Қазақстан үшін Қытай — жау ма, әлде серіктес пе?

Қазақстан үшін Қытай — жау ма, әлде серіктес пе?

Синофобиядан стратегияға: жаңа геосаяси шындық

Қытаймен қарым-қатынасымыз қарқынды дамып жатқанымен, қазақстандықтар көрші елге әлі де күдікпен, сескене қарайды. Кіші мемлекеттердің алып державалар алдындағы қорқынышы – қалыпты жағдай. Саясаттанушылар тілімен айтқанда, бұл — гегемония. Гегемония — бір мемлекеттің басқаларға саяси, экономикалық, әскери, мәдени немесе идеологиялық тұрғыдан үстемдік етуі. Дәл осы түсінікке сүйене отырып, қазақстандықтар Қытайды гегемон мемлекет ретінде қабылдайды. Оған негіз жоқ емес.

Қазақстандықтардың Қытайға сескене қарауының бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, шекара, жер мәселесі, халық санының айырмашылығы және Қытай экспансиясы туралы қауесеттер арагідік күдікті күшейтіп тұрады. Ол аздай, соңғы жылдары Қытай Қазақстан экономикасына белсенді түрде инвестиция салып, сауда-саттық пен қарым-қатынасты қарқынды дамытып жатыр. Бұл Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін деген қорқыныш та бар. Newsroom тілшісі бұл қатерлердің қаншалықты орынды екенін зерттеп көрді.

Қытай — экономикалық, саяси тұрғыдағы негізгі серіктесіміз. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, шығыстағы бұл көршіміз экспорт бойынша екінші орында келе жатыр. Ал өзара сауда айналымы соңғы жылдары екі есеге артқан. Қытайдың Қазақстанға қатысты жоспарлары ауқымды. Ал бұл белсенділіктің астарында не жатыр? Қытаймен тығыз араласуымыз керісінше, оларға тәуелді болып қалуымызға итермелемей ме? Бұл сұраққа экономист Сапарбай Жұбаев былай деп жауап берді:

“Әрине, Қытай өзінің көршілерімен, әсіресе Африка құрлығындағы мемлекеттермен, осы «жұмсақ күш» арқылы жұмыс істейді. Яғни, Ресей Украинаны қарулы күшпен басып алмақ болса, Грузияға кіріп, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны қарулы күшпен өзіне қаратқан болса, Қытай негізінен экономикалық жолмен, яғни өздерінің үлкен инвестицияларын салып, сол мемлекеттердің экономикалық саясатын Қытаймен байланыстыруға әрекет жасап жатыр. Әлбетте, қай мемлекетте жемқорлық күшті болса, ол Қытайдан алған инвестициялардың нәтижесін халыққа емес, өз табысы үшін жаратуы мүмкін. Сосын олар Қытайға ақшаны қайтара алмай қалады, себебі жемқорлық бар. Сөйтіп, өздерінің үлкен инфрақұрылымдық жобаларын сол Қытайдың меншігіне беріп қоюы мүмкін. Бізде де бұндай қауіп бар. Бірақ менің ойымша, біздің билік бұндай қадамға бармаса керек”.

Экономика тек елдің тұрмыс әлеуетіне ғана әсер етіп қоймай, сонымен қатар қос тарап арасындағы мәдени көпір қызметін де атқарады. Соңғы жылдары қытай тілін үйренуге сұраныс айтарлықтай артқан. Бұл құбылысқа қатысты синолог Ақбота Ахметқызы келесідей пікір білдірді:

«2010 жылдардың басында бұл тілді үйренушілердің басым бөлігі шағын және орта бизнес өкілдері болатын. Себебі, Қытаймен сауда жасау үшін тілді білу — практикалық қажеттілік еді. Алайда, 2020 жылдан бері мен үлкен өзгерісті байқадым. Алғашында менің студенттерім негізінен кәсіпкерлер мен іскер адамдар болса, қазір олардың қатарында ірі компаниялардың топ-менеджерлері мен қоғамдық сектордағы ықпалды тұлғалар бар. Бұл қытай тіліне деген сұраныс жай ғана уақытша тренд емес, стратегиялық қажеттілікке айналғанын көрсетеді».

Расында, қазақстандық кәсіпкерлерге тіл үйренген тиімді. Себебі сауда жолдарының едәуір бөлігі дәл осы көршіміз арқылы өтеді. Әлемдік сауданың 80%-ы су көлігі арқылы жүзеге асырылатыны белгілі, бірақ біздің мемлекетке бұндай мүмкіндік бұйырмаған. Географиялық орналасуымызды ескере отырып, Қытай біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірі болып қала бермек. Саясаттанушы Таир Нигамановтың айтуынша, халықтың қытайлықтарға үрке қарауына дәл осы фактор себепші.

«Өйткені қытай тілін білетіндер өте аз. Қытай саясатында шын мәнінде не болып жатқанын түсінетіндер де тым аз. Бұл өз кезегінде түрлі алыпқашпа әңгімелерге жол ашады. Алайда, визасыз режим секілді бастамалардың және Конфуций институттары сияқты қытай мәдениетінің кеңінен таралуының арқасында біз Қытайды біртіндеп жақсырақ тани бастадық. Бұл да осы елге деген жалпы қорқыныш деңгейінің төмендеуіне әсер етіп отыр».

Қытай — құпиясын ішіне бүккен мемлекет. Бірақ соңғы жылдары әлемге ашық болуға тырысып жатыр. Соның бір айғағы — Қазақстанда Конфуций институттарын көптеп аша бастады. Бүгінгі таңда елімізде қытай тілінде оқытып, мамандар даярлауға арналған осындай бес бірдей институт жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде қытай мәдениетінің дамуына, сондай-ақ олардың саясатын түсінуге көмектеседі. Білім алмасу бойынша Қазақстан тарапы да белсенді позиция ұстанып келеді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2020–2024 жылдар аралығында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2094 стипендиат дәл осы Қытайдың жетекші университеттерінде білімін аяқтады.  2024 жылы еліміздің 55 жоғары оқу орны Қытай университеттерімен 241 келісім аясында ынтымақтастық орнатқан.

Қытайға қатысты қауіп қалай сейіле бастады?

Жалпы байқағанымыздай қазақстандықтар арасында Қытайға қатысты синофобия деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Өскелең ұрпақ көрші мемлекетті қауіптің емес, керісінше, мүмкіндіктердің мекені деп бағалайды екен.

«Синофобия өзгере бастады. Қытайды тек қауіп ретінде емес, сонымен бірге білім, технология және мәдениет арқылы мүмкіндік ретінде де көру көбейіп келеді. Сондықтан біз сенімді түрде «Овертон терезесінің» — яғни әлеуметтік тұрғыда қабылданатын пікірлер ауқымының — біртіндеп өзгеріп келе жатқанын айта аламыз», — деді синолог Ақбота Ахметқызы.

«ТАЛАП» Қолданбалы зерттеулер орталығының жүргізген зерттеуі де осы пікірді растап отыр. Мамандардың айтуынша, қазақстандықтардың Қытайға деген көзқарасы жылдан жылға жақсарып, оң көрсеткіштерді көрсетіп жатыр екен. Бұл өзгеріске Ресей мен Украина арасындағы соғыс ықпал еткен болуы мүмкін, себебі ол Ресейдің бәсекелестік позициясын әлсіретті. Сонымен қатар, COVID-19 пандемиясы Қытайдың денсаулық сақтау жүйесінің қаншалықты дамығанын көрсетті.

Қазақстан Президенттері де ресми үндеулерінде Қытайға 27 рет тоқталыпты. Бұл Қытай біздің экономиканың дамуына шынайы үлес қосатынын және елдеріміздің өзара құрмет пен сенімге негізделген серіктестік құрып жатқанының игі нышаны болса керек.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ