Қоғамда өмірге ең қолайлы ел туралы сөз болғанда әркімнің өз пікірі бар. Бірақ әлеуметтану ғылымы тұрғысынан қарағанда нақты адам өміріне қолайлы жағдай тудыратын саяси және әлеуметтік жүйелердің маңызы артады. Сондай дербес зерттеуде Қазақстан биыл 137 елдің ішінен 49-орынға тұрақтаған. Жыл сайын жарияланатын дүниежүзілік бақыт баяндамасындағы топ 4 ел қатарына Финляндия, Дания, Исландия және Швеция кірсе, жетінші орында Норвегия тұр. Аталған бес мемлекетті география ұғымында Скандинавия елдері деп атайды. Ал бақытты елдердің тізімінде олардың үнемі көш бастауы “Скандинавиялық эксклюзивтілік” деп аталып кетті.
MNU Newsroom бұл анализде “Қазақстан қайтсе бақытты елдер рейтингінде топ жара алады?” және “Скандинавия елдерінен не үйрене алады?” деген сұрақтарға жауап іздеді.
World Happiness Report деген не?
World Happiness Report – жыл сайын жарияланатын дүниежүзілік бақыт баяндамасы. Ең алғашқы есеп 2012 жылдың 1 сәуірінде жарыққа шыққан.
Баяндама Gallup аналитикалық компаниясы, Оксфорд әл-ауқат зерттеу орталығы, БҰҰ Тұрақты даму шешімдер желісі мен World Happiness Report редакция алқасының серіктестігімен жасалады әрі редакцияның бақылауымен дайындалады.
Редакция алқасы алты адамнан тұрады. Джон Хэллиуэлл, Ричард Лэйард және Джеффри Сакс – негізін қалаушылар болса, Жан-Эммануэль Де Неве, Лара Акнин және Шун Уаң – редакторлардың өзі.
Дүниежүзілік бақыт баяндамасын әзірлеудегі негізгі мақсат – әр елдің бақыт пен әл-ауқат деңгейін, халықтың билікке көзқарасын, жалпы жай-күйін анықтау арқылы мемлекеттік саясатқа әсер ету, өзгерістерге шақыру.
Дүниежүзілік бақыт баяндамасы жыл сайын наурыздың жиырмасында жарыққа шығады. Себебі бұл күн БҰҰ шешімінен халықаралық бақыт күні деп бекітілген.
Бақытты елдер рейтингі Gallup сауалнамасының көмегімен жүзеге асырылады. Жыл сайын бұл халықаралық зерттеу орталығы әлем бойынша деректерді жинап, мемлекеттердің бақыт деңгейін өлшейді.
Gallup ұйымдастыратын сауалнама The Cantril Ladder (Кантрил баспалдағы) деп аталады. Баспалдақтың жалпы саны – он. Сауалнаманың респонденттері “Өмір сүру деңгейіңізге қандай баға бересіз?” деген сұраққа жауап береді. Жауап баспалдақтың санына қарай анықталады. Яғни 0 мен 10 аралығындағы шкала бойынша қатысушылар өз жағдайына баға береді.
Рейтингке жыл сайын 150-160 мемлекет қатысады, алайда кейбір елдер ақпараттың жеткілікcіздігінен рейтингке кейін енбей қалады. Мысалы, 2024 жылғы баяндамада тек 137 ел бар.
Бақыт деңгейі қандай факторлармен өлшенеді?
Зерттеушілер негізгі алты критерийге сүйене отырып, деректер жиналғаннан кейін дүниежүзілік бақыт баяндамасын жариялайды.
Айта кетсек, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі, әлеуметтік қолдау шаралары, орта есеппен алғанда тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы, шешім қабылдаудағы еркіндік, қайырымдылық деңгейі мен жемқорлық көрсеткіші сараланады. Осы критерийлерге респонденттер шкала бойынша баға береді.
Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі – мемлекеттің экономикалық жағдайын көрсететін маңызды критерий. ЖІӨ өскен сайын халықтың материалдық жағдайы да жақсарады. Яғни тұрғындар медициналық көмек, білім алу, баспана мен тамаққа мұқтаж емес, оларға бәрі қолжетімді болады.
Әлеуметтік қолдау шараларының деңгейін анықтау үшін “Кантрил баспалдағы” сауалнамасында арнайы сұрақ бар. “Егер сіз қиын жағдайға тап болсаңыз, сізге көмектесуге дайын тұратын туыстарыңыз немесе достарыңыз бар ма?” деген сұрақтың жауаптарынан орташа баллды шығарады.
Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына негізделе отырып, орта есеппен алғанда тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын өлшеу арқылы мемлекеттің жалпы денсаулық сақтау жүйесі бағаланады.
Халықтың елде өзін қаншалықты еркін сезінетіні, мансап жолы секілді өміріне қатысты маңызды шешімдерді қаншалықты еркін қабылдайтыны “Шешім қабылдаудағы еркіндік” критерийінде жазылады.
Қайырымдылық деңгейін өлшеу үшін Gallup сауалнамасында “Кейінгі айда қайырымдылыққа ақша бердіңіз бе?” деген сұрақ бар. Жауаптарға қарай мемлекеттегі альтруизм мен халықтың бір-біріне көмектесе алу қабілеті анықталады.
Ал елдегі жемқорлық деңгейін өлшеу арқылы тұрғындардың билік институттарына сенімі мен жалпы көзқарасы анықталады.
Неліктен Скандинавия елдері ең бақытты елдер?
Дүниежүзілік бақыт баяндамасы жарияланған жылдан бастап бүгінге дейін Скандинавия елдері (Финляндия, Дания, Норвегия, Швеция мен Исландия) әрқашан алғашқы ондықта тұрады. Ал 2017, 2018, 2019, 2022, 2023 және 2024 жылдары бұл елдер алғашқы үштіктен түспеген.
Worldhappiness.report сайтының ақпаратына сәйкес, бұл елдердің жемқорлық деңгейі өте төмен, билік институттарының жұмысына халық сеніммен қарайды, демократия жақсы дамыған. Сонымен қатар Солтүстік Еуропа тұрғындары өздерін еркін сезінеді және халық бір-біріне қол ұшын созуға әрқашан дайын тұрады.
Біріншіден, Скандинавия елдерінің билік институттары әлеуметтік жәрдемақы төлеу моделімен ерекшеленеді. Америкалық психологтар қауымдастығы ғалымдары 1971-2002 жылдары өнеркәсіп тұрғысынан дамыған 18 елде жүргізген зерттеуге сәйкес, мүгедектігі бар, жұмысы жоқ, зейнетке шыққан немесе белгілі бір ауруға шалдыққан адамдарға билік тарапынан төленетін әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері халықтың әл-ауқат деңгейіне тікелей әсер ететінін анықтаған.
Жұмыссыз қалған тұрғындар үшін кепілдендірілген әлеуметтік жәрдемақының болуы олардың бақыт деңгейіне әсер етеді. Себебі, зерттеуге сәйкес, жұмыссыздықтан туындаған қорқыныш сезімі халықтың өмір сапасын нашарлатады.
Екіншіден, билік институттарының сапалы жұмыс істеуі де Скандинавия бақытты елдердің басында болуының бір себебі деуге болады. Мұны 2018 жылы шыққан Канада және Қытай ғалымдары 2005-2012 жылдары 157 мемлекеттің билік сапасына қатысты зерттеуінде дәлелдеді.
Оның зерттеуіне сәйкес, билік сапасының екі түрі болады: демократиялық сапа мен қызмет ету сапасы. Демократиялық сапаның негізгі факторларына сайлауда дауыс беру мүмкіндігі, сөз еркіндігі мен саяси тұрақтылық жатады. Ал қызмет ету сапасының факторларын заң ережелерінің үстемдігі, жемқорлықпен күрес және жалпы билік жұмысының нәтижелі болуымен байланыстыруға болады.
Халықтың бақытты болуына билік сапасының екінші түрі – қызмет ету сапасы көбірек әсер етеді. Скандинавия елдері бұл критерий бойынша әрқашан алғашқы ондықта тұрады.
Үшіншіден, америкалық әлеуметтанушы Рональд Инглхарттың 1981-2007 жылдары әлем құндылықтарын зерттеу қорытындысы бойынша, мемлекет тұрғындарының бостандығын барынша қамтамасыз ету арқылы жалпы әл-ауқат деңгейі өсетінін сипаттаған.
Инглхарттың айтуынша, халықтың еркіндігі үш фактор нәтижесінде қалыптасады. Нақтырақ айтсақ, материалдық тұрақтылық халықты дефициттен қорғайды, демократиялық билік институттары саяси езгіден қорғайды, ал толерантты және либералды құндылықтар әр адамның жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.
Әлеуметтанушы Скандинавия елдері осы үш фактордың дамуына назар аударудың арқасында халқының бостандығын қамтамасыз ете алды әрі ең бақытты ел атанды деп есептейді.
Осыған ұқсас Еуроодақтың 27 еліне қатысты зерттеуді 2015 жылы неміс ғалымдары жүргізді. Зерттеу мемлекет ішіндегі әлеуметтік бірлік тақырыбын қамтыды. Оның нәтижесінде әлеуметтік бірліктің үш аспектісі ажыратылды. Оларға өзге адамдармен байланыс орната алу, әлеуметтік қарым-қатынастардың жақсы болуы және жалпы халықтың игілігін ойлау жатады.
27 мемлекеттің ішінен Дания, Финляндия және Швеция елдері алғашқы үш орында тұрды, олардың индексі жоғары болды. Зерттеу нәтижесінде әлеуметтік бірлік мемлекеттің бақыт деңгейіне әсер ететіні анықталған.
Яғни Скандинавия елдерінің бақытты болуының негізгі себебі – билік институттарының сапалы жұмыс істеуі, жемқорлық деңгейін төмендетуі, халық алдындағы уәделерін орындауы және тұрғындардың жағдайын ойлауы.
Қазақстанға ең бақытты ел атану үшін не жетіспейді?
Қазақстан бақытты елдер рейтингінде биыл 49-орында тұр. Жыл сайын бұл көрсеткіш түрленеді. Ең жақсы нәтиже 2021 жылы болды, онда Қазақстан 36-орынға орналасты. Ал ең төмені көрсеткіш 2017, 2018 және 2019 жылдары тіркелген. Үш жыл қатарынан Қазақстан 60-орында тұрған.
Әлеуметтанушы Әсем Құсманованың айтуынша, рейтингтің екі критерийі бойынша Қазақстан артта қалып отыр.
“Халықтың әл-ауқатына әсер ететін факторлармен салыстырсақ, біздің ел жемқорлық деңгейі мен шешім қабылдаудағы еркіндік бойынша өте аз ұпай жинап тұр. Яғни негізгі проблема – билік институттарының сапалы қызмет етпеуі. Халықтың билік басында отырған адамдарға сенімі жоқ. Билік жасаған әрбір әрекетке тұрғындар күмәнмен қарайды”, – деп айтты ол.
Сондай-ақ Құсманованың ойынша, Қазақстанның рейтингте төмен орында орналасуы тек билік институттары жұмысының салдарынан емес, жалпы елде қалыптасқан мәдениеттен де болуы мүмкін.
“Сол себепті елде идеологиялық ақпараттандыруды жүзеге асыру керек. Ол қоғамның әрбір институтын қамтуы керек,” – дейді ол.
Ал әлеуметтанушы әрі Қазақстанның Норвегиядағы елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарған Талғат Жұмағұловтың сөзінше, скандинавтардың әр нәрсеге қуана білу қабілеті жақсы дамыған.
“Дат мәдениетінде Hygge (Хюгге) деген ұғым бар. Бұл – өмірдің әр сәтінен ләззат алу философиясы. Норвег тілінде де осыған ұқсас Hyggelig деген cөз бар. Бұлар қазақ тіліндегі «игі» және «игілік» сөздеріне өте жақын. Сондай-ақ Норвегия халқы табиғатпен үйлесімдікте өмір сүргенді ұнатады. Мұндай өмір салтын олар Friluftsliv деп атайды. Қазақ тілінде ол “таза ауада өмір сүру” дегенді білдіреді. Оны әр норвег ұстанады және сол себепті олар өздерін бақытты сезінеді,” – дейді ол.
Сонымен қатар әлеуметтанушының айтуынша, норвегтер қайырымдылықпен белсенді түрде айналысады, адамдардың қиындықтарына бей-жай қарамайды. Норвегия мемлекеті – гуманитарлық көмектің ең ірі донорларының бірі (2023 жылы 641 миллион доллар). Мемлекет – қақтығыстарды шешудің медиаторы.
Талғат Жұмағұловтың ойынша, аумағы ұлан-ғайыр, табиғи ресурстарға бай, адами капиталы мықты ел ретінде Қазақстанның да Скандинавия елдері секілді ең бақытты ел атануға барлық мүмкіндігі бар.
“Менің ойымша, бақыттың негізі – әділет пен адамгершілікке толы қоғам. Бізге жемқорлықпен күресіп, өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз етіп, азаматтық қоғамды нығайтып, экологиялық мәселелерді шешу қажет. Осы тұрғыда мен либералды көзқарасты ұстанамын: әділетті қоғамда әркім өз кезегінде барынша жетістікке жетуге ұмтылуға тиіс. Өйткені табысты дәрігерлер – бұл дені сау ұлт, табысты полицейлер – бұл қоғамдағы тәртіп, табысты журналистер – бұл дұрыс ақпараттандырылған қоғам. Әркім өз «игілігін» тапса, ел «игі» боларына сенемін” – дейді Жұмағұлов.