Қазақстанда әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаев ісі сотта қарала басталғалы, қоғамда алқабилер сотына қатысты талқы арта түсті. Кей заңгер мұны демократиялық дамудың көрінісі десе, тағы бірі алқабилер сотынан әділ шешім шығуына күмәнмен қарайтынын білдірді.
27 наурызда бұрыңғы экономика министрі Бишімбаевқа қатысты іс Жоғарғы сотта қарала бастады. Бірінші күні-ақ, айыпталушы істі алқабилер қарауын өтінген болатын. Судья өтінішін қанағаттандырып, сотқа алқабилер бекітілді.
Алқабилер соты Қазақстанда 2007 жылдан бері қолданылады. Алқабилер қатысып, қоғамда қызу талқыланған істердің бірі 2012 жылы өткен.
Қарағанды облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының отставкадағы судьясы Қайырден Әлкеев 12 жыл бұрын өзі жетекшілік еткен сотқа алқабилер тағайындалғанын айтады. Әлкеев адам өлтірді деген айыппен Ш.Қожан есімді азаматты кінәлі деп тауып, үкім шығарады. Бірақ апелляциялық сотта оның шешімі жоққа шығарылып, оны алқабилер қарайды. Дегенмен, алқабилер де Әлкеев шешімін қайталап, үкім кескен.
Әлкеев бұл істің қайта қаралуына медиа ресурстардың ықпалы болғанын айтады. Себебі судья үкім оқығаннан кейін «Время» газетінің журналисі “Өлтіру лицензиясы” деген тақырыппен оны сынап мақала жазған.
Әлкеевтің айтуынша, кей судьялар қоғамда резонанс тудырған кейстерді қарауға алқабилерді бекітеді. Себебі олар қоғамның және БАҚ өкілдерінің жағымсыз реакциясынан қорқады.
Алқабилерді іріктеумен сот айналысады. Оған кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Сондай-ақ, олардың кім екені көпке жарияланбайды әрі олардың біріккен шешімі анонимді дауыс беру арқылы жүзеге асырылады.
Бишімбаев ісіндегі алқабилердің кім екенін сотқа қатысушылар көргенімен, оларды видео түсіруге не дауысын аудиоға жазуға шектеу қойылған.
Таяуда бұл талапты ескермей, Бишімбаевтың соты туралы сюжетте алқабилерді елге көрсетіп қойған «КТК» арнасы журналистері жазаланды. Оларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 653-бабы (сотты құрметтемеу) бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Бишімбаев ісін алқабилер қарайтыны белгілі болғаннан кейін қоғамда олардың әділ шешім шығаруына күмәнмен қарайтындар пікірі басым көрінді. Олардың басым бөлігі іске бір жақты қарап, Бишімбаевты кемі бір алқаби ақтауға дауыс берсе, оны өмір бойына кесу мүмкін болмайтынын алға тартты.
Бишімбаев ісіне қатысты сот шешімін 10 алқаби дауыс беру арқылы шығарады. Дауыс беруге судья да қатысады. Бишімбаевы айыпты деп тану үшін немесе ақталуы үшін алқабилердің кемі бесеуі және судья дауыс беруге тиіс.
Ұлытау облысы маслихатының депутаты Еркебұлан Бодықовтың айтуы бойынша, алқабилердің сотты қарауы демократияның бірден-бір белгісі, алайда бұл жүйенің және жалпы қоғамның елеулі мәселесі – жемқорлық. Осы жүйені жетілдіру үшін әрқайсымыз өзімізді тәрбиелеуден бастауымыз керек.
Отставкадағы судья Қайырден Әлкеев алқабилер сотының тиімсіз тұстары барын айтады. Сөзінше, алқабилердің санын 10-нан 3-ке дейін қысқартып, тағы бір судьяны қосса, еңбек тиімділігі артып, әділ шешім шығару мүмкіндігі жақсарады.
“Бұл ақылға қонымды, ұтымды әрі алқабилерге қойылатын міндетті толықтай өткере алады”, — дейді ол.
Судьяның бұл ұсынысы Германияда ертеден қолданылады. Германияда ол шеффен (халық судьясы) деп аталады. Шеффендер әдетте бесеу болады. Ал сотқа әдетте екі судья және екі шеффен қатысады.