Пт. Дек 27th, 2024
Фото: baq.kz

Halyk Finance сарапшылары Қазақстандағы жұмыссыздықтың “жасырын” түрі бар екенін айтады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,7% шамасында, демек, 452,7 адам жұмыссыздар қатарына жатады. Алайда Halyk Finance мамандары өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жұмыссыздар болуы әбден мүмкін деп есептейді.

Астана қаласының 26 жасар тұрғыны Нұрлан такси жүргіушісі болып жұмыс істейді. Оның сөзінше, күндегі табысы егер таңғы сағат 7-8-ден бастап түңгі сағат 12 не 1-ге дейін үзіліссіз жолаушы тасыса, 30 мыңдай болады. Бірақ, бұл ол үшін бірқатар қиындықтар тудырады екен.

“Негізі такси жүргізушісі болу – негізгі жұмыс емес. Табыс әртүлі жағдайларға тәуелді болады. Әрқашан үлкен сомада ақша табу оңай және мүмкін емес. Сондықтан, мен өзімді жұмыссыздар санатына жатқызамын. Қазір дені дұрыс жұмыс іздеп жүрмін. Бірақ, өзіңіз білесіз, Қазақстанда айлық онша көп емес. Мен күдерімді үзе бастадым, мүмкін, шетелге қарай қам жасайтын шығармын”, – деді ол.

2022 жылы 8500 қазақстандық заңсыз еңбек мигранты ретінде Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жүргені белгілі болды. Бірақ депутат Нартай Сәрсенғалиев “Хабар” арнасына берген сұхбатында өзге елдегі қазақстандықтар қауымдастығынан 20 мыңнан астам адам жұмыс істеп жүр деген ақпарат алғанын айтты.

Сондай-ақ Оңтүстік Кореядағы екі үлкен кәсіподақ ұйымынан Кореяда 35-40 мың қазақстандық бар деген ақпарат түскен. Депутат бұл ретте қазақстандық азаматтардың ол жақта еңбек құқығы қорғалмағанын сөз етеді.

“Екінші жағынан, әрине, азаматтардың әлеуметтік жағдайына байланысты шетелге кететіні ол бәрімізге анық мәселе. …Ол жақта қарапайым жиһаз тасыған азамат, болмаса ауыр жүк көлігін айдаған азамат біздің елдегі жоғары лауазымды, табысты деген қызметкерлерге қарағанда әлдеқайда жоғары жалақы алуы мүмкін… Азаматтарды жұмыссыз деп тану мәселесінде бірқатар сәйкес емес стандарттар бар”, – дейді депутат.

2021 жылы эпидемиологиялық ахуалға байланысты көптеген дамыған елдердің жұмыссыздық деңгейі 10%-ға дейін жеткен. АҚШ-та 8,1%, Канадада 9,6% , ал Испанияда, тіпті, 15,5% болған. Ал 2020-2021 жылдары Қазақстандағы көрсеткіш 4,9% шамасында сақталған. Halyk Finance аналитиктері елде “жасырын” жұмыссыздық мәселесі бар екенін меңзейді.

«Біздің ойымызша, бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жіктеу мәселесі елдегі төмен жұмыссыздық елесін тудыруы мүмкін. Мәселен, 2019 жылы заңнамада “өзін-өзі жұмыспен қамтығандар” ұғымы өз қызметін мемлекеттік тіркеусіз табыс алу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тәуелсіз қызметкерлерге немесе жеке тұлғаларға ауыстырылды. Бұл ретте ресми статистика мақсатында тәуелсіз қызметкерлер де, ЖК де өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың құрамына енгізіле бастады», – делінген «Halyk Finance» зерттеушілері жүргізген аналитикалық жазбалардың бірінде.

Экономисттердің айтуынша, “жасырын” жұмыссыздық – жұмыс күшінің өнімділігі төмен және негізінен бейресми еңбек нарығында жұмыс істейтін бөлігін сипаттайтын әлемдік құбылыс.

Өткен жылы Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда жұмыссыздар саны ресми статистикадан екі есе көп екенін мәлімдеді.

Депутат елдегі жұмыссыздық деңгейі кейінгі 5 жылда 5% шамасында сақталып отырғанын айта келіп, «бұл көрсеткішке ешкімнің сенбейтінін» тілге тиек етеді. «AMANAT» фракциясының жетекшісі тәуелсіз сарапшылардың бағалауына сүйене отырып, Қазақстандағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейі 9-10%-дан кем емес деп есептейтінін айтады.

Ұлттық статистика бюросы былтыр үшінші тоқсанда елде 451,5 жұмыссыз болғанын хабарлады. Сол кездегі ақпаратқа сүйенсек, 90,1 мың өз еркімен, 83,2 мың отбасылық себептермен жұмыссыздар қатарында. Сондай-ақ, 50,5 мың адам үй шаруасындағы әйелдер, 44,2 мың адам мекеменің тарауы мен штатты қысқартудың нәтижесінде жұмыссыз қалған.

Экономист Сапарбай Жабаевтың сөзінше, Қазақстанда 700-800 мың бос жұмыс орны бар және оған шетелден мамандар жұмылдырылады екен.

“Бір қызық жағдай бар. Біз 5% жұмыссыздық дейміз ғой… Ал, бір 700-800 мың бос жұмыс орны бар, біз оған, әдетте, көп емес шетелден де адамдарды жұмылдырамыз. Бұл өте қызықты мәселе”, – дейді экономист.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *