Сб. Июл 27th, 2024
Фото: yandex.kzФото: yandex.kz

Былтыр 17 қарашада Астана медицина университетінің студенті өз оқытушысы тарапынан харассментке ұшырағанын айтып, арызданған. Кейіннен тағы үш студент дәл сол оқытушыға қатысты осыған ұқсас мәлімдеме жасаған. Жәбірленушінің сөзінше, жергілікті полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғағанымен, тергеу амалдары баяу жүріп жатыр. Оқиға қоғам талқысына түскеннен кейін университет әкімшілігі оқытушыны жұмыстан шығарып жіберген.

НЕ БОЛҒАН?

Былтыр қараша айында елордадағы медицина университетінің 4-курс студенті Аида Алмасова жыныстық зорлық көргені жайлы Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунтында жазды. Оның сөзінше, сол кезде ол Алышан Исмаилов есімді оқытушысына соңғы емтиханын қайта тапсыруға барған. 

“Кабинетте тек екеуміз болдық. Біраз уақыттан соң ол менің жағдайым туралы сұрады. Себебі денсаулығыма байланысты сабақтан сұранған едім. “Менде цистит” деп жауап бердім. Кейін менің ішімді ұстап, ішкиіміме дейін төмен түсіп, ауырмай ма деп сұрады. Мен “жоқ” дедім. Кабинетті кілттеп, маған бюстгальтерді шеш деп айтты. Мен қорыққаннан айтқанын істедім”, — дейді жәбірленуші өз жазбасында.

Студент сөзінше, оқытушы мұндай әрекетке бармай тұрып, кабинет есігін кілттеп үлгерген. Жәбірленуші оқытушының бұл әрекетінен шошып, дәретханаға барып келуді өтінген. Оқытушы есікті қайта ашып, оның ойын басқаға бұруға тырысқан. 

Аида “сол кезде үнсіз қалсам, не болар еді?” деп оқиғаны қорқынышпен еске алады. 

ТАСПАҒА ЖАЗЫП АЛҒАН

Университет студенті кейін нақты сұрақтар қойып, оқытушының әрекетін түсіндіріп беруін талап еткен және оны диктофонға жазып алған. Оның айтуынша, Хирургиялық аурулар, бариатикалық хирургия және нейрохирургия кафедрасының меңгерушісі Александр Фурсов мұндай жағдайдың бірінші рет еместігі, бірақ дәлелдің болмағанын айтқан. 

Ол сөз барысында рұқсатсыз диктофонға жазғаны үшін “оны сотқа беруі мүмкін екенін” тілге тиек еткен.

Аида университет әкімшілігіне шағымданған соң оқиғаға қатысты жиналыс өткен. Жәбірленуші жиналыс кезінде қысымға ұшырағанын айтады. Сөзінше, университет әкімшілігі одан не үшін әңгімені диктофонға жазғанын сұрап, оның заңсыз екенін қайталай берген.

Содан кейін Аида мәселенің мән-жайын әлеуметтік желіде жазуды ұйғарады. Ол қызу талқыға түсіп, бірқатар медиа ресурстар оқиға желісін ары қарай таратады. 

Оқиға болғаннан үш күннен кейін, яғни 20 қараша күні университет ректоры Қаламжан Надыров өзінің Instagram-аккаунтында қызметтік тексеру жүргізілгенін, оның нәтижесінде университет оқытушысы Исмаиловты жұмыстан шеттетуге шешім шығарғанын мәлімдеді

“Мұндай қатаң шешімді шығаруға ішкі нормативті құжаттың, яғни оқытушының барлық міндеті жазылған корпоративті мәдениет пен этика кодексі бұзылғаны негіз болды”, — деп жазды ол. 

Сонымен қатар, Надыров жәбір көрген студентке заң шеңберінде әрі психологиялық қолдау көрсетуге қолқа жасайтынын мәлімдеген. 

MNU Newsroom тілшісі оқытушыға тағы қанша студент арызданғаны жайлы білу үшін университет ректорына байланысып көрді. Ол әзірге жауап бермеді. 

КҮДІКТІ ЕМЕС, КУӘГЕР

Аида қоғам назарын жыныстық зорлық әрекеттеріне аударып, мәселе маңызын көтеру үшін өз атын ашық жазуға бекінгенін айтады. Көп өтпей, одан өзге тағы үш студент полицияға арыз бергені белгілі болды. 

Алмасова полицияға арыз жазғаннан кейін 35 күн өткенде әлеуметтік желіде тағы пост жазып, қозғалған қылмыстық істің баяу жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, оқудан шығарылған оқытушы істе күдікті емес, куәгер ретінде шақырылған. 

“Іс қозғалғалы бері әрі нақты ештеңе жасалған жоқ. Бірін-бірі танымайтын бірқатар азаматтар арыз жазса да, оқытушы әлі күнге дейін күдікті емес, қорғау статусы бар куәгер ретінде қатысып отыр”, — деп жазды ол. 

Іс жылдам қаралмаған соң, Аида адвокаты Саида Сүлейменовамен бірге журналистерге шығу үшін биыл қаңтарда баспасөз мәслихатын өткізген. Адвокат қалалық полиция мекемесінде істің баяу қаралып жатқанын айтқан

“ҚР Жоғары білім және Денсаулық сақтау министрліктері мен ЖОО әкімшілігіне талап-арыз жолдадым”, — деді ол. 

Кейін Астана полиция департаменті өкілі КТК телеарнасына арыз бойынша ҚР заңнамасындағы 121-бап “сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері” бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеген. 

MNU Newsroom тілшісі Алышан Исмаиловқа әлеуметтік желілермен және телефон арқылы байланысқа шығуға тырысып көрді. Бірақ жауап алу мүмкін болмады. 

Ал оқытушының ұлы Орхан Исмаилов өзінің Instagram-парақшасында әкесінің кінәсіз екені туралы жазба қалдырған. Оның айтуынша, “әкесі 30 жылдық тәжірбиесі бар білікті маман әрі әріптестерінің арасында өзінің адалдығы мен мейірімділігі үшін құрметке ие”.

Ашық дереккөздерде Исмаилов медицина ғылымдарының докторы екені, Астана медицина университетінің хирургия кафедрасында қызмет еткені туралы мәлімет бар. Бірақ университет сайтында ол туралы толыққанды ақпарат табылмады. 

Гүлжан Тұрғанбаева есімді дәрігер-невропатолог бұрын Исмаиловпен жұмыстас болғанын, мұндай артық нәрсе көрмегенін айтады. 

“Ол кісі өте сыпайы, әр науқасқа жеке қарайтын. Тіпті түнгі 3-4 болсын, бәрін күліп қарсы алып, дұрыс диагноз қоятын. Ол кісіден артық ешнәрсе көрген емеспін. Әрдайым күндізгі уақытта студенттерге практикалық сабақтар өткізетін. Пальпация, аускультация, узи қалай жүргізетінін үйрететін”, – дейді ол. 

MNU Newsroom тілшісі жергілікті полиция өкілдерінен істің қалай жүріп жатқаны жайлы анықтауға тырысты. Астана қаласы Сарыарқа ауданы полиция департаменті өкілі 201-бапқа сілтеп, тергеу аяқталмайынша қосымша мәлімет берілмейтінін айтты. 

Қазақстандық әйелдер жыныстық зорлық көргені жайлы жиі айтады. Десе де, олардың арызы кейде тергеп-тексеруге де жетпей жабылып қалып жатады. Құқық қорғаушылар мұны ҚР заңында харрассмент бойынша арнайы бап жоғымен байланыстырады. 

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *