамат өзі ұнатқан салада “кәсіби маман” ретінде жұмыс істей алады. Бар болғаны жалған диплом жарнамалайтын сайт тауып, телефон нөмірін қалдырса жеткілікті. Мұндай құжаттар дайындау қызметтері түрлі сайттар мен әлеуметтік желілерде ашық жарнамаланып жатыр.
Мысалы, сондай ресурстардың бірі — Diplomaskz.com (ақпарат жинау кезінде сайт қолжетімді болды — ред.) сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 2009-2019 жылғы үлгідегі жоғарғы оқу орнының дипломдары дайындау небәрі 179 700 теңге тұрады. Аталған сайтта диплом дайындауда құжаттың түпнұсқа мұқабасы қолданылатыны жазылғаны, оны түпнұсқадан ажырату мүмкін емес екені жазылған.
Сондай-ақ, ресурс веб-бетінде 15 жыл ішінде 23 776 тұтынушыны “қуантқаны” туралы мәлімет бар. Сайтта дипломды сатып алу үшін кез келген азамат телефон нөмірін қалдыруына болатын функция енгізілген. Кейін сайт менеджерлері өздері кері хабарласып, диплом сату процессі туралы қажетті ақпарат береді. Бір айта кетерлігі, аталған сайтқа кіру қазір телефонмен ғана қолжетімді екен, ал басқа құрылғылар арқылы кіру шектелген.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, мекеме әлеуметтік желілер мен сайттарда күнделікті мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ, маркетплейстердегі және басқа да сайттарда жалған диплом жасау сияқты ақпарат тарайтын болса, полиция қызметкерлері дереу бұғаттап отырады.
MNU Newsroom тілшісі Diplomaskz.com сайтына “тапсырыс беруші” ретінде жазып көрді. Жалған құжаттардың қоғамға кері әсерін ескере отырып, редакция тілшісі өзінің журналист екенін атамай, мәлімет жинауды құп көрді.
Сайт “менеджері” жоғарғы оқу орнының дипломдары 230 000 теңге тұратынын, ал медицина саласына қатысты дипломдарды 340 000 теңгеге жасап беретінін жеткізді. Құжаттың түпнұсқалық көрсеткіші 92 пайыз болады деп сендіруге тырысты.
Компания өкілі ретінде хабарласқан азаматқа кейін қайта хабарласу мүмкін болмады. Ол құжатты қалай және қай жерде жасайтынын, оған қажет жабдықтар мен ЖОО мөрлерін қайдан алатынына қатысты сұрақтарға жауап бермеді.
Түркістан облысындағы ардагер ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы педагогика, қаржы, экономика, құқық салаларына қатысты жалған дипломдары жиі кездесетінін айтады.
“Жалған дипломдардың болуы қоғамға оңбай әсер етеді. Сауатсыз мамандар қандай бала тәрбиелейді? Сауатсыз балалар шығады,” — дейді Шыныбекұлы.
Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес, жалған дипломды дайындаумен айналысқан азамат 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жұмыс беруші дипломды арнайы цифрлық қызмет арқылы тексере алады.
«Кез келген жұмыс беруші дипломды арнайы цифрлық қызмет арқылы тексере алады. Әр дипломның жеке нөмірі, коды болады. 3,5 миллион азаматтың оқып алған дипломы базада тіркеуде тұр», – деді ол ақпан айында өткен баспасөз брифингтерінің бірінде.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар мемлекеттік арналардың бірінде өз дипломын сол базадан таба алмағанын айтқан болатын.