Соңғы уақытта домбыраға деген халықтың қызығушылығы мен құрметі күн өткен сайын артып келеді. Баласын домбыра үйірмесіне беріп, күй шерткеніне масаттанған ата-аналар саны көбеюде. Әрине, ұлттық құндылықтарымыздың кеңінен насихатталуы да бұған өз әсерін тигізіп жатыр. Дегенмен, бұл саладағы сарапшылар қазіргі домбыралардың сапасына қатысты алаңдаулы. Себебі ата-бабамыздан қалған қасиетті аспап соңғы уақытта өзінің «қоңыр үнінен» алшақтап бара жатқандай. Бұл мәселе қазақ композиторы, атақты күйші, домбырашы Секен Тұрысбековтің де жанына батады.
«Қазіргі шеберлерде ізденіс жоқ емес, бар. Бірақ кейде беткі тақтайдың ішіне кергіш салынбағандықтан, домбыраның дыбысы әлсіз болады. Ол тек микрофонмен ғана шығады, іштегі үн алысқа таралмайды. Бірақ қолға жұмсақ болып келеді. Дыбысы, мысал ретінде, ер баланың даусы мен әйел адамның даусы секілді айырмашылығы бар – сол секілді әсер қалдырады. Құлаққа да сәл жұмсақтау, қоңыр үнді бере алмайды. Қазақта барлығы қоңырдан тұрады ғой: сөзінде де, үнінде де – бәрінде де қазақтың бояуы – қоңыр. Ал, мысалы, біздің басқа аспаптар, тек қана домбыра емес, жетіген енді жетіліп келе жатыр. Дегенмен, оның да үні – сымның, гитараның негізі – сенің бояуыңды бере алмай жүр. Әлі де көп ізденісті қажет етеді.»
Танымал күйші, домбырашы Жанғали Жүзбай да әріптесінің бұл пікірімен келіседі. Оның айтуынша, бар мәселе домбыра жасалатын ағашқа байланысты.
«Қазіргі домбыралардан қоңыр үн шыға бермейді. Себебі қазіргі ағаштардың бәрі – скрипка, виолончель, альт сияқты әлемдік деңгейдегі қымбат аспаптарды жасайтын еуропалық шеберлердің іріктеуінен өткен ағаштар. Мысалы, Страдивари мен Гварнери секілді атақты шеберлердің тезінен өткен, арнайы дайындалған ағаштар бар. Қазіргі таңда сол қымбат ағаштарды шеберлер шет елден сатып алып, домбыра жасайды. Әрине, ондай домбыралардың үні өте қуатты, ашық, эстрада мен оркестрде жақсы сөйлейді. Бірақ оңаша тартқанда – не «наз қоңырға», не «жайма қоңырға», не «майда қоңырға» келе алмайды. Себебі ол ағаш күйді «жатырқайды». Қазақи күйдің мақамы сол ағашқа «жат». Бұл – ағаштың біздің топыраққа тән еместігінен. Ал қазақтың көне домбыраларына қарасақ: мысалы, Әбдіген Қасеновтың шерткен домбырасы, Дина Нұрпейісованың домбырасы – барлығы да қазақ жерінің өзінде, өз топырағында өскен қарағай, үйеңкі және тағы басқа жергілікті ағаштардан жасалған».
Бір қызығы, тапсырыс берушінің қалауына қарай, қазіргі кей домбыралардың ағашы сонау Африкадан, Түркиядан, Ресейден арнайы алдырылады екен. Бұл жайында домбыра жасаушы, қазақстандық белгілі шебер Ертай Байжалғас айтып берді.
«Бұл – тапсырыс берушіге байланысты. Бір тапсырыс беруші: «Маған қатты ағаштан домбыра керек», – деп айтуы мүмкін. Басқа біреу: «Шет елдің қызыл ағашынан жасалса», – деуі мүмкін. Мысалы, Африканың эбен немесе граб деген көмірдей қап-қара ағаштарын сұрайтындар да бар. Себебі олар боялмаған, табиғи түсті қалайды. Ал өзіміздің ағаштарды көбінесе бояп қолданамыз. Лак жаққанда олардың табиғи түсі ашыла бермейді, көбіне ақшыл болып көрінеді. Сондықтан тапсырыс берушілер көбінесе экзотикалық ағаштарды таңдайды. Экзотикалық дегеніміз – тропикалық аймақтарда, Таяу Шығыста өсетін ағаштар».
Осылайша, домбыраның құны да қазір әртүрлі. Ең арзаны 15 мыңнан басталып, 1 миллион теңгеге дейін бағаланатындары бар. Әрине, бұл жерде домбыраның ағашы, жасалу жолы, өлшемі мен түрі маңызды рөл атқарады. Ал ең қымбат домбыра қанша тұрады, білгіңіз келе ме?

Қазақстандағы ең қымбат домбыра деп Секен Тұрысбековтің қолындағы Ромоненканың домбырасын айтуға болады. Оны 1 миллион долларға сатып алғысы келгендер де болыпты.
«Тентек шоқпар жинайды» дегендей, 16 домбырам бар. Музейге де сұрап жатыр, біреуін де бермедім. Мен оны неліктен музейге табыстауым керек? Домбыра деген – ойнайтын зат, музейде тұратын зат емес. Мендегі Ромоненконың домбырасын миллион долларға бағалағанда да, мен берген жоқ едім. Ол домбырам үлкен кісіге керек болды да, оған басқа бір адам көңілін табамын деп, сол мендегі домбыраны алып бермекші болған. Сондықтан ол домбыраның бағасы жоқ, құны жоқ. Страдиваридің скрипкасының өзін алдыңғы жылы аукционда он төрт миллион үш жүз еуроға бағалады. Ол скрипкадан қазақтың домбырасының қай жері кем?»
Расымен, қазақтың тілі – күй. Домбыра – қазақтың тарихы. Ол бұрын қазақпен қалай бірге болса, әрі қарай да солай бола бермек. Көкірегі шежіреге толы бұл аспап ұлтпен бірге қайта жаңғыруда және алдағы уақытта да түрленіп, өзгеруі мүмкін, дейді Ертай Байжалғас.
«Иә, әрине, прогресс ешқашан тоқтамайды. Бұрынғы заманда да домбыра талай өзгерістерге ұшыраған. Жиырмасыншы ғасырдың бел ортасында, домбыраны эстрадаға енгізу үшін Ромоненко деген кісі домбыраны шанаққа бөліп шығарды. Оған дейін домбыраның бәрі шабылған болатын – яғни мойнынан бастап кіндігіне дейін тұтас, бітеу шабылатын еді. Кейін эстрадаға бейімдеу үшін домбыраның шанағын жіңішкертіп, кесіп отырып формасын өзгертті. Сол секілді қазір де домбыра үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Электронды домбыралар да шығып жатыр. Бұны біз заман ағымына сай даму деп түсінуіміз керек. Алайда біз, шеберлер, домбыраның үнін – дала үнін, аттың дүбірін жоғалтпай, қазіргі домбыраларды да сақтап қалуға тырысуымыз қажет».
Иә, барды сақтап қалу, өткеннен ажырап қалмау, арадағы алтын үзікті үзіп алмау – маңызды!
Автор: Марат Батырхан