Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін адамдар қандай қиындыққа тап болады?

Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін адамдар қандай қиындыққа тап болады?

Материал не туралы: Астанада 400-ге жуық адам АИТВ жұқтырғанын білмейді. Олардың бұл айықпас дертті басқаларға да жұқтырып жүруі бек мүмкін.

Шиеленістің шешімі бар ма: Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін адамдар қандай қиындыққа тап болады? Қоғамдағы стигматизация адам өміріне қаншалықты әсер етеді? Бұл туралы АИТВ жұқтырған 29 жастағы Нұржан айтып берді.

Цитата: "Мен бір жыл бұрын коммерциялық жыныстық қатынасқа түстім. Дәлірек айтқанда боди массажға бардым. Бәлкім, жастықтың буы бойымды билеген шығар, ол кезде ауру жұқтыру қаупін мүлде ескермеппін".

AИТВ жұқтырғаннан кейінгі өмір

2026 жылдың сегіз айында Астанада 247 адамнан АИТВ вирусы табылды. Бұдан бөлек, әлі 389 елордалық азамат өзінің бұл айықпас дертпен өмір сүретінінен хабарсыз жүр. Бұл туралы Астана қалалық АИТВ орталығындағы профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаева мәлімдеді.

Вирустың 62,3%-ы ерлер арасында таралса, 37,7%-ы әйелдерден анықталды. Инфекция көбінесе жыныстық қатынас арқылы жұққан. Атап айтқанда, 247 жағдайдың 77,7%-ы гетеросексуалды жұптарға тиесілі болса, 13,3%-ы ерлер арасындағы жыныстық қатынастан кейін тіркелген. Вирусты қан арқылы жұқтырғандардың үлесі 4%-ды құрайды.

Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) – ағзаның иммундық жүйесін зақымдайтын дерт. АИТВ иммунитеттің ауруларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Қоғам АИТВ-ны ЖИТС-пен (жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы) жиі шатастырып жатады. Шын мәнінде, АИТВ – ағзаға түсетін вирус болса, ЖИТС инфекцияның асқынған клиникалық сатысы саналады. Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының дерегіне сүйенсек, қазір елде 37 мың азамат АИТВ диагнозымен есепте тұр.

АИТВ жұқтырған адамдардың бұл дертпен қалай күн кешетінін, қандай жағдайларға тап болатынын құрғақ статистика әрине жеткізе алмайды. Диагноз адамның күнделікті өміріне қалай әсер етеді? Ем қабылдау қаншалықты қиын? Қоғамның көзқарасы науқас үшін қаншалықты маңызды? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін АИТВ-мен өмір сүретін 29 жастағы Нұржан есімді азаматпен байланыстық. (Кейіпкердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оның аты-жөні өзгертілді.)

«Диагнозым анықталған соң сүйгенімнен бас тарттым»

Мен бір жыл бұрын коммерциялық жыныстық қатынасқа түстім. Дәлірек айтқанда боди массажға бардым. Бәлкім, жастықтың буы бойымды билеген шығар, ол кезде ауру жұқтыру қаупін мүлде ескермеппін. Араға жарты жыл салып денсаулығым сыр бере бастады. Бұны жыныстық жолмен берілетін инфекция деп жорыдым, мүмкін түйсігім сезген шығар, — деп түсіндірді кейіпкер.

Нұржан күдігін сейілту үшін елдегі танымал маркетплейстен экспресс-тестке тапсырыс беріп, үй жағдайында тексеріліп көрген.

Өкінішке қарай, тест нәтижесі оң болды. Сол сәттен бастап екі ай бойы бұл жаңалықты қабылдай алмай жүрдім. Ауру жайлы білгенде, үйленуге дайындалып жүрген сүйген адамымнан бас тарттым, оны бұл жағдайға араластырғым келмеді. Қатты қорықтым, жыладым, депрессияға түстім. Өмірімнің түбегейлі өзгергенін сездім. Диагноз қойылмастан бұрын АИТВ туралы білетінім өте аз еді. Сондықтан тест нәтижесінен кейін сан сұрақтың астында қалдым. Бұл кезеңді еңсеріп өту психологиялық тұрғыдан ауырға соқты, — деп еске алды ол.

Фото istockphoto.com сайтынан алынды

Нұржан өз өмірі мен денсаулығынан бұрын қоғамдағы қыңыр пікірден қорыққан.

«Өзгелер біліп қойса не болады, мен адамдарға қауіп тигіземін бе, жұмыстан шығарып жібермей ме» деген сұрақтар жанымды жегідей жеді. АИТВ жұқтырған адам диагноздың өзінен ғана емес, басқалардың көзқарасынан да қорқуы мүмкін екен», — деді ол.

Экспресс тест нәтижесінен кейін Нұржан өзі қаласындағы АИТВ орталығына барып тексеруден өткен. Медициналық тексеріс диагнозды растаған соң, ол диспансерлік бақылауға алынды.

«Есепке тұрғаннан кейін, ем алуға қатысты мәселе туындады деп айта алмаймын. Дәрілерімді ауруханадан барып алып кетемін, вирустың сатысын анықтау үшін анализ тапсырып тұрамын. Сонымен қатар ем толықтай тегін көрсетіледі. Біздің орталығымызда психолог мамандар пациенттермен белсенді жұмыс жасайды, маған олардың көмегі қатты керек болды. Бастапқыда диагнозым жайлы ешкімге айтпаймын деп шештім. Адамдардың реакциясы мені қатты қорқытатын. Тіс жарып айтпағанымнан да шығар, өзімді кемсіту мен келекеден сақтап қалдым. АИТВ-мен өмір сүретін өзге таныстарымның жағдайы бұдан нашар, олар қоғамдық орындарда, тіпті жақындарының арасында дискриминацияға ұшырап жатады», — деп қорқынышы туралы сөз қозғады ол.

Кейіпкердің диагнозын алғашқылардың бірі болып әпкесі білген. Ол Нұржан қабылдап жүрген дәрілерді байқап, интернеттен олардың не үшін қолданылатынын іздеген.

«Әпкем дәрілерді тауып алғаннан кейін өзі келіп, әңгіме бастады. Одан ешқандай кемсіту немесе үрей сезбедім. Керісінше, әпкем маған мені тыңдауға тырысты. Сол сәтте жақын адамыңның түсіністік танытқанының өзі үлкен қолдау екенін түсіндім», — деді кейіпкер.

Осыдан кейін Нұржан АИТВ туралы ақпаратты тереңірек зерттеуге көңіл бөлді. Уақыт өте келе ол күнделікті өміріне қайта бейімделіп, болашағына жоспар құра бастаған.

«Ішімдегі қара уайымның жібін тарқатып, өзім сияқты жандармен араласып көргім келді. Бүгінде әлеуметтік желіде АИТВ туралы жазып, халықты ақпараттандырумен айналысып жүрмін. Адамдар бұл вирус туралы дұрыс, расталған ақпарат білсе екен деймін, бұл қоғамдағы қорқыныш пен стигманы азайтар еді», — деді Нұржан

АИТВ туралы не білеміз?

Ел аузында АИТВ ауа арқылы тарайды деген миф бар. Вирус тек қан, шәует не ана сүті секілді биологиялық сұйықтықтар арқылы таралады. Демек қол алысу, құшақтасу, сүйісу, бірге тамақтану, бір дәретхананы, бассейнді немесе саунаны пайдалану кезінде АИТВ жұқтыру мүмкін емес. АИТВ-ны сыртқы белгілеріне қарап анықтай алмаймыз. Инфекция жұққаннан кейін кей адамдардың қызуы көтеріліп, қалтырау, бөртпе, тамақ ауруы немесе ауызда жара пайда болуы мүмкін. Ал кейбіреулердің бойында вирус жылдар бойы «тыныш жатып», ешқандай белгі бермейді.

Бір ескеретіні, АИТВ және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың арасында байланыс бар. Уролог Ұлан Батырбекұлының айтуынша, мерез, гонорея, хламидиоз және гениталия герпесі сияқты инфекциялар жыныс мүшелерінің шырышты қабатында қабыну, жара немесе эрозия тудыруы мүмкін. Бұл зақымданулар АИТВ-ның ағзаға енуін жеңілдетіп, инфекция жұқтыру қаупін арттырады.

«АИТВ қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде немесе қан арқылы жұғуы мүмкін. Сондықтан пациенттерге ЖЖБИ мен АИТВ арасында байланыс бар екенін үнемі түсіндіреміз. Дегенмен бір инфекцияның өздігінен АИТВ-ға айналмайтынын да атап өткен жөн», — дейді уролог.

Дәрігер өз тәжірибесінде АИТВ инфекциясы шамамен екі айда бір рет анықталатынын атап өтті. Пациенттердің біраз бөлігі вирустың атауын білгенімен, оның симптомдары мен таралу жолдары туралы хабарсыз. Кейбірі денсаулығында өзгеріс байқаса да, жақындарына айтуға ұялады не тексерілуден қашады. Гинеколог Әйгерім Ахметованың айтуынша, АИТВ немесе басқа инфекция түрлері кез келген жыныстық өмірін бастаған адамда анықталуы мүмкін.

«Жұмыс барысында АИТВ белгілеріне алаңдап келген адамдарды жиі кездестіремін. АИТВ-ны ерте анықтау емді уақытында бастауға және инфекцияның одан әрі асқынуының алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан күмәнданып жүрген адам симптомдарды күтпей, медициналық ұйымға жүгініп, тест тапсырғаны жөн», — дейді дәрігер.

«Қоғамдағы стигматизация адамның өміріне вирустан де қатты әсер етуі мүмкін»

АИТВ жұқтырып алған адамның өмірінде әрі қарай дертпен бірге психологиялық қиындықтар да қатар жүреді. Қостанай облысының АИТВ-мен күрес орталығының психологы Олег Симанчуктың айтуынша, бастапқыда науқас диагнозды жоққа шығаруға тырысуы мүмкін. Кейін адам ашуланады, артынша күйзеліске түседі және соңында біртіндеп жағдайды қабылдайды.

Фотода Олег Симанчук

«Диагнозын естіген кезде адам өмір мен өлімнің арасында жатқандай күй кешеді. Менің пациенттерім өз өмірін бақылауда ұстай алмайтынын сезіп, сол сәтте қатты қынжылатынын айтады. Вирус жұқтырған адамның күйбең тіршілігіндегі маңызды өзгерістердің бірі –терапия қабылдау. Кейде науқастарға ем алудың өзі психологиялық тұрғыда қиын болуы мүмкін. Бұл жағдайдан шығу үшін пациенттеріме емнің мақсатын түсіндіруге тырысамын», — деді психолог.

Диагноз адамның өзге адамдармен қарым-қатынасына да әсер етеді. Кей науқастар кімге сенім артарын білмей, барған жерінде бірден жеке шекарасын қалыптастыруға тырысады. Сондай-ақ эмоционалдық тұрғыдан ауыр тиетін әңгіменің «иісін» бірден сезіп, одан қашуды үйренеді. Психологтың айтуынша, қоғамдағы стигматизация адамның өміріне вирустан де қатты әсер етуі мүмкін. Стигматизация сыртқы және ішкі болып бөлінеді. Сыртқы стигма – қоғам тарапынан пайда болған қысым, ал ішкі стигма адам өзіне қатысты стереотиптерге сене бастаған кезде пайда болады.

«Мен қауіптімін» немесе «менің өмірім қалпына келмейді» деген түсінік науқастың санасына едәуір зақым қалдырады. Жұмыс барысында АИТВ-мен өмір сүретін адамдар диагноз бен өз болмысын ажыратуды, жағдайын нақты фактілер арқылы қабылдауды үйренеді. Психологиялық терапияның соңында «Мен бақылауға болатын созылмалы вируспен ауырамын» деген түсінік қалыптастыруды мақсат етеміз», — деді ол.

АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға психологиялық қолдау көрсетуде тең кеңесшілердің рөлі маңызды. Тең кеңесші – АИТВ-ны басынан өткеріп, ем қабылдап, бұл жағдайға бейімделген, өзгелерге көмектесу үшін дайындықтан өткен маман. Диагнозы туралы енді білген адам өз тағдырласының тәжірибесі арқылы АИТВ-мен қалыпты өмір сүруге болатынын түсінеді. Бұл қызмет елдегі АИТВ-ның алдын алу орталықтарында бар.

Олег Симанчуктың пікірінше, қоғамдағы стигманы жоюдың кілті –халықтың білімін арттыру.

«АИТВ-ның таралу жолдары мен өз құқықтарын түсіну науқастың бойындағы қорқынышты азайтып, сенімділігін арттырады», — деді дәрігер.

АИТВ-мен өмір сүретін адамдар үшін тағы бір күрделі мәселе – өз статусы жайлы айту не айтпау туралы шешім қабылдау. Психологтың пікірінше, диагнозын жасыру адамды ауыр күйзеліске әкеледі. Әлбетте, өз дерті туралы жария салу да оңай емес. Сондықтан маман пациенттерге өз диагнозы туралы тек қолдау көрсете алатын адамдарға немесе бұл ақпарат қажет болатын жағдайда, мысалы, емдеуші дәрігерге ғана айтуды ұсынады.

Уақытылы қабылданған терапия вирусты бақылауда ұстауға мүмкіндік берсе, психологиялық қолдау адамға диагнозды қабылдап, өмірді жалғастыруға мүмкіндік береді.

АИТВ-ны толық емдеу мүмкін бе?

Әлемде АИТВ-ны толық жоятын ем жоқ. Дегенмен дертті антиретровирустық терапияның (қысқаша АРТ) көмегімен бақылауда ұстауға болады. Науқас белгіленген тәртіппен тұрақты ем қабылдаса, қалыпты өмірін жалғастыра алады. Ем сәтті жалғасса, ағзаға түсетін жүктеме азайып, вирустың жыныстық жолмен жұғу қаупі де төмендейді.

Қазақстанда АИТВ инфекциясы әлеуметтік маңызы бар аурулардың қатарына жатады. 2026 жылдан бастап АИТВ бойынша диагностика, бақылау және емдеу азаматтың сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің шеңберінде көрсетіледі.АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қажетті дәрі-дәрмек те осы жүйе арқылы толықтай тегін беріледі.

АИТВ-ны емдеу туралы сөз қозғағанда, қолданылатын дәрінің түпнұсқасы мен генеригі туралы мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Генерик – құрамындағы белсенді заттар түпнұсқа препаратпен бірдей дәрілік препарат. Қазақстанның дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қағидаларында жаңа пациенттерді емдеуді, әдетте, генериктен немесе биосимилярдан бастау қарастырылған. Ал пациентті түпнұсқа препараттан генерикке немесе бір генериктен екіншісіне ауыстыру дәрігердің тағайындауы бойынша жүргізіледі.

Фотода Алмагүл Сейсенова

Соңғы жылдары Қазақстанда АРТ препараттарының ішінде генериктерді қолдану кеңейіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жастарға қолдау көрсету және оларды қоғамға бейімдеумен айналысатын «Азамат әлеуеті» қорының басшысы Алмагүл Сейсенова Қазақстандағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіндегі генериктер мәселесіне алаңдайтынын айтты.

«Мемлекет үшін дәрі-дәрмекке жұмсалатын қаражатты тиімді пайдалану маңызды, алайда препараттарды ауыстыру кезінде олардың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындауы мүмкін. Бұл мәселе тек АИТВ-ға ғана емес, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіндегі тенденцияға айналды. Мемлекет арзан препараттарды, соның ішінде шетелде өндірілген генериктерді немесе отандық дәрілерді сатып алуға көбірек көңіл бөлуі мүмкін», — деді ол.

Біз бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жібердік.

Диагнозын біле тұра өзгеге жұқтырғандарға жаза бар ма?

Қазақстанда АИТВ-ны басқа адамға қасақана жұқтырғандарға қылмыстық кодекстің 118-бабы бойынша жаза қолданылады. Атап айтқанда, өзгеге әдейі вирус жұқтырған кінәлі тұлға бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. АИТВ-сы бар адам серіктесіне өз диагнозы туралы ескертіп, ол тарап өз еркімен келісім білдірсе ғана қылмыстық жауапкершіліктен босату қарастырылған.

АИТВ-ның алдын алу неден басталады?

АИТВ-ның алдын алу тек қорғану құралдарын қолданумен шектелмейді. Астана қаласының АИТВ-мен күрес орталығының профилактика маманы Айжан Жайлаубаеваның айтуынша, вирус туралы ақпараттандыру кезінде өрескел қате көп жіберіледі.

«Біріншіден, АИТВ-ны сипаттау үшін қолданылатын «ХХ ғасыр обасы», «өлімге әкелетін дерт» сияқты тіркестерден арылу керек. Халықты қорқытуға болмайды. Үрейленген адам тексерілуге барудан да қашады. Аталған диагнозынан хабарсыз 389 адам да осы қорқыныштың қоршауына түскен болуы мүмкін. АИТВ туралы ақпараттандырудың негізгі мақсаты – адамды үрейлендіру емес, қауіп факторларын түсіндіріп, тексерістен өтуге ынталандыру», — дейді.

Фотода Айжан Жайлаубаева

Маманның сөзіне сәйкес, АИТВ-ға тек белгілі бір әлеуметтік топ өкілдері ғана шалдықпайды. Инфекция кез келген адамда кездесуі мүмкін.

«Адамның АИТВ-мен ауыратынын біліп, оны бірден нашақорға не жезөкшеге теңеуге болмайды. Осындай стереотиптен қорқып, адам тексерілуге де, диагнозын жақындарына айтудан да бас тартады. Ал бұл дерттің таралуын одан әрі ушықтыра түседі. Қоғамда АИТВ туралы түсінік неғұрлым нақты болған сайын, халық өз денсаулығына соғұрлым жауапкершілікпен қарап, күмән туған жағдайда тексерілуден ұялмайды», – деп түсіндірді маман.

Мақаланың түпнұсқасы Tengrinews.kz порталында жарияланды.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ