Кейінгі кезде қоғамда ЛГБТ (гейлер, лезбилер, бисексуалдар және трансгендерлер) тақырыбы жиі талқыланып, әртүрлі көзқарастың күресі күшейе түсті. Бір тарап оны еркіндік пен адам құқықтарын қорғау тұрғысынан қолдаса, екіншісі дәстүрлі құндылықтар мен ұлттық ділге сәйкес келмейтін құбылыс ретінде қарастырады. Осы тектес пікір қайшылығы аясында ЛГБТ қауымдастығы өз құқықтарын қорғауға ұмтылса, қоғамның бір бөлігі бұл тақырыпқа қарсы тұруда.
2024 жылдың қазанында өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов Үкімет басшы Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында “Феминита” ұйымын “экстремистік” деп тану туралы мәселе көтерді. Депутат экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заңға сілтей отырып, “Феминита” қауымдастығына Қазақстан аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуларыңызды талап етеміз” деп мәлімдеген.
Экстремизм – қоғамның қалыпты ұстанымына қарсы келетін, радикалды және зорлық-зомбылыққа негізделген көзқарастар мен іс-әрекеттер жиынтығы. Экстремистік идеялар мен қозғалыстар негізгі заңдар мен моральдік нормалардан шығуға бағытталып, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне әсер етеді.
“Өз кезегінде ЛГБТ қозғалысын экстремистік деп тануды халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтардың сенім білдіру және қоғамдық бірлестіктерге қатысу бостандығына құқықтарын бұзу ретінде қарастыруы мүмкін. Бірқатар елдердің заңнамасы ЛГБТ-ны кәмелетке толмағандар арасында «насихаттауды» шектейтінін атап өткен жөн, алайда бұл шаралар тек бұқаралық тұрғыдан қарастырылады және мұндай қозғалыстарды экстремистік деп жіктеуге қатысы жоқ”, – деп жауап берді премьер-министр Олжас Бектенов.
Бұл мәселе бұған дейін де көтерілді. 2024 жылдың сәуір айында, мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Асхат Аймағамбетов “Масс-медиа” туралы заңның 22-бабына түзету енгізіп, “ЛГБТ-ны насихаттауға тиым салуға” ұсыныс жасаған. Алайда мәжіліс қабылдаған заң жобасында, бұл енгізілген түзету алынып тасталды. Десе де, үкімет заңның 23-бабына сілтеп, ұлттық және отбасы құндылықтарына қайшы контент жариялаған медианың тоқтата тұра алады. Медиа заңгерлер ойынша, ЛГБТ тақырыбында жазылған журналистік өнімдерге қарсы дәл осы бап қолданылуы мүмкін.
Қоғам белсендісі Бағила Балтабаева Epetition.kz сайтында “Біз ЛГБТ-ның ашық және жасырын насихатына қарсымыз” атты петиция жариялады. Петиция қажетті 50 000 қол жинап, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарауына жіберілді.
Петицияда қоғам белсендісі әрі “Ата-аналар одағының” жетекшісі Бағила Балтабаева көрші елдердегі ЛГБТ-ны насихаттау үшін қарастырылған заңдарды мысал ретінде келтіріп, Қазақстанда да “ЛГБТ насихатын” толықтай заң негізінде қарастыруды талап еткен.
“Ересектердің жыныстық қарым-қатынастары, өмірі, олардың өздерінің жеке шаруасы, бірақ, солардың бір жынысты қарым-қатынасты ашық түрде насихаттауына түбегейлі қарсымын. Өйткені соны тыңдап, көріп отыратындардың арасында санасы қатпаған балалар да бар”, – деп жазды Бағила Балтабаева.
Қоғам белсендісінің сөзінше, Өзбекстан мысалында гомосексуализм мен ЛГБТ құқықтары тақырыбы бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық пікірталастарда толығымен жабық күйінде қарастырылып отыр.
Өзбекстанда гомосексуализм заң тұрғысында жазаланады. Қылмыстық кодекстің 120-бабына сәйкес, ер адамның өзге ермен зорлық-зомбылықсыз жыныстық қатынаста болуы бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен қарастырылады.
Қазақстан Ресбуликасының қылмыстық кодексінде де 1997 жылға дейін бұған ұқсас 104-бап болған. Алайда 1997 жылдан кейін қылмыстық кодексінен гомосексуализмге қарсы бап алынып тасталды.
Жақында Facebook желісінде режиссер Ақан Сатаевтің бұрынғы жұбайы Назира Бақаеваның жеке өмірі ашық талқыға түсті. Желі қолданушылары Назира Бақаеваның өзге жас қызбен қарым-қатынасын ашық көрсетуін жастардың санасына кері әсер етеді деп сынға алды.
Еуропа елдерінде гомосексуализм қылмыс ретінде жойылған. Ұлыбританияда мұндай заң 1967 жылы жойса, 1990 жылы Дүниежүзілік психиатрлар ассоциациясы психикалық аурулар қатарынан гомосексуалдықты алып тастады. Еуропада бір жынысты некеге рұқсат етілген, 2001 жылы бірінші болып бұл заңды Нидерландыда қабылданды.
2024 жылдың 9 қазанында “Феминита” ұйымы “Лесбиан құрылтайы” атты жабық іс-шара өткізіп жатқан кезде “Ата-аналар одағының” төрайымы Бағила Балтабаева алты полиция қызметкерімен жиынға келген. Сол күні тараптар бір-біріне арыз жазды.
Қоғам белсендісі Бағила Балтабаева өзі жетекшілік ететін ұйымның негізін қалаушы. Ұйым аясында отбасы, балалар мен жастардың құқықтары мен тәрбиесі негізіндегі мәселелер жиі көтереді.
“Феминита” ұйымының өткізген төрт күндік “құрылтайы” көпшіліктің арасында талқыға түсті. Ринат Зайытов өз жолдаған депутаттық сауалында да бұл туралы сөз қозғаған.
“Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?”, – деді депутат.
Бұл ретте “Феминита” ұйымының жетекшісі Жанар Секербаева ЛГБТ өкілдері өз конференцияларына өзге де әлеуметтік топтар сияқты мағыналық, философиялық және идеалогиялық атау қоя алатынын айтты.
“Біз бұл конференцияда маңызды шешім қабылдағандықтан, «құрылтай» атауын беруді жөн көрдік. Құрылтай сөзінің семантикалық мағынасы аса маңызды шешім қабылданғанымен байланысты. Біздің лесбияндық құрылтайда экология мәселесі мен климаттық жағдайлардың өзгеруі ЛГБТ әйелдердің өміріне қалай әсер ететіні талқыланды”, – деді Жанар Секербаева MNU Newsroom тілшісіне.
Секербаеваның сөзінше, жиында «экология» тақырыбы аясында Байқоңыр, АЭС тақырыбы және үй және жыртқыш жануарлар мәселесі қарастырылған.
«Менің білуімше, депутаттар гендерлік теңдік мәселесімен де айналысуы керек. Алайда әйелдер тобына қысым жасау арқылы, олар гендерлік теңдік бағдарламасын орындап жатырмын деп айта алмайды. Тек ЛГБТ өкілдерін дискриминациялаумен айналысып отыр», – деп қосты Секербаева.