Сб. Июл 27th, 2024
Фото: Gatty ImagesФото: Gatty Images

2024 жылдың 11 ақпанынан бастап Қазақстанда 4 деңгейлі тариф пен суды тұтыну нормалары енгізілді. Су ресурстары және ирригация министрі жаңа тарифтер қазақстандықтарды суды үнемдеуге үйретуге тиіс дейді. Ресми мәлімдемеде әр үй ай сайын тұтынатын су мөлшері артқан сайын оған қойылған тариф те өсе беретіні айтылған.  

Ақпанда мәжілісте өткен дөңгелек үстел барысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу жоспарланып жатқанын айтты.

“Егер адам нормадан көп тұтынса, ол көбірек төлейді. Бұл қалыпты тәжірибе. Біз суға мұқият болу үшін, оған үйретуіміз керек”, – дейді министр.

4 деңгейлі тариф 4 тұтынушы топқа бағытталған. Егер тұтынушы айына 3 текше метрге дейін су қолданса, онда тариф бұрынғыша (1 м3 – 69,78 теңге) қала береді. Министрлік дерегінше, бұл топқа суды тұтынатындардың шамамен 50 пайызы кіреді. Ал бір айда жұмсалатын су мөлшері 5 текше метрге жетсе, онда төлем текше метріне 184,44 теңге болады. Үшінші деңгей (1 м3 – 255,16 теңге) деп 10 текше метр бекітілсе, төртінші топқа айына 10 текше метрден көп су тұтынатындар (1 м3  – 255,16 теңге) кіріктіріледі. 

Астана су арнасының былтыр маусымда жариялаған мәліметіне сүйінсек, 1 шілдеден бастап, 31 желтоқсанға дейін жергілікті тұрғындарға су тарифі 1 шаршы метр үшін 58,15 теңге болған.  Оның бағасы осы жылмен салыстырғанда, 20 пайызға өскен. 

Тарифтердің төрт категорияға бөлінуіне қазақстандықтар түрліше пікір білдіріп отыр. 

Кейбіреуі жиналған ақшаның толықтай су қоймаларын жөндеуге баратынына сенбейді, ал басқалары керісінше үкімет шешімін қолдай отырып, өз қалтасынан төлеуге дайын екенін айтады. 

Елорданың сол жағалайында тұратын Азамат Сембайұлының пікірінше, үкіметтің бағаларды көтеру саясаты дұрыс. 

“Адамдар су үнемдеп қолдануды білу керек. Мен оны [су тарифтердің өзгеруін] толықтай қолдаймын және төлеуге де дайынмын” – дейді ол.  

Жер үйлерде тұратындарға керісінше бұл саясат ыңғайсыз болып тұр. Оның басты себептерінің бірі – есептегіштерді орнату. 

Жер үйлердің көбінде суды тұтыну мөлшерін анықтайтын жеке есептегіштер жоқ. Оны тұрғындар өз қаражатынан төлеп, орнатуға тиіс. 

Астана қаласының оң жағалау жер үй тұрғыны Бақыт Бейсембаева министрлік шешіміне қарсы екенін айтады.  Ол су тарифтерінен жиналған қаражат су инфрақұрылымын жөндеуге бағытталуына сенбейтінін айтады. 

“Тариф жыл сайын көтеріле берсе әрине ол ыңғайсыз. [Мен осы өзгерісті] қолдамаймын. Бірақ егер жиналған ақша нақты осы қаламыздың трубаларына түсетін болса [қолдаушы едім]. Алайда, оны неге халық төлеу керек? Неге үкімет төлемейді?”, – дейді ол.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, бекітілген тариф саясаты халықты суды үндемдеу мәдениетіне үйретуге бағытталған. 

“Біз, сіз айтқандай, су соғысының алдын алу үшін бәрін жасаймыз. Қазақстан тәуелсіздігінен бері 30 жылдан астам уақыт бойы көршілерімен келісіп, су алған. Орталық Азиядағы экономикалық байланыстар қарқынды дамып келеді және бұл трансшекаралық өзендердегі қақтығыстарды болдырмайды”, – деді министр Время газетіне берген сұқбатында.

Бұған дейін тарифтің өсуінен жиналған қаражат су жеткізу инфрақұрылымына бағытталатыны туралы айтылған. Жыл басында бұрыңғы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров коммуналды қызмет ақысы 20-30 пайызға өсетінін, жиналатын қаржы ескірген трубаларды ауыстыруға бағытталатынын айтқан.

Бірақ кейіннен су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов су қоймаларын жөндеуге және суды үнемдеу технологияларын енгізуге 2 трлн теңге қажет екенін хабарлаған

Министр жөндеу жұмыстарына қаражат бюджеттен алынбайтынын, оған жеке сектордан инвесторлар тартылатынын айтқан. Бірақ сарапшылар бұл сектор инвесторларға тартымды емес дейді. 

“Біздің ойымызша, сумен жабдықтауға жеке инвестицияларды тартпас бұрын нарықтық реформалар жүргізу қажет. Тарифтерді командалық әкімшілік бақылаудан нарықтық тетіктерге көшіру қажет. Бұл бағаларға сұраныс пен ұсыныстың түбегейлі алшақтығын көрсетуге мүмкіндік береді және жеке капиталды тартуға жағдай жасайды”, – дейді Halyk Finance сарапшысы Іnbusiness редакциясына берген мәлімдемесінде

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *