Аружан Аманғалиева, Жайна Тұрарбек
MNU Newsroom
Биыл 31 қазанда Астанада Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-пленарлық отырысы өтті. Президент Тоқаев қазақ үкіметі 2029 жылға дейін 150 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартуы керек деп мәлімдеді. Бұған қоса, ЖІӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесін 20%-ға дейін арттыру жоспарланған. Бұл мақсатқа жету үшін Үкімет жанындағы инвестициялық штабқа туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін кеңейтілген өкілеттілік берілді. Бұл межеге жету үшін Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайыз өсіп отыруы керек. Халықаралық валюта қоры келесі жылғы өсім одан төмен болады деп болжаған.
Пленарлық отырыстан 1 ай бұрын Қазақстанның инвестициялық саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. 86 миллиард доллардан астам сомаға бағаланған 200 ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар көлік, логистика, энергетика және цифрлық инфрақұрылымды жаңартуды қамтиды. Сондай-ақ, Қазақстанды Еуразияның логистикалық хаб ретінде дамыту көзделген.
Одан бөлек, жоспарға сәйкес мұнай-химия және энергетика салаларында мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға инвестициялар тарту жоспарланған. Жасыл сутегі өндірісін дамыту осы сектордың болашағы ретінде қарастырылып жатыр.
Агроөнеркәсіптік кешенде де суармалы жерлерді кеңейту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру көзделген. Бұл бағытта шетелдік серіктестермен кооперация құру арқылы өндіріс тиімділігін арттыру жоспарланған. Өңдеу өнеркәсібінде автокөлік өндірісі, құрылыс материалдары, фармацевтика және IT салаларын дамытуға басымдық беріледі делінген. Сонымен қатар, бұл секторға инновациялық технологияларды енгізу де негізгі мақсаттардың бірі саналады.
Туризм саласында Қазақстанды әлемдік деңгейдегі туристік бағыт ретінде таныту қарастырылған. Бұл бағытта 5 млрд доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр.
ЖАСЫЛ ЭНЕРГЕТИКА ӘЛЕУЕТІ
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 ақпандағы №121 Жарлығымен бекітілген көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы аясында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беріліп келеді. Осыған байланысты инвестиция тарту мәселелері тұжырымдамада арнайы қарастырылған.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, елдегі жасыл энергия жобаларын қаржыландыру негізінен инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге аспақ.
«Бұл дегеніміз, инвесторлар объектілерді салуға және іске қосуға қаражат салып қана қоймай, оларды күтіп ұстау және басқару туралы шешім қабылдайды», – деп атап өтті министрлі өкілі.
Министрлік ұсынған деректерге сәйкес, қазіргі кезде республика бойынша жалпы белгіленген қуаты 2 903,7 МВт болатын 148 жаңартылатын энергия көздері нысаны (100 кВт-тан жоғары) жұмыс істейді. Олардың ішінде жел электр станцияларының 59 нысаны – 1 409,55 МВт өндірсе, 46 күн электр станциясы – 1 222,61 МВт энергия шығарады. Одан бөлек, 40 гидроэлектростанция – 269,785 МВт энергиямен қамтамасыз етсе, биогаз электр станциясының 3 нысаны – 1,77 МВт өндіріп отыр.
«Пысықтаудың әртүрлі сатыларында Total Open, Masdar, Acwa Power, China Power International Holding және China Energy сияқты компаниялардың қатысуымен жасалған үкіметаралық келісімдер бар. Олар жиынтық белгіленген қуаты шамамен 5 ГВт жаңартылатын энергия көздерін салуды көздеп отырмыз», – деді ұлттық экономика министрлігінің өкілі.
Қаржылық қажеттіліктерге тоқталған министрлік, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін жасыл энергия өндірісіне 2030 жылға дейін 10 миллиард АҚШ доллары, ал 2060 жылға дейін шамамен 600 миллиард доллар инвестиция қажет екенін мәлімдеді.
ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМДІ ЕКІ ЕСЕ АРТТЫРУ
KAZINVEST ұлттық компаниясы осы мақсатқа жету үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанын айтты. Ол үшін Қазақ үкіметі шетелдік инвесторларға жасыл дәліз қағидасын енгізіп отыр екен.
“Рұқсат құжаттарын алуды жеңілдететін «жасыл дәліз» қағидатын енгізу арқылы инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды көздейді. Сонымен қатар, ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылады. Бұл шаралар елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ЖІӨ-ні арттыруға ықпал етеді”, – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Алайда экономист Ерлан Каримов мұндай оптимистік көзқарас іске асуына күмәнмен қарайды.
“Президент 2029 жылға дейін ЖІӨ-ні 220 миллиард доллардан 450 миллиард долларға дейін арттыруды тапсырғанымен, Қазақстанның ішкі ресурстарымен бұл мақсатқа жету мүмкін емес. Мұнай, мыс, темір сияқты негізгі табиғи ресурстарымыз сарқылып барады. Сондықтан тек ішкі ресурстар арқылы экономиканы екі еселеу – реалистік емес. Шетелдік инвестициялар тартылмайынша, бұл жоспар жүзеге аспайды”, – дейді ол.
Halyk Finance талдау орталығы 14 маусымда талқылауға жарияланған “2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы” құжатының жобасына пікір білдірген.
“Бұл стратегиялық құжат, бұрынғы құжаттардың басым көпшілігі сияқты, үкіметтің алдыңғы инвестициялық саясаттарының орындалуына сыни талдау жасамайды, сондай-ақ жаңа тәсілдердің ескілерден қандай айырмашылығы бар екендігі нақты көрсетілмеген. Нәтижесінде, жаңа тұжырымдамада экономиканы жекеменшік инвестиция арқылы ынталандырудың бұрын қолданылған, бірақ оң нәтиже бермеген ескі әдістері ұсынылған,” – деп жазады Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов.
2029 жылға қарай 150 млрд доллар инвестиция тарту биыл ғана сөз болған жоқ. 2022 жылы Тоқаев өзінің сайлауалды компаниясында да айтқан. Ол бұл туралы 2023 жылы мамырда Қазақстан-Сингапур бизнес форумында да айтты.
Әйтсе де, президент Тоқаев Қазақстанның Сингапур стиліндегі экономикалық реформалар жүргізетінін және жаңа инвестициялық циклді бастағанын атап өтті.
Сонымен қатар бұған дейін 2026 жылға қарай тікелей шетелдік инвестицияларды 25,5 млрд АҚШ долларына жеткізу туралы жоспар болған. Бұл 2022 жылғы 15 шiлдедегi № 482 қаулысында жазылған еді, алайда тұжырымдама 2024 жылғы 18 қазандағы № 868 қаулысымен күшін жойды.
ҚАЗАҚСТАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЛИМАТ ҚАНДАЙ?
Қазақстан биыл IMD Халықаралық Менеджментті дамыту институтының әлемдік бәсекеге қабілетті елдер рейтингінде жалпы 67 мемлекет арасында 35 орында тұр. Оның ішінде «экономикалық көрсеткіштерімен» 43 орында, «мемлекеттік қызметтің тиімділігімен» 18 орын, «бизнестің тиімділігімен» 28 орын алған. Ал «инфрақұрылым» жағынан 49 орынға жайғасқан.
Скрин: imd.org/m/wcc
2019-2023 жылдары Қазақстанға жалпы $117,2 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылған. 2019 жылы инвестиция көлемі $24,4 млрд құраған, ал пандемия салдарынан 2020 жылы бұл көрсеткіш $17,1 млрд-қа дейін төмендеді. 2021 жылы инвестиция көлемі қайта өсіп, $23,8 млрд-қа жетті, 2022 жылы $28,1 млрд-ты құрады. Алайда, 2023 жылы бұл көрсеткіш $23,6 млрд-қа дейін азайды.
Украинадағы соғыс басталғалы Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестиция көлемі айтарлықтай өзгерді. Kazakh Invest ұлттық компаниясының мәліметінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 16,2%-ға төмендеген.
2023 жылы Ресейден келген тікелей шетелдік инвестициялар 2 есе өсіп, 1,53 млрд АҚШ долларына жеткен. Осылайша, Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салушы елдер арасында екінші орынға шықты.
Бұл көрсеткіштер Қазақстанның геосаяси ахуалдың өзгеруіне бейімделуіне және кейбір елдердің санкциялық қысымынан қашып, Қазақстанды балама бағыт ретінде таңдауына байланысты өзгергенін көрсетеді.
Kazakh Invest ұлттық компаниясы соңғы жылдары Қазақстандағы инвестициялық ахуал айтарлықтай жақсарғанын айтады. Бұны елде шетелдік инвесторлар үшін жеңілдіктер пакетін кеңейту мен әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруымен байланыстырады.
“Басым инвестициялық жобалар үшін корпоративтік табыс салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босату мүмкіндігі беріледі, сондай-ақ, өндірістерді кеңейту және жаңарту үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырылған”, – деп мәлімдейді Kazakh Invest ұлттық компаниясы.
Инвестициялық саясатты үйлестіру жұмыстары премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың басшылығымен құрылған инвестициялық штаб арқылы жүзеге асырылады. Үкіметшіл сарапшылар бұл құрылым мемлекеттің бизнеске және инвестиция тартуға деген ерекше назарын көрсетіп отыр дейді.
Kazakh Invest пікірінше, «ел үкіметі халықаралық стандарттарға сай инвестициялық ахуал қалыптастыруды және бизнес жүргізуді барынша жеңілдетуді басты міндет етіп қойып отыр».
Десе де, шетелдік инвесторлар Қазақстанға қаражат бағыттамас бұрын, ондағы құқықтық нормалардың жүзеге асырылуы мүмкіндігін, биліктің бизнеске араласу механизмдерін зерттеп, салыстырады. Бұл тұрғыдан Қазақстан ТМД елдері арасында Грузиядан артта келеді.
World Bank институтының Doing Business рейтингінде Қазақстанда инвестиция тартымдылығы бойынша 25-орында тұрса, Грузия 7-орынға көтерілген. Балтық елдері де рейтингте Қазақстаннан алда тұр.
Саясаттанушылар Орталық Азия өңіріне тікелей инвестиция тарту бойынша Өзбекстан да тартымды бола бастағанын айтады. Ташкенттегі билік ауысқаннан кейін жаңа президент Шавкат Мирзияев ел экономикасын ашық жүргізіп, елдегі инвестициялық климатты жақсартып келеді. Атап айтқанда, Өзбекстанда Nike брендінің субкомпаниясы фабрикасын ашса, General Motors көлік құрастырушы өзбек компаниясына қаржы құйды. Кейінгі 8 жылда бірқатар шетелдік компаниялар да Өзбекстандағы еңбек потенциалына қызығушылық танытып, өндірістерін бастап жіберді.
НЕГІЗГІ КЕДЕРГІЛЕР ҚАНДАЙ?
Қазақстанда дамыған инфрақұрылым мен инвестициялық мүмкіндіктердің кең спектрін ұсынатын 41 өндірістік аймақ жұмыс істейді. Дегенмен, қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуде проблемалар бар.
Экономист Ерлан Каримовтың пікірінше, ең басты кедергі – инфрақұрылымның әлсіздігі. Сарапшы “елдегі көлік, энергетика, су және сумен қамтамасыз ету жүйелерінің тозығы жеткен” дейді.
“Жергілікті атқарушы органдар инвесторларға жер бөлу, инфрақұрылым тарту, білікті кадрларды даярлау сияқты мәселелерге дайын емес. Салдарынан шетелдік инвесторлар басқа елдерге назар аударады”, дейді ол.
Сонымен қатар, Каримов кадрлық ресурстарға қатысты да мәселелер барын айтады.
“Қазақстандағы кадрлық ресурстардың сапасы жоғары деп айтуға келмейді. Әсіресе, инновация, IT саласында, техникалық мамандықтар бойынша кадрлар өте аз және олардың сапасы төмен. Бұған қоса, білікті мамандарымыздың шетелге кетуі (brain drain үрдісі) де жағдайды қиындатып отыр», – деп атап өтті.
Ұлттық экономика министрлігі инфрақұрылымдық мәселелер барын мойындап, елдің инфрақұрылымдық қаңқасын қалыптастыру мақсатында осы жылы 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспар қабылданғанын айтты.
“Жоспарға 40,1 трлн теңге сомасына 204 жоба кіреді, оның 46-сы энергетикалық инфрақұрылымға, 59-ы көлік инфрақұрылымына, 89-ы сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымына, 10-ы цифрлық инфрақұрылымға жатады”, – деп жаауап жазды министрлік өкілі MNU Newsroom сауалына.