Дүй. Мам 27th, 2024
Фото: med-core.comФото: med-core.com

Әлем бойынша қатерлі ісік дерті жастар арасында жиі байқалады. Америкалық BMJ Oncology  журналының жақында жарияланған зерттеуге сәйкес, 50 ​​жасқа дейінгі адамдар арасында қатерлі ісіктің ең жоғары деңгейі Солтүстік Америка, Аустралия және Батыс Еуропа елдерінде анықталған. Ғалымдар бұл тенденцияның Қазақстанда да көрініс тапқанын айтады. 

Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында емделіп жатқан Динара Мамедова 2022 жылдың қыркүйегінде сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққанын білген. Науқас қатерлі ісіктің осы түрімен ауыратындар жиілеп кеткенін және ол жасқа қарамайтынын айтады.

«Маған 35 жасымда сүт безі обыры диагнозын қойды. УЗИ-ден кейін мені онкология институтына жіберді, олар биопсия жасады. Өкінішке қарай, қатерлі ісіктің бірінші кезеңін тапты және дәрігерлер операция жасауға шешім қабылдады», – дейді ол. 

Мамедованың сөзінше, қазір оған 8 химиотерапия тағайындалған. Сондай-ақ, сәулелік терапия алып жатыр. Айтуынша, дәрігері ауру себебін күйзеліспен байланыстырған.

Қазақстан онкология және радиология институты MNU Newsroom тілшісіне кейінгі жылдары қатерлі ісіктің Қазақстанда жасара түскенін хабарлады. Мысалы, 2023 жылы институтта тіркелген 7378 науқастың жасы 50-ге жетпеген. Ал оның 552-сі – 18-28 жас аралығындағы науқастар. Былтырғы жасару көрсеткіші 2021-2022 жылдарға қарағанда біршама артқан.

Денсаулық сақтау министрлігінің былтыр қазанда бөліскен дерегіне сәйкес, кейінгі 20 жылда қатерлі ісікпен ауыратын қазақстандықтар саны 25 пайызға артқан. Қазақстанда қатерлі ісік анықталған 217 мың науқас бар. Бұл көрсеткіш жыл сайын 5 пайыз артып келеді. 

Министрлік қатерлі ісікке ерлерге қарағанда әйелдер жиі шалдығатынын, жыл сайын 5 мың қазақстандық әйелге сүт безі обыры диагнозы қойылатынын мәлімдеді.

Астана қаласы әкімдігінің №4 қалалық емханасының онколог-маммолог дәрігері Меруерт Мұратқызы аурудың жасарып бара жатқанының бірден-бір себебін дерттің әке-шешеден генетика арқылы берілуімен және жастардың жиі күйзеліске түсуімен байланыстырады.  

«Күйзеліс – қатерлі ісік қаупін арттырады. Күйзелістен гормоналды теңгерімсіздік пайда болады. Ондайда ісікке қарсы иммунитет төмендеп, ағза әлсірейді. Адам ағзасы жасушалардың бақылаусыз бөлінуіне тосқауыл жасай алмайды. Соның салдары обырдың түзілуіне алып келеді», – дейді онколог-маммолог.

Маратқызының сөзінше, әйелдердегі сүт безі обыры көбіне генетика арқылы беріледі. Ол бұл аурудың кейінгі жылдары 30 жастағы әйелдерде көп кездесіп жатқанын айтты.

Қазақстанда қатерлі ісік көбіне әйелдерде анықталса да, одан көз жұматындар арасында ерлер саны көбірек. 2023 жылы қатерлі ісіктен 6 079 әйел (47,1 пайыз) қайтыс болса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 6 841-ге жеткен. Ғалымдар аурудан айығу мүмкіндігін жіберіп алмау үшін оны барынша ерте анықтау маңызды дейді. 

Жоғары санатты онколог дәрігер, профессор Игорь Пономаревтің айтуынша, кез келген қатерлі ісік 12-15 жастан 20 жасқа дейін дамиды. Яғни, оның сөзінше, аурудың денеде дамуы жас кезден басталады, кейін қатерлі ісік дамуының ұзақ уақыт кезеңіне ауысады екен. 

«Бүгінде адам иммунитетінің деңгейін және онкологиялық ауруға шалдығу мүмкіндіктерін қарастырып, есептейтін арнайы платформалар көп.  Солар арқылы науқастарда ертерек дәрігерге жүгіну мүмкіндігі болады. Бірақ бұл қолжетімді ресурстарды бәрі біле бермейді. Ауру асқынып кеткен жағдайда ғана көпшілік дәрігерге қарала бастайды», –  дейді Пономарев. 

Қазақ онкология және радиология институты баспасөз қызметінің айтуынша, онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында өкпе обыры (16 пайыз) тұр. Ал екінші орында асқазандағы ісік (12 пайыз) болса, тізімнің кейінгі сатысына ішектегі обыр (11 пайыз) орныққан. 

Онколог Меруерт Мұратқызы уақытылы скринингтен өтіп, денсаулықты жиі тексеріп отыру кез келген аурудың алдын алу мүмкіндігін арттыратынын айтады. 

«Қатерлі ісіктің жасарып бара жатқаны шын және бұл осы аурудың барлық дерлік түріне қатысты. Біздің емханада қазір 1267 адам әртүрлі онкологиялық аурудан емделіп жатыр. Әр бес жыл сайын скрининг өткізіп, науқастардың денсаулығын тексереміз. Әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігі 40-60 жас аралығында жиі кездесетін. Бірақ қазір 40 жасқа жетпей жатып бұл ауруға шалдыққандар саны артқан. Ал еркектерде өкпе қатерлі ісігі басымырақ келеді. Алайда алғашқы белгілерін байқағаннан бастап емделетін болса, емделіп шығу мүмкіндігі 90%-дан асады», – деді ол.

Related Post

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған