Бизнеске айналған білім: қаржылық тұзақ

Бизнеске айналған білім: қаржылық тұзақ

Білім саласындағы былықтар

Қазақстанда жекеменшік мектептер мен дайындық орталықтары қарқынды өсіп, бұл сала миллиардтаған теңгелік үлкен бизнеске айналды. Алайда, осы жылдам өсудің артында жүйелі тәуекел жатыр. Соңғы жылдары мұғалімдердің айлықсыз қалуы, балалардың сапасыз білім алуы, ата-аналардың алданып қалуы секілді жағдайлар көбейді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша білім нарығы екіге бөлінген, біріншісі міндетті лицензияланатын жекеменшік мектептер және екіншісі лицензиясыз жұмыс істейтін дайындық орталықтары. Бұл бөлініс жүйенің тұрақсыздығының негізгі факторы болып тұр.

Мемлекеттік жүйенің шектеулі мүмкіндіктеріне байланысты соңғы онжылдықта жекеменшік білім секторларының саны артты. Халық санының өсуінен мектептерде орын тапшылығы, үш ауысымды оқыту және сыныптардың лық толуы байқалады. Ал ата-аналар балаларының ҰБТ-да жоғары балл алғанын және шетелдік ЖОО-ға түскенін қалайды. Жеке орталықтар болса жаппай «кепілдік нәтижені» ұсынып жатыр, бұл тіпті кейбір отбасылар үшін әлеуметтік мәртебе факторына айналған. Осы себепті олар сапалы білім, жайлылық және қауіпсіз орта үшін қыруар ақша төлеуге дайын. Бұл жағдай инвесторлар үшін де тиімді бизнес болып отыр.

Алайда, қарқынды өсім мен нарықтың екіге бөлінуіне қарамастан, жеке білім беру секторындағы бақылау тетіктері әлі де әлсіз болып тұр. Бұл жылдам пайда табуды көздейтін тұлғалардың нарыққа оңай енуіне қолайлы.

Лицензиялау тәртібі: Нарыққа кіру неліктен оңай?

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми жауабы жүйелік әлсіздіктің құқықтық негізін көрсетеді: жекеменшік мектептер (жалпы орта білім беру) міндетті түрде лицензияланады, ал қосымша білім беру ұйымдары (дайындық орталықтары, тіл орталықтары) үшін мұндай талап жоқ.

«Министрлік қосымша білім беру ұйымдарын қоса алғанда, оқу орталықтарының қызметін лицензиялау немесе рұқсат беру өкілеттіктеріне ие емес. Қосымша оқу орталықтарын ашу үшін лицензия талап етілмейді, мұндай ұйымдар ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жеке кәсіпкер немесе ЖШС ретінде тіркеледі», — делінген министрліктің ресми жауабында.

Бұл дегеніміз, кез келген инвестор сапаға, қаржылық тұрақтылыққа немесе мұғалімдердің біліктілігіне қатысты арнайы талаптарды орындамай-ақ, тез тіркеліп, мыңдаған оқушыны жинай алады деген сөз. Бұл жағдайда бақылау тек салық және кәсіпкерлік заңнамаларымен ғана шектеледі.

Өкінішке қарай, министрлік біздің маңызды сұрақтарымыздың барлығын дерлік жауапсыз қалдырды. ҚР ОӘМ білім беру қызметіне лицензия алудың нақты критерийлері мен талаптары, сапаны бақылау тетіктері, тұтынушылардың (ата-аналардың) қаржылық құқығын қорғау механизмдері бойынша ешқандай түсініктеме бермеді. Бұл аталмыш мәселелердің министрлік құзыретінен тыс қалғанын немесе олар бойынша тиісті тетіктердің әлі де жоқтығын көрсетеді.

Жүйелі мәселе: Білімнің қаржылық құрбандары

Білім беру нарығындағы мұндай агрессивті модельдер бірнеше негізгі проблеманың туындауына әкеп соқтырды. Атап айтқанда мұғалімдердің еңбек құқығының бұзылуы, мектептердің кенеттен жабылуы, ашық банкроттық схемалары және ата-аналардың алданып қалуына жол ашып отыр.

Нарықтың қаржылық тұрақсыздығы мен бақылаудың әлсіздігінен ең бірінші зардап шегетін — мұғалімдер. Мектептің табысынан гөрі имиджі маңызды болған жерде, мұғалімдердің еңбек құқығы елеусіз қалып, жалақыны айлап кешіктіру жүйелі проблемаға айналған.

Қызылорда қаласындағы жекеменшік мектепте жұмыс істейтін мұғалім, Бибінұр Бақытбек те осындай жағдайға тап болған.

«Біз баланы сүйгендіктен, өз мамандығымызды қадірлеп жұмыс істейміз. Бұрын жалақы кешіктіру мәселесі болса да, айтарлықтай емес еді. Алайда, осы жылдың қыркүйегінен бастап айлығымызды беруді мүлде доғарды. Мысалы, қазір жылдың соңы болса да, мен әлі күнге дейін қыркүйек айының жалақысын ала алмай отырмын. Біз мүмкін болған барлық жерге хабарластық. Басшылық болса, үнемі «қайта қаржыландыруды күтіп отырмыз» деп, құрғақ уәде береді, бірақ орындамайды», -деді мұғалім.

Ұстаздың айтуынша, кейбір жекеменшік мектептерде мұғалімдерге қаржылық қысым көрсетудің басқа да әдістері бар.

«Кейбір мектептерде тіпті мұғалімдерді оқушы жинауға мәжбүрлейді. Егер белгіленген оқушы саны жиналмаса, олардың жалақысынан ұстап қалады. Бұл өте сұмдық жағдай. Ұстаздар да адам ғой, біздің де несиелеріміз, отбасымыз бар», —деді ол.

Бұл мысал мұғалімдерді мектептің ең маңызды ресурсы ретінде емес, бизнес-модельдегі ең әлсіз буын ретінде қарастыратынын көрсетеді. Басшылық оқу ақысын алып, жарнамаға және кеңеюге жұмсаса да, еңбекақы қорын сақтандыруды ескермейді.

Жеке білім беру нарығындағы ең резонанстық мәселе қаржылық міндеттемелерді орындамай, кенеттен жабылып қалу жағдайлары. Бұл құбылыс жекеменшік мектептердің тұрақсыздық моделін көрсетеді.

Tesla Education: Жүйелі cхеманың cимптомы

Бұл мәселе қоғамдық резонанс тудырған кезде, Tesla Education орталығының жағдайы нарықтағы қауіпті үрдістің жарқын мысалы болды. Хабар Threads әлеуметтік желісіндегі ата-аналардың жаппай шағымдарынан басталды: олар жақында ғана бір жылдық оқу ақысын банк арқылы бөліп немесе толық төлегеніне қарамастан, орталық филиалдарының кенеттен жабылғаны туралы түрлі пост жариялай бастады.

Әлеуметтік желіде кеңінен таралған наразылық суреті

Мұндай шағымдар көптеп тараған соң, ата-аналарға орталықтың негізін қалаушысынан хабарлама келді. Бұл хат ұйымның жауапкершіліктен қашуын ресми түрде жариялағандай болды:

«Құрметті ата-аналар және Tesla Education орталығының балалары! Менің аты-жөнім Сексеналы Айдос Мелисович, мен Tesla Education компаниясының негізін қалаушысымын. Бүгін сіздерге маңызды ақпаратпен жүгінемін. Tesla Education компаниясы өз қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр. Бұл шешім бізге өте ауыр тиді. Көптеген жылдар бойы біз сіздердің балаларыңыз үшін [құруға ұмтылдық…]», -Tesla Education компаниясының негізін қалаушысынан келген хабарламадан үзінді.

«Уақытша тоқтату» туралы хабарлама, іс жүзінде, бір жылға алдын-ала ақы төлеген ата-аналар үшін қаржылық және білім беру міндеттемелерінен бас тартуды білдірді.

«Біз төлеген миллиондарды қайтару туралы нақты ешкім ештеңе айтпайды. Біздің бұл қаржымызды қайтару туралы мәселе жоқ, керісінше, олардың банкрот деп жариялау қаупі туралы сөз болуда», — деді Фариза Баяндина, ата-аналардың бірі.

Бұл жағдай тек бір орталық қана емес, лицензиялық бақылаудан тыс жұмыс істейтін қосымша білім беру жүйесінің осалдығын көрсетті.

Банкроттық схемаларының құпиясы: Booster мысалында

Tesla Education нарықтағы алғашқы да, соңғы да жағдай емес. Бұл оқиға жылдам ақша жинауға негізделген және ешқандай қаржылық кепілдік бермейтін жүйелі бизнес-модельдің салдары. Ұқсас жағдайлар бұған дейін де Euro Education, Booster және Smart Bilim сияқты орталықтарда болған.

Бұл схеманың ішкі механизмі Гүлнар Рахымованың (Booster орталығының клиенті) тәжірибесі арқылы толықтай ашылады. Екі баланың анасы Гүлнар орталық таңдаған кезде, ең алдымен, оның «сенімді имиджіне» және ыңғайлы кестесіне сенген:

«Біз барғанда, олардың ірі ұйым екеніне және өткізген тестілеуіне сендік. Ең бастысы, балаларымның кестесінің сәйкес келуі мен үшін өте ыңғайлы болды. Шынымды айтсам, біз сол әдемі суретке «сатылып» кеттік. Менеджерлер оқудың көңілді, әрі ыңғайлы болатынын айтып, бізді бірден сендірді»,- деп бөлісті ол.

Гүлнардның айтуынша, көп ұзамай орталықтағы оқу бағдарламасы мен уақыт кестесі арасында сәйкессіздіктер басталған. Түстен кейінгі уақыт, яғни сағат екі мен үштегі «өздігінен дайындық» деп аталатын «продлёнка» мүлдем тиімсіз болыпты. Гүлнар балалардың үй тапсырмасын қатемен орындағанын кураторларға бірнеше рет жазған. Егер қателерді ешкім тексермесе, мұндай сабақтың мәні жоқ екенін кеш түсініпті. Негізгі сабақтар да толыққанды болмаған. Жарнамада бес пән айтылғанымен, іс жүзінде басым бөлігі орыс тіліне, математикаға және аздаған ағылшын тіліне ғана арналған. Ең өкініштісі, екі айлық оқудан кейін басқа репетитор тексергенде, баласы қарапайым әріптерді де білмеген. Анасы «нәтижені» өзінің баласына жүктеуге тырысса да, бұл факт орталықтың білім сапасының қандай деңгейде болғанын анық көрсетеді.

«Ақшаны қайтару мәселесінен кейін барлық жағдайды қайта қарап шыққанда, бір нәрсені анық түсіндім: мен олардың жүйесіне емес, тек маркетингке сеніп қалған қарапайым құрбан екенмін. Олардың басты күші сапада емес, дәл сол маркетингте екенін енді ғана толық ұқтым», -деді қапа болған ана.

Нәтиженің жоқтығына және уақыттың босқа кеткеніне көз жеткізген ана үшін келесі қадам оқуды тоқтатып, алдын ала төленген ақшаны қайтару болды. Алайда, осы сәтте олар орталықтың негізгі тұзағына келісімшарттың ішінде жасырылған, күрделі қаржылық схемаға тап болды.

Орталықтың ішкі механизмі келісімшарттың 5.1-тармағында жасырылған. Бұл бап бойынша, егер ата-ана ақшаны қайтаруды талап етсе, акциямен төленген айлар толық құнымен қайта есептеледі. Мысалы, Гүлнара екі баласы үшін бір жылға бір миллионға жуық теңге төлеген. Бірақ орталық оқудан шыққан кезде, олар бір айдың өзіне 250 мың теңге есептеп, балалар бар болғаны екі ай оқығаны үшін 500 мың теңгеден астам соманы ұстап қалған. Гүлнардың айтуынша, бұл «тұтынушыны алдаудың айқын түрі», өйткені келісімшарттың бұл бабы ата-аналардың ақшасын заңды түрде ұстап қалуды көздейді. Дегенмен, бұл қаржылық тұзақ орталықтың жасырған жалғыз құпиясы емес еді. Ақшаны қайтару мәселесімен айналыса бастағанда, Гүлнар орталықтың заңды құрылымына назар аударып, екінші, одан да күрделі схемаға тап болды.

Ірі әрі жарнамаланған Booster сияқты брендпен келісімшарт жасалғанымен, ақша аударымы Жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелген менеджердің шотына жүргізілген. Гүлнардың өзі төлеген қаражат «ЖК Мырзағалиев Сымбатқа» түскен.

«Менің ойымша, әр менеджерге жеке кәсіпкерлік (ЖК) рәсімделеді де, төлемдер солар арқылы өткізіледі, бұл салықтан жалтару үшін жасалатын секілді. Егер іс сотқа жетсе, дау Booster брендімен емес, сол кішкентай жеке кәсіпкермен (ЖК) болады», — деді Гүлнар.

Гүлнар ақшасын қайтару үшін сотқа дейінгі талап-өтініш жолдады. Алайда ресми жауап алу оңай болған жоқ, орталықтан жауапты әрең, көп күрделі қадамдар арқылы ғана алып шықты. Бұл процесс бір ана үшін жүйелі әрі қиын сынаққа айналды.

Келісімшартта нақты көрсетілген банк реквизиттері арқылы қаражат қайтарылуы тиіс болса да, орталық қарапайым Kaspi аударымын жіберді тіпті жеке шоттан аударғандай әсер қалдырады. Шын мәнінде бұл келісімге сай қайтару емес, жай ғана формалды іс сияқты болды.

«Бұл ақшаны қайтару деп айтуға келмейді. Мүмкін, олар қаражатты соңғы сәтте тауып, қолдарына түскен жерден аударған сияқты», -деді екі баланың анасы.

Орталық бастапқыда 700 000 теңгені қайтарып береміз деп уәде берген, бірақ тек 400 000 теңге ғана аударылды, қалған 300 000 теңге ұстап қалынды. Бұл Гүлнар үшін үлкен қаржылық шығын болды. Ол жүгінген адвокат та бұл жағдайдың күрделілігін атап өтті:

«Маған жүгінудің еш мәні жоқ. Сіз қайтарғыңыз келген 300 мыңның бәрі заңгердің қызметіне кетеді, сондықтан бұл жолға барудың еш артықшылығы жоқ», — деп заң өкілі де ананың қиындығына қол сілтегендей болған.

Гүлнар Рахымованың оқиғасы тек бір ата-ананың қаржылық шығыны емес, бұл ірі брендтердің келісімшарттағы тұзақтарды және ЖК (ИП) схемасын қолдану арқылы жауапкершіліктен қашуға бағытталған жүйелі әрекетін көрсетті. Тұтынушылар комитетінің дәрменсіздігі және білім министрлігі тарапынан бақылаудың жоқтығы жағдайды одан әрі ушықтырып тұр. Ата-анаға жалғыз жол уақыт пен қаражатты талап ететін сотқа жүгіну болып қалды.

Бұл тізбекті қайталаулар нарыққа кіру оңай болғандықтан және қаржылық міндеттемелерді бақылаудың жоқтығынан тұрақсыз кәсіпкерлік үлгісі кең тарағанын дәлелдейді.

Білім беру ұйымдарының тез банкроттыққа ұшырауы, ең алдымен, дұрыс емес қаржылық жоспарлауға байланысты. Қазақстандық қаржылық сарапшы мұндай схемалардың нарықтағы қауіпті механизмдерін былайша түсіндіреді:

«Мұндай мектептердегі негізгі проблема айналым қаражатының жетіспеушілігі және қаржылық ашықтықтың болмауы. Олар тез өсу үшін ата-аналардың алдын ала төлеген ақшасын пайдаланады. Яғни, қазіргі төлемдерді болашақтағы шығындарды жабуға жұмсайды», -деді қаржыгер Нұрбол Ерболұлы.

Сарапшының түсіндірмесі бойынша, компания келесі жағдайларда банкроттық туралы өтініш беруге құқылы:

  • Компания үш айдан астам уақыт бойы өз міндеттемелері бойынша төлем жасай алмаса. Бұл міндеттемелердің ішінде, білім беру орталықтары үшін, ең алдымен мұғалімдердің жалақысын төлемеу, ғимаратты жалға алу ақысын төлемеу, ата-аналардың оқу ақысын қайтармау (шарт бойынша)
  • Активтердің жетіспеуі: Борышкердің активтерінің жалпы құны кредиторлар алдындағы міндеттемелерді жабуға жеткіліксіз болуы.
  • Төлем қабілетсіздігі: Болашақтағы қызметтен (жаңа оқушыларды тартудан) жеткілікті табыс алу мүмкіндігінің болмауына байланысты, міндеттемелерді орындауға қабілетсіз болуы.

Агрессивті жарнама және «білім емес, бренд сату»

Қаржылық тұрақсыздыққа қарамастан, білім беру үйымдарының агрессивті маркетингке көп ақша салуы жүйелі проблеманың тағы бір белгісі. Бұл құбылыс білімді тауарға айналдырып, нақты сапаның орнына имиджді сатуға бағытталған. Агрессивті маркетингтің бір бөлігі оқу процесіндегі білімнің құндылығын емес, бағалы материалдық сыйлықтарды басты орынға қою.

Кейбір ірі орталықтар оқушыларды тарту үшін пәтер, автокөлік, қымбат гаджеттер ұтып алу мүмкіндігін жарнамалайды. Бұл әдіс балалардың оқуды сыртқы, тұтынушылық құндылықтарға айырбастауын қалыптастырып, олардың ішкі мотивациясын әлсіретеді. Оқушы оқуды болашақтағы мансап үшін немесе білімнің құндылығы үшін емес, тек сыртқы, тұтынушылық құндылықтар үшін қажет деп қабылдай бастайды.

Агрессивті маркетинг қаржылық тұрақсыз орталықтардың қызметін жылдам насихаттау үшін, әсіресе жастар арасында ықпалды блогерлерді белсенді түрде пайдаланады. Олар орталықтың шынайы білім сапасын тексермей, тек жарнамалық келісімшарт негізінде, орталықтарды «ең үздік» немесе «инновациялық» деп көрсетеді. Блогерлерге сене отырып, ата-аналар мен оқушылар жарнамаланатын қызметтің артында тұрған қаржылық тәуекелдерді немесе білім сапасының төмендігін елемейді.

Білім беру мекемесі жабылып, ата-аналар мен мұғалімдер зардап шеккен сәтте, басқа орталықтардың бұл жағдайды этикаға қайшы пайдалануы нарықтың моральдық деңгейінің төмендігін көрсетеді. Мәселен, Tesla Education төңірегіндегі жанжалдан кейін, бірқатар бәсекелес орталықтар зардап шеккен ата-аналарға тікелей қоңырау шалып, олардың Tesla-да оқыған-оқымағанын сұраған. Зардап шеккен отбасыларға тегін бір айлық оқуды ұсынып, одан кейін 50% жеңілдікпен өздеріне тартуға тырысқан. Бұл ата-аналардың сенімсіздігі мен қаржылық қиындықтарын пайдаланып, қысқа мерзімді табыс табуды көздейтін тағы бір агрессивті жарнаманың түрі десек те болады.

Білім сапасына қатысты қарама-қайшылықтар

Осы орайда жекеменшік білім беру орталықтарының агрессивті жарнамасы мен жоғары төлемдері сапаның кепілі ме, әлде миф пе деген заңды сұрақ туындайды. Бұл салада қарама-қайшы пікірлер басым. Бір жағынан, көптеген қосымша білім беру орталықтарында төмен жалақы үшін жоғары сынып оқушылары немесе студенттер жұмыс істейді. Олардың педагогикалық білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда, ата-аналардың қымбат төлемдеріне қарамастан, балалардың сапалы білім алуы күмәнді болады.

Екінші жағынан, ірі жекеменшік мектептер өздерін мемлекеттік мектептерден жоғары қояды. Олар «бізде тек үздіктердің үздігі жұмыс істейді» деп мәлімдейді. Шынында да, бұл мектептерде екі дипломды, ғылым докторлары (немесе PhD), жоғары біліктілік санаты бар мұғалімдерді кездестіруге болады. Бибінұр Бақытбектің тәжірибесі де осы қарама-қайшылықты айқын көрсетеді:

«Жекеменшік мектеп пен мемлекеттік мектептің білім беру деңгейі арасында түбегейлі айырмашылық жоқ. Жоғары жалақыға келген білікті мұғалімдер, иә, бар. Бірақ, олардың басым бөлігі балаларға білім беру үшін барлық шарттарға көнуде. Қазір менімен қоса көбісі басқа жұмыс іздеуде, бірақ қазір жас мамандар өте көп. Басқа жерден жұмыс табу қиын», — деді мұғалім өз сөзінде.

Бұл пікірлер жекеменшік білім беру саласының біркелкі емес екенін көрсетеді. Нарықта шынымен де жоғары білікті, бірақ қаржылық тұзаққа түскен мұғалімдер бар. Сонымен қатар, ақша табу үшін ғана ашылған, арзан студенттерді қолданатын, бірақ жоғары нәтиже туралы айтатын орталықтар да бар. Ата-аналардың міндеті осы екі айырмашылықты ажырата білу.

Екіжақты жауапкершілік: Экс-министрдің көзқарасы

Бұрын білім және ғылым министрі болған, қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов қосымша білім беру саласын тек мемлекеттік бақылаумен шектеу тиімсіз екенін алға тартады. Оның пікірінше, бұл секторда екіжақты жауапкершілік қағидаты жұмыс істеуі қажет.

А. Аймағамбетов мемлекеттің барлық процестерді толық лицензиялау және қадағалау мүмкіндігі шектеулі екенін айтады:

«Мемлекет әрбір жеке кәсіпкердің немесе ЖШС-нің қызметін ұдайы бақылап отыра алмайды, сондықтан қосымша білім беру нарығындағы жалпы тәртіп өзінің тиісті рәсімдеріне сәйкес жұмыс істеуі керек. Бұл тұжырым нарыққа кірудің жеңілдігін жақтайды, бірақ сапаға қатысты тәуекелдерді арттырады», — деді ол.

Осыған байланысты, депутат білім беру ұйымының тұрақтылығы мен сапасын анықтауда ата-аналардың жауапкершілігі маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ата-ана баласын оқытуға бермес бұрын, ұйымның беделін, мүмкіндіктерін және ең бастысы, мұғалімдердің біліктілігін мұқият тексеруі қажет. Бұл олардың сенімі мен қаржысын қорғаудың басты кепілі.

Мемлекет тарапынан да талаптардың болуы қажет екенін айта келіп, А. Аймағамбетов соңғы кездері енгізілген жаңа тетіктерге тоқталды:

«Қазір арнайы талаптар бар, мысалы, хаттама арқылы ашу туралы алдыңғы жылдан бастап осындай жаңа тетікті енгіздік. Сондықтан менің ойымша, мемлекет осы бағыт бойынша жұмыс істеу керек», -дейді ол.

Жоғарыда айтылған мәселелерді қорытындылай келе, білім беру нарығындағы жауапкершілік екі жақты екенін ескеру қажет. Тұрақсыз орталықтардың тұзағына түспеу үшін, ата-аналар келесі басты ережелерді ұстануы тиіс:

  1. Жылдық төлемнен аулақ болыңыз, әсіресе орталықтың сенімділігіне күмәніңіз болса, бір жылдық алдын ала төлемге барынша жоламаңыз. Бұл мектептің немесе дайындық орталығының сіздің ақшаңызды келесі айдағы шығындарды жабуға (жалақы, аренда) пайдалануын білдіреді. Мүмкіндігінше, ай сайынғы немесе тоқсандық төлемдерді таңдаңыз;
  2. Қаржылық тұрақтылықты тексеріңіз, жарнамаға сенбей, орталықтың нақты жұмыс тәжірибесін, бұрынғы қызметкерлердің пікірлерін (жалақының төленуі туралы) және заңды құжаттарын (лицензия, тіркеу деректері) сұраңыз;
  3. Кадр сапасын анықтаңыз, оқытушылардың біліктілік санатын, дипломдарын және тәжірибесін сұраңыз. Егер мектепте негізінен тәжірибесі аз студенттер жұмыс істесе, бұл жоғары төлемге қарамастан сапаның төмендігін білдіреді.

Жекеменшік білім беру секторы тек бизнес емес, бұл Қазақстанның болашағына салынған ең маңызды инвестиция. Алайда, нарықтағы сенімділікке қаржылық және этикалық соққы кедергі етуде. Әрбір ұстаздың еңбегі әділ бағаланғанда, әрбір төленген оқу ақысы қорғалғанда және білімнің құндылығы материалдық сыйлықтардан жоғары қойылғанда ғана біз сенім дағдарысын еңсере аламыз.

Баланың болашағына салынған инвестиция — бұл ең жоғары құндылық. Оны тек мемлекеттік бақылау ғана емес, сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің этикасы мен ата-аналардың саналы таңдауы қорғай алады.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ