Шетелдегі қазақстандық білімді жастар елге қайтуға құлықсыз

Шетелдегі қазақстандық білімді жастар елге қайтуға құлықсыз

Материал не туралы: Шетелге білім алуға кеткен жастардың елге қайтпай қалуына не себеп? Қазақстанда оларға не ұнамайды?

Шиеленістің шешімі бар ма: «Ақылды» жастарынан айырылып жатқанын түсінген әлем елдері бұл мәселені қалай шешті? Біз неге солай жасай алмай отырмыз?

Цитата: «Жалпы кез келген азаматтың шетелге біржола кеткені қауіпті. Мемлекет бір азамат 18-19 жасқа толғанша кем дегенде 10-15 мың доллар ақша құяды.»

Студенттердің 70%-ға жуығы шетелде қалғысы келеді

Жастары шетелде оқитын мемлекеттердің әлемдік рейтингінде Қазақстан 9-орын иеленген. ЮНЕСКО-ның халықаралық білім статистикасы осындай мәлімдеме жасады. Елімізде жылына шамамен 92 000 студент арман қуып, мұхит асады екен. Әрине, отандық ғылымның дамуы үшін академиялық еркіндік болуы қажет. Алайда, шетелге кетіп жатқандардың барлығы дерлік ғылым жолындағы жастар емес. Басым бөлігі жақсы өмір іздеп, шетелде әрі қарай қалуды көздейді. Яғни бұл мәселе біртіндеп білім алу емес, миграциялық мәселеге айналып барады.

Бұл проблема уақыт өте Қазақстанның еңбек нарығына үлкен қысым әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, интеллектуалдық капиталдың азаюы мен демографиялық теңгерімнің бұзылу қаупі бар. Ал оларды елге қайтару үшін не істеу қажет? Мемлекет бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ па? Шетелге үдере кетіп жатқан жастардың қандай базынасы бар? MNU Newsroom тілшісі тақырыпты тереңінен зерттеп көрді.

AIESEC Kazakhstan халықаралық жастар ұйымы шетелге оқуға және тәжірибе алмасуға кеткен қазақ жастарының түпкі жоспарын анықтау үшін зерттеу жүргізіпті. Нәтижесінде, студенттердің 70%-ға жуығы сол елде қалу ниетін білдірген. Ал сарапшылар шетелде 1 жылдан артық оқыған немесе жұмыс істеген жастардың 40–50%-ы кейін сол елде қалуға бейім екендігін айтады.

Еуропада білім алып жүрген Жібек Махмұтова да мұны жоққа шығармайды. Бір жыл шетелде тұрған ол туған жерден гөрі өзге топырақ өзіне көбірек ұнайтынын айтты. Сол үшін болашақта Еуропада қалмақшы екен.

“Мен бірінші курсты Қазақстанда оқыдым. Өзім қалағандай екінші жылы оқуымды Еуропада жалғастырдым. Демалыста елге оралғанда, бойымда қатты сағыныш жоқ екенін байқадым, тіпті, керісінше оқуға қайтуға асықтым. Алда толықтай осында көшіп келгім келеді. Себебі маған бұл жақтың мәдениеті ұнайды. Өзімді қауіпсіз және толық еркін сезіне аламын. Барлық жағдай жасалған,”— деді ол өз сөзінде.

Елімізде шетелге кетіп жатқан жастар санына қатысты есеп жүргізілмейді

Тағы бір өкініштісі, елімізде шетел асып жатқан жастардың санына қатысты нақты статистика тапшы. Себебі мұндай есеп жүргізу ешбір мемлекеттік органға жүктелмеген. Біз еліміздің Сыртқы істер министрлігіне хабарласқанымызда, олар да бұл іске жауапты емес екендерін мәлімдеді.

“Студенттік виза алып, шетелде қалып қойған азаматтар бойынша арнайы есеп жүргізілмейді, өйткені оқу орнын немесе мәртебесін өзгерту, сондай-ақ елде қалу мәселесі қабылдаушы мемлекеттің құзырында. Студенттердің есепке тұруы міндетті емес, сондықтан нақты деректер толық тіркелмейді,” — деді ҚР СІМ баспасөз қызметінің өкілдері.

Ал статистикалық деректердің жоқтығы нақты проблеманың ауқымын анықтауға тосқауыл болып тұр.

«Жастар барлық мәселе аға-көкемен шешілетін елде тұрғысы келмейді»

Әлемдік оқу орындарында біліммен сусындап, халықаралық диплом иесі атанып, шетелдік стандартқа сай болу қазіргі заман талабы. Дегенмен, зейінді жастарымыздың алған білімін өзге жұрттың пайдасына қолдануы жиілеуде. «Бұған жастарды айыптауға себеп жоқ», — дейді әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы.

“Адамның өзге елге кетуінде жалғыз себеп болмайды. Егер адам білім алуға немесе жұмыс істуге басқа мемлекетті таңдаса, демек, оның елінде бұл салыстырмалы түрде төмен жағдай деген сөз. Адам жайлы жерден кетуге асықпайды. Көбі бұл тақырыпты отансүйгіштікке әкеліп байланыстырады. Бұл бұрыс пікір. Негізінде әр адам патриот. Ал шетке кетіп жатқан жастар өз ішімізде көп жұмыс аға-көкелермен бітетінін біледі. Ал дамыған елдерде ондай мәселе жоқ,”- дейді ол.

Рамазан мырзаның пікірінше, дамыған елдердегідей жастарға төмен пайызбен баспана берілсе, оқуын аяқтаған соң тұрақты жұмысқа тұру жолдары жеңілдетілсе біразы ойланар еді.

“Құқық қорғау органдары, министрлік секілді жалпы ресми жұмысқа орналасу таныссыз шешілмейтін қоғамнан жастардың кетуін жазғыра алмаймыз. Бұл олардың саналы түрде жасаған қадамы», — дейді әлеуметтанушы.

Оның айтуынша, бұл үрдістің негізгі үш себебі бар, олар:

  1. Білім сапасының жеткілікті дәрежеде жоғары болмауы.
  2. Жас мамандарға арналған арнайы жобалардың жоқтығы.
  3. Жоғары оқу орнына түсу үшін қойылатын талап пен күйзеліс деңгейінің жоғары болуы.

Жапондықтар білімді жастарын қалай елге қайтарды?

Әлемнің көптеген елдері қазір мұндай мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Дамыған мемлекеттер де бұл кезеңді бастан өткерген. Мысалы Жапонияда бірнеше жыл бұрын жас мамандары мен жоғары білікті кадрларының жаппай  шетелге көшу мәселесіне душар болды. Осының салдарынан елде еңбек күші мен интеллектуалдық капитал азайып, ғылыми-заманауи технологияларды дамыту баяулады. Сонымен қатар, қартаю тенденциясы мен туу көрсеткіші төмендеді. Ал бұл өз кезегінде экономикалық өсім мен әлеуметтік жүйеге қосымша қысым жасады.

Мұнан соң мемлекет «Japan’s Brain Drain» («Жапониядағы мамандардың эмиграциясы») деген жүйені іске қосты. Бұл бастама мамандарға тұрғын үй мен жұмыс тауып беруге көмектесті. Осылай елдің еңбек нарығы толыға бастады. Ал 2019 жылдан бастап «Specified Skilled Worker» («Арнайы біліктілігі бар қызметкер») бағдарламасы іске қосылды. Ол бойынша шетелге кеткен орта және төмен білікті, бірақ еңбекке жарамды кадрлар да елге қайтарылды. Сонымен қатар, Жапония елдегі университеттер мен ғылыми зерттеулерді халықаралық стандартқа сай етіп, шетелде жүрген жапон мамандарын елге қайта тартуды ынталандыратын қосымша саясат жүргізді.

Қытай да «кадрларды қайтару» саясатын қолға алды

Қытай саясаты да бұл тенденцияға бей-жай қараған жоқ. Қытай үкіметі “overseas returnees” ұстанымымен өзге елде білім алған немесе тәжірибе жинаған азаматтарды елге қайтаруға белсенді түрде ұмтылуда. Бұл саясаттың мақсаты — шетелде оқыған жастарды елдің ғылымына, экономикасына, өндірісіне тарту болатын. Сол үшін көптеген әлеуметтік жеңілдіктер жасады.

  • Бизнес/стартап ашуға қолдау: Шетелде білім алған жастарға Қытайда кәсіп бастау үшін жеңілдіктер қарастырылды. Құжат рәсімдеуде тізім барынша қысқартылды.
  • «Hukou» жүгін жеңілдету —  Елге қайтқан кадрларды «Қытайдың ішкі тұрақты тіркеу» жүйесіне қосты. Бұл статус білім, медициналық қызметтер, әлеуметтік жеңілдіктер, жұмысқа тұру сияқты салаларда басымдық береді.
  • Жұмысқа қабылдауда артықшылықтар берілді: Еліне оралған азаматтардың ғылым, техника, медицина, инженерлік бағыттарда өтініштері бірінші қабылданады.
  • Зерттеу, инновация, ғылыми қызметке қолдау да қарастырылған. Шетелдік білімді және тәжірибелі жастарға ғылыми-жобалар, инновациялар саласында жұмыс істеу мүмкіндігі көп. Оларға арнайы қаржылай, институционалдық қолдау көрсетіліп, зерттеу гранттары, зертханалық қызметтері, патенттеу мүмкіндіктері қолжетімді болады.

Осылайша, мемлекеттік бағдарламаның арқасында алғашқы жылдың өзінде, яғни 2017 жылы 480 900 адам қайтып келген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 11%-ға көбірек нәтиже бергенінің көрінісі. Тура осы саясат  Норвегия елінде де қолданылған.

«Үкіметте шетелге кеткен жастарды қайтару жолдары қаралып жатыр»

Бұрын білім саласын басқарған Асхат Аймағамбетов «бұл ретте Қазақстан жастарымыз неге кетіп жатыр деп емес, керісінше оларды қалай қайтарамыз, қандай мүмкіндіктер жасап бере аламыз деген сұрақты күн тәртібіне шығарып, соны шешуі керек», — дейді.

“Жастардың өзге елде оқуы және сонда қалып қызмет ету процесі барлық алпауыт елдердің басынан өткен кезең. Кезінде Қытайдан кеткен азаматтар қайта еліне келіп жатыр. Себебі Қытай олардың жағдайын жасайтын арнайы бағдарлама құрды. Бізде де Президент осы мәселені көтеріп, үкіметке арнайы тапсырма берді. Үкіметте кеткен азаматтарды қайтару жолдары қаралып жатыр ,”— деп сөзін түйіндеді депутат.

Қазақстандық жастардың 60%-ы болашағын шетелмен байланыстырады

Шетелге кетіп, тұрақтап қалатын жастардың нақты санына қатысты ЮНЕСКО ұйымының статистикасынан басқа ақпарат болмағандықтан,  біз шетелге кетуді мақсат етіп жүрген жас буын арасында сауалнама жүргіздік. Оған 16–22 жас аралығындағы жастар қатысты. Нәтижесінде дауыс бергендердің 60%-ы болашағын басқа елмен байланыстырғысы келетінін айтты.

«Олардың Отанына оралуына асықпауында мемлекет ескермей отырған мәселелер бар», -дейді әлеуметтану ғылымдарының кандиданты Рамазан Саттарұлы:

“Жалпы кез келген азаматтың шетелге біржола кеткені қауіпті. Мемлекет  бір азамат 18-19 жасқа толғанша кем дегенде 10-15 мың доллар ақша құяды. Оның осы кезге дейін алған білімі, ем-домы, физикалық және моральдық тұрғыдан оның дамуына қаржы жұмсалады. Демек, әр шетелге кеткен тұлға экономикаға орасан зор шығын әкеледі. Оған қоса ол рухани, әлеуметтік орны толмайтын трагедиямен тең,”- деп баяндады ол.

Оның айтуынша, қарапайым азаматтан бөлек үлкен қабілеті бар зияткер қауымға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Егер үкімет өз азаматына бәсекеге қабілетті етіп жағдайын жасап бере алмаса, салыстырмалы түрде тиімді нұсқаны таңдаған тұлғада кінә болмайды.

Жоғарыда айтқан сауалнамамызда, респонденттердің жалпы 40%-ы бәрібір елге қайта оралуды көздейтінін айтты. Бірақ қайтып келген мамандардың ішінде өз саласында жұмыс табу, бюрократиямен бетпе-бет келу, төмен жалақы секілді кедергілер жиі айтылады. Бұл жайлы бірнеше жылдан бері жастардың шет елде оқып, жұмыс істеуіне ықпал етіп жүрген жас маман Маржан ханым толығырақ айтып берді:

“Шет елде бізбен салыстырғада білім деңгейі жоғары екендігі белгілі жағдай. Өзім де жоғарғы оқу орнын Еуропада тәмәмдаған соң, еш ойланбастан айта аламын. Ал жұмысқа кету тұрғысынан да қазіргі ең тиімді жол дамыған елдерде істеу. Жалақысы бірнеше есеге көп, бізде екі жоғарғы біліммен 250-300 мың алатын білікті мамандар, шет елде жақсырақ бағаланады,”- деді ол өз сөзінде.

Жалпы, шетелге оқу үшін баратындардың басым бөлігі сол елде қоныстануға дайын екенін ашық айтуы эмиграциялық трендтің расымен күшейгенін дәлелдейді. Бұл бір жағынан, Қазақстанның талантты жастарды жоғалту қаупін арттырса, екінші жағынан өскелең ұрпақтың қажеттілігі өзгергенін айғақтайды. Ал мемлекеттік жүйе сол өзгерістерге уақытылы ілесе ала ма? Мәселе осында болып тұр. Сарапшылар бұл ретте оларды елге қайтару үшін алдымен тиімді экожүйе құруды ұсынып отыр. Ал оның қалай және қашан құрылатыны Үкіметтің дайындауы тиіс бағдарламасына қатысты болмақ. Бір сөзбен айтқанда бұл мәселе — тек көші-қон емес, жастардың сенім индексінің көрсеткіші болып тұр.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ